БАҚДӘУЛЕТ АРЫСТАН: "Хит жазу оп-оңай, басыңды ауыртпайсың"

0
4 598

Бақдәулет Арыстанның арзан әндері миллиондаған қаражат түсіреді.


БАҚДӘУЛЕТ АРЫСТАН:

Суреттер ақынның инстаграм парақшасынан алынды

ЕСКЕРТУ: Сұхбатты көшіріп басу редакцияның рұқсатымен ғана іске асады


«Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, сөзі мен әуені үйлесім тауып, халықтың жүрегіне жол тартса, еткен еңбек пен төккен тердің ақталғаны емес пе? Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының әдемі әуендерінің сөзін жазып жүрген жас ақындарың бірі - Бақдәулет Арыстан. «Жүрегім, сен келгелі бақытты», «Шудың бойында» және тағы да басқа хит әндердің болмысын жүрегінен шығарған ақын, бүгінде шығармашылық ізденіс үстінде.

Небәрі 20 жасында эстрада әншілерімен тығыз жұмыс жасап бастаған Бақдәулеттің алдағы жоспары қандай екен? Өзімен сөйлесіп, көкейде жүрген сұрақтарымызды қойып көрдік.

Кейіпкеріміздің туған жері - Түркістан қаласы. Бойдақ емес, аяулы жары бар, екі ханшайымның әкесі.


- Бақдәулет, ата-анаңыз да өнер адамдары ма?


- Иә, әкем өнер адамы әрі ауған соғысының ардагері. Қолынан біраз өнер келеді. Домбыра, баян, гитара, "ямаха" барлығын тартады. Анам да дәл солай, өнерлі. Жалпы, өнерлі отбасынан шыққанмын деп айта аламын. Қарындасым да әнші. Келіншегім - мұғалім. Осындай бақытты отбасымыз. Шүкір деймін.


- Көптеген «хит» әндердің авторысыз. Еске түсіріп көріңізші сіздің сөзіңізге жазылған ең алғашқы ән сахнаға шыққан кезді


- Менің ең алғашқы сахнаға шықпай жазған әнім кезінде болған «До-ма-жор» тобындағы Роман Майғазиев деген әнші, Сәкен Майғазиевтың інісі. Сол бір ән берді, сөз жазып бер деп. Сол өлеңді мен 2012 жылы жаздым. Оны мен тек радиодан ғана тыңдап жүрдім. Өмірімде екінші рет «Меломен» тобына жаздым. Ол да шықпады сахнаға. Ер кезегі үшке дейін дейді ғой. Үшінші рет Қанат Үмбетовке «Жүректесің» әнін жазым, сол жарыққа шығып, үлкен сахналарда орындала бастады.


- Дәл қазіргі таңда кімдермен тығыз жұмыс жасап жатырсыз?


- Менің бір жақсы жерім, бір адаммен қатып қалмаймын. Қазір айтатын әншілердің тізімін айтатын болсам, сол әншілердің өздерінен сұрасаңыздар болады. Мен туралы айтады олар да, Бақдәулетпен істеп жатырмыз деп. Қайрат Нұртаспен істеп жатырмын, Нұржан Керменбаевпен біргеміз, Димаш Құдайбергеновке де сөз жазып қойдым. Ана туралы әнге дайындап қойдым. Эстрадағы біраз әншілермен жұмыс жасаймын. Ең тығыз, көбірек жұмыс жасап жүрген ол - Қайрат Нұртас және Жолдасбек Абдиханов деген бауырым бар.



- Бағдарламалардың бірінде бір әншіге «ән керек пе, әлде, хит керек пе деп сұрадым» депсіз. Сонда «хит» болатын әндердің сөзі басқаша болады ма?


- Иә, «хит» деген ол бірінші әріпін алып тастасаң "ит" болады ғой. "Хит" шығаруға басыңды ауыртпайсың. "Хит" шығару оп-оңай. Қазір адамдар да басын ауыртатын әнді тыңдағысы келмейді. Мен де басымды ауыртпай шығарамын, халық та басын ауыртпай тыңдайды. Сосын "хит" болып кетеді. Негізі, ән жазған дұрыс. Өлмейтіндей, бүкіл халыққа топырақ шаша алмайсың. Елдің барлығы бір болмайтын быт-шыт сөздерді тыңдай алмайды ғой. "Хит" деген ол интернет пен теледидардар көп көрінеді, соны айтады. Мәселен, "Опмай" хит дейді. Бірақ оны тек тойларда билемесе, адамдар арнайы тыңдайды деп ойламаймын. Әр әннің өзінің тыңдармандары бар. Тоқетері, "хит" бөлек, ән бөлек. "Хит" жазу оп-оңай.


- Тақырыптан кішкене ауытқып, балалық шағыңызға ойысайықшы. Бала Бақдәулет қандай болды?


- Бала Бақдәулеттің қазіргіден айырмашылығы - бала күнінде қорықпайтын болған. Қазір кішкене ес жиғаннан кейін ба біраз қорқатын болдық қой бірдеме жасауға. Жастайымнан өнерге жақын болғанымның арқасы, осы жасқа дейін екі рет концерт беріп, екі кітап шығарғаным. Бірақ, бала күнімде киноға қатты құмар болғанмын. Актер болғым келген. Құдайдың берген ақындығымен көге түсіп, сонымен ел ішінде жәймен танылып жатырмыз.


- Эстрада жұлдыздарының көпшілігі сұхбаттарда «ақын інім Бақдәулет» деп сөзіне тиек етіп жатады. Яғни, бұл деген сұраныста барсыз деген сөз шығар. Табысты осы жолдан табасыз ба?


- Табысты сөз жазудан таппаймын. Өзімнің басқа табыс көзім бар. Енді бірақ, мүлдем таппаймын десем де өтірік болар.


- Қанша аласыз сонда? Басқалар секілді құпия деп жауып қоймайтын шығарсыз?


- Қанша аласыз болғанда, мен негізі жасырмаймын айта беремін. Әркімнен әрқалай аламын. Әркім өзінің жомарттығына байланысты береді. Пәлен-түлен деп қойған бағам жоқ. Себебі, өнер сатылмайды, өлең сатылмайды, өлең - бағаланады. Әркім өз әлінше, өз жүрегінің кеңдігіне қарап бағалайды. Он мың теңге беріп кететіндер бар. Жүз мың теңге беріп кететіндер бар. Осының арасында беретіндер кездеседі. Сондықтан да нақты баға жоқ.



- Хиттар қымбаттау, ал басқа әндердің бағасы басқаша бола ма?


- Хиттар қымбат болғанда... негізі, керісінше. Мен үшін "хит" деген мынадай болып қалды. Елде жоқ сөзді, болмаса ел естімеген сөздерді қайталап қоса берсең сол "хит" болып кетеді. Хиттар жаңағы айтқандай, өте арзан. Мәселен, «Шудың бойында» деген әнге сөз жазған кезде он мың теңге алғанмын. Сөйтіп "хит" болды. Ал, ол әннен осы ақшаны алғаныммен авторлық құқықтан маған миллион теңге түсірген ән. Ал, басқа әндерім бар, танымал емес, "хит" емес, бірақ әншінің өзінен жүз мың теңге алғанмын.


- Шудың бойында әні көп сынға ұшырады. Дегенмен де, елдің көп бөлігі қосыла шырқап, тойларда билеп жүр. Мамандар тарапынан сынға жиі ұшырайсыз ба?


- Мамандардың тарапынан көп сынға ұшырап жатамын. Оған бола аса бір көңіл түсірмеймін. Себебі, мен сын айтатындар үшін жазбаймын ғой. Өзім үшін жазамын. Ал, ол өлеңді өзінің өміріне қатысы бар адамдар тыңдайды. Дәл осы «Шудың бойында» әнінің сынға іліккенінің арқасында біраз жерлерге шақырту алдым.


- Жалпы, "осы әнші менің әнімді орындаса екен" деген ой келе ме?


- Ондай ой болған. Қазір енді есіргендік емес, естімегендік деп білемін. Ондай аса бір арман жоқ. Тіпті, сөз жазуды тоқтатсам ба деген ой келеді. Кішкене дем алсам ба дегендей... Жоғары буын әншілерден Мейрамбек Бесбаев ағамыз орындаса деген ойым бар. Негізі, ол ағамыз орындайды, бірақ, шәкіртімен дуэт болып орындайтын. Жалғыз өзі толық әнді орындаса екен деген арман болды. Басқа әншілердің барлығына жаздым. Димашқа да жаздым. Димаш та кезінде арманым болған.


- "Жүректен шыққан туындым, өзімнің балам сияқты" деп айтып жатады ғой. Сол сияқты өз шығармаларыңыздың ішінде ыстық болып көрінетін туындылар бар ма?


- Ең алғашқы танымал болғаны - Қанат Үмбетовтың «Жүректесің» атты әнім. Одан кейінгі өзіме ыстық Қайрат Нұртасқа жазған «Жүрегім сен келгелі бақытты» деген ән бар. Серік Ибрагимовқа жазған «Әсем ән» деген ән бар. Мейрамбек Бесбаевқа жазған «Ұмыттым оны» деген ән жаныма жақын. Осы соңғы рет Димаш Құдайбергеновке жазған ана туралы «Ай дидарлы анашым» деген ән бар.


- Бір сөзіңізде жеке кеш бердім дедіңіз. Ол қашан және қай деңгейде өтті?


- Жеке кешімді 2014 жылы бірінші Түркістан қаласында бердім, туған жерімде. Ал, екінші концерт Алматы қаласында 2015 жылы желтоқсан айында бердім. Түркістандағы шығармашылық кешіме Ернар Айдар, «Диета» тобы, Қанат Үмбетов тағы біраз эстрада жұлдыздары қатысты. Ал, Алматыда өткен концерт ауқымдырақ болды. Оған мен сол кезге дейін сөз жазған көп әншілер қатысып, атсалысты. «Меломен» тобы, Сырым Исабаев, «Арай» тобы бар болатын ол кезде. Ол кеш YouTube желісінде бар.



- Негізгі оқып алған мамандығыңыз қандай?


- Мен жоғарғы білімді бірінші киелі Түркістаннан алған болатынмын.Ол, орта арнаулы білім, «СЭС» мамандығымен диплом алдым. Ал, екінші рет Шымкент қаласында экономист маманы дегенді растайтын диплом алғанмын.


- Мамандығыңыз бойынша жұмыс жасадыңыз ба?


- Жоқ. Мамандығым бойынша жұмыс жасамаймын. Дипломдар жатыр сандықтың түбінде. Өзімнің басқа да жұмыстарым бар. Жалпы, табыс табу жағына келетін болсақ, авторлық құқықтан түседі, сөз жазып берген қаржы, асабалығым бар. Айтысқа шығып тұрамын деген сияқты.


- Қалай ойлайсыз, туындының хит болары әнге байланысты ма, әлде әншінің еңбегі көбірек ескеріле ме?


- Әннің хит болуы - әншінің еңбегіне байланысты. Қаншама әдемі әндер бар, сөзі де әдемі, әні де керемет. Бірақ, хит болмайды. Неге? Өйткені оған жұмыс жасалмаған. Жарнама жоқ. Қазір мына заманда жарнамасыз ешнәрсе жасай алмайсың. Жарнама деген клип түсіріп, халыққа көрсетіп, айналдыру. Егер сондай жұмыс жасала тұра танылмаса, онда білмеймін.


- Алдағы жоспарыңызбен бөлісе отырыңыз. Қандай жоспарыңыз бар?


- Жоспар көп алда, қиял көп, арман да көп. Шоу жасап, ел ойламаған жерден «осындай да концерт бола ма не бізде?» дейтіндей кеш өткізгім келіп жүр. Барлық әншілердің басын біріктіріп "Аренада" берсем деймін. Орындала ма, орындалмай ма, білмеймін. Ораза айы ғой, жақсы сөздер айтқанымыз дұрыс болар. Сондай жоспарлар бар, концерт, жеке кітап шығару, альбом жазу. Бүкіл қазақ елі менің сөзіме жазылған әндерді айтып жүрсе қандай керемет, бақыт емес пе?!


- Армандарыңыздың орындалуына тілектеспіз! Сұхбатыңыз үшін рахмет!


Сұхбаттасқан: Г.Әмірәлі

ERNUR.KZ