Эксклюзивті сұқбат: Продюсер Асхат Садырбай «Түнгі студия» бағдарламасындағы өзгерістер жайлы айтты

0
6 376

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.


Эксклюзивті сұқбат: Продюсер Асхат Садырбай «Түнгі студия» бағдарламасындағы өзгерістер жайлы айтты

Кеше сайтымызға белгілі блогер Эльвира Ерғалинаның Ұлттық арнадағы жұмысының тоқтатқаны туралы жаңалықты жариялаған болатынбыз. Осы мәселе бойынша және жаңа маусымдағы өзгертістер туралы бірнеше сұрақпен «Түнгі студия» бағдарламасының продюсері, танымал тележүргізуші Асхат Садырбайға хабарластық.


Қарашаш Есенбай: Қайырлы кеш, Асхат! Алдымен өзіңіз продюсерлік ететін «Түнгі студияның» жаңа маусымдағы жаңалықтарымен бөлісе кетсеңіз?

Асхат Садырбай: Жаңа маусымға айтатын жаңалық көп. «Түнгі студия» бағдарламасында бірнеше эксклюзивті қонақтар болады. Әсіресе, қазақ елінің атын әлемге паш етіп жүрген Қанат Ислам, Самал Еслямова, Димаш Құдайберген сияқты біздің жарық жұлдыздарымыз қонаққа келеді. Олардың бірнешеуімен болған сұқбатты көрермен қыркүйек айында көгілдір экраннан көре алды. Бұдан басқа да жаңалық көп, бірақ оның барлығын уақыты келгенде жариялаймыз деп ойлаймын.

Қазақ өнерінің жұлдыздарынан бөлек әлемге әйгілі тұлғалар да болады. Қазір шетелдік өнер иелерімен де келіссөздер жүріп жатыр. Бірақ біз бірінші кезекте жоғарыда айтып кеткен еліміздің атыншығарып жүрген отандастарымызды шақырамыз деп жоспарлап отырмыз.

Қарашаш Есенбай: Білуімізше бұл хабардың жүргізушілері ауысып жатыр екен. Оған не түрткі болды?

Асхат Садырбай: Бағдарламаның жүргізушілері ауысып жатқан жоқ! Негізгі жүргізуші ол – Қайрат Әділгерей. Қайраттың жанындағы екінші жүргізуші Эльвира Ерғалина болатын. Біз Эльвирамен бір маусым жұмыс істеп көрдік. Жалпы көрерменнің талғамын, сұранысын ескеріп, шығармашылық топтың ұйғарымымен екінші жүргізушіні ауыстарымыз деген шешімге келдік. Эльвира бұрын мұндай тележобаларды жүргізбеген, бірақ өзіне тиесілі міндетті атқарып шықты деп ойлаймыз, барынша тырысты. Енді біз көрерменді үнемі жақсы жаңалықпен қуантып отыруымыз керек. Сондықтан екінші жүргізушіні ауыстырдық.

Қарашаш Есенбай: Осыған байланысты, өткен маусымда екінші жүргізуші болып отырған Эльвира Ерғалина өзінің парақшасына «Аздап сұрақ па, түсініксіз күй бар. Жоба басшыларының кетуімнің себебін еш түсіндірмеуі және өздерінің маған еш хабарласпағаны. Демек, тікелей сөйлесуге кідіртіп тұрған бірдеңе бар шығар...» деп жазды. Сіздерді не кідіртті? Жалпы бұрынғы жүргізушімен түсініспеушілік неден туындап отыр?

Асхат Садырбай: Біздің шығармашылық топта, ұжымда ешқандай түсініспеушілік жоқ. Біз Эльвирамен жұмысты шілде айында тоқтатқанымыз туралы оған ауызша да, жазбаша да ескерткен болатынбыз. Эльвира ол жайында біледі. Өткен шілде айында біз жүргізушілермен және барлық қызметкерлерімізбен қол қойылған келісім шартты тоқтатқан болатынбыз, өйткені екі ай демалысқа кеттік. Демалыстан кейін жаңа маусымға кірістік, бұл жайында Эльвира хабардар. Мен жеке өзім оған барлығын айтқанмын, жақында басқа жүргізушінің келгенін де жеткіздік.

Қарашаш Есенбай: «Эльвираның орнынан танымал Аша Матай келеді» деген сыбыс қаншалықты рас?

Асхат Садырбай: (Күліп) Бұл сыбысқа байланысты қазір ештеңе айта алмаймын. Жақын күндері нақты ақпарат береміз.

Қарашаш Есенбай: Осы бағдарлама туралы желіде көптеген талқылауларды көзіміз шалып қалады. Аға буын журналистер «бос сөз бен құрғақ әзіл» деп сынап жатады. Осыған қандай уәж айтар едіңіз?

Асхат Садырбай: «Түнгі студия» деген ойын-сауықтық бағдарлама. Бұл «Дара жол»немесе «Парасат майданы» сияқты салмақты сұқбат жүргізетін бағдарлама емес. Бұл – кешкі уақытта жұмыстан, басқа да шаруалардан шаршап келген көрермен үшін көңіл күйді көтеріп, жақсы ақпарат алып, позитивті күймен ұйықтау үшін жасалған шоу. Әлемнің барлық елінде жасалған тәжірибе, бірнеше мемлекетте бар формат. Бағдарламаның эфирде келе жатқанына бірнеше жыл болды, бұл – отандық өнім. Ешқандай да елдің телехикаясы немесе басқа елдің саясаты емес. Өзіміздің өнерпаздар, еліміздің белгілі тұлғалары келіп жақсы жаңалығымен бөлісіп, әдемі әзілі мен әнін айтып кетеді. Әзіл-қалжың мен позитив бар, сондықтан бағдарламаны «бос сөз бен құрғақ әзіл» деп сынау негізсіз деп ойлаймын.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз продюсерден бөлек, халық жақсы көретін жүргізушісіз. Жаңа маусымда сізді экраннан көре аламыз ба? Қандай жобаларыңыз бар?

Асхат Садырбай: Рақмет, Аллаға шүкір! Көрерменнің көңілінен шығатын жүргізушілердің бірі болғаным үшін қуаныштымын әрі бақыттымын. Мен жаңа маусымда мынадай бағдарлама жүргіземін, мынадай жаңа шоу бар деп айта алмаймын. Өйткені дәл қазір ешқандай жобаға жүргізушілікке шақырылған жоқпын.Өзім қазір телевизия саласында продюсерлікпен айналысамын және уақытымның көп бөлігі соған кетеді. Сенбі сайын Ұлттық арнадағы «Хит Qazaqstan» бағдарламасын жүргізуді жалғастырамын. Ал үлкен жобаларға әзірге ұсыныс түспеді.

Қарашаш Есенбай: Осы жылы өзіңіздің «Үлкендердің әңгімесі» атты ютуб арнасында жобаңызды қостыңыз. Ол жалғасын таба ма?

Асхат Садырбай: Иә, ол жобаны жасап көрдім. Бұл бағдарламаны жалғыз өзім жасаймын. Техникалық, шығармашылық топ деген жоқ. Өзім түсіремін, өзім сценарий жазамын, қонақтарды шақырамын, сұқбаттасамын және өзім монтаждаймын. Жаңа маусымда мүмкіндік туып жатса, жалғасын түсіремін. Егер мүмкіндік болмаса, дәл осы бағытта тағы да бір-екі ютуб жобаны қолға алсам деген ойым бар. Егер Алла нәсіп етсе, мүмкіндік пен күш-қуат берсе, сол жобаны шығарып қалуым мүмкін.

Қарашаш Есенбай: Байқасақ, ол жобаңыз хайп қумайды. Қазіргі қоғамдағы салмақты, сүбелі бағдарламаларға деген сұраныс сізді қанағаттандырып жатыр ма?

Асхат Садырбай: Расында да бұл хайп қуған, арзан әңгіме, өсек қуған, болмаса келген қонақтың жеке басына тиісетін, жеке өмір талқылайтын бағдарлама емес. Ол жерде рухани құндылықтар, адами қасиеттер, қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланады. Өкінішке қарай, бұндай бағдарламаларға сұраныс мені қанағаттандырады деп айта алмаймын. Бірақ мұны да көретін, осы бағдарлама үшін алғыс айтып жатқан көрермен өте көп. Ол бүгін бар, ертең жоқ болатын дүние емес. Бүгін не ертең көрсе де, келесі жылы көрсе де әр уақытта актуалды болып қалатын сұқбат болса екен деймін. Сол мақсатта жасалып жатқан дүние. Бір күнде миллион қаралым жинамаса да жылдар өте келе жастарға, замандастарға сабақ болатын дүние болса деген арманым бар еді. Мұндай рухани сұқбаттарды тоқтатпаймын, бұйыртса жалғастырамын деп ойлаймын.

Қарашаш Есенбай: Асхат, уақыт бөліп сұрақтарымызға жауап бергеніңізге көп рақмет! Шығармашылық табыстар тілеймін!

Фото: @askhatsadyrbay

Автор: @karashash_esenbay

ERNUR.KZ