Эксклюзивті сұқбат: Қазақстандық жұлдыз "коронавирус жұқтырдым" деп күдіктеніп отыр

0
4 284

Әбубакір Ужазов: "Иә, секем алатын себеп болды".


Эксклюзивті сұқбат: Қазақстандық жұлдыз

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

«Баурап алдың,

Жаулап алдың дидарыңмен сиқырлап

Бола ма екен, қона ма екен шын махаббат дейтін бақ» деген әсем әнмен өз тыңдарманын бірден баурап алған Жанар Хамитова мен Абу Кайдың (Әбубакір Ужазов).дуэті елдің есінен кеткен жоқ. Кейін де Абу Кай өзінің мөлдір сезімге толы бірнеше әнін ұсынды. Өткен апта біз өнер жұлдыздарымен жүргізген сауалнама кезінде Абу Кайдың «Вирус мені айналып өтпеді» дегенін жариялған едік. Әншінің жанкүйерлері оның денсаулығына алаңдап, бізге бірнеше хабарламалар жолдағандықтан Абу Каймен қайта байланысқа шығып халін білдік. Және өнер сүйер оқырманға ұсынып отырмыз.

Қарашаш Есенбай: Қайырлы кеш! Әбубакір, қалыңыз қалай? Өткен жолы «Бұл тәжді ауру мені де айналып өткен жоқ. Алдағы уақытта осы аурумен ауырғаным қаншалықты рас екеніне көз жеткізуім керек болып тұр. Өйткені күмән келтіретін жәйттер бар» дегеніңізді жариялаған едік. Оқырманның осыдан кейін сұрағы көбейді. Сондықтан бүгін қайта өзіңізге хабарласып отырмын. Қазір қалыңыз қалай?

Әбубакір Ужазов: Қазір шүкір, жағдайым жақсы. Алаңдаған тыңдарманға да, байланыстырып жатқан сіздерге де рақмет!


Қарашаш Есенбай: Өткен жолы ашып сұрамаған едік, рұқсат болса, тарқатып айтсақ... "Вирус жұқты" деп неге секемдендіңіз? Дәрігерлер не дейді?


Әбубакір Ужазов: Иә, секем алатын себеп болды. Бірақ әзірге толық ашып айта алмаймын! Өйткені алдағы уақытта тағы анализ тапсыруым керек. Ахметбек Нұрсила ағамыз айтқандай, "Жұлдыз"медицина қызметкерлерінің шикілігі көп... Қарапайым ғана, ем алушылармен сөйлесе алмайды. Шынымды айтсам, көкейімдегі сұрақтарға дәрігерлерден жауап ала алмадым. Өйткені сұрағымның бәрінен қашқақтайды. Әрине, сол себепті күмән туындады...


Қарашаш Есенбай: Қазір қайдасыз? Ем қабылдап жатсыз ба?


Әбубакір Ужазов: Қазіргі таңда үйдемін. Үй карантиніндемін.


Қарашаш Есенбай: Осы вирус таралғалы елімізде Төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі енгізілгенін білесіз. Өзіңіз карантин талабын қаншалықты сақтадыңыз?


Әбубакір Ужазов: Әрине, бір адамдай барынша карантин режимін сақтап үйде болуға, сақтық шараларын мұқият орындауға тырыстық...


Қарашаш Есенбай: Демек түсінгенім, дәрігерлер әлі сіздің денсаулығыңыз туралы ақпаратқа нақты жауап бермеді ғой?


Әбубакір Ужазов: Иә, сондықтан да ашып айта алмай отырмын. Жоғарыда айтқанымдай, дәрігерлер маған нақты жауап бермейді...



Қарашаш Есенбай: Жақсы, денсаулығыңыз мықты болып, жағымды жаңалықпен қуантыңыз! Енді шығармашылығыңыз туралы да айта кетіңізші, өткенде сөйлескенімізде жаңа дуэттер жазып жатқаныңызды айтқан едіңіз.


Әбубакір Ужазов: Ниеттеріңізге рақмет! Жаңа дуэт туралы айтсақ, Өмірқұл Айниязов ағамызға бір ән жіберіп қойғанбыз, сосын Ернар Айдар бауырымызбен де ән жазамын деген ойым болған. Бәрі уақыттың еншісінде, нақты ештеңе айта алмаймын... Қазір мені уайымдатып тұрған шығармашылық емес, елдің жағдайы. Соңғы кезде елімізде болып жатқан қаншама келеңсіз жайттарға алаңдаулымын... Қаншама халық тілсіз жаумен және мына вируспен арпалысып жатқанда, ән туралы ойлаудың өзі қиындау екен. Бәрі уақытша ғой, бұл сынақ та өтіп кетер. Менің бар тілегім - Алла амандық берсін!


Қарашаш Есенбай: Ел азаматы ретінде ойыңызды айтыңызшы, осы жайттар біздің қоғамға қаншалықты және қалай әсер етуі мүмкін?


Әбубакір Ужазов: Дағдарыс біздің қоғамға қиындау соғатын секілді. Соңғы жағдайлардың бәрі біздің халыққа және үкіметке ауыр соққы. Бұл қиындықтан да өтеміз ғой, бірден болмаса да соңы жақсы болуын тілеймін!



Қарашаш Есенбай: Осы карантин кезінде әншілерге көп шүйлікті. Оны өзіңізде жақсы білетін шығарсыз. «Тойда дайын әндерін айтып кетеді» деп жазғырып жатыр... Сіздің кәсіби музыкант екеніңізді білемін, нағыз мамансыз. Өзіңіз үнемі жанды дауыста ән айтасыз ба? Мысалы, той-концерт кезінде...

Әбубакір Ужазов: «Үнемі жанды дауыста айтамын» деп көпшіліктен дараланып өтірік айтпай-ақ қояйын! Фонограммамен айтатын сәттер болады. Бізде «Тойға барса фонограмманы қосып, аузын жыбырлатып кетеді» деген түсінік қалыптасып қалған. Мен мұнымен келіспеймін! Өйткені мені құрметтеп шақырған жерге мен де құрметпен қараймын! Мүмкіндік болса, жанды дауыста ән саламын, халық көбінде Жанар Хамитова қыздарыңызбен орындаған “Армандаймын” әнін сұрайды. Кейде тойдағы қонақтардың ішінде сөзін білетін кісі болса, бірге орындауға шақыратын сәттер де болады. Әніңді біліп, сені құрметтеп, қолдап қуанышына шақырған адамның тойында шынайы өнер көрсетеміз ғой.


Қарашаш Есенбай: Мұны сұрап отырғаным, өткенде Ахметбек Нұрсила барша әншілерге тіл тигізгендей болды. Ол туралы сіздің ойыңыз қандай?


Әбубакір Ужазов: Ахметбек ағамыз халықты ойласа, неге сол әншіні шақырып алып немесе қоңырау шалып, "Бауырым, менің ағалық ақылым, мына жасап жатқан дүниең қате! Халықты олай алдама"- деп айтпай ма? Ол кісі ел алдында "Боқмұрын бала, шегіртке"- деп жерге ұрады. Ол кісінің өзі хайп ұстап жүр ғой. «Танымаймын» деп алып, елдің алдында сондай арзан дүние айтқаны дұрыс емес деп ойлаймын. Сол «боқмұрын баланың» аудиториясы Ахметбек ағамыздікінен көп, демек ол да жай адам емес.


Қарашаш Есенбай: Қазір бәрі де бір хайп жасауға тырысады ғой... Өзіңіз сол үшін ізденетін кездер бола ма?


Әбубакір Ужазов: Мен хайп жасауға қарсы емеспін және құмарда емеспін. Мен «хайповать» етпеймін, хайп мені өзі іздеп келеді. Негізі дұрыс дүниемен атың шыққаны жақсы ғой...


Қарашаш Есенбай: Есіміңізді жақсы сөздермен, әсем әндермен қатар естиік! Рақмет!


Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ