«Әкемнің шықпаған биігіне біз шығамыз»: Өктем Алтаевтың қызымен сыр-сұхбат

0
6 353

«Қазақстанға біраз еңбегім сіңді, енді сендер қазақтың әнін бүкіл әлемге танытыңдар» деп айтудан жалыққан емес».


«Әкемнің шықпаған биігіне біз шығамыз»: Өктем Алтаевтың қызымен сыр-сұхбат

Аружан Октябрь. Қазақстанға белгілі әнші, композитор Өктем Алтаевтың өнерлі қызы. Ұлы Бағжан Октябрь де мықты виолончелист ретінде танылып келе жатыр.

Аружанның инстаграм парақшасындағы түрлі халықтардың әндеріне жазылған каверлерін тыңдап, жаным рахаттанды. Әнді жүрекпен сүйіп, жүрекпен айтып, жүрекке жеткізе біледі екен. Эстетикалық сезімі мен талғамына риза болдым. Тағы да каверлерін әсем табиғат аясында, еліміздің ең көрікті деген кереметтей жерлерінде түсіріпті. Желідегілер де талантты қыз туралы тек жылы пікір айтады. Айтқандай, оның орындаушылық қырынан бөлек, негізгі бағыты академиялық композитор екен. Бірнеше туындының авторы.


– Аружан, сұхбатқа келіскеніңіз үшін рахметімізді айтамыз. Сіз де, ағаңыз да өнерлі отбасының өренісіздер. Өнерде ойып тұрып алар өз орны бар Өктем Алтаевтай әнші, композитордың ұл-қызы да өнер жолына түскенін сіздердің өнеріңіз арқылы біліп жатырмыз. Жалпы, отбасындағы тәрбие, қарым-қатынас, әкеңіздің сіздерге берген бағыт-бағдары туралы айтып беріңізші.


– Дүние есігін ашқаннан музыканың арасында өстім. Әкем бізді әнімен ұйықтатып, әнімен оятатын. Жалпы, үйде әкем, ағам және мен музыкантпыз. Әкем ағам екеумізді Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық дарынды балалар мектеп интернатына берді. Ағамды кәсіби виолончель музыканттардың қолына берді. Ал мен басында спорттық гимнастикамен айналысып жүрдім. Спортта да біраз жетістіктерім болды. Сосын әкем бойымдағы музыкалық дарынды көріп, 2010 жылы бесінші сыныбымда Жұбанов мектебіне оқуға берді. Сол кезден бастап мен музыка әлеміне кәсіби түрде қадам бастым. Ал музыкалық тәрбиеге келер болсақ, әкем эстрадалық әнші, композитор болғандықтан, академиялық музыка бағытына берді. Бізді өз ісінің қас шеберлерінің қолына тапсырғандықтан, «Сендер былай айтыңдар, былай ойнаңдар» деп шығармашылығымызға ешқашан араласпаған. Яғни, кәсіби мамандардың қолына табыстап, өзі сырттай бақылап жүрді. Қазіргі таңда ағам екеуміз де мектеп бітірдік. Ағам магистратура оқыды. Мен, бұйыртса, осы жылы Қазақ ұлттық өнер институтының 4 курсында оқып жүрмін. Биыл бітіруші жылым. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендейін, бүгінде не істесек те, әкемізбен ақылдасып істейміз. Ол да бізбен кеңеседі. Ортақ жобалар, ортақ әндер жазып, бейнебаян түсіреміз.



Аружанның ән өнеріндегі қадамдары қалай басталды?


– Ән өнеріндегі қадамым Жұбанов мектебінде гобой аспабын меңгеруден басталған. Одан кейін композиция бөліміне Ермұрат Үсенов атты мықты композитордың сыныбына ауыстым. Өйткені, кішкентайымнан композитор болуды армандадым. Ал әнге келетін болсақ, титтейімнен ән айтып жүретінімді әкем байқайтын. Өзіме де ұнайтын. Бірақ, кәсіби түрде қолға алмағанмын. Өсе келе 17-18-ге толғанда ән менің жанымның қалауы екенін ұғындым. Сөйтіп, фортепианомен сүйемелдеп қазақ әндерін айта бастадым. Әсіресе, Естайдың «Құсни Қорланын» айтқанды қатты жақсы көретінмін. Бірте-бірте әнге құмарлығым артқанына арта берді. Әкемнің студиясына барып ән жаздырдым. Университетке түскеннен кейін әкем маған үй студиясын алып берді. Сосын әншілік қабілетімді шыңдап, каверлер айтып, вокалға жазылдым. Ұстаздардан дәріс алып бастадым. Сөйтіп-сөйтіп ақырындап ән жолына түстім.


– Өзіңіз туралы айтып беріңізші. Оқисыз ба?


– 2010-2017 жылдар аралығында Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектебінде теория және композиция бөлімін аяқтадым. 2017 жылы ҚҰӨУ-не композиция факультетіне оқуға түстім. Қазір мен академиялық композитормын. Бұйыртса, алдағы уақытта концерттерге композитор ретінде менің шығармаларым орындалмақшы. Өнерімде осындай үлкен жаңалықтар болуда. Композиция жағына келер болсақ, менің шығармамды Қазақстанның «Құрманғазы», «Отырар сазы», Қорқыт фольклорлық ансамблі, Қостанай қалалық филармониялық халық аспаптар оркестрі сынды үлкен-үлкен өнер ұжымдары менің шығармаларымды орындап жүр. Түрлі байқауларға қатысып тұрамын. Халықаралық, республикалық конкурстардың лауреатымын. Гран-при иегері де болдым. Композитор болғандықтан, осы бағыттағы ізденісімді тереңдетіп, жұмыс істеудемін.





– Инстаграмда түрлі халықтардың әндерін емін-еркін орындайсыз. Қанша тіл білесіз?


– Ана тілім қазақ тілі болғандықтан, қазақ тілінде емін-еркін сөйлеймін. Орыс тілінде де ешқандай қиналмай, жетік меңгергенмін. Ағылшынша да кішкентай кезімнен оқып келемін.




– Бос уақытта немен айналысасыз?


– Негізінде музыканттардың бос уақыты болады деп ойламаймын. Олардың ешқашан бос уақыты болмайды. Олар әрдайым музыкамен айналысып жүреді. Тіпті, жұмыстан демалыс алғанда да үйде отырып дайындаламыз. Фортепианоны күніне бір рет тартпасам, ауырып қаламын. Міндетті түрде әндер өңдеймін, ән айтамын. Әкем домбыра мен гитарада ойнайды. Мен де сол аспаптарды меңгере бастадым. Домбыраны аса қатты меңгермесем де, бірнеше күйді шерте аламын. Гитараны да меңгеріп жүрмін. Бос уақытым музыкалық аспаптарды үйренумен өтеді. Сосын кітап оқығанды қатты жақсы көремін. Шыңғыс Айтматовтың шығармалары маған өте қатты ұнайды. Соңғы рет «Материнское поле» деген кітабын оқып бітірдім. Сондай-ақ, Харуки Мураками деген бүкіл әлемге танымал жапон жазушысының шығармаларын сүйіп оқимын. Ара-арасында кино көремін. Күн сайын аспаптарда ойнамасам, көңілім жайсыз болып тұрады. Аспаптарда ойнау арқылы жаным тынышталады. Кейде өзімді музыкадан жаралғандай сезінемін. Онсыз өмірімді елестете де алмаймын. Менің жұмысым да, демалысым да музыкамен байланысты.




– Өмірлік қағидаңыз қандай?


– Бұл фәниге адам боп келіп, адам боп қайту. Алланың алдында құлшылық ету. Ата-ана, отбасымның алдындағы парызымды өтеп, разылығын алу. Қалғандары өз уақытымен бола беретін дүниелер. Ең бастысы – адамгершілік деп есептеймін.


– Болашақ жарыңыздың қандай болғанын қалайсыз?


– Қыз баласы болған соң бұл тақырыпта көп ойланасың, толғанасың. Менің Құдайдан тілейтінім, бастысы, адамгершілігі мол, мейірімді, иманды, малтабар, қолы ашық жан болса, арамызда әрдайым сыйластық та, махаббат та болады деп ойлаймын. Сыйластық пен махаббат бар жерде ешқандай қиындық қорқынышты емес. Өнер жолындағы адам болғаннан кейін менің өнерімді түсінетін, сыйлап, бағалайтын ер азамат болғанын қалаймын. Шыны керек, музыканттарды, шығармашылық адамдарын бәрі бірдей түсінеді деп айту қиын. Мысалы, ешқашан шығармашылықпен байланыспаған адамды кезіктіретін болсам, мен оны, ол мені түсінбей, екеуміздің арамызда көптеген қиындықтар туындауы мүмкін. Музыканы түсінетін, ата-ана, отбасымды құрметтейін азамат болса, өте бақытты жан болар едім.


Тек музыкантқа тұрмысқа шыққым келеді деп айта алмаймын. Бірақ, музыкадан хабары бар, әнді жақсы көретін, алайда, басқа саладағы адам болса да қарсылығым жоқ.


– Әнді орындауда не нәрсеге басымдық бересіз?


– Ең бастысы, орындаушының ішкі жан дүниесіне қараймын. Тыңдарманға музыкалық шығарманы қалай жеткізеді, жан дүниесі бай ма, әлде рухани жағынан әлсіз екенін орындаушының орындаған шығармасына қарап білуге болады. Сондықтан да мен өзім осы жағына көңіл аударуға тырысамын. Себебі, музыка адамның жанын емдеу үшін, тербету үшін жаралған құдырет. Сондықтан, басты талап, ол – адамның жүрегіне жеткізу.




– Әкеңіз Өктем Алтаев соңғы жылдары сахнадан көрінбей кетті. Әлде біз байқамай жүрміз бе?


– Ол сахнаға шығып жүр. Түрлі бағдарламаларға қатысады. Өзінің музыкалық қызметін тастаған жоқ. Әлі күнге дейін сахнада келе жатыр. Бірақ, қазір ол бар көңілін көбінесе отбасына, біздің білім, тәрбиемізге бөледі. Оның арманы мынадай. «Қазақстанға біраз еңбегім сіңді, енді сендер қазақтың әнін бүкіл әлемге танытыңдар» деп айтудан жалыққан емес. Мен де, ағам мен әпкелерім де ата-анамыздың үмітін ақтауға тырысып жүрміз.


Әкем әлі күнге дейін жаңа әндер жазып жүр. Музыкалық аспаптарды сатып ала береді. Соларды ойнайды. Оның бойында Құдай берген дарын бар. Нағыз музыкант. Музыканы ешқашан тастамаған. Тастайды деп ойламаймын да.


– Кавер түсіру заман талабы ма?


– Кавер түсіру шетелде, әсіресе, Америкада бұрыннан келе жатқан ерекше бағыт. Кез келген әнші басқа әншінің әнін алып, оны өңдеп, кавер жазуға, бейнебаян түсіруге, Авторлық қоғамға тіркелуге құқығы бар.


Кавердің бір артықшылығы, әнді тек қана бір адамның орындауында емес, басқа да әншінің интерпритациясымен тыңдап көруге мол мүмкіндік. Басқа стильде тыңдап көргің келеді. Кавер әнді неше түрлі жанр, алуан түрлі бағытта айтуға, өзгертуге мүмкіндік береді. Сол жағынан кавер бағыты өте ұтымды. Халыққа да, орындаушыларға да ұнайды.


Қазақстанға бұл бағыт жақында келді деп айта аламын. Елімізде осы бағыттың дамып келе жатқанына өз басым қуанамын.



Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Шашың жалбырап ортада неғып жүрсің?!»: Нұрболат Абдуллинді көкпаршылар мыжып кете жаздады


«Мен ессіз емеспін»: Қайрат Нұртас көзіндегі жасты жасыра алмады