Жеңілмеген қазақстандық боксшы Канадада "Акуламен" жұдырықтасады

0
933

Кездесу он раундқа есептелген.


Жеңілмеген қазақстандық боксшы Канадада

ERNUR.KZ. Екінші орта салмақтағы қазақстандық боксшы Нұрзат Сабыров (10-0, 9 КО) 26 қыркүйекте Канаданың Монреаль қаласында өтетін жекпе-жектегі қарсыласын білді, деп жазады Тengrinews.kz.

BoxRec мәліметі бойынша, 25 жастағы Сабыров "Акула" лақапатымен жұдырықтасатын, 28 жастағы мексикалық Бруно Сандовалмен (20-3-1, 16 КО) кездеседі. Кездесу он раундқа есептелген.

Сандовал рингке соңғы рет 2018 жылы қазанда шығып, украиналық Рамиль Гаджиевпен (9-1-1, 5 КО) WBC Silver титулын сарапқа салған. Сол кездесуде ол қарсыласынан нокаутпен ұтылған. Жалпы алғанда, ол 24 жекпе-жек өткізіп, 20-сын жеңіспен аяқтаған. Оның 16-сы - нокаутпен. Боксшының еншісінде үш жеңіліс пен бір тең есеп бар.

Осы кеш аясында қазақстандық Батыр Жүкембаев (16-0, 13 КО) 32 жастағы мексикалық Мигель Васкеспен (41-3, 15 КО) жұдырықтасады. Сондай-ақ қазақстандық тағы бір боксшы Аман Қазанғапов (0-0-1) сол кеште жекпе-жек өткізеді. Бірақ қарсыласы белгісіз.

Естеріңізге салсақ, биыл 30 маусымда өткен соңғы жекпе-жегінде Сабыров венгриялық Ласло Тотты (27-5-1, 19 КО) нокаутпен жеңген болатын.