Азамат Оразбек: "Өнерде бізді бөлетіндер бар..."

0
5 106

Азамат Оразбек - жас әнші, үстел теннисінен Қазақстан чемпионы, екі баланың әкесі.


Азамат Оразбек:

"Ай, өмір, өзіңе бас ұрғам.

Қуанып, кейде тасынғам,

Қанша қуанып сәл жүрсемде,

Мұңымды ішіме жасырғам...".

Ол тағдырымен осылай сырласады. Әлеуметтік желідегі парақшасынан оның белсенді, әр істен жақсылық таба білетін жан екенін байқауға болады. Бірақ өзінің әнінде айтқандай, ішіне жасырған мұңы да жоқ емес болар?! Бірақ ол тағдырға өзінше тіл қатып, өзгеге үлгі бола алады. Менің бүгінгі кейіпкерім - Азамат Оразбек.

Қарашаш Есенбай: Қайырлы кеш, Азамат! Сұқбатты мен сіздің әніңізден бастағым келеді, неге «Қатал тағдыр»? Қаталдық көп көрдім деп есептейсіз бе?

Азамат Оразбек: Жоқ, тағдырдан ешқандай қаталдық көрген жоқпын. Тек ең бірінші авторлық әнім болғаннан кейін, өзімнің болмысым мен дауысыма сай ән болғандықтан таңдалды. Негізі оны маған ұсынды дегенім дұрыс болар. Өнер жолына енді түсіп жатқанымда Нұрлан деген ағам түннің бір уағында телефон соқты. Маған «Саған осындай ән таптым. Олжас Сыдықов деген өнердегі досымның әні, саған келетін сияқты...» деген еді, сосын тыңдап көрдік. Ән үш шумақтан тұратын, атауы да басқа болатын. Бірақ мен екі шумағын қалдырып, «Қатал тағдыр» деп шығарғым келді. Бірақ сіз қойған сұрақты қоятындар көп. Бір айтарым, Құдайға шүкір, менің өмірім қатал емес!

Алланың салған жолымен келе жатырмын. Маған бергені Алланың қаталдығы емес, сынағы шығар деп қабылдаймын...

Қарашаш Есенбай: Азамат, халыққа енді танымал болып келе жатырсыз, өзіңізбен жақынырақ таныссақ.

Азамат Оразбек: Ия, мен туралы ақпарат өте аз. Өзім Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тумасымын. Алматыға 2001 жылдары келдім. Екі қолдан айырылған кезде Жаңақорғанда болатынмын. Ол жағын қатты ашып айта бергім келмейді. Ол құпия болып қала берсін. Дәл қазір ол жайлы тереңдеп айтпай-ақ қояйын. Бірақ негізі қуаттылығы жоғары трансформатор тоғына түсіп, осы жағдайға ұшырағанмын. Бір қарт кісіге көмектесемін деп, абайсызда түскен жайым бар...

Қарашаш Есенбай: Бір орыс тілді басылымнан оқыған едім, сіздің қолыңызды алуға дәрігерлердің сауатсыздығы себеп болған деседі. Ол қаншалықты рас?

Азамат Оразбек: Ия, ол жағдайға түскеннен кейін Жаңақорғандағы ауруханаға жатқызған. Ол кезде медицина қатты дамымаған кез ғой. Бірақ үйдегілер бүкіл дәрі-дәрмегімді алып келіп берген, бірақ ештеңе салынбаған. Екі-үш аптадай бір бөлмеде жатып қалғанмын. Болмағаннан кейін мені Қызылорданың облыстық ауруханасына апарған кезде, сондағы бас дәрігер: «Баланы бір ай үйде сақтағансыңдар ма, денесінде иненің ізі жоқ қой?»-, деп айтқаны есімде.

Ірің тарай берсе сүйекті жей береді екен, соның салдарынан қолымды кесуге тура келді. Бірақ, Аллаға шүкір ешнәрсеге мойымай аман- есен келе жатырмыз.

Қарашаш Есенбай: Дәрігерлердің салғырттығына деген бір «әттеген-ай» жұрттың көкейінде бұрыннан бар ғой. Сенде де соларға деген бір реніш бар шығар, жалпы қазіргі медицинаның сапасына көңілің тола ма?

Азамат Оразбек: Ия әркімнің білімі әрқалай ғой. Олардың бірі осы жақта білім алса, енді бірі шет елдерде оқып келіп жатыр.

Бірақ шыны керек, бұл жағдайға ұшырағаныма ешкімді кінәламаймын! Өмірде ең ұнатпайтыным - біреуді кінәлау. Ол тағдыр солай жазылды, Алла Тағала осылай қалап тұр, ол солай болуы тиіс. Дәрігерлердің кесірі болмаса да, оқыс жағдайға басқалай ұшырауым мүмкін ғой. Сондықтан ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ! Бәлкім Алла мен арқылы жастарға сабақ бергісі келген шығар?!

Қарашаш Есенбай: Жақсы, енді Алматыға келген кезеңдер туралы айтсақ. Жалпы Жаңақорғанды тастап, Алатауға көшуге не түрткі болып еді?

Азамат Оразбек: Осы жағдайдан кейін екі жылдай комада жаттым. Комада жатып аман-есен ауылға келген кезде, менің нағашы тәтем осы Алматыда болатын. Сол кісі анамды «Ауылда не істейсіңдер? Бала бір үйде жата беріп ешқайда ашылмай қалады, қалаға келіңдер» деп үгіттеді. Мұнда жақсы мектеп-интернаттар бар деген соң біз көшіп келдік. Бесінші сыныпқа дейін жалпы мектепте оқып жүрдім, кейін арнайы мектеп бар екенін білгеннен кейін оқуымды сонда жалғастырдым. Ол арнайы мектепке ауысуым менің өмірімді өзгертті десем болады. Өйткені сол интернатқа барғаннан кейін менің жаңа қырларым ашыла бастады. Өнерден де, спорттан да дамуыма сол интернаттың көмегі көп тиді.

Қарашаш Есенбай: Осы жерде айта кетейікші, негізі қазақ қоғамында баласын арнайы мектепке бергісі келмейтіндер көп қой. Олар «баламды дұрыс қарамайды», «баламды тастап кеткен ана боламын» деген оймен және «жұрттан ұят» деген намыспен баласын үйіне тығады. Бірақ сен сол арнайы мектептен кейін өмірің өзгергенін айтып отырсың. Демек арнайы мектеп-интернатта тәрбиелеген дұрыс қой? Сенің ойың қандай?

Азамат Оразбек: Иә, әрине! Интернатта ешқандай теріс тәртіп жоқ, қарапайым үйде алатын әке-шешенің тәрбиесі сол жақта да беріледі. Күн тәртібіміз жүйелі болатын, одан кейін біздің интернатта көптеген іс-шаралар өтетін. Жүзу, үстел теннисі деген сияқты курстар да қарастырылған. Егер бала, жалпақ тілмен айтқанда кем болып туылатын болса оны арнайы мектепте оқытудың әбестігі жоқ. Біздің қоғамда кемсіту деген нәрсе бар ғой. Әдейі болмаса да, балалар естігенін айтып қалып жатады. «Сен ондайсың», «сен мұндайсың» деген сөзді естіген бала тұйық болып, ортадан қашады. Сөйтіп бір бөлмеде қалып қояды. Ол мүлде дұрыс емес! Ал интернатқа апарса, ол өзі сықылды балаларды көреді, олармен бірге өмірге талпынады. Әр баланың қолынан көптеген дүниелер келеді, оны тек таба білу керек. Мен де интернатқа алғаш барған кезімде сондағы балаларға қызығып, алға талпындым.

Қарашаш Есенбай: Жаңа айтып жатырсыз ғой, бәрібір балалар ауыр сөздер айтып қояды деп. Өзіңіздің де көңіліңізде қалып кеткен сөздер бар ғой демек?

Азамат Оразбек: Ия, ондай сөздер көп болады, бірақ аса қатты көңіл бөлгім келмейді. Өйткені әр нәрсеге көңіл бөлетін болсаң, сен өспейсің! Біріншіден, сенің ойың өзгереді, адамдарға басқа көзқараспен қарай бастайсың. Негізі атың шыға бастаса, жұмысың алға баса бастаса әңгіме жүретіні ақиқат. Ал сөз ермесе, сен ештеңе жасап жатқан жоқсың деген сөз. Сондықтан артымнан жақсы не, жаман пікір айтылса да мен оған қуанамын!

Қарашаш Есенбай: Азамат, бірнеше жыл бұрын сіздің үстел теннисінен Қазақстан чемпионы болғанызды білемін, жүзумен де айналысатын едіңіз. Қазір де айналысып жүрсіз бе?

Азамат Оразбек: Қазіргі таңда үстел теннисімен ғана айналысамын. Жүзумен «Халықаралық спорт шебері» атанғаннан кейін қоштасуға тура келді. Өйткені мен суға көзілдіріксіз түсетінмін, көзілдірігім старт жасағанда шешіліп кете беретін.Сондықтан мен көз жағынан кішкене қиналдым, одан кейін жүзумен қоштастым. Көзімді бір жылдай емдедім, қазіртек үстел теннисімен ғана айналысып жүрмін.

Қарашаш Есенбай: Сіз үстел теннисінен чемпион болған кезіңізде «Лонданға барады» деп естіп едік, бірақ кейін сол әңгіме аяқсыз қалды...

Азамат Оразбек: Ия, Лондонға баратын жүлде ұтып алдым, бірақ Лондонға бара алмадым.

Қандай себептер болғанын білмеймін, әйтеуір мен виза ала алмадым.

Қарашаш Есенбай: Алдағы уақытта осындай олимпиадаларға қатысу жоспарда бар ма?

Азамат: Әрине, жоспарда бар. Бірінші қазақстандық жүлделердің бәрін жеңіп алғаннан кейін, бізді Азияға апарады. Азияда нормативтер берілелі, оны түгел орындайтын болсаң паралимпиадалық ойындарға жолдама береді. Қазіргі таңда алда қалалық, республикалық жарыстар бар. Енді соларға барып бүкіл нормативті өту керек.

Қарашаш Есенбай: Демек спорт пен өнерді қатар алып жүрсіз ғой?

Азамат Оразбек: Спорт пен өнерді қатар алып жүрмін, бірақ бүкіл күшімді өнерге қарай салып жатырмын. Өйткені, біздің қоғамда мынандай нәрсе бар. Мысалы мен басқалардан ерекшемін, оған өнерде басқа көзқараспен қарайды. Бізде жалпақ тілмен айтқан кезде тындармандар адамның бойындағы өнерін емес, сыртқы келбетіне қарай бағалайды. Ал мен соны жоққа шығарғым келеді! Сол себепті мен өнерге бар күшімді салып, өзімнің тиісті орнымды алғым келеді. Өзім үшін ғана емес, мен сияқты қаншама жанға үміт сыйлағым келеді. Мысалы эстрадада жүрген «мен» деген әншілерден де асып түсер даусы ерекше жандар бар. Бірақ оларды өнерге кіргізбейді, бөліп-жарады.

Қарашаш Есенбай: Осы туралы постыңыздан да оқыдым. Өнерде сырт келбетке қарап шешім қабылдайтындар көп пе?

Азамат Оразбек: Мен өнерде жүргеніме 3-4 жылдай болды. Көбінесе бізде үлкен концертке емес, қарапайым қайырымдылық концерттерге көп шақырады. Содан да байқауға болады. Менімен бірге қайырымдылық кештеріне шығып жүрген әншілер жоғары деңгейдегі концерттерге шығады да, бірақ ішінде мен шеттеліп қаламын. Сондай да «НЕГЕ?» деген ойлар туады. Оған көз салып қарайтын болсаң, бөлетіндеріне көзің жетеді.

Қарашаш Есенбай: Демек, ортаға бөгетті халық емес, өнердегі адамдар қалай ма?

Азамат Оразбек: Ия, өнердегі адамдар бір-бірін басқаша қылып бөледі. Мүмкін үлкен сахнаға шықса, көрерменді шошытып алады деп қорқатын болар?! Біз басқалардан кем емеспіз ғой, біз де үлкен сахнаға шығуға құқылымыз!


Қарашаш Есенбай: Алдағы уақытта бұл үрдіс жойылады деп сенемін және соған тілектеспін! Енді шығармашылықтан ауысып, отбасыңыз туралы айтсақ. Екі баланың әкесісіз, сүйікті жарыңыз бар. Жарыңызбен танысқаныңызды әдемі сипаттап желіге жаряилап қойған екенсіз. Біздің оқырмандарға да айтып беріңізші?

Азамат Оразбек: (Күліп) Мен жарыммен осы Алматыдағы Айнабұлақ деген ауданда танысқанбыз. Сырттай бір-бірімізді біліп жүрдік. Бірде ортақ досымыздың туылған күнінде кездесіп, бір-бірімізбен жақын таныстық. Содан екеуміз дос ретінде біраз араласып жүрдік. Кейін мен бірінші сезімімді айттым, ол қарсылық білдірген жоқ. Екеуміз бір жылдай кездесіп, бір-бірімізді жақсы танып білгеннен кейін шаңырақ көтердік. Үйлену жағына келген кезде мен ешқандай романтика істеген жоқпын, кездесіп жүргенде талай романтика өткен (күліп). Қазақи салт-дәстүрмен алып қаштым болды. Аллаға шүкір, екі кішкентайымыз бар. Үлкені қыз, одан кейін ұлым бар.

Қарашаш Есенбай: Соңғы уақытта жарыңыз екеуіңіз ән айтып жүргендеріңізді байқадым. Ол кісіні де өнерге алып келетін ойыңыз бар ма?

Азамат Оразбек: Ия Құдай қаласа қазіргі таңда жаңа ән жаздырып жатырмыз. Негізі алғашында тек ұлымыздың тойында ғана ән айтқанбыз. Ол желіде кең тарап кетті. Жарымның дауысы жақсы, ән айтуға қабілеті бар. Бұйыртса, екеумізден керемет дуэт шығады.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіздің балаларыңыздан бөлек, анаңыз бен бауырларыңыз бар. Оларды да сіз қамтамасыз етіп отырсыз ғой?

Азамат Оразбек: Менен кейін інім мен қарындасым бар. Інім шетелде жұмыс істейді, ал қарындасым кішкентай. Қазір анам мен қарындасым және отбасыммен бірге тұрамыз. Інімде бізді қамтамасыз етіп отырады, бірақ өзімнің де табысым отбасыма жетеді, шүкір.

Қарашаш Есенбай: Ескі сұқбаттардың бірінде әкеңіз сіздерді тастап кеткені туралы айтқан екенсіз. Одан бері қанша жылдар өтіпті, қазір араласып тұрасыздар ма?

Азамат Оразбек: Жоқ қазір мүлде араласпаймыз.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз қандай әке болғыңыз келеді?

Азамат Оразбек: Мен өз басым әкемнің ізін басқым келмейді. Болды!

Қарашаш Есенбай: Қазір сізбен сұхбаттасып жігеріңізге, мінезіңізге тәнті болып отырмын. Қайсарлықты, мотивацияны қайдан аласыз?

Азамат Оразбек: Жігерді анамның әр айтқан сөзінен аламын! Анам үнемі «Өзгелерден төмен көрме!» деп отырады, сол сөзі өмірлік жігер береді. Одан бөлек бауырларымның, жарымның, балаларымның өзі маған - мотивация!

Қарашаш Есенбай: Жігер беретін жарықтарыңыз сөнбесін! Сұқбатқа келгеніңіз үшін көп рақмет, жақсылық тілемін!

Фото: ERNUR.KZ

Автор: @karashash_esenbay

ERNUR.KZ