«Тамыз айының үздік спортшысын» анықтау үшін дауыс беру басталды

0
1 070

Дауыс беру рәсімі 8 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан уақытымен 13:00-де аяқталады.


«Тамыз айының үздік спортшысын» анықтау үшін дауыс беру басталды

ERNUR.KZ. Бүгін «Тамыз айының үздік спортшысын» анықтау үшін дауыс беру басталды, деп жазады Olympic.kz.

Өткен айда үздік нәтиже көрсеткен #TEAMKZ мүшелері:

Елдос Сметов, дзюдо

Дзюдодан Қазақстан командасының үздігі әлем мықтыларының қатарында екенін тағы да дәлелдеді. Жарақатына байланысты бірнеше жарыстан сырт қалған ол биылғы маусымдағы ірі жарыстардан жүлдесіз қалған емес. Өткен аптада Токиода аяқталған әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына жалғыз қоланы салған да осы Елдос болатын. Ол 60 келі салмақта сынға түсіп, қола медаль үшін өткен кездесуде командаласы Ғұсман Қырғызбаевты жеңді. Бұл жеңіс қола медальмен қатар, Олимпиадаға ұпай таратқанын да ұмытпау керек.

Ришат Хайбуллин, спорттық құзға өрмелеу

Әлем чемпионатының тағы бір қола жүлдесін спорттық құзға өрмелеуден команда мүшесі Ришат Хайбуллин иеленді. Ол Хатиодзи қаласында өткен әлемдік сында үздік үштікке еніп, 2020 жылғы Олимпиада ойындарына қатысу нормативін де орындады. Айта кетелік, спорттық құзға өрмелеу алғаш рет Олимпиада ойындарының бағдарламасына енді. Халықаралық Олимпиада комитетінің 2016 жылғы сессиясында аталған спорт түрін ойын бағдарламасына енгізу туралы шешім қабылданған болатын.

Юрий Натаров, велоспорт

Юрий Натаров өткен аптада Алматы төрінде өткен Tour of Almaty-2019 веложарысының жеңімпазы атанды. Ол екі кезең қорытындысы бойынша жалпы есепте көш бастап, мәртебелі турнирде топ жарды. Сондай-ақ, Натаров турнирдегі үздік қазақстандық шабандоз атағын да жеңіп алды.

Әлішер Ерғали, еркін күрес

Еркін күрестен Польшада өткен Вацлав Циолковский мемориалында қазақстандық Әлішер Ерғали жеңіске жетті. Ол 97 келі салмақта қарсылас шыдатпай, алтын жүлдегер атанды. Ересектер қатарына жақында қабылданған ол Нұр-Сұлтанда өтетін лицензиялық әлем чемпионатында бақ сынайды.

Алмат Кебіспаев, грек-рим күресі

2-4 тамыз күндері Германияның Дортмунд қаласында өткен күрес түрлерінен Гран-при турнирінде Алмат Кебіспаев күміске қол жеткізді. Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының капитаны бұл күндері елімізде өтетін лицензиялық әлем біріншілігіне дайындық үстінде.

Үздік спортшыға дауыс беру Olympic.kz сайтының бастапқы бетінде жүргізіледі. Дауыс беру рәсімі 8 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан уақытымен 13:00-де аяқталады.