«21 ғасырдың Шәмшісі»: «Найзағай көңіл» әнінің авторы Үкітай Ерниязовпен сыр-сұхбат

0
9 329

«Ән жазғанда кәдімгідей мазам қашады»


«21 ғасырдың Шәмшісі»: «Найзағай көңіл» әнінің авторы Үкітай Ерниязовпен сыр-сұхбат

«Қашанғы бұлттай жабырқай берем, жарқ етейінші найзағай болып» деген ән жолдары есіңізде ме? «Найзағай көңіл» әнінің жүрек пернесін дөп басатын нәзік те мөлдір иірімдері әр қазақтың жүрегіне жеткеніне шүбә жоқ. Осы аяулы әннің авторы Үкітай Ерниязовпен сұхбаттасудың сәті түсті.

Бүгінде қазақ эстрадасындағы Нұрболат Абдуллин, Ернар Айдар, Кеңес Әлімжан сынды көптеген танымал әншілер оның әндерін орындап жүр. Жалпы саны 300-ге жуық әні бар екен. Алайда, «елге таралғаны, халықтың жүрегіне жол тапқаны – 15-тей ғана ән, сондықтан, менің 15-тей әнім бар» дейді Үкітай Айжігітұлы.

Ел аузындағы әндердің авторын журналист Жұмабай Жақып: «Қарапайым, құлағы қалқиған, аузы ыржиған, жылы жүзді жігіттің басына көк қаракөл құлақшын кигізіп, қолына папирос берсең, айнымаған Шәмші дерсің. Аралдың Шәмшісі ғой» деп жазыпты. Ал Үкітайдың өзі «Шәмшідей болу, ғасырдан ғасырға ұласа беретін әндер жазу сияқты бақ бұйырғанын қалаймыз ғой. Бірақ, Шәмші болу қайда?!.» деп тосылыңқырап қалды.


Үкітай аға, сіздің 300-ге жуық әніңіз бар екен. Оның біразын танымал әншілер орындап жүр. Жұрт сіздің әндеріңізді еліте тыңдағанымен, ақын, әнші, күйші, жыршы, композитор екеніңізді екінің бірі біле бермейді. Осынша талантты бір басына сыйдырып тең ұстап жүрген болмысыңызды өзіңіз қалай таныстырған болар едіңіз?

– Иә, әндерімнің жалпы саны 300-ге таяп қалатын шығар. Бір композитор ағамыздың 200-ден аса әні бар екен. Бірақ, соның 10-15-тей ғана әні елге кеңінен таралған екен. «Демек, мен ел ұнатқан, халыққа таралған 10-15 қана ән жаздым» дейді екен. Сол ағамыз айтпақшы, менің де ел арасына жақсы таралған 15-тей әнім бар.

Ал күйшілік, жыршылық, композиторлық деп айтып жатырсыз. Мені әуесқой композитор деген дұрыс шығар. Мен сазгерлікті арнайы оқымадым. Негізгі мамандығым – күйшілік. Жыршылық деген том-том жыр-дастандарды жаттап, соны елге дәріптеп жүргендерге қарата айтылады. Оның ар жағында ақындық, орындаушылық, сазгерлік өнердің атасы – жыраулық өнер. Әдетте біз өнер адамдарына қатысты дәрежелерді айтқанда, осылардың аражігін ажырата алмай жатамыз. Жыршылық деген үлкен өнер. Өзімді 1-2 дастан біліп, 15-20 терме айтып жүргенге жыршымын деп есептемеймін. Орындаушымын, термешімін деп айтуға болады. Күйшілік те үлкен өнер. Күйші деп жанынан күй шығарып, көптеген күйлерді жаттап, шәкірт тәрбиелеп, болашақ ұрпаққа үйретіп жүрген елге танымал, күймен атағы шыққан дәулескер күйшілерді айту керек деп ойлаймын. Жанымыздан 2-3-ақ күй шығарып, мен – күйшімін деу әбестік болар. Иә, екі оқуымды да күйден бітіргенмін. Домбырашымын деп айтсам жарасар. Сосын аздап өлең өретінім бар. Ақынмын деп те айтпаймын. Кішкентайымыздан терме жаттап өскен соң өлеңнің формасын, ортасы, аяғы болуы керек екенін, ұйқас, мағына болу керек екенін білеміз. Ақындық та биік өнер. Сондықтан бұл сұрағыңызға тереңінен жауап беруге болады.

Нұр-Сұлтанда Қазақ ұлттық өнер университетінде күй сабағынан берген профессор Орынбай Дүйсен ағайым: «Жыршылық, күйшілік, әншілік, сал-серілік, батырлық, дәстүрлі өнердің бәрі бір қазақтың бойында болған өнер» деп айтып отыратын. Жігітке жеті өнер де көптік етпейді. Шама келгенше үйренген дұрыс. Осынша өнерді өзімді қинап үйрендім деп айтпаймын. «Жас күніңде білгенің жазылып қалған хатпен тең» демекші, бала кезімнен дәстүрлі ән-жырға құмартып өстім. Бәрі де бойдағы бар өнер. Мен бар дүниені, ойға келген дүниені жазамын. Әрбір қазақтың қыз-жігіті дәстүрлі өнерге құмартуы керек деп ойлаймын. Бізде жер-жерге, ауыл-аймақ, ру-руға, қора-қопсыға бөлінудің кесірінен тек өз өңіріміздің ән-жырларын жаттап, қалғанын сіңіре алмай жататынымыз осы ұстанымнан деп ойлаймын. Жер-жерге бөлінбей, Арқа, Жетісу болсын, оңтүстік-солтүстік болсын, қай жақ болса да жақсы көріп, ата-бабамның өнері деп алға ұмтылса, кез келген өңірдің ән-жырын жаттау да, оны сіңіру де оңай болады деп ойлаймын. Сондықтан біздің қазақтың өнерін шама жетсе сіңіре беру керек.


– «Сен сүйген ару», «Найзағай көңіл» әндеріңіз елдің ерекше ықыласына бөленген. Осы әндеріңіз қалай туып еді? Бір туынды тарихын еске түсірейікші...

– Иә, тарихсыз ән болмайды. «Найзағай көңілдің» сөзін шиелілік ақын Әл-Фараби Бекарысұлы дейтін досым жазған. Екеуміз Қазанғап атындағы музыкалық колледжде бір топта оқығанбыз. Әлі күнге дейін шығармашылық байланыстамыз. Көптеген әндерімнің сөзін жазған. Өзі де ән жазады. «Найзағай көңілдің» тарихы – өлеңінде. Басында мұны Төреғали алды. Әннің жауабын алты ай күттік. Бір күні ол сөзін өзгертіп қайта жіберіпті. Әнді өзгерген күйі шығарып жіберген екен. Мәтінін ауыстырғаны жайлы бізге ескерттім деп ойлапты. Содан кешірім сұрады. Бірақ кешірімді менен емес сөзін жазған әл-Фарабиден сұрау керектігін айттым. Олар өзара сөйлесіп, келіскен екен. Енді бір анадан тумаса да, Сыр ананың төл перзенттері ғой. Дегенмен, әннің бұрынғы нұсқасын да орындап шығару керек деп шештім. Себебі, ондағы сөздер өте мазмұнды әрі құнды. Тіпті, тағдырлы шығарма десек болады. Мәтіні 10 жыл дегенде жазылып біткен. әл-Фарабиден өлеңнің тарихын ести отырып, ерекше толқыныспен туған ән ғой. Сондықтан ескі нұсқаның да қатар жүргенін қаладым.
«Сен сүйген аруды» қысқаша айтсам, әні де, сөзі де өзімдікі. Колледж қабырғасында оқып жүргенде Дулат деген топтасым болды. Сол досымның махаббатта жолы болмады. Студент кезде топтағы бір қызға ғашық болған. 2 жылдан аса уақыт не қызға сөзін айта алмай, не бізге білдірмей жүрген. Өзі ұяңдау жігіт. Жатақханада бір бөлмеде тұрып, бірге оқып, бір нанды бөліп, жарты нанды шашып жедік. 2 жылдан кейін әлгі қызды жақсы көретінін алғаш рет маған айтты. Өзі өлең шығаратын, ақындығы да бар еді. 2 жылдан кейін сөз салғанда қыз «Бір жеті бұрын ғана басқа жігітке сөз беріп қойып едім. Неге сен жақсы көретініңді бұрыннан айтпадың?» деген ғой. Сөйтіп ол жігіт өз-өзін тастап жіберді. Әйтпесе, сабақты беске оқитын мықты жігіт-тұғын. «Оятқыш» деген лақап аты бар еді. Таңертең ерте оянып, корпуста бас домбыраға дайындалып отыратын барлық тірлігіне тиянақты еді. Әлгі жағдайдан кейін сабағы күрт төмендеді. Түннен таңға дейін өлең жазады. Азанда маған оқып береді де, жыртып-жыртып терезеден лақтырып жібереді. Сөйтеді де, ұйықтайды. Оқуы нашарлап кетті. Екі ортада бір жыл ауырыңқырап қалды. Бізден бір жыл кейін бітіріп шықты. Көз алдымда болып жатқан оқиғаға сол кезде «Нәп-нәзік сұлу, сен сүйген ару, арманы бөлек, талғамы басқа» деп екі қатар өлең құйылып келген еді. Мен де бір жетідей сабаққа бармай, Дулаттың көңіл-күйіне арнап ән шығарған болатынмын. Арада қаншама нәрселер бар. Қысқаша айтқанда осы.


– Шын сөзіңізді айтыңызшы, өзіңізге Төреғали орындап жүрген ақтөбелік ақын Аян Сейітовтің сөзі ұнай ма, әлде Әл-Фарабидікі ме?

– Мен Фарабидің өлеңін ұнатқан соң ән жазғанмын. Демек, Әл-Фарабидің сөзі ұнайды. Төреғалидың нұсқасында «Найзағай болып»-тың сөзін ақтөбелік ақын Аян Сейітов бауырымыз жазған. Ол нұсқа да жаман емес. Махаббат тақырыбындағы әдемі әуен. Әні бір. Кейіннен қырғыздың Бек Анарбеков дейтін әншісі аттай қалап, рұқсатымызды алып «Тағдырласым» деген тақырыппен орындап шықты. Екі нұсқадан соң үшінші нұсқа қырғыз тілінде шықты. Бұның сөзін Жұлдызбек Әбдірайымов дейтін ақын ағамыз жазған.



– Иә, ел аузында шырқалып жүрген небір әндердің авторы һәм орындаушысысыз. Туындыларыңыздың насихатына қаншалықты көңіл бөлесіз?

– Шыны керек, көп көңіл бөле бермеймін. Шама келсе, әнді бағын ашатын әншілерге ұсынғанды құп көремін. Бірақ, кейбір әндерім ойымдағыдай болмай жатады. Бір кісілер ұнатып, аттай қалап алады, бірақ, өз деңгейінде шықпайды. Әншілер орындап жатады, бірақ, көбіне менің көңілімнен шықпайды. Орындауы әдемі болғанымен, өңдеуі, стилі кері тартып тұратын кездер болады. Дегенмен, бақылап қоямын. Шығармашылығымның ізіне түсіп, әндерімнің насихатына жұмыс істемейді екенмін. Өзімнің де орындауымдағы өңдеулер бірі жақсы шықса, бірі көңілден шықпайды. Өз-өзімді көрсетуге, жалпы жылтырақ дүниеге көп күш сала бермеймін. Бірақ, 6-7 жыл бұрын оқуды бітіріп жатқанда «Елге танылсам» деп өнерге қатты құлшыныс болған. Барынша елдің алдына шыққым келетін. Бірақ, ол кезде ниет болғанымен, қолдау болмады. Қазіргі таңда ондай бір қызығушылық жоқ.

Бұл шығармаларыма немқұрайлы қарайды, жаны ашымайды деген сөз емес. Әрине, жаным ашиды. Туындыларымның жарыққа шыққанын қалаймын. Колледж қабырғасынан күйдің дискісін шығарсам ғой деп армандайтынмын. Одан соң ән жаза бастаған кезде ән дискім болса дедім. Өкінішке қарай, екі арманым да әлі орындалған жоқ. Ештеңені қатырмай жүрсем де, әйтеуір, қолым тимейді. Өзінің уақытын күтіп жүрген сияқты. Бірақ, әлі де сол арманыма жетсем деймін. Дискінің дәурені өтіп кетсе де, терме, ән дискімді шығарғым келеді. Шағын ғана нотасымен әндерімнің кітабын шығарғым келеді. Ешкімге қол жайып, демеуші бол деп айтып көрген және қолдап, көмектескенді күтетін адам емеспін. Құдай өзі сәтін салатын шығар. Қазір үйдегі жеңгеңіз әндердің мәтінін компьютерге ақырындап түсіріп жатыр. Мен нотасын жазуға көшсем деп жүрмін.


– Есте қалатын есті әндерді дүниеге келтіру үшін шығармашылыққа есің кете құлауың керек. Жүректен өткен ән ғана жүрекке жетеді. Ал сіздің әндеріңіз жүрекке жылы тиеді. Соншама жүкті арқалап жүрген жүрегіңізді қалай сақтап жүрсіз?

– Өз-өзімді қинап ән шығармаймын, бірақ, қиналатын кездер болады. Өйткені, бір оқиға, жағдайлар саған ән жаздырмай қоймайды. Ақындармен біраз уақыттан бері жұмыс істеймін. Өзімді түсінетін ақындарға айтамын. Көзбен көрген, жүрекке жеткен оқиға мазалайды да, ән жазуға тура келеді. Ән жазсам жеңілдеймін. Ақындарға айтып отырып сөзін жаздыртамын. Автоматты түрде өзінен-өзі ән келеді. Келмей қинайтын уақыттар бар. Ауыр кездер сонда өтеді. Мен өз жүрегімді ән жазу, ән айту арқылы ғана сақтайтын сияқтымын. Ән деген басыңнан кешіп жатқан өмір ғой.

Есте қалатын есті әндерді жазу үшін талғам болу керек деп ойлаймын. Кішкентайымыздан үлкен-үлкен тұлғалардың термелерін жаттағаннан кейін шығар, жеңіл-желпі өлеңдерге ән жазғым келмейді. Әйтпесе, өзім-ақ жеңіл-желпі сөздерді жаза аламын. Шама келгенше жазба ақындармен жұмыс істеп, солардың сөзіне жүректен өткізіп барып, сол сөздерге лайықты ән жазуға тырысамын. Бірақ, өз-өзімді қинамаймын. Сөзі міндетті түрде көңілімнен шығу керек. Менің өміріме азғантай болса да байланысы болса, сол кезде ән өзінен-өзі келеді.


– Қызылорда облысы, Жаңақұрылыс ауылының өнерлі отбасында туып-өскеніңізді, жоғары музыкалық біліміңіздің бар екенін сұхбаттарыңыздан оқып, білдік. Шығармашылық адамдары ноқтаға басы сыймай, шеңберден шықпаса жүре алмайды ғой. Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Иә, мен Қызылорда облысы, Арал ауданы, Жаңақұрылыс деген шағын ғана ауылда көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін. Үйде 3 ұл, 3 қызбыз. Құдайға шүкір, әке-шешем аман, бауырларым бүтін. Қыздар ұзатылған, жігіттер үйлі-баранды. Қазір Қызылорданың өзіндемін, бөлек тұрамын. Құдайдың берген 3 ұлы бар. Төртіншісіне аяғы ауыр. Келіншегім екеуміз де өнерді бітіргенбіз.

Иә, шеңберге сыймай кетеміз,ол рас. Нотаға да бағынып қалған ештеңем жоқ. Ән жазған кезде аккорд қуалап, білімімді сарп етіп, қиыннан қиыстырып жазғым келмейді. Көңілім қалап тұрған нәрсені ғана жазамын. Өзі бір елге ыңғайлы, тыңдауға жағымды болатындай ән болса деп ойлаймын. 2018 жылдың аяғында елордадан елге келгенмін. Оған дейін 4 жыл Астанада оқу оқып, 4 курста үйленіп, 5 жыл сонда жүргенмін. 2 ұлым сол жақта өмірге келді. 9 жыл дегенде Астанадан елге кері қайттым. Бірден 2 жұмысқа тұрдым. Өзім бітірген Қазанғап атындағы музыкалық колледжге термеден және Назарбаев зияткерлік мектебінедомбыра үйірмесіне сабақ беремін. Жұмысым сол. Арасында ел шақырған соң той-томалақ, құдалықта ән айтамыз. Барынша қызықшылықтан қалмауға тырысамыз. Келгелі 2 жұмысты алаңсыз істедім де, шығармашылығым тоқтап қалды. Биыл бесінші жыл. Еркіндік болмаса шығармашылық жемісін бермейді. Сондықтан сағаттарымды азайтып, шығармашылыққа көңіл бөлейін деп шештім.


– Көмейіңізге ән келіп құйылғанда қандай сезімді бастан кешіресіз? Жалпы қолыңызға қалам ұстағанда күй талғайсыз ба?

– Әркімнің шабыты әртүрлі ғой. Өзім түнде, тыныштықта жазғанды жақсы көремін. Ән келген кезде жан-жағымды ұмытып кетемін. Бұл айтып жеткізетін нәрсе емес. Сол ән біткенше не болғанын да білмей қаламын. Ән келіп, барлығы біткеннен кейінгі сезім жақсы сезім деп ойлаймын. Ән немесе өлеңді жазып бітіргендегі сезімді сипаттасам, өз-өзіңді жеңіл сезініп, жүк түскендей рахаттанасың. Оған дейін кәдімгідей мазаң қашып, бітіргенше асығасың ғой. Біреулерге айқайлап жібергеніңді, келіншегіңді ренжітіп қойғаныңды ән жазып біткеннен кейін білесің. Сосын елпілдеп бәрінен кешірім сұрайсың. Қысқасы, мұны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әр түрлі. Кейде бір адаммен сөйлесіп тұрғанда сөзді бөлу ұят екенін біліп тұрасың, бірақ, тура сол мезетте ән келіп қалуы мүмкін. Сол сәтте диктофонға жаза алмай қаласың, не аспабың қасыңда болмай қалады. Ана әннен айрылып қалсаң, қасірет сол. Ол сынап сияқты бірнәрсе ғой. Дер кезінде ұстап қалмасаң, сырғып жоқ боп кетеді. Әнді жіберіп алған сәт мен үшін ауыр.

– Кімдермен шығармашылық байланыстасыз?

– Бұрын сөзді өзім жаза беретінмін деп айттым ғой. «Сен сүйген ару», Еркін Нұржановтың орындауында «Ақ таңым», Ерболат Ержанбаев айтатын «Жас жұбайлар», өзімнің орындауымда «Үлкен сахна» әндерінің әнін де, сөзін де өзім жаздым. Ақындар менің ойымды 10-20 есе артығымен жазып жеткізіп тұрған соң қазір өз-өзімді қинап өлең жазбаймын. Ақындар мені жалқау қылды. Жалпы Астанада жүргенде жаныма жақын өлеңдерді Олжас Сәндібек дейтін ақынның «Уәде» дейтін кітабынан таптым. Жүрегіме жол тапқан көптеген өлеңдеріне ән жаздым. Көбісі жарыққа шыққан жоқ. 1-2 өлеңіне жазған әнім ғана жарыққа шықты. Мықты ақын. Тек қана Қызылорданың ғана ақындарымен байланыс жасамаймын. Ауыл-аймаққа бөлінбеймін. Өлең көрсем ән жаза бермеймін. Кейде ақындар өлеңдерін жібереді ғой. Мен ән сұранып тұрған өлеңге ғана жазамын. «Мынау пәлен жақтың ақыны ғой, өлеңдерін жазбай-ақ қояйын» дейтін ой жоқ менде. Жақында оралдық Ғабдол деген ақынмен танысып, өлеңіне ән жаздым. Талдықорғандық Бақыт Қалибек, қызылордалықАқжол Түменбай, Назгүл Бердіқожа, Мөлдір Айтбай, Ұлықбек Бекұзақұлы, Раушанбек Шарапат, Аружан Оралбай, Бекзат Сәдібекұлы, Әл-Фараби Бекарысұлы сынды ақындармен тығыз шығармашылық байланыстамын. Біразын ұмытып отырмын. Алдағы уақытта да шығармашылық көкжиегімді кеңейтемін деген ойым бар.


– Сізді «қарапайым, құлағы қалқиған, аузы ыржиған, жылы жүзді жігіттің басына көк қаракөл құлақшын кигізіп, қолына папирос берсең, айнымаған Шәмші дерсің. Аралдың Шәмшісі ғой» деп жазыпты Жұмабай Жақып дейтін журналист ағаңыз. Өзіңізді Шәмшіге ұқсатасыз ба?

– Мені кейбір бауырларымыз «21 ғасырдың Шәмшісі» деп айтып жатады. Шәмшінің тағдырын бермесін, әндерін, жолын берсін деп тілеймін. «Ойбай, сөйтіп айтты» екен деп көкірек керіп жүрген азамат емеспін. «Болмасаң да ұқсап бақ» дейді ғой. Аса қатты еліктемеймін де. Шәмшідей болу, ғасырдан ғасырға ұласа беретін әндер жазу, Шәмшідей әулие сазгер болу сияқты бақ бұйырғанын қалаймыз ғой. Бірақ, Шәмші болу қайда?!. Әркімнің өмірі әр түрлі. Кейбір суреттерім ұқсайды негізі. Астанадағы бір бауырым Шәмшінің шәпкісіндей шәпкі сыйлап, соны киіп жүрген кезде көбісі «Тірі Шәмші келе жатқан сияқты» деп ұқсатып жататын. Ол шәпкімді кейіннен жоғалтып алдым. Кейбір суреттерімде ұқсастық бар.


– Үкітай Айжігітұлы, сұхбат бергеніңізге рахмет! Шығармашылық көкжиегіңіз кеңейе берсін!


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ