"Әйелге ұқсап не істеп жүрсің" Өзі ӘНШІ, әрі АСПАЗ және АКТЕР жігіт кімге ұнамайды? (ВИДЕО)

0
3 567

Әртістік жолды армандап жүріп, аспаздыққа бағыт бұруының себебін түсіндірді


Суреттер: ғаламтордағы ашық дереккөзден

ЕСКЕРТУ: Сұхбатты көшіріп басу редакцияның рұқсатымен ғана іске асады

Әнші, актер, кинотанушы деген атақты қатар алып жүрген жандарды көптеп кездестіріп жатамыз. Бұл тізімге аспаздықты қатар қоссақ тек әйел затына ғана артылатын жүк болып көрінгендей. Жоқ. Бүгінгі әңгімеміз сегіз қырды бойына дарытып, бір сырлы қасиетке ие желі жұлдызы – Оразбай Сайлаубай жайында болады. 24 жастағы Оразбай қолынан бал тамған аспаз. Әуесқой әншінің «Инстаграм» желісінде «qqonyratt» атты парақшасында 70 мыңға жуық оқырманы бар. Ас пісіре отырып, әнді нақышында орындайтын жас жігіт өз оқырмандарын таң қалдыру үшін аспаздықтың қыр –сыры баяндалған видеоларын салып, одан бөлек көпке қызық болар жазбаларымен үйіріп отырады. Бір басында бірнеше өнері бар Оразбаймен біз де сұхбеттасқан болатынбыз

Оразбай Қайырлы күн! Қалыңыз қалай?

Білуімше оңтүстіктің тумасысыз. Туған жеріңіз бен отбасыңыз жайында айтыңызшы?

Сәлеметсізбе? Иә, Оңтүстіктің тумасымын. Жетісай қаласынан боламын. 1995 жылы қарапайым отбасында дүниеге келдім. Отбасымызда 3 ағайындымыз. Үйдің тұңғыш перзентімін. Менен кейін екі інім бар. Әкем Сәрсенбай ауылда егіншілікпен айналысады. Жеке кәсіппен айналысады. Ал, анам Мейрамхан фельдшер болып жұмыс істейді.

Бала күніңіздегі армандарыңыз қандай еді? Оның ішінде орындалғаны бар ма?

Бала кезімдегі арманым негізінен өнер адамы болу. Соның ішінде, кино актері болу еді. Киноға түскенді көз алдыма елестетіп жүретінмін. Енді міне сол арманның жетегінде осында келіп, оқуға тапсырып, қыр - сырын үйреніп келе жатырмын. Арманға жаймен қадам басып келемін десем артық емес.

Өнерді таңдап, бірақ, аспаз болып шықтыңыз. Ол сіздің қалауыңыз ба, әлде қаржы тапшылығынан пайда болған жұмыс па?

Оқуға түсе алмағаннан соң, қара жұмыстар жасап жүрдім. Ол жерде де біршама қиындықтар болды. Астанада білесіздер өмір сүру оңай емес. Содан жақсы жанадар жолығып, аспаздың көмекшісі етіп жұмысқа қабылдап, содан бері айналысып кеттім. Ас дайындауды өте жақсы көремін. Бұл салада жұмыс істеп жүргеніме 7 жылға толып жатыр. Айлығымды уақытылы алып отырамын, қарыным тоқ, жылы жер (Аллаға шүкір). Аспаздықта жұмыс ісдеп сандалмайсың үнемі іздегенде табыла қояды. Осы ерекшелігімен аспаздық ұнайды. Соңғы кездері өнерге хобби ретінде қарайтын болыппын. Бірінші кезекке аспаздығым шығып отырады.

Аспаздықты да арнайы оқып алдыңыз ба? Жалпы негізгі мамандығыңызға тоқталып кетіңізші?

Аспаздықты көмекші болып жүріп үйреніп алдым. Ал, өзімнің негізгі мамандығым «Кинотанушы». Осы мамандық бойынша Қазақ Ұлттық Өнер университетін аяқтағанмын. Ол оқуға түсуімнің өзі қиынға соқты біраз. Екі жыл қатарынан оқуға түсе алмай, үшінші жыл дегенде ғана грант иегері атандым. Дегенменен, мамандығым бойынша жұмыс жасамаймын қазір.

Музыкадан аса хабарымыз болмаса да, сіздің дауысыңыз құлаққа жағымды, үйіріп тұрады. Әншілік өнер кімнен дарыған. Отбасыңызда өнерге жақын адамдар бар ма?

Иә, бұл өнер деген қаннан келеді ғой. Ананың сүтімен келеді. Ал, өзім ойлаймын маған әншілік анамнан дарыған. Негізінде нағашы жұртымда өнерлі адамдар көп. Нағашы атам Мустахи домбырада ойнап,ән айтады. Ән айту сол нағашы жақтан дарыды десем де болады.

Дауысыңыз ерекшелігіне эстрада жұлдыздары да таңырқап қарап жатыр екен. Той бизнеске көзқарасыңыз қалай? Тойға шығасыз ба? Немесе концерттерге ұсыныс білдіргендер болды ма?

Тойға ұсыныстар түсіп жатыр. Жұмыспен әлек болғандықтан тойға шығып жүрген жоқпын. Алдағы уақытта бұйырса болып қалады. Ал концерттерге ұсыныс арасында келіп тұрады

Инстаграм парақшаңызда ән айтып, ас пісіргеніңізді байқаймыз. Сонымен бірге әртістік қабілетіңіззді де көрсеткен тұстарыңыз бар екен. Актерлік қабілетіңізді шыңдап көруге қалай қарайсыз. Ұсыныс түсті ме?

Пародия жанрына біршама жақындаумын. Бұрын мектеп кезінде мұғалімдер бір рөл берген болатын. Әйел адамның сомдағаным өте жақсы шыққан содан бері Әзірге түспеді. Егер жақсы ұсыныстар түсіп жатса, неге келіспеске.


Ер адамның аспаз болуы ерсі деп жатады көбісі. Сізге жекелей айтатындар кездеседі ме?

Иә. Бірақ бетіме келіп айтқандар болмады. Көбіне әлеуметтік желіде жазып жатады.

Сонда не деп айтады?

"Ер кісінің асханада жүргенін құптамаймын", "Әйелге ұқсап не істеп жүрсің" және т.б. Осындай комментаторларға ең алдымен адал еңбекпен ақша тауып жүргенімді білдіргім келеді. Бірнеше жігіттерді білемін ата-анасының мойынына отырып алған. Ал маған мұндай әдет мүлдем жат.

Инстаграмда оқырмандарыңыз 70 мыңға жуықтап қалыпты. Әлеуметтік желі арқылы табыс табуға болатынына сенесіз бе?

Иә. Табыс табуға болады.

Түрлі тәттілермен көптің ауызынан суы құрып отырады. Арнайы жеке тапсырыстар да қабылдай бересіз бе?

Менің аспаздық жұмысым тек жұмыста ғана. Жеке тапсырыс қабылдап жатқан жоқпын. Тек жұмысымда ғана жасаймын. Яғни тек жұмыста ғана аспазбын.

Оразбай қандай әншілерді көбірек тыңдайды? Жалпы музыканың жанрларына мән бересіз бе?

Менде әннің бір нақты несі жоқ. Жаныма қандай ән жақын соны тыңдай беремін. Халық әндерін қатты жақсы көремін, кәрістің әндері де жаныма жақын, өзбекше де жақсы көремін, ағылшын, орыс барлығын тыңдай беремін. Әндерді жанрына қарап таңдамаймын. Өзіме ұнаса болды.

Оразбай сізге үлкен рахмет. Армандарыңыз орындала берсін. Биік белестерді бағындыратыныңызға сенімдіміз.

Рахмет!

Сұхбаттасқан: Г,Әмірәлі

ERNUR.KZ