«Бөгде планетадан келген адамша қарайтын»: Қоларбадағы биден әлем чемпионы Ермек Қалымбетовпен сыр-сұхбат

0
3 794

«Сенің бұлай туылуың мүмкін емес» деп айтады»


«Бөгде планетадан келген адамша қарайтын»: Қоларбадағы биден әлем чемпионы Ермек Қалымбетовпен сыр-сұхбат

Пендеміз ғой. Кейде болмашыға көңіліміз түсіп, сағымыз сынып қалып жатады. Жігерің жер болатын сәттер де жиілеп, өмірге құлшынысымыз азаятын кездерде жан дүниеміз аласұрып тіршілікке тұтқа болар титтей де болсын жарық сәуле іздеп кетеміз. «Бәрі бекер екен!» дедім мен қоларбадағы би жарысы бойынша әлем чемпионы Ермек Қалымбетовке қарап. Иә, Дубай, Тайвань, Белгия, Германия, Италия, Словакия, Польша, Ресей сияқты елдерде ел мерейін өсірген Ермекті айтам. Шектеулі мүмкіндіктің шексіз иесі. Өмірден өз үлесін алып, барына қанағат, жоққа шүкірлік еткен, өмірге құштар, рухы мықты, қайсар жан.


Әлемге әйгілі кәсіпқой боксшы Мұхаммед Әлидің «Чемпион жаттығу залдарында пайда болмайды. Адамның ішіндегі құлшыныс, арман, мақсат чемпионды тудырады» деген қанатты сөзі тура осы Ермекке қарап айтылған ба дерсің?!. Оның бала кезінен әрбір тамған тері жетістіктерінің себепшісі болып келеді. Әлем кубогінің чемпионы самба, румба, танго, вальс, ламбада сияқты би түрлерін еркін билей алады. Қоларбада отырып би билеуден бөлек, ән айтады, қоғамдық істермен шұғылданады. Қыркүйек айында Словакияда өткен әлем кубогінде І орын алып қайтқан болатын. Сан қырлы өнер мен талайлы тағдыр иесі Ермек Қалымбетов www.ernur.kz тілшісіне арнайы сұхбат берді.


– Сұхбат емін-еркін, ашық сұхбат болса деймін. Құпия болмаса, қоларбаға қанша жасыңызда отырдыңыз?

– Қоларбаға отыруымның ешқандай құпиясы жоқ. Ата-анамның айтуы бойынша, мен дүние есігін ашқан 1990 жылдары жаңа туылған сәбилерден шектен тыс артық сарысу алынған екен. Сондай бір келеңсіздік кезінде менің жұлыныма тиіп кеткен болуы бек мүмкін. Дәрігерлерге барсам, аяқ-қолыма қарап «Сенің бұлай туылуың мүмкін емес» деп айтады. Менің арбаға таңылуым дәрігерлердің қателігі деп ойлаймын. Әрине, ең әуелі Алланың қалауы ғой. Мен туған кезде әке-шешеме «Балаңыз жүре де, сөйлей де алмайды. Қаласаңыздар тастап кетсеңіздер болады. Сіздер жассыздар. Әлі сау бала туасыздар» деп айтыпты. Алайда ата-анам мені ешқайда тастамай алып кеткен. Аллаға мың да бір шүкір, осы күнге аман-есен жеткізіп отыр.


– Тағдырдың сынағынан сынып кеткен кездеріңіз болып па еді?

– Ондай сәттер көп болған. Мен Түркістан облысы Көксәйек ауылындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсететін мектеп-интернатта 1-9 сынып аралығында тәрбиелендім. Онда өзім іспетті тағдырластарымның жанында жүргенде өзімді емін-еркін сезініп өстім. 9 сыныпты бітіріп ауылға келгенде қиындықтар алдымды кес-кестей берді. Көшеге шығып, өзім қатарлы балалармен араласу маған алынбас қамалдай көрінді. Сол кезде бір сынғанмын. Ондайда нағашы апам: «Олай етпе. Мектеп-интернатта өздігінен ас іше алмайтын, барам дейтін жерге бара алмайтын балаларды көрдің. Құдайға шүкір, сен өзің тамақтана аласың, барам дейтін жерге бара аласың. Өзіңді олай сынай берме» деп көп мотивация беретін. Бұрышта екі тіземді құшақтап «Неге мен осылай туылдым?», «Неге мен шауып жүре алмаймын?» деп отыратын сәттерімде анам «Неге өйтесің? Қайта өзіңді жігерлендір. Бұл Алланың сынағы. Сен олардан еш кем емессің. Өзіңді көрсет» деп жігерімді жани түсетін. Содан есімді жинап, ешнәрсеге қарамай жүре беретінмін. Одан соң қалаға алғаш келгенде бәрі жабайы адамды көргендей қараған сәтте сынып қалатынмын. Көшеде «Неге маған бәрі жабайы адам құсап қарайды?» деп көп ойланып отырып қалатынмын. Осындай сынақтың талайы болған. Соның бәрінен өттім. Кейіннен бәріне көзімді жұмдым да, алға ұмтылдым. Қазір де анда-санда «Неге жүрмедім екен?» деппендешілікке салынатын сәттер болып тұрады. Бірақ, бірден есімді жиямын. Мұның бәрі Алланың қалауы һәм сынағы. Алла тағала өзінің сүйікті құлдарын ғана сынайды деп айтады ғой. Ең сүйікті құлының бірі болғаным үшін қуанамын.



– Сіз қоларбадағы спорттық би бойынша көптеген халықаралық жарыстардың жүлдегері атандыңыз. Осыншама жетістікке қанша уақытта қол жеткіздіңіз?

– Қоларбадағы спорттық биді бастамас бұрын ең әуелі мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы жеңіл атлетикамен айналысқанмын. 2009 жылы қоларбамен 100, 200, 400 метрлік қашықтықтарға жарыстарға қатысып бастадым. Ең алғаш Талдықорған қаласында І, ІІ орындар алған болатынмын. Иә, мойындау керек, өте қиын жарыс. 2011 жылы Шымкент қаласында өткен параолимпиадалық ойында бірінші орын алып, Дубайда өтетін турнирге жолдама ұтып, алайда, ол жақтан жеңіліп қайттым. Дубайдағы турнир 2012 жылғы Лондондағы параолимпиадағы лицензия болатын. Орын алған жоқпын. Сол жолы жарыстан көңілім қалды. Өзімнің болашағымды болжай алмадым. Өйткені, қоларбамен жарыс тыңғылықты жаттығуды қажет етеді екен. Бір жағынан қоларбаның бағасы да өте қымбат, ең арзаны 10 мың $, 25-30 мың $ дейін барады екен. Ал біздің Шымкентте ондай қоларба алып беруге ешкімнің шамасы жетпеді. Сондықтан тек еліміздің ішіндегі жарыстарға ғана қатысып жүрдім. Сөйтіп, 2015 жылдары бапкерім Арыстан Орынбаев «Қоларбадағы би бойынша мектеп ашылып жатыр, соған бағыңды сынап көр» деді. Қоларба биімен кішігірім жарысқа қатыстым. Ұнады. 2016 жылы қазіргі бапкерім Дария Жұмаділлаевамен танысып, сол кісі аталған спорт түрімен кәсіби түрде айналысуға дайындап, 2016 жылы Қарағанды қаласында өткен Қазақстан кубогінен І орын бұйырды. Одан соң Алматыдағы Қазақстан чемпионатында І орын алып, жыл соңында Қытайдың Тайвань провинциясында өткен Азия чемпионатына қатысып, І орынға қол жеткіздім. Содан бері қоларба биімен айналысып келемін. Одан бері 6 жыл өтіпті.

Әлі де жеңіл атлетикамен айналысамын. Жылына бір рет еліміздің ішіндегі жарыстарға қатысып тұрамын. Шетелдерге шыға алмаймын. Өйткені, менде жеңіл атлетика бойынша норматив жоқ. Жоғарыда айтып кеткенімдей, ол үшін күнделікті дайындық және қымбат әрі мықты қоларба қажет. Сондықтан, тек би бойынша еліміздің атын шығарып жүрмін. Еліміздің көк туын әлемге желбірету басты асқақ арманым еді.


– Бір қойылымға қанша уақыт дайындаласыз?

– Бірінші бір ай бойы бапкерім жеке өзі дайындалады. Яғни, музыка таңдайды. Әрбір дайындықта қоларбамен қандай трюк, қимыл жасай алатынымызды бақылап жүреді. Оны ойша музыкаға сәйкестендіреді. Сосын бізбен тағы бір ай дайындалады. Сонда әрбір қойылымға екі ай уақыт кетеді.


– Әлемнің қанша мемлекетінде көк туымызды желбіретіп қайттыңыз?

– 2016 жылы Тайваньда, Германияда, жуырда Словакия еліндегі әлем кубогінде бірінші орын алып, көк туымызды желбіреткен жайым бар. Ең ауқымды жарыстар осылар.



– Таяуда ғана Словакиядан кезекті жеңіспен оралдыңыз. Сонда бір кедергіге тап болды деп естідік. Басқа бір спортшының қоларбасымен өнер көрсетуге тура келіпті. Қиын болмады ма?

– Жалпы біз жарыстарға қатысатын кездері ұдайы қызыққа тап боламыз да жүреміз. Байқағаным, 2016 жылдары ең бірінші рет Тайваньға баратын кезде бір себептерге байланысты менің би киімдерім мен жүгімді алып қалды. Содан мен аузым ашылып отырдым да қалдым. Спортшылардың ешқайсысын танымаймын. Бапкерім белгілі бір себептермен елде қалып қойды. Жүгім мен киімдерім де сол кісіде қалған. Словакияда да соған ұқсас жағдай орын алды. Түркістан арқылы Стамбул, одан әрі Австрия, одан соң Словакияға ұштық. Түркістан әуежайының қызметкерлері «Жүк сөмкеңізді Словакияға барғанда бір-ақ аласыз» деп айтты. Мен оған қуанып, рахметімді айттым. Өйткені, әр елде ауыр заттарды алып, қайтадан тапсыру өте қиын. Жарысқа жалғыз мен аттанған жоқпын. Астаналық біраз спортшының қоларбасы елде қалды. Австрияға барсам астаналық спортшының қоларбасы тұр екен. Дереу онымен байланысқа шығып, сұрадым. Ол ала салуымды өтінді, алайда «Бұл сіздіңкі емес» деп маған бермей қойды. Әупірімдеп Словакияға жеттік. Бәрі өз заттарын алды. Ал менің чемоданым мен қоларбам жоқ. Сұрастыра келе «Ертеңге дейін хабар күтіңіз. Белгісіз бір себептермен жетпей қалды» деп тұр. Одан біраз уайымға салындым. Қонақүйге келсек, астаналық әріптестерімнің де қоларбасы жетпепті. Ал ертеңіне жарыс. Күттік, алайда, еш нәтиже болмады. Тек менің чемоданым ғана келді. Қоларбамның ішінде билейтін киімдерім де бар-тұғын. Жарыс кезінде Германияның 60-қа таяп қалған позитивті спортшы әйелі маған өзінің қоларбасын беріп үлкен қолдау көрсетті. Әжемізбен жасты адам «Кемпір болдым» деп тұрған жоқ. Мені бұрыннан таниды. Көрген сайын құшақтап «Жарайсың» деп арқамнан қағып жүреді. Ол менің жағдайымды айтпай-ақ түсінді. «Отырып көр» деді. Отырып көрдім. «Ұнады ма?» деді. «Болады» дедім. Қанша дегенмен немістердің қоларбасы өте жеңіл болады, маған сонысы ұнады. Жарыс барысында менің беліме кішігірім зақым келтірді. Өйткені, ол қоларбаға үйренбегендіктен, маған барынша қиындық туғызды. Сонда да қолымнан келгенше билеп шықтым. Билеп, финалға шығып, кезегімді күтіп отырған кезде өзімнің қоларбам жетті. Алланың сынағымен өзімнің қоларбам келмей қалғанына байланысты біраз қиындық болды. Әр нәрсенің өзіндік бір қайыры бар.


– Тіпті, аяқ-қолы бүтін адам істей алмайтын әрекеттерге барып жүрсіз. Спортпен тұрақты түрде шұғылданады екенсіз. Турникке еркін тартылып, баспалдақпен де оп-оңай көтеріліп, түсе білесіз. Осындай қадамдарға бару үшін ұдайы ішкі тәртіп қажет пе?

– Иә, спортпен тұрақты түрде шұғылданамын. Кішкентайымнан спортқа әуеспін. Көксәйектегі мектеп-интернатта өзім сияқты балалармен турникке тартылып, бруся істеп, арқанға өрмелеп, спортпен айналысатынбыз. Турникке қоларбамен тартынатын, арқанға өрмелейтін шетелдің адамдарын көріп, қатты қызығатынмын. Мен де осылай үйренсем деп армандайтынмын. Бір сынып жоғары оқитын ағамыздың баспалдаққа шыққанын бақылап отырып, мен де қайталадым. Шығуын шықтым, түсіп келе жатып құлап кеттім. Артымдағы қоларба үстіме аударылып, талай рет құладым. Қолымды шығарып алған сәттер болды. Келесіде өзімді қайрап қайтадан істеймін. Сол мектеп-интернатта жүріп үйрендім. Бертін келе арқанға да өрмелеп көрдім. Болады екен. Одан соң турникті байқадым. Ғаламтордан қарап зерттедім. Қазір де ұдайы істеп тұруға тырысамын. Ол үшін ұдайы ішкі тәртіп керек. Сынбау үшін өз-өзімді әрдайым қайрап отырамын. Билейтін қоларбаммен шығамын. Өйткені, қоларба түсіп кетпеу үшін өзімді толық байлап тастауым керек.



– Маған солай көріне ме, әлде шынымен солай ма, білмедім. Мүмкіндігі шектеулі жандар он екі мүшесі сау адамдарға қарағанда ерік-жігері мықты, табанды, жетістікке ұмтылғыш болып көрінеді. Айналаңызда сізді қоршаған ортада ерік-жігері мықты жандар көп пе?

– Мен керісінше мүмкіндігі шексіз жандар деп айтар едім. Қалай айтсам болады, мейлі он екі мүшесі сау болсын, мейлі қоларбаға таңылып, тағдыр тәлкегіне салынған болсын, адам баласына басына таяқ боп тимейінше ешқашан өзі алға ұмтылмайды. Алға ұмтылау үшін ерік-жігерің мықты болып, өз-өзіңді қайрап отыруың керек. Өз басым қалада қоларбамен жаяу көп жүретінмін. Мысалы, кезінде автобусқа отырайын десем, мінгізбей тастап кететін. Соған намыстанып жаяу жүретін едім. Сөйтіп, жігерімді жаныдым. Өмірге деген құштарлық солай оянды. Қазір, Аллаға шүкір, көпшіліктің көзі үйренді. Баяғыда бөгде планетадан келген адамға қарағандай қарайтын. Сонда «Біз адам емеспіз бе, неге өйтеді?» деп өз-өзімді жейтінмін. «Қоларбада отырсам да әлі өзімді дәлелдеймін, кім екенімді көрсетемін» деп қайралатынмын. Мен сияқты жандар өмірге құштар, өмірдің қадірін, бақыттың бағасын біледі. Көпке топырақ шашқым келмейді, дені сау, он екі мүшесі түгел жандардың кейбірі бір-бірімен қырылып, жамандыққа барып жатады. Өз ата-анасын сыйламайтындары кездеседі. «Бүгін отырысқа баруым керек, маған ақша тауып бер» деп әке-шешесіне зіркілдейтіндерді де көрдік. Мен ондайды құптамаймын. Соларға қарағанда мүмкіндігі шектеулі жандар ата-аналарын сыйлайды. Көп сынақтан өткен соң олар ең алдымен ата-анасының қадірін біледі. Олардың көзге ерекше көрініп тұратыны да содан шығар.


– Сіз туралы ізденіс барысында бір бос күніңіз жоқ па деп қалдық. Әлем чемпионы ғана емессіз, әлеуметтік орталықта тұрақты жұмыс істейді екенсіз...Онда немен айналысасыз?

– Түркістан облыстық №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында музыкалық жетекші болып қызмет атқарамын. Басшысы Перизат Шардарбековаға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Көптеген жетістіктерге жетуіме қол ұшын беріп, жұмыс барысында да түсіністік танытып, жарыстарға жіберіп, қолдап жүреді. Басқа қызметкерлерге де алғысым көп. Ол жерде мүмкіндігі шектеулі жандар 27 күн ем алады. Солардың көңілін көтеріп, концерт қоямыз. Караокемен ән айтамыз. Арасында би кештері болады. Туған күндер өткіземіз. Бір сөзбен, біздің мақсатымыз – ем алушылардың өмірге құштарлығын арттыру.

Аллаға шүкір, бұл өмірде Алла тағала күш-қуат беріп тұрған кезде бос күнді тиімді пайдалану керек екен. Бос күнім болмағанына шүкір етемін. Әрине, жұмыс арасында жарыстың дайындығына да үлгеремін. Үйге шаршап келгенде шүкір айтамын. Үйге шаршап келгеннің өзі рахат қой.


– Өзіңіз құрған шағын мемлекет жайлы айтсаңыз...

– 2020 жылы отау құрдық. Әлия атты келіншегім, Алина деген қызым бар. Аллаға шүкір, өз мемлекетімізде бақытты өмір сүріп жатырмыз.


– Сіз туралы түсірілген бағдарламаларда «Мемлекет тарапынан қолдау болса, жағдай жасалса» деген сияқты пікірлерді естіп қалдық. Мемлекеттен қандай да бір қолдау болып жатыр ма?

– Мемлекет тарапынан қолдау бар. Бірақ, барша мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалса деймін. Бір өкініштісі, қоларбадағы би жарысы параолимпиадаға кірмейді. Біз тек әлем чемпионатынан қайтамыз. Небір жарыстардан келген кезде дұрыс көңіл бөлінсе деймін. Қанша уақыттан бері айта-айта жауыр болды. Ешнәрсе шықпайтынына көзім жетті. Бір бөлмелі пәтерім бар. Спорт әлемінде барынша спортшыларға қолдау көрсетіліп жатқан соң өзіңді жетім сезініп қалады екенсің. Барынша ізденіп, сұрастырдым. Отбасылы болған соң бір бөлмемізді кеңейтіп берсе деп өтініш айттым. Мейлі қызметтік пәтер етіп жалға берсе де, ақшасын төлеп тұрар едім. Өйткені, білесіз, қазір пәтердің бағасы аспандап тұр. Отбасыңмен өсіп-өніп жатқан соң бір бөлмеге сыйысу қиын екен. Осыған да Аллаға шүкір деймін. Сол жағынан аздап қапагершілігім бар.


– Жалпы, біздің елімізде параолимпиада спортшыларына жағдай жасалған ба?

– 2012 жылы Дубайда болған кезімде үлкен стадионды мүмкіндігі шектеулі жандарға беріп қойғанын көзіммен көрдім. Елімізде де сондай жағдай жасалса дейсің. Еліміз былай тұрсын, өзіміздің Шымкент қаласында параолимпиадалық комитет, мүмкіндігі шектеулі жандарға жеке зал ашылса дейсің. Өз басым фитнес залдарға барғым келеді. Бірақ, ол залдардың көбі екінші қабатта орналасқан. Баспалдақпен шығу бізге қиын. Қалада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған параолимпиадалық зал ашылса, оның ішінде жаттығуға неше түрлі құрал-жабдықтар болса құба-құп.


– Шымкенттің ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышына айналып үлгердіңіз. Өзіңіздей өнерге құштар өрендерді, жалпы шәкірт тәрбиелеу ойда бар ма?

– Маған шәкірт тәрбиелеуге әлі ерте. 6 жылдың ішінде өзімді ұстазбын деп айта алмаймын.Өзім әлі шәкіртпін. Қазіргі жаттықтырушым Дария Жұмаділлаевадан үйренерім мол. Ол кісіге Алла разы болсын!


–Тек би билеп қоймайсыз, нақышына келтіріп ән де орындайсыз. Бұл талантыңыз бала кезде байқалды ма?

– Шынымды айтсам, өзімді әншімін деп есептемеймін. Мендегі жәй қызығушылық. Кішкентайымда әнші болсам деп армандайтынмын. Хоббиім де, жұмысым да спорт, би. Бала кезімде талға өрмелеп кете беретінмін. Достарым Маугли, Тарзан деп мазақтайтын. Талдың ең ұшына шығып, айқайлап ән айтатынымды анам қазір айтып отырады.


– Ермек, емен-жарқын әңгімеңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздегі ерік-жігер ешқашан мұқалмасын. Айналаңызға мотивация беруден шаршамай жүре беріңіз.


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Біздің ел сондай болмаған соң»: Америка көрген Ғазизхан Шекербеков елге келген соң ашуланып жүргенін айтты


«Әйелі бар емес пе?»: Актер Әбілмансұр Серіковтің үнді биі талқыға түсті