​«Ай, шешеңнің ағасы...» - желіні жарған әнді орындаған Айбектің продюсері 16 жасар бойжеткен

0
15 200

Қайрат Нұртастың анасы сияқты «өмір бойы қасында болып, інімді жұлдыз етіп шығарамын» дейді Аружан.


​«Ай, шешеңнің ағасы...» - желіні жарған әнді орындаған Айбектің продюсері 16 жасар бойжеткен

фото: ERNUR.KZ

Мақаланы көшіріп басу үшін редакцияның рұқсатын алу қажет

Айбек Жағыпар – шоу-бизнес саласында гитарамен салатын әнімен танылып келе жатқан жас әншілердің бірі. Сондай-ақ, киноға түсіп актерлік қырынан да танылып келеді. Кездесу барысында ата-ананың махаббатымен өскендігі, еркін де әзілқой екені байқалды. Десек те, Айбекті мазалайтын, жанына қаяу түсіретін сәттер жетерлік...

Жасы небәрі 14-те ғана. Отбасында екі әпкесінің ортасында өсіп келе жатқан ұл. Әкесі жолсерік болып қызмет етсе, анасы бала күтімімен шаңырақтың жылуын сақтап отырған жан екен.

Оның продюсері – 16 жастағы Аружан, туған әпкесі. Ол Айбекті жұлдыз етіп шығарғысы келеді. Өнер жолына бірі әнші, бірі продюсер ретінде кіріп келе жатқан Айбек пен Аружаннан сұхбат алудың реті түскен еді.



- Айбек, алғашқы сұрақты көпшілік арасында кеңінен таралып кеткен белгілі «Ай, шешеңнің ағасы, болады саған нағашы» деген әніңнен бастайықшы. Авторы кім?

- Авторы, әнін де, сөзін де жазған – қызылордалық Нұржан есімді асаба ағамыз. Мен оны орындаған соң әлеуметтік желіге жарияламай біраз күтіп жүрдік. Сосын бір күні «уақыты келді» дедік те, салып жібердік. Өте көп қаралым жиналды, елге таралып кетті.


- Пікір айтқандар болды ма? Дұрыс түсінбей қалып дегендей...


- Енді, әркімнің түсінуі әртүрлі болады ғой. Қарсы пікір айтқандар да болды. Разы болғандар да жетерлік.


- Гитарамен ән айтуды қанша жасыңнан бастадың? Музыкалық білім алғансың ба?

- 10 жасымда. Кішкентай күнімде гитара тартуға қызығатынмын. Әкем де, анам да гитара тартады. Отбасымызбен гитарада ойнай аламыз. Арнайы үйреткен жоқ ешкім. Ата-анамның, үлкен әпкемнің тартқанына қызығып, түннің бір уағына дейін дыңғырлатып отыра беруші едім. Солай үйреніп кеттім. Бірақ ешқандай музыкалық білім алған жоқпын.


- «Тойға шығамыз» дегеніңді естідім... Қай кезден бастап шығасың? Табыс үшін бе, танымалдылық үшін бе?


- 2-3 сыныпта оқитын кезімнен бастап тойларда өлең айтқым келетін. Асабаларға «бір өлең айтайыншы» деп өтініш жасаушы едім. Кейбіреуі «өзіміздің әншілеріміз бар» деп кіргізбейтін. Сонда Нұржан асабамен таныстым. Ол кісі әншілері көп болса да маған ән айтуға рұқсат беретін еді.Сол кездері мен гитараны енді үйреніп жүрген болатынмын. Бірде ағамның туған күнінде гитарамен ән айтып бергенімді Нұржан ағамыз көріп, содан бастап тойға алып шыға бастады.


- Аптасына неше рет тойға шығасың?


- Шамамен 3-4 той болып тұрады.


- Құпия болмаса, қанша төлейді тойда ән айтқаның үшін? Қажетіңді өтейтіндей сома ұсына ма?


- (күліп) Ұят екен айтуға... Басқа қалаларға 100 мың теңгедей болады.


- Қай қаладан қандай тойға шақыру көп түседі?


- Алматыдан. Содан кейін Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Атырау қалалары кете береді ретімен. Көбіне үйлену тойына, туған күн кештеріне шақырады. Сый ретінде әннен шашу деп алып баратын ағалар бар.


- Тойға барып жүргенің сабағыңа әсер етпей ме? Білім алу жағы қалай болып жатыр?


- Сабаққа барамын. Бірақ әрине, сабақтан қалатын да сәттер болады. Ата-анам да «сабағыңды оқы» деп қадағалап отырады.


- Әндеріңді тойда барлық жерде жақсы қабылдай ма?


- Кейде сахнада ән айтып тұрғанда тыңдамай, әркім өзімен өзі әңгіме айтып отырған сәттер болғанда ақысын алуға ұялам. Өйткені, менің әнім халыққа өтпей қалған жерде сахнаға шыққым келмей қалады. Бірақ Шымкент пен Алматы қашанда жақсы қабылдайды мені (күліп).


- Кімге еліктейсің? Қай жұлдызға қызығасың?


- Қайрат Нұртас қой. Сол ағам сияқты болғым, биіктен көрінгім келеді. Одан басқа Нұрболат ағаны жақсы көремін.


- Өнер деген ауыр емес пе? Жаныңды жабырқататын, қиын сәттер болып тұра ма? «Баласың ғой, сабағыңды оқымайсың ба?» дегендер болды ма?


- Ең қиын сәт – киноға түскенде 4 ай бойы әкемді көрмедім. Мен келгенде әкем жұмыста болады, әкем келгенде мен кетіп қалам. Сонда қатты сағындым, кетіп қалғым келді. Ал жағымсыз сәттер қалдырған кездер де болып тұрады. Бір тойда гитарамен ән айтып тұрғанымда ішіп алған үлкен кісі тап алдыма кеп тұрып алып «Не айтып жатырсың? Дұрыс айтып жатқан жоқсың сен!» деген болатын. Сондай кездері маған қиын тиді. Одан басқа, «не істеп жүрсің, сабағыңды оқысайшы» деген сөздерді де жиі естимін. Ол да маған кері әсерін тигізбей қоймайды. Кері пікір жазатындар да көп.


- Оларға не дер едің?


- Әркімнің өз жолы бар. Мен бәрін де сыйлаймын және мені де сыйласа деймін. Инстаграмда да «дұрыс айтпайды» деп жазатын жазылушыларым да бар. Тіпті, балағат жазатындар да көп. Жаман сөз айтатындар не үшінмаған жазылғанын түсінбеймін. Ұнамаса, шығып кетуге болады ғой. Сол кезде ешкіммен ұрсып жатпаймын, тек елемей өтіп кетуге немесе шектен шығып жатса өшіріп тастауға тырысамын.


- Аружан, ендігі сұрақты саған қойсам деймін. Айбектің проюсері дей беруге болады ғой?!


- Айбек 11 жасында гитара тартып тойға шығып жүргенде мен 13 жаста едім. Өзім мектепте оқып жүріп тойға апарушы едім. Біздің ата-анамыз еркін өсіріп жатыр. Ешқандай тыйым салмайды, үнемі қолдап отырады. «Өзін тауып алады» деп Айбекті барлық үйірмеге қатыстырды. Домбыра, пианино, гитара сияқты аспаптардың бәрін әперді.

- Анамыз өзі әнші болғысы келген екен, бірақ әкесі «қыз балаға қол емес» деп рұқсатын бермеген. Сондықтан шығар, бізді де, Айбекті де ештеңеден қақпайды. Қорықпай сеніммен жібере береді. Ата-анамыз сенеді.



- Айбек тек тойдың ғана әндерін айта ма?

Жоқ, халық әндерін де жақсы орындайды. Балалар арасындағы бірнеше байқауларда жеңімпаз болған. Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне ұйымдастырылған конкурста бас жүлдені алды. Майра Ілиясова әпкеміздің өзі бізге музыкалық колледжге түсуге жолдама берген. Партиоттық әндерді орындайды.


- Жақын шетелдерден шақырулар бола ма?


- Болады. Өзбекстанға тойға көп шақырады. Содан кейін Мәскеуден «жұлдыз болғың келе ме?» деп біреу көп рет қоңырау шалды. Алыс жерге шығуға әлі дайын емеспіз. Сондықтан көп жерде бас тартуымызға тура келеді.


- Продюсерлерің бар ма?

- Әзірге продюсер өзім, демеушілеріміз – ата-анамыз. Қазір қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығына оқып жатырмын. Бірақ соңына дейін осы інім Айбекпен бірге боламын. Қайрат Нұртастың анасы сияқты әрдайым қасында жүріп, талабын шыңдаймын. Анам да солай дейді. «Басқа емес, жаны ашып, қамқор бола алатын өзің продюсер боласың» деп қолдап отырады.


Сұхбат бергендерің үшін рахмет, Аружан, Айбек! Өнерлеріңнің өрге жүзуіне тілекспіз.


ERNUR.KZ