ЭКСКЛЮЗИВТІ СҰҚБАТ: Әлемді таң қалдырған суретші елімізде үй-күйсіз жүр

0
3 336

Ренат Елубаев - суретші, көзін жұмып сурет салу арқылы əлемдегі таңғажайып адамдардың ондығына кірген


ЭКСКЛЮЗИВТІ СҰҚБАТ: Әлемді таң қалдырған суретші елімізде үй-күйсіз жүр

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Ресейде өткен "Удивительные люди" телешоуына қатысып, әлемді таң қалдырған қазақстандық туралы сүйінші жаңалықты біз осыған дейін жариялаған болатынбыз. Ал бұл жолы суретшінің өзімен тілдесудің сәті түсті.

Менің бүгінгі кейіпкерім - танысқан адамды таңдай қақтыратын, оюлы тақия мен қасиетті қыл қалам арқылы қазақты әлемге танытып жүрген, дара суретші Ренат Елубаев.

Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Ренат! Әңгімені Ресейде өткен, өзіңіз қатысқан шоудан бастасақ, «Удиветиелные люди»шоуына қалай қабылдандыңыз? Әлде арнайы шақырту болды ма?

Ренат Елубаев: Ол шоу туралы өзіміз естіп, кастингтеріне бардық. Бір реттік кастингтен мыңдаған адамдардың арасынан 60-қа жуық қатысушы іріктелді де, бірден сахнаға шықтық.

Негізі мені Мәскеуге бұрыннан жиі шақырады, көбінде менің жұмыстарым көршілерге қатты ұнайды. Осы кезге дейін қолдау білдіріп келе жатқандар да орыстар ғой... Бір жағынан олардың қанмен келген ата дәстүрі, ал біз бейнелеу өнерін енді ғана түсініп жатырмыз. Бізде ақын, әншілер еленіп, суретшілер тасада қалып қояды. Оған қоса, біздің бейнелеу өнеріміздің дамып жатқанына аз ғана уақыт болды, Қастеев атамыздан бері қарай айтсақ... Айтуға да ұяттау, бірақ арамызда Қастеевті танымайтындар да бар екен. Жиырмасыншы ғасырдың орта тұсынан басталған өнерге әлі бір ғасыр толған жоқ. Бірақ қазір «Қарапайым халықтың бейнелеу өнеріне қызығушылығы артып келеді» дегенді жиі естеймін. Қазір бізге Еуропадан көп дүние үйрену керек. Бірақ анайы жақтарын емес, «Ол ұят емес! Ол - өнер!» дейтіндерді сіз де естіп жүрген шығарсыз. Бірақ ол дұрыс емес, біз қазақпыз! Шатаспайық! Ондай анайы дүниелер бізге қажет емес.

Қарашаш Есенбай: Жаңа сөзіңізде «Осы кезге дейін қолдау білдіріп келе жатқандар да орыстар ғой» дегенді айттыңыз. Осы тұста біздің еліміздегі суретшілердің еңбегіне деген қолдау мен қызығушылық қай деңгейде екеніне тоқталыңызшы?

Ренат Елубаев: Әңгімені былай бастайын, кеше Ресейде өткен шарада өзге ұлт өкілдері жылап келіп, бізге құрмет көрсетіп жатыр. Олардан әрең қашып құтылдық десем өтірік емес. «Біздегілер де жылады» дегенді естідім,әрине бұл өте жақсы қадам. Айтып отырғанымдай, көбінде қолдау мен көмекті өзге ұлт өкілдері беріп жүр. Мысалы жақында мені Германияға шақырды. Барлық ұйымдастыруы бізден, бірақ жол шығынын «Мемлекеттеріңіз төлесе...» деген екен, сосын мемлекетке хат жаздым. Ал олар үнемі «Ақша жоқ» деген жақсы жауап дайындап тұрады.

Мен мұны айта бергім келмейді, өйткені бірде жастардың ортасында осы сөзімді айтып қалған едім, олар: «Онда біз несіне талпынамыз? Бәрібір үкіметтен қолдау болмаса, неге жаңалық ойлап табуға тұрысамыз?»-, деді. Сол кезде мен өзім де ойланып қалдым, бірақ «Жоқ, қорықпаңыздар! Алла бір жолын ашады» деп қолдау білдіруге тырыстым. Өзімнің мақтанғым келмейді, бірақ маған қолдау білдірсе, мен арқылы қазақты, қазақтың жастарын қолдар еді ғой. Мені көрген жастар ойлайтын шығар, «Анау Ринатта жүр ғой... ешкім көмектеспеді, дұрысы өз шаруамызды өзіміз істейік» деп. Өтірік айтпай-ақ қояйын, мен Қазақстанда жүрген «бомжбын» десем болады, үйсіз-күйсіз біреудің көңіліне қарап отырмын. Қаншама шетелге шыққаныммен бірде бір рет үкіметтен қолдау болмады. Тек Тұңғыш Президент мұражайында көрмемді өткізіп берген болатын. Оған да рақмет! Бірақ бізде көрме өткізіп беріп, «кісі болып» қалатындар да бар. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын...

Сіздің қалай жазатыныңызды білмеймін, бірақ сіздердің ауылдарыңызға барғанда Шымкенттің ұйымдастырушылары «Неге келдің, сен кімсің?» деген сияқты сұрақтар қойды, түсінбеймін сондайдың не қажеті бар? Барлығы хатта жазулы тұрады ғой, оған қоса өздері хабарласып қайта-қайта шақырды. Мен ешқашан өзім бармаймын, тек шақыртулармен ғана шығатын адаммын. Бірақ шақыртудың өзінде кейде сондай қарым-қатынас жасайды. Сол жолы олармен сөзге келіп қалдым, содан көңіл-күйім бұзылып, картиналарым дұрыс шықпады. Ал шетелге шыққанда керісінше, суретшіге деген құрмет ханға көрсететін құрметпен бірдей.

Қарашаш Есенбай: «Шым қалаға келгенде көңіл-күйдің әсерінен картиналар сәтсіз шықты» дедіңіз. Бір сұқбатыңыздан көзіңізді жұмып сурет салған кезде, басшылардың ортасында сәтсіз, ал қарапайым адамдардың жанында тамаша болғанын айтыпсыз. Оны «Басшылардың энергиясы нашар болды» деп түсіндіріпсіз. Оған қоса, алғашында бұл өнерді шаманизммен байланыстырып жүрдіңіз. Жалпы біл өнердің қандай да бір тылсыммен байланысы бар ма?

Ренат Елубаев: Ең алғашқы кезде бастықтардың алдында сәтсіз болғаны рас. Өзім негізі бастықтарды ұната қоймаймын (күліп). Былай ғой, картинаны жәй сала алмайсың. Оған өзіндік жай-күй өте маңызды. Сананың өзгерісі керек, бұл жерде елестету маңызды. Жаңа айттым ғой, алғашқы кезде бастықтардың алдында салғанда олардың энергиясы ұнамағандықтан, бәрін жауып тастады. Сол себептен сала алмадым. Картина салу үшін адамдардың жақсы энергиясы өте маңызды, одан кейін бұлай көзіңді жұмып сала беру де қауіпті.

Негізі байқауға шығуымның өзі ерлік болды. Өйткені костингте жақсы шыққан туындымелдің алдында сәтсіз бола ма деген ой мазалады. Ол жерде мен жалғыз қазақ болып финалға шыққандықтан, өзіммен елдің намысын да алып шықтым. Батыр бабалардың ұрпағымыз ғой, тәуекелге бел будым десем болады.

Қарашаш Есенбай: Осыдан үш жылдай бұрын өзіңізден сұқбат алғанымда, бұндай өнеріңіздің барын айтпап едіңіз (күліп). Көрмей сурет салуға қай кезден бастап машықтандыңыз?

Ренат Елубаев: Білесіз ғой, мен эксперимент жасағанды жақсы көремін. Түрлі дүниелермен өзімді сынап көрдім. Нақты айта алмаймын, бірақ өзі келді. Рухани зерттеулер мен ізденістердің нәтижесі. Сурет салуға шабыт болмаған кезде, рухқа қатысты дүниелерді зерттегенді, жан дүниеме бойлағанды жақсы көрем. Сурет деген -қызық дүние. Кейді көзіңді ашып тұрсаң да сала алмайтын кездер болады.

Қарашаш Есенбай: Осы байқаудан кейін, шетелдерден қандай да бір ұсыныстар түсіп жатыр ма? Басқа конкурстарға немесе көрме өткізуге.

Ренат Елубаев: Өткен аптада ресейліктер мен еуропалықтар біріккен үлкен жобамен жұмыс істеуге ұсыныс түскен. Бірақ олардың талаптарын оқып, шошып кетті. Тыйымдар көп екен, ал мен еркіндікті жақсы көремін. Оны «жалқаулық» деп түсінгендер де бар, бірақ өзімнің суреттерімді салуға уақыт таба алмайтын болғасын барғым келмеді. Оларға коммерциялық бағытта болғандықтан шоу керек. Мен шоумен емеспін, мен болашаққа қалар картиналар салғым келеді.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз картиналарыңызды сатылымға қоясыз ба? Оған деген сұраныс қандай?

Ренат Елубаев: Кезінде түрлі бағаға сатып жүрдім, қазір шығармашылықпен айналысқалы қойдым. Бірақ арасында алатындар бар. Қазір бірнеше картинамды 3-4 миллионға сатылымға шығардым. «Ондай бағаға кім алады, арзанға қой» дейтіндер бар. Бірақ мен өтпесе де ризамын! Картиналарымды қатты жақсы көремін (күліп).

Қарашаш Есенбай: Ондыққа ілінгенді қанағат тұтқаныңызды өзіңіз айттыңыз. Неліктен және өзіңізге неге бұрын істемеген мүсін өнерін таңдап алдыңыз?

Ренат Елубаев: Мүсін өнерін таңдағаным, сан қырлылығымды көрсеткім келді. Бірақ дайындалуға уақыт өте тығыз болды. Қолымды жаттықтырып алуым керек еді, мүсін өнерімен тұрақты айналысып жүрмегеніме біраз уақыт болған еді. Сол жерде көңіл-күйімді басқара алмай қалдым. Бірақ мүсінші достарым «көзді ашып тұрып аз уақытта мұндай туынды шығара алмаймыз, мүмкін емес» дейді.

Қарашаш Есенбай: Меніңше де жақсы шыққан сияқты...

Ренат Елубаев: Жақсы шыққаны рас. Біраз аздап көркемдеуім керек еді, оған уақытта, өзімнің сезімім де жетпей қалды. Сол жерде бірден жасағаным қателік болды. Одан кейін, көзімді ашқан кезде өзім шошып кеттім. Ал ол көрермендерге кері әсер етті, шоу болғандықтан олардың назарын аударуым керек пе еді деп ойлаймын.

Қарашаш Есенбай: Неге Египеттегідей қара жорға билеп бермедіңіз?

Ренат Елубаев: Оның қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Египетте қонақ үйде тақиямды таппай қалдым, сосын қазақтың ұлттық биін билеп бердім.

Қарашаш Есенбай: «Тақиямды киіп шықпағасын жолым болмады» деп жазыпсыз. Үнемі тақияны тастамайсыз ол образ ба, әлде қандай да бір сенім бе?

Ренат Елубаев: Мен бала кезімнен тақия кигенді жақсы көремін! Шын мәнінде, онда тұрған ештеңе жоқ. Оның сенім-нанымға қатысы жоқ, бірақ ішкі дүниеме қатысы бар... Оны ашып айтпақ-ақ қояйын. Суретшілер сөзге жоқ қой, білесіз (күліп).

Қарашаш Есенбай: Жақсы, Ренат келесі ғажайыптарыңызды асыға күтеміз. Сұқбаттасқаныңыз үшін, рақмет!



Фото жеке мұрағаттан алынды.

Автор: @karashash_esenbay

ERNUR.KZ