Дариға Бадықова: "Мен түскен фильмдер - комедия, ал іші - трагедия"

0
8 115

Ешқандай образ Дариғаға ұқсамайды. Себебі, мен - образ жасаушы актрисамын.


Дариға Бадықова:

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.


Америкалық продюсер, актер Пола Виктордың «Актер деген – өзінің шынайы жас мөлшерін тек соғыс кезінде ғана айтатын адам» деген сөзі бар-ды.

Ол да өзі және отбасы туралы шындықтарды айтпайды, себебін «Мен актрисамын» деп түсіндіреді. Осы арқылы болса керек, ол өзінің кейіпкерлеріне көрерменін сендіре біледі. Ол - Айсара, ол – Мақпал, ол – Гүлім...

Менің бүгінгі кейіпкерім – талантты актриса, әнші, жалпы көрерменнің сүйіктісі Дариға Бадықова. Актриса екеуміз екі қалада болғандықтан, бұл жолы желі арқылы тілдестік...


Қарашаш Есенбай: Қайырлы кеш, Дариға ханым. Сұқбатқа келіскеніңіз үшін рақмет! Алғашқы сұрақты мынадан бастағым келеді. Бірде актриса Құралай Анарбековамен сұқбаттасқанымда, ол кісі атақты режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың «Жоғары деңгейде қалғың келсе, кез келген фильмге түсе берме! Тарихта қалатын кинолардың эпизоды болса да түс! Сондай-ақ сериалдарға да түспе» дегенін айтып еді. Бірақ ел сізді сериал арылы көбірек таныды әрі қазір сериалдардың дәуірі жүріп жатқандай. Сіз жоғарыдағы пікірмен келісесіз бе? Өзіңіз киноға ұсыныс түскенде нендей жағдайларға назар аударасыз?


Дариға Бадықова: Бала кезімізде әрбіріміз қандай мамандық таңдамайық, соның жемісін жейік, табысын тауып, атақты болайық деп келеміз. Мысалы, Голливудта, не басқа елде болсын актер өзінің мансабын массовка мен сериалдан бастаған. Онда тәжірибеңді қалыптастырып, үйреніп шығасың. Оның үстіне бізде авторлық кино керемет дамып тұр, ай сайын фильм түсіреді деп айта алмаймын. Ал, коммерциялық кино ай сайын түсіріліп жатыр, сонымен күн көріп отырмыз. Авторлық кино түсіретіндер қара аспанды төндіріп отырады. Оған кім кінәлі болуы мүмкін? Көрерменді кіналап қояды, керісінше оларды тартудың амалын ойластырған абзалырақ.

Жалпы "мен" деген актерлардың өзі тәжірибесін «арзан» сериалдардан бастаған. Онда тұрған түк те жоқ! Осы салаға келгенде "бірдеңе үйренемін, көремін" деп келдік. Өзімнің жеке ойым, Қазақстандағы түсіріліп жатқан сериалдың бәрі арзан емес. Кезінде "Мен керемет актермін! Ойбай, комедияға түспеймін" деген актерлердің өзі қазір комедияда жүр. Аттарын атамай-ақ қояйын, оның ішінде өзімнің үзеңгілестерім де бар.

"Сериалға түспеу керек" дейді, егер мен сериалға түспегенде қалай нан табар едім? Мені кім танитын еді? Мысалы, көпшіліктің көңілінен шыққан "Келінжан" сериалын алайық, кейіпкерім - Айсара. Біраз адамға ұнады, себебі онда халықтың тұрмыс-тіршілігі бар. Алдағы жылдары авторлық кинолар жылына бес-алты рет түсіріліп жатса, көре жатармыз. Айтпақшы, осы тұста айта кетсем, жақында бір авторлық киноға шақырту алдым. Ал сериалға түспесем осындай ұсыныс болар ма еді? Мені жұрт таныр ма еді? Сариал – халыққа ұнайтын, жақын дүние.


Қарашаш Есенбай: Сериал демекші, соңғы жылдары бізде сериалдардың қатары артып келеді. Бірақ оларды бір-бірінен ажырату қиын, себебі ол сериалдағы актерлер барлық жерде жүреді. Мысалы Хабарда «Армандастарда» жүрген Азамат Сатыбалды, Ұлттық арнадағы «Гауһардада» жүр. Бұл менің бір мысалым ғана, жалпы жаңа бейнелердің жоқтығын айтқым келеді. Бұл режиссерлердің талғамсыздығы ма, әлде басқа да себептері бар ма?


Дариға Бадықова: Оны мен айтпасам да, сіз түсінесіз. Қазір барлығы, оның ішінде арналар да рейтингке жұмыс істейді. Сол себепті "анау танымал әртіс қой» дегеніңмен, бәрібір продюсер болсын, режиссер болсын өзінің киносының қаралымы жақсы болғанын қалайды. Оған қоса, «актер образға сай келе ме?» деген мәселе де қаралады. Жақсы актерлар сай келіп жатса, оның өзі сәттілік.



Қарашаш Есенбай: Тағы бір жиі айтылатын сын - «актерлердің жансыздығы» яғни тым жасанды, эмоция жоқ! Көпшілік осы себептен де отандық сериалдардан түрік, не үнді сериалдарын артық көретін секілді. Сіз актриса ретінде, осыны түзеу үшін нендей жұмыстар керек деп ойлайсыз?


Дариға Бадықова: Актердің бірінші қаруы – интеллект. Актер үнемі оқып, білімін өсіруі керек. Бізде оқитын актерлер бар, бірақ шығара алмайды. Кейбір адамдар кітапты оқығанымен, сол білімін сыртқа шығара алмайды, яғни іш жұмыс істемейді. Ал ішті жұмыс істету үшін Құдайдан берілген талант болуы керек секілді. Кей адамдардың бес, сегіз класстық білімі болмаса да, болмысында мықтылығы, дарыны болады. Ол - Құдайдан берілетін сый.


Қарашаш Есенбай: Дариға ханым, сізді комедия жанрындағы рөлдерден жиі көреміз. Қазір халықтың сұранысы да – комедия, біздегі отандық киноматографияның басым бөлігін сол жанр құрайды. Бірақ ағылшындардың «комедия – это трагедия» деген сөзі бар, сол секілді біздің комедиялар қоғам трагедиясын туындыда бере алып жүр ме?


Дариға Бадықова: Қарашаш, осы жерде журналистерге кішкене сауатын ашу керек. Комедия жеңіл-желпі жанрға жатпайды. Сахнадағы сатира мен фильмдегі комедияны ажырата білуі керек. Комедия - әлем бойынша бірінші орында. Сен өл, тіріл комедия солай болатыны анық. Негізі бір мәселені комедия арқылы астарлап жеткізу қиынның қиыны. Түрін, сырт пішінін комедия етіп жасайсың, ал бетін ашатын болсаң ол - трагедия. Яғни біз өмір сүріп жатқан қоғамның трагедиясы бар.


Қарашаш Есенбай: Көп сөз, арзан күлкі қоғамды құлдыратпай ма? Кеше ғана шыққан Талғат Теменовтың сұқбатын көріп шыққан едім, ол кісі де осы әзіл-оспақтың көбеюуі адамды ойландырмайды депті. Осы пікірмен келісесіз бе?


Дариға Бадықова: Меніңше бұл маған қойылатын сұрақ емес. Мен сатира жанрындағы әртіс емеспін. Мен кәсіби деңгейде 4 жыл оқып, көптеген мастер-класстарда білімімді өсірген адаммын. Бұл сол бағыттағы әртістерге қойылуы керек сияқты. Жалпы бұл отырып, асықпай сөйлесетін ауқымды тақырып.


Қарашаш Есенбай: Сізді әр рөлі арқылы халыққа жол тапқан актриса деп есептеймін. Мысалы, Мақпал, Айсара, Ләззат... Осылардың қайсысы шынайы Дариғаға ұқсайды?


Дариға Бадықова: Ешқандай образ Дариғаға ұқсамайды. Себебі мен - образ жасаушы актрисамын. Бұл жерде бірде-бір кейіпкер өміріме келмейді. Актер сондықтан да актер, олар образ жасаушы.



Қарашаш Есенбай: Қазір өзіңізді «Екі жұлдыз» бағдарламасы арқылы жаңа қырыңыздан байқап жүрміз. «Тамаша дауысыңыз бар» екенін әріптестеріңіз де, халық та айтып жатыр. Болашақта о бастағы «әнші боламын» деген арманыңызды орындап, сол жолға асысуыңыз мүмкін бе?


Дариға Бадықова: Өнерге адасып келмегенім байқалатын шығар (күліп)?! Өзіме сын-пікір беруден аулақпын. Иә, мен оқуға «Әнші боламын» деп келдім, негізі барлық актер ән айтамын деп келеді. Ауылда өскендіктен ол кезде актердың оқуы бар ма, жоқ па білмедік қой. Жалпы әншілікпен айналысамын, тойларға да шығамын. Кейде басқа да іс-шараларға шақырту болады. Ол мен үшін ешқандай жаңалың емес, тек "Екі жұлдыз" жобасы ауқымды болғаннан кейін халық көріп, біліп жатыр. Негізі әнші боламын деп келдім, соған қарамастан екеуін де алып жүрмін.


Қарашаш Есенбай: Осы жобадағы жұбыңызбен қарым-қатынасыңыз қалай? Негізі «камера алдамайды» деп жатамыз ғой, ол кісімен жұмыс істеу қиын секілді, құлықсыз көрінеді... Жобаның мәресіне жете аламыз деп ойлайсыз ба? Мысалы, кеше шығып бара жатып, Тұңғышбай ағаның қолдауымен жобада қалдыңыздар...


Дариға Бадықова: «Екі жұлдыз» жайында әзірге сұқбат бере алмаймын. Ол телевизиялық жоба болғандықтан шарты сондай.


Қарашаш Есенбай: Дариға ханым, жарыңыздың да актер екенін білеміз. Отбасы құрғандарыңызға он жылдан асқан екен. Әдетте бізде «актрисаның жеке өмірі қиын болады» деген бір түсінік бар ғой. Соған қарамастан тату отбасыңыздың құпиясын оқырманмен бөліссеңіз.


Дариға Бадықова: Сұқбаттарымды көріп жүрсеңіз, отбасы жайында тіс жармаймын. Актерлердің сондай ұстанымы болуы керек, оны "актерлік саясат" дейді. Кейбір әнші, актерлер сұқбатында отбасы, ошақ қасынан өзге әңгіме айтпайды. Өйткені өнерде тындырып жатқан дымы жоқ!

Өзіме келер болсақ, басқа отбасының бейнесін сомдаушы адаммын. Өз отбасымды айтсам, кинодағы отбасыма жұрт қалай сенеді?




Қарашаш Есенбай: Жақсы, сіз сомдайтын, көрермен қызығатын рөлдеріңіз көп болсын! Сұқбатқа уақыт бөлгеніңізге рақмет!


Дариға Бадықова: Неге осындай сұрақтарға жауапты жазбаша шығарасыздар? Осындай сұқбаттар видео форматта болса көрермен көбірек көрер еді. Қазір қойылған сұрақтардың барлығы да актуалды, маңызды сұрақтар. Сайтты оқымайтын адамдар көп қой, сондықтан осындай мәселелер ауқымдырақ талданғанын қалар едім.


Қарашаш Есенбай: Рақмет, алдағы уақытта сондай форматта өзіңізбен тұшымды сұқбат дайындауды бұйыртсын!


Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ