Айнұр Жүгінісова: "Немерелі болғанда кимешек киіп жүруге уәде бергенмін!"

0
7 500

Жақында Елордада «Дәстүрге жол» атауымен қазақ аналарының кездесуі өтті. Онда кимешек киіп, орамал таққан көпбалалы және танымал аналар қатысқан болатын. Бұл кештің басты ұйымдастырушысы – актриса, көпбалалы ана және өнерлі балаларының продюсері Айнұр Жүгінісова. Жақында Айнұр ханымға хабарласып, телефонмен сұқбаттасқан болатынбыз.


Айнұр Жүгінісова:


Қарашаш Есенбай: 6 жыл бұрын достарыңызға «Немерелі болсам, кимешек киемін» деп уәде берген екенсіз. Қазір кимешек киіп жүрсіз. Бірақ бізде бір сұрақ: Кимешекті неге ұл немереңіз дүниеге келгенде бастадыңыз?


Айнұр Жүгінісова: Ең алдымен өзімнің кимешекке қалай келгенімді айтып өтейін. Негізі театрда жұмыс істеп жүрген кезімде қыздармен әңгіме айтып отырып, оларға «Алла бұйырып әже болып жатсам, мен заманға сай қылып кимешек киемін» деп уәде бергенмін. Содан енді Құдайға шүкір Армандар орындалып жатыр ғой. Бірақ заманға сай қалпымызы бірден өзгертіп, осылай киіну оңай болған жоқ. Үйде орамал тартып, өз-өзімді іштей дайындадым. Екі қыз немерем өмірге келгенде бұл образға көшемін деген едім, бұйырмады. Әр нәрсенің өз уақыты бар дегендей.

Баланы бөліп-жармаймыз ғой, Алланың бергеніне мәз болып жатырмыз. Бірақ Осман немереміз дүниеге келгенде әже болуға кәдімгідей басқаша бір дайын болдым-ау деймін. Кимешекті қалай киіп алғанымды байқамай қалдым. Қайта өзімнің кигеніме өзім мақтанып, сондай бір ерекше сезімде болдым. Қазір енді шешіп шыға алмайды екенмін. Кимесем денеме бірдеңе жетіспей тұрған секілді болады. Мүмкін осы маған керек болған шығар. Адам бірнәрсені жайдан-жай айтпайды ғой. Бірақ өзім бір уәде берсем істейтін, айтқан сөзінде тұратын адамдардың қатарынанмын. Осының өзіне жылдар керек болған шығар. Дегенмен әйтеуір айтқаныма келдім.


Қарашаш Есенбай: Желіден «Қара жамылып жүретін қыздарға үлгі болсын» деген сыңайлы сөзіңізді байқап қалдым. Қазір хиджап киіп, оранатын танымал адамдар да көбейіп кетті. Осыған деген сіздің қөзқарасыңыз қандай?


Айнұр Жүгінісова: Сапарда көп жүретіндіктен, ондай жағдайларды да жиі кездестіріп жатамыз. Орамал бір ғой, бірақ әр ұлттың тарту үлгісі бар. Хиджаб киген нәзік жандыларымызды көргенде «Шіркін-ай, қызым, осыны былай байласаң, қазақша болып шыға келеді, айырмашылығы осы ғана» деп айтқым келеді. Бұрын 5 пайыз болса, қазір 30-35 пайыз қыздарымыз оранып алған. Мен оған көнер едім, егер өзіміздің киіміміз болса. Бірақ ол өзге ұлттың киім үлгісі ғой.

Құдайға шүкір, өзімізде бәрі бар, бай халықпыз. Тіліміз де, дәстүріміз де бар, ырымға да баймыз. Жас ерекшелігіне байланысты киім түрі бөлініп отырады. Кимешектің өзінің бірнеше нұсқасы бар. Сондықтан істегеніңді істер деп, үн-түнсіз өзім киіп алдым. Оның әдемілігін көргеннен кейін еретін адам өзі ереді ғой.

Хиджап киген қыздарға да ренжи алмаймын. Оның тең жартысы бала. Білмейді де не үшін киіп жүргенін. Әйтеуір жұртқа қарап киді, біреу «әурет жерді жабу керек» деген соң жаба салды. Өйткені біздің қазақтың киімдері қолжетімді бағада еш жерде сатылмайды, тігілмейді. Тапсырыс берсең, бір костюміңнің өзі 200-300 мыңға шығады. Бұл ақшаға қазақтың киімін кие ма, бала-шағасын асырамай ма қазіргі заманда ойлап қарасаңыз. Ал жаңағы хиджаб дегеніңіз қазір екінің бірі сатып жатқан, тиын тұратын нәрсе. Мүмкін сондықтан да шығар жақсы таралып кеткені. Бұл бизнес! Жақсы маркетолог жасаған енді кім болса да.



Қарашаш Есенбай: Олардың хиджабтан кимешекке ауысуы үшін не істеуіміз керек?


Айнұр Жүгінісова: Қазір отандық дизайнерлерге, танитындарымның бәріне қолжетімді бағада өзіміздің киіміміз болу керектігін айтып жүрмін. Тапсырысты үйіне дейін жететіндей жағдай жасайық, интернет арқылы дамытайық деп жатырмын. Екіншіден, образ арқылы тілге де келеді деген ойдамын. Менің өзім актриса ретінде айтайын, гримді салып, костюмді киген кезде сен сол образды кәдімгідей сезінесің. Сол сияқты сөйлеп, сол сияқты ойлап, сөзіңді сол сияқты айтасың. Яғни, қазақ киімін киген адам 1 күн жүрер, 5 күн жүрер, 10 күннен кейін ойлана бастайды. «Қазақ киімін киіп жүріп, орысша сөйлегенім ұят емес п?» деп. Сонымен беті бері қарайды деген ойдамын, Алла бұйыртса!


Қарашаш Есенбай: Қазіргі қоғамда «Қазақ әйелі, Қазақ анасының прототипі» кім деп ойлайсыз? Жалпы бар ма ондай кейіпкер?


Айнұр Жүгінісова: Осы прототип туралы айтпай-ақ қояйықшы. Қазақ аналарының прототипі десең, әркім әртүрлі айтады. Мен өзім кимешек киіп отырып, қазір ол туралы бірнәрсе дейтін болсам, ертеңтүрлі пікір туындауы мүмкін. Қысқаша айтатын болсақ, көп қой қазаққа барын салып, жүгіріп жүрген жандар. Маған, мәселен, Оразкүл апамыз қатты ұнайды. Қазақтың қыздарын қазақилыққа, дәстүрге үйретіп жүрген кісілердің бірі.


Қарашаш Есенбай: Жылдан асқан карантин өнердегі адамдарға тұсау салды ғой. Ал сіздерге бұл кезең қалай әсер етті?


Айнұр Жүгінісова: Карантинтек өнер адамдарының емес, көбініңқолын байлады. Бірақ көп нәрсені басқаша ойлауға үйретті. Мен өзім карантинде басқа қырымнан ашылдым. Жалпы өнерден өзімді жан жақты тәрбиелеп алған адаммын. Тойдың өзін мини спектакль қылып қойып беруге, режиссерімді жан жақты ашуға, сценарий де жазуға төселгенмін. Жан-жақты керек нәрсенің бәрін жасайтынмын.

Карантинде қарап жата бермеу керек қой деп дүкен ашқанбыз. Соның басы-қасында жүремін деп, жаңа қырымнан ашылдым. Есеп-қисап дегенге жоқ адам едім. Санау да, заттардың бағасын да білмейтінмін. Басында сәл қиналып, артынша үйреніп алдым. Бұл жерде ең оңай болғаны – халықпен жұмыс істеу.

Қазір тағы бір жоспар құрып жатырмын басқа бір бизнесті бастауға.




Қарашаш Есенбай: Өзіңіз актриса, әншісіз ғой. Бірақ көпшілік сізді алдымен «Ағайынды Жүгінісовтердің» анасы деп біледі ғой.

Айнұр Жүгінісова: Актрисадангөрі халыққа расында да продюсер және балалардың анасы ретінде танылдым. Шыны керек, өз мамандығыма 100 пайыз жанымды салып, еңбек еттім деп айта алмаймын. Менің ойым әрқашан отбасым, бала-шағамды тәрбиелеу, отағасының көңілін табу болды. Қазақша айтқанда, «Жүгінісовтер отбасының отымен кіріп, күлімен шығу». Баласын дүниеге әкелу, тума-туыстың басын қосу, қонағын күту, күйеуін күтіп алып, шығарып салу да әйел миссияларының бірі ғой. Театрдағы жұмысымды да жауапкершілікпен атқаруға тырыстым. Спектакль ойнаған соң тез үйге қайтуға, бала-шағама жетуге асығып тұратынмын. Актриса болу әйелдің міндетіне жатпайтын шығар, бірақ ана болу, жар болу – оның басты миссиясы. Сондықтан да 2017 жылы театрдан кеттім.

Ойлаған арманымыз, қойған мақсатымыз – дұрыс ұрпақ өсіріп, халыққа қызмет ете алатын ұл-қыз тәрбиелеу ғой. Соны орындай алсақ, менен бақытты адам жоқ. Шүкір Аллаға!


Қарашаш Есенбай: Ұлдарыңыздың да шығармашылықтағы жаңалықтарымен бөліссеңіз.


Айнұр Жүгінісова: Балалардың шығармашылығында үшеуін үшке бөліп тастадық. Болашақта Алла бұйыртса жеке отбасы болғанда әркімнің өзінің кассасы болу керек. Аман болса, «Ағайынды Жүгінісовтер» ретінде бірге де шыға берер. Ал қазір бөлек-бөлек жұмыс жасап жатырмыз. Рүстем өзін басқа бағытта ашып, бір бизнес жүргізіп отыр. Мирас пен Мұхаммед Алматыға көшіп кетті. Мирас – Марғұлан деген жігітпен, Мұхаммед – Ерлан Әлимов деген жақсы продюссерлермен жұмыс істеуде. Бұйыртса жетістіктерін бірге көре жатармыз.


Қарашаш Есенбай: Әңгімеңізге рахмет!


Актрисаның ұлы Мирас Жүгінісовтың жаңа әні