Римдегі күрес түрлері бойынша турнир: ҚР армия спортшылары екі алтын медаль жеңіп алды

0
2 717

Жарысқа 32 елден 350-ден астам спортшылар қатысуда.


Римдегі күрес түрлері бойынша турнир: ҚР армия спортшылары екі алтын медаль жеңіп алды

ERNUR.KZ. Италия астанасында Қазақстанның армия спортшылары екі алтын және күміс медаль жеңіп алды. Маттео Пелликонаны еске алуға арналған күрес түрлері бойынша халықаралық рейтингтік турнир басталды, деп жазады ҚазАқпарат.

Оған 32 елден 350-ден астам спортшылар қатысуда.
Бірінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Армия орталық спорт клубы спорт ротасының мерзімді қызмет әскери қызметшісі ефрейтор Айдос Сұлтанғали (63 кг) және спортшы-нұсқаушы Мейіржан Шермаханбет (67 кг) грек-рим күресінен чемпион атанды. Күміс медальді әскери балуан Сұлтан Әсетұлы (63 кг) жеңіп алды.
- Біздің спортшылар лайықты өнер көрсетті. Дене дайындығы мен шеберліктері жоғары деңгейде болды. Айта кету керек, финалда 63 келіге дейін салмақта әскери спортшылар Айдос Сұлтанғали мен Сұлтан Әсетұлы бас сынады. Турнирдің жеңімпазы Айдос Сұлтанғали, ал күміс жүлдегер Сұлтан Әсетұлы атанды,- деп хабарлады ОСК грек-рим күресінен команданың аға жаттықтырушысы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрым Дүйсенов.

Естеріңізге сала кетейік, бұл жарыста олимпиадалық лицензиялар ойнатылмайды. Жарыстар іріктеу кезінде ескерілетін спортшылардың рейтингіне әсер етеді.