Данияр Төлбасы: "Өнер адамдарының арасында да "құмалақтар" бар!"

0
338
Қазақ сахнасындағы еңбекқор, бойына бір емес бірнеше өнерді топтастырған - Данияр Төлбасы. Соңғы уақытта сирек көретін актер біздің бүгінгі кейіпкеріміз.

Данияр Төлбасы:

Америкалық танымал продюсер, публицист Джордж Гласстың "Актер- ол өзі туралы әңгіме айтылғанға дейін, ешкімді естімейтін адам" деген сөзі бар екен. Шынында, ұлы өнерге келген адам өзінің тұғырына шыққанға дейін жұрт сөзін елемей еңбек етуі керек.

Қазақ сахнасындағы еңбекқор, бойына бір емес бірнеше өнерді топтастырған - Данияр Төлбасы. Соңғы уақытта сирек көретін актер біздің бүгінгі кейіпкеріміз.

- Қайырлы күн, Данияр. Бір сұқбатыңызда "Халыққа танымал болуды армандадым" депсіз. Қазір көпшілік өзіңізді біледі, енді осы биікте қалу үшін нендей қызметтер атқарып жүрсіз?

- Бала кезімнен бір жұлдыз жарқырап шығатындай көрінетін еді. Сол жұлдызға өсе келе өз күшіммен, еңбегіммен жететініме көзім жетті. Танымалдылықтың да ауырлығы бар. Ол ауырлықты танымал бола бастағанда біле бастадық... Қазіргі сәтте білімімді жетілдіру үшін, араға он жыл салып Т.Жүргенов академиясына магистратура тапсырып жатырмын. Алла қаласа, көптеген жақсы жаңалықтармен қуантамын!

- Қазір халық сізді жоғалтып алған сияқты. Үлкен жобалардан көп көрінбейсіз, оған не себеп?

- Өнер адамдары "шығармашылық тоқырау" дейді, я болмаса жан дүниенің тыныштығы қажет болатын уақыттар болады. Мен қазір сондай бір тыныштықта жүрмін. Бірақ көп ұзамай, жақсы жаңалықтармен бөлісемін.

- Сізді халықпен жақындастырған "Үй болу қиын" оқиғалық комедиясынан кейін қандай рөлдерге ұсыныс түсті?

- Ол кинодан кейін «Жұлдызды сәт» жобасына және «Тамаша» театрына шақыру алдым. Одан кейін он екі сериялық «31» бөлімше телехикаясында басты рөлді сомдадым. Тамаша бір сәйкестік келіп, «31» арнада 31 жасымда «Туған ауылым» картинасында басты рөлді сомдадым. Енді қазір көпшілікке әншілік қырымыздан танылып жатырмыз. Бірақ мен өзімді әнші емес, орындаушымын деп есептеймін.

- Актерлік қырыңыздан өзге фильм дыбыстайтыныңызды білеміз. Дубляж өнерін дамыту ойда бар ма?

- Мен студент күнімде 1 курстан бастап радиода жұмыс істедім. Екі жарым жылдай радио жүргізушісі болдым. Күндіз сабақ болса, кешкісін радиоға барып 4-5 сағат тікелей эфирде отыратынмын. Бірақ дубляж менікі емес сияқты... Ол да өнердің бір саласы, оның өз мамандары бар. Дегенмен, ұсыныс түсіп жатса жақсы киноларды дыбыстауға дайынбыз.

- Өзіңізді актер емес, әнші ретінде көбірек танитындаймыз. Әншілікке бет бұруға не түрткі болды?

Жігітке жетпіс өнер де аз дейді. Жетпісін болмаса да, әйтеуір Алла нәсіп етсе 3-4 өнерді игерсек деген ойымыз бар. Одан бөлек, қазіргі заманның талабына сай жан-жақты болған дұрыс шығар. Сондықтан түртпектеп, әндер жазып жүрген жайымыз бар. Бірақ тағы да айтамын. Мен әнші емеспін, орындаушымын. Жақында тағы да жақсы әндерді тыңдай аласыздар. Дулат Құйқас атты ақын бауырыммен бірлесе жұмыс істеп «Жақсы көрем», «Жүрегімдегі бірінші адам, ол менің анам» деген жақсы әндерді жарыққа шығарып жатырмыз. Алла қаласа, сол әндерге бейнебаян түсіру ойымызда бар.

- Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз? Жарыңызбен қалай танысып едіңіз?

- Жарыммен бір ауылда өстік, бір мектепте оқыдық. Сол алғашқы махаббатқа деген ыстық сезіміміз қалада жалғасын тауып шаңырақ көтердік. Осы күні үш қыздың ата-анасы болып отырмыз. Рауза, Медина, Дания атты тәп-тәтті қыздарым бар. Жарыммен мектеп қабырғасында танысқанмын.

- Әдетте "өнер адамдары тұрақсыз" деген көзқарас бар. Өзіңіздің 11 жылдық тату -тәтті отбасыңыздың құпиясымен бөліссеңіз? Отбасының беріктігіне не қажет?

- Бұл пікірмен келісе алмаймын. «Бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді» дегендей өнер адамдарының арасында да "құмалақтар" бар. Қазір "заман, заман..." дегенімізбен, адам кінәлі сияқты. Халық бетіне қарап отырған өнер адамдарына үйлені, ажыраса салу оңай болды. Оған әрине, қарсымын. Ал бақытты отбасы болу үшін бірін-біріне сенуі, сүюі керек. Сосын ішкі иман керек деп ойлаймын.

- Жақсы, мәнді ойларыңыз үшін алғыс айтамын. Отбасыңызға амандық, шығармашылығыңызға табыстар тілеймін.

Фото жеке мұрағаттан алынды

Автор: karashash_esenbay

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет