Президент кубогы: Бокстан ұлттық құрама капитаны жеңіске жетті

0
1 025

Сарапшылар 91 келіге дейінгі салмақта Василий Левит пен Айбек Оралбай жекпе-жегін асыға күтті.


Президент кубогы: Бокстан ұлттық құрама капитаны жеңіске жетті

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген бокстан Президент кубогы мәресіне жетті, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұдан бұрын турнирде қыздар арасында чемпион атанған спортшылар жайында хабарланды. Одан кейін жігіттер арасындағы алғашқы екі жеңімпаз атанған спортшылар белгілі болды. Одан кейін жігіттер арасында тағы төрт салмақтың жеңімпаздары анықталды.

Турнир барысында ауыр салмақтағы екі жекпе-жек те тартысты өтті. Екі салмақта да қазақстандық боксшылар сынға түсті.

Сарапшылар 91 келіге дейінгі салмақта Василий Левит пен Айбек Оралбай жекпе-жегін асыға күтті. Бүгінде 31 жастағы Василий халықаралық жарыстарда үлкен нәтижелерге қол жеткізіп үлгерді. 2016 жылы Олимпиадада күміс алса, 2017 жылы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.

Ал Азия чемпионатында 2009, 2015, 2017 жылдарда чемпион болды. Ал Айбек Оралбай жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы атанған еді. Дегенмен, тәжірибелі боксшы Василий Левит өзін шаршы алаңда салқынқанды ұстады. Нәтижесінде алтыннан алқа тақты. Ал 91 келіден жоғары салмақта Қамшыбек Қоңқабаев өз дайындығы жоғары екенін көрсетті. Ол финалда Нұрлан Сапарбайдан басым түсті.

Нұрлан Сапарбай 2018 жылы жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада чемпион атанған еді. Ал Қамшыбек 2017 жылы әлем және Азия чемпионаттарында күміс жүлдегер болған. Ол бокстан ұлттық құраманың капитаны екені белгілі. Жекпе-жек барысында Қамшыбек қарсыласын қапы қалдырды.

Енді қазақстандық боксшыларды әлем чемпионаты күтіп тұр. Құрама бапкерлері оған қатысатын шәкірттерін бүгінгі турнир нәтижесінде анықтайтын болады. Дүбірлі дода 7-21 қыркүйек аралығында Ресейдің Екатеринбург қаласында өткізіледі.