​ЭКСКЛЮЗИВТІ СҰҚБАТ. Инабаттың анасы: "Қызыма тыйымды жиі саламын!"

0
10 180

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.


​ЭКСКЛЮЗИВТІ СҰҚБАТ. Инабаттың анасы:

Алаңсыз ойын қуар шағында, табыс тауып той қуып кеткен бүлдіршін көп қазір. Кейбірі олардың өнеріне тәнті болып жатса, енді біріміз кішкентайдың тағдыры үшін алаңдаймыз. Ол туралы бұған дейін де жазған болатынбыз.

Бүгін желінің жұлдызына айналған Инабаттың анасымен телефон арқылы тілескен едік...

Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Сандуғаш ханым! Өзіңіз жеті баланың анасы екенсіз, негізі жұлдыз болатын балалар ерекше болып дүниеге келеді деп жатады. Инабатыңыз басқаларынан ерекше ме еді?

Сандуғаш Байташева: Жоқ, басқа балаларымнан ерекше болды деп айта алмаймын. Бірақ кішкентайынан пысық, алғыр болды. Инабаттан үлкен қызым ондай емес еді, ал мұның тілі ерте шығып, кішкентайынан тақылдап тұратын. Үш жасында мектепте өткен концертте билеген, көпшіліктің алдында ұялмайды, қысылмайды.

Өзіміз Ордабасы ауданының Жайылма деген ауылынанбыз. Әлі де сол жерде тұрамыз.

Қарашаш Есенбай: Қызыңыз биыл бірінші сыныпқа барды, мектептегі үлгерімі қандай?

Сандуғаш Байташева: Мектепте сабағы жақсы, ешқандай шағым түсіп жатқан жоқ. Сол пысықтығы ғой (күліп), есепке жүйрікпіз. Ұстаздары мақтап отырады.

Қарашаш Есенбай: Мұндай қабілет те қанмен келеді деп жатады, қызыңызға өнер кімнен дарыды?

Сандуғаш Байташева: Негізі менің елімде болған. Ағаларым той-жиындарда домбыра, гитарамен ән айтатын. Білмеймін, қай жағынан келгенін... Күйеуімнің туыстарынан әншілерді әлі көрмедім.

Қарашаш Есенбай: Осы кезде өзіңіз туралы да біле кетейікші, Инабаттың ата-анасы немен айналысады?

Сандуғаш Байташева: Қарапайым отбасымыз, әкесі – құрылысшы, ал мен үй шаруасындамын. Үлкен ұлым үйленген, немерелі әжемін. Ал үшінші балам қазір Инабатқа көмектесіп, продюсері болып жүр.


Қарашаш Есенбай: Продюсері қандай жұмыстармен айналысады? Негізі қызыңыздың тойға шыққан видеоларын жиі көреміз. Тойға көп шығасыздар ма?

Сандуғаш Байташева: Негізі біз тойға көп бармаймыз, ал сабақ уақытында мүлде шықпаймыз. Телеарналар түсірілімдерге шақырып жатады, ондай уақытта міндетті түрде мектеп басшыларына сұраныс хат жіберіп, олар рұқсат етсе ғана барамыз.

Қарашаш Есенбай: Инабаттың танымал болуына ғаламтордағы тойда ән салған видеолары себеп болды ғой. Тойға қашаннан бері шыға бастадыңыздар?

Сандуғаш Байташева: Шамамен екі жылдай уақыт болды. Тек Шымкенттегі тойларға барып тұрамыз, басқа қалаларға да сұраныстар түседі. Бірақ сабақ уақытында ешқайда шыға алмаймыз.

Қарашаш Есенбай: Қызыңыз болашақта әнші болғысы келеді екен. Осы мақсатта оны музыкалық мектептерде оқытқыңыз келмей ме?

Сандуғаш Байташева: Иә, қызымның Ерке Есмахан апасы сияқты әнші болғысы келеді. Бізді Шымкенттегі музыкалық мектепке 50 пайыздық жеңілдікпен шақырған болатын. Бірақ біз ауылда тұратындықтан, қалаға бара алмаймыз. Онда тұруға мүмкіндік те жоқ. Алматыдағы музыкалық мектеп тегін оқуға шақырған еді, оған да біздің тіршілігіміз қолбайлау болып тұр. Өйткені Алматыға барып пәтер жалдап, күн көру қалай болады деп ойланып отырмын.




Қарашаш Есенбай: Қызыңыздың өнерін көргендер демеушілікке ұсыныстар айтатын шығар? «Оқытайық, ән жаздырып берейік...» дегендей ниет білдіргендер болды ма?

Сандуғаш Байташева: Жоқ, ондай ұсыныстар болған жоқ. Қазір демалыс күндері тойға шыққан ақшасына көйлек тіктіріп, ән жаздырғымыз келеді. Неғұрлым әдемі көрінсін деп, барынша осы қыздың өнерін дамытуға күш салып жатырмыз.

Қарашаш Есенбай: Қызыңызды әнін, киімін кім таңдайды?

Сандуғаш Байташева: Ондай шаруалардың барлығымен ағасы, продюсері Асхат балам айналысады. Ешкімнің көмегіне жүгінбей, өздері талпынып жатыр.

Қарашаш Есенбай: Қызыңыздың образына қатысты, «Үлкен әйелдер сияқты...» деп айтатындар көп. Осыған байланысты не айтар едіңіз?

Сандуғаш Байташева: Енді тойға шығып баланың әнін айта алмайды, оны тойда қабылдамайды ғой. Тойға тойдың образымен шығып жүр. Ал мектептерде өтетін шараларда балаларға арналған әндер айтады.

Қарашаш Есенбай: Баланың өнері болса, неге байқауларға қатыстырмасқа?

Сандуғаш Байташева: Енді байқаулар болса қатыстырамыз! Оған ешқандай қарсылық білдірмейміз. Әзірге ондай шаралардан бейхабармыз. Бізде төрт-ақ жылдық кішкентай мектеп. Соны бітіргеннен кейін он бір жылдық мектепке барады, ол мектеп ауданға қарайды. Сол кезде қалалық, облыстық байқауларға жол ашылар деп үміттенемін.

Қызыма қазір продюсер болып жүрген ұлым да мектепте оқып жүргенде ән айтқан. Көптеген жарыстарға да қатысқан. Бірақ оны демеп, қолдаған емеспіз. Керісінше, «қоя салшы» деп жиі айтатынбыз. Кейін балам басылып қалды.

Қарашаш Есенбай: Демек қызыңызда сол қателікті жібергіңіз келмейтін сияқты?

Сандуғаш Байташева: Иә, енді олай беттерінен қақпаймын. Мүмкіндігінше жоғарыдан көргім келеді.

Қарашаш Есенбай: Қызыңызды ақша табуға пайдаланып жатыр дегендерге не дейсіз?

Сандуғаш Байташева: Мен жаңа бұл сұраққа жауап беріп кеттім. Инабаттың табысын тек өзіне жұмсаймыз.

Қарашаш Есенбай: Анасы ретінде қызыңыз тойда жүріп, үлкендердің ортасында жүріп ерте есейіп кетеді деп қорықпайсыз ба?

Сандуғаш Байташева: Жоқ, ондай қорқыныш жоқ. Адамның тәрбиесіне байланысты ғой. Бұл қызды тойға жібергенім болмаса, басқа уақытта «жанын шығарамын». Қаталмын, бар жерде ақылымды айтып, жиі тыйым салып отырамын.

Автор: @karashash_esenbay

ERNUR.KZ