"Ерні үріліп, көзі жасалған бір тоқал келді": Танымал тележүргізушімен эксклюзивті сұқбат

0
16 580


Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Әл-Фарабидің «Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту» деген сөзі бар екен. Менің бүгінгі кейіпкерім де тәрбиемен сіңген қағидаларды аттап кетпейтінін айтады. Сондықтан да оның аты хайп пен шудан ада.

Менің бүгінгі кейіпкерім – тележүргізуші, блогер Диана Қырықбай.


Қарашаш Есенбай: Сәлем, Диана! Өзіңізбен сұқбатқа келісіп, ақпараттар іздегенде сіз туралы деректер аз екенін байқадым әрі өзіңіз де «хайптан» қашып жүретініңізді жиі айтасыз. Бұл Шымкенттік менталитет пе, әлде табиғи болмысыңыз ба?


Диана Қырықбай: Біріншіден, Шымкенттік тәрбие, содан кейін үш ұлдың арасында өскен қызбын. Мен заманауи, жаңашыл қыз болғаныммен, бала күнімнен «Ұят болады! Жұрт пен туысқандар не дейді?» деген әңгімені естіп өстім. Сондықтан бір істі бастамас бұрын міндетті түрде маған «Әкем, ағаларым ренжіп қалмай ма?» деген ой келеді, десе де ағаларым жаңашылдықты түсінетін адамдар. Кейде желіге қысқа киім киген фото-видеоларымды салғанда, «Мынау қыздың әке-шешесі бар ма? Ағалары қайда қарап жүр?» деген cынды түрлі пікірлер жазады. Ағаларыммен кездескенде соны айтып, «Қайда қарап жүрсіңдер?» деп қалжыңдаймын (күліп). Олар түсіністік танытады, себебі менің экраннан тыс болмысымды, яғни аузына келгенді айтып, ойына келгенді істейтін қыз емес екенімді біледі.

Одан кейін жиі сұқбат бермейтінім, өзімді жұлдыз санамаймын. Халыққа айтарың, берерің болуы керек деп ойлап, жиі бас тартамын.


Қарашаш Есенбай: Бұл тым қарапайымдылық емес пе? Мысалы, қазір бір адам тележүргізуші, актриса, әнші, блогер бола береді және сұқбатты да жиі беретіндеп көп.


Диана Қырықбай: Қарапайымдылық та болар. Байқасаңыз, сериал мен фильмдерге де түспеймін. Негізі таныстарым кастингке жиі шақырады. Бірақ барған сайын «рөлді дұрыс сомдап бере алмадым» деген өкініш пайда болады. Қазіргі сериалдарда жүрген қыздардың дәрежесінде ойнап бере аламын, ал оған өзімнің көңілім толмайды. Одан кейін мен кәсіби актриса емеспін! Дегенмен болашақта арнайы сабақ алып, актерлік қабілетімді арттырып, үлкен фильмдерге түсіп қалуым да мүмкін. Ол - уақыттың еншісіндегі дүние. Бірақ маған түсірілім алаңы, актерлермен бірге жұмыс істеген өте қатты ұнайды.

Қарашаш Есенбай: Қазір экраннан түспейтін бірнеше адам бар және олар барлық жерде жүреді. Неге экранға жаңа бейнелерді шығармайды, осы үрдіс неден пайда болды деп ойлайсыз?

Диана Қырықбай: Экраннан түспегені үшін Тұрсынбек Қабатовтың, Қайрат Нұртастың, болмаса Ерке Есмаханның ешқандай кінәсі жоқ. Бұл - телевизия саласындағы мамандардың үлкен қателігі! Себебі ешкім жұмыс істегісі келмейді, ізденбейді. Телевизияға қатысы бар кез келген журналистен жұлдыз жасауға болады. Мысалы, Америкада көшеде жүрген адамдарды кастингке шақырып, одан актриса жасайды. Ал бізде кастинг директоры да, редакторлар да жұмыс істемейді. Мәселен, Кәмшат Жолдыбаева бейнебаян түсірді ме, барлық кино, сериалға соны шақыра береді. Қазір кез келген фильмнен менің құрбым Гүлназ Жоланованы көресіз. Сол секілді бізде он шақты актриса бар, олар барлық жерде жүреді. Әрине рөлдерін сомдағанынан мінім жоқ, бірақ оларды жиі көргеніңнің кесіренен қай фильм екенін ұқпай қаласың. Бұл біздікілердің жұмыс істегісі келмейтіндіктерінің дәлелі.

Әйтпесе, кез келген таланты бар адамды жүргізуші етіп, барлық жерге жарнамаларын жасаса жұлдыз етіп шығаруға болады. Сондай нәтижелі жұмысты бұрын «Ел Арнаны» басқарған Айгүл Мүкей істеген сияқты. Өзім де сол арнадағы «Жарайсың» бағдарламасы арқылы бір айда таныла бастадым. Менен бөлек, Шымкенттен келген Асхат Садырбай, Маржан Сұлтанбаева сияқты жұлдыздарды қалыптастырды. Сол секілді біз экранға кәсіби жүргізушіден жұлдыз жасауымыз керек.


Қарашаш Есенбай: Кастинг туралы айтып қалдыңыз, бірақ бізде ол шынайы өтпейді, көбінде таныс-тамыр рөл ойнап кетеді деген сыбыс бар. Ол қаншалықты рас?


Диана Қырықбай: (Күліп) Мені де телевизияда таныс-тамыр арқылы жүр деп ойлайтындар көп. Егер екі сөздің басын қоса алмайтын, кәсіби біліктілігім нашар болса, солай айтатындарға ренжімес едім. Әрине, менің қалыптасуымда әпкем Айгүл Мүкейдің үлесі бар екенін жасырмаймын. Кішкентайымнан соның бағдарламаларын көріп өстім, кейін студент кезімде бірге тұрдым. Әпкем бірге шай ішіп отырғанымызда маған соңғы жаңалықтарды айтып, министрлерді сұрап отыратын. Білмей қалсам, «журналист болғың келсе, бүкіл ақпаратты біліп жүр» деп ұрысатын. Өзінің мүмкіндігі бола тұра, мені жұмысқа қабылдамайтын. Ол: «Диана, сені жұмысқа алу оңай. Бірақ өмір бойы өкінетін боласың!» деп, алдымен телеарнадағы қарапайым жұмыстарға үйретті. Сондықтан экранға шықпай тұрып, құжат толтырдым, су тасыдым. Яғни ол қармақ берді, мен балық аулауды үйрендім. Егер бірінші курстан бастап мықты бағдарламалардың тізгінін беріп экранға шығарса, осындай Диана болмас па едім?!

Өзім 16-17 жасымнан бастап кастингтерге барып жүретінмін. Алғашқы кезде шымкенттік арналарға, кейіннен «Хит ТВ» арнасындағы кастингтерге барып, өтпей жүрдім. Сонда достарым «Әлі өте алмай жүрсің ба?» дегендері намысыма тигендіктен, «Нөмірі бірінші каналда жұмыс істеймін» деп айтатынмын. Сосын арада көп өтпей «Евразия» бірінші арнасындағы «КазЛото» бағдарламасын жүргізе бастадым.




Қарашаш Есенбай: «Евразияға» арнасына қалай келдіңіз?


Диана Қырықбай: Телеарнада әкімші болып істеп жүргенімде Астана қаласына үлкен концертке баратын болдық. Режиссер Гүлфариза ханым мені пойызда көріп, «Сен қазақша сөйлей аласың ба, жүргізуші болғың келе ме?» деп, кастинге шақырды. Негізі телеарнада бағдарлама жүргізушісіне екі-үш адамды алдын ала дайындап қояды, қалғандарын «массовка» үшін шақырады. Мен сол «массовканың» ішінде болдым және басқа да кәсіби жүргізушілер келген.

Бағдарламаның басшысы Мәскеулік кісі екен, мұндағы адамдардың дайындаған әншісін жаратпапты. «Бағдарлама жексенбі күні шығады, әншілерің жұлдыз болып кетсе не істеймін? Рейтингі түседі, маған қарапайым қыз табыңдар» деген соң, сол талаптарына мен сай келіппін. Ол кезде студентпін, телеарнадағы алғашқы жұмысым тікелей эфирден басталды. Тікелей көрсетілім менің шыңдалуыма, үйренуіме септігін тигізді.


Қарашаш Есенбай: Диана, «КазЛотодан» кейін сізді көптеген бағдарламалар да көрдік, танымал арналарда қызмет еттіңіз. Телевизия саласында таныс-тамырдан бөлек, «тоқалдар» мәселесі де актуалды. Осы жайында өткенде ғаана Аша Матайдың жазбасын оқып едім. Әңгімесінен ұққаным, оның орны басқа бір «тоқалдың» қызығушылығын оятқан сияқты. Сіздің кәсіби жолыңызда сондай кетергілер болды ма?


Диана Қырықбай: Қарашаш, өткенде өзіңмен осыны сөз еткенімізде ойыма оралмаған еді. Кейін есіме түсті... Ол «Еуразия» арнасында «КазЛато» бағдарламасын жүргізіп жүрген кезімде болды. Онда аптасына бір рет тікелей эфирге шығатынмын, айлығы да жақсы төленетін. Бір күні менімен бірге ерні үрілген, көзі жасалған бір қыз келіп жүргенін байқадым (күліп). Оны жеке танимын, құрбым болатын, қазір араласпаймын. Бір күні басшылық, «Кейде ауырып қалуың, не тікелей эфирге шықпай қалуың мүмкін. Сол үшін осы қызды дайындаймыз!» деген, ал кейіннен «Сен ренжіме, бізге жоғарыдан үкім келді, бір бағдарламаңды сол қызға береміз» деді. Мен «жарайды» дедім де шетелге кетіп қалғанмын. Ал ол қыз тікелей эфирде «ботқа» жасапты (күліп). Оны көрген басшылық мені шетелден қайтарды. Бірақ үш бағдарламамның біреуі сол қызда қалды. Негізі өзіңнің кәсібилігіңді көрсетсең, ешқандай тоқал орныңды баса алмайды! Ол қыз бір прокурордың бұрынғы әйелі болатын.


Қарашаш Есенбай: Өзіңіз де жассыз, сұлусыз, тұрмысқа шықпағаныңызды үнемі айтып жүрсіз. Сондай да көкелерден ұсыныстар болмай ма? Мысалы, танымал емес, қарапайым қыздарға да сондай ұсыныстар жиі болатынын құлағымыз шалып қалады.


Диана Қырықбай: Сенсеңіз, сондай ұсыныс мүлде болмапты. Өйткені концерт, той жүргізгеннен ешқашан «After partyге» бармаймын. Жаңа сөзімнің басында айтқандай, қандай да бір істі жасамас бұрын әкемді ойлап тұрамын. Әлі күнге дейін пәтерім жоқ, автокөлігім де қарапайым. Оны өзімнің қаржыма сатып алғанмын. Тоқал болуға келіскен қыздарды арамыздан көріп жүрмін, бірақ олардың тағдырын талқылағым келмейді. Алдағы өміріміздің қалай боларын білмейміз ғой, сондықтан өзіме ғана жауап бергім келеді.


Қарашаш Есенбай: «КазЛотодан» кейін сізді көптеген арналарда көрдік. Ал соңғы рет «Түнгі студияның» жүргізушісі болдыңыз. Ұлттық арна болғасын шығар, сіздің танымалдылыңызды бұрынғыдан да арттырған секілд, аталмыш бағдарламаға қалай келдіңіз?


Диана Қырықбай: Негізі Қайрат Әділгереймен «Түнгі студияның» жаңа маусымы басталғанда, бағдарламаның продюсері, әріптесім, досым Асхат Садырбай кастинге шақырған еді. Бірақ мен ол кезде Алматыда тұратынмын, сондықтан Астанаға көшкім келмей, бас тарттым. Сосын Эльвира деген қызды алған екен, бірақ мен оның бірде-бір бағдарламасын көрген емеспін. Арада біраз уақыт өтті, менің мақтаған Алматымдағы өмірім 180 градусқа өзгеріп кетті (күліп). Үш жерде жұмыс істейтін едім, үшеуі де жабылды, көлігімді екі рет соғып, ұялы телефонымды жоғалтып алдым және жігітіммен де айырылысып кеттім. Барлығы бір айдың ішінде болып, өмірім бәрі төңкеріліп кеткендей күйде қалдым...

Солай күйзеліп, күн сайын Алладан кешірім сұрап, «сен не айтсаң сол болады, қабылдаймын» деп қайырлысын сұрап жүрдім. Бір күні Асхат Садырбай қоңырау шалып, «Біздің бағдарламадағы жүргізуші болмады... Басшылық жаңа жүргізуші іздеп жатыр, кастингке кел. Астанаға соңғы рет шақырып тұрмын» деді, Алланың бұйыртқаны сол шығар деп заттарымды жинап, осында ұшып келдім.

Сөйтсем, ол бағдарламада талас болып жатыр екен(күліп). Мені басқаларға көрсетпей, камераға жеке жазып алды. Өйткені кастингте әдемі актриса қыздар көп болды, олардың таныс-тамырды ортаға салып, мені алып тастаулары әбден мүмкін еді... Өзім 12 жылдық тәжірибесі бар, кәсіби маманмын ғой, сол қабілетімді көрсеттім.


Қарашаш Есенбай: Сіз сол бағдарламаға келгенде, бұрын жүргізген Эльвира Ерғалинаның жазбасын оқығанмын. Оның бір реніші болған секілді, өзіңіз жеке танитын ба едіңіз және сізге деген түрлі сындарды қалай қабылдадыңыз?


Диана Қырықбай: Эльвираны жеке танымаймын, дегенмен басшылық сондай жазбалар болғанын айтып, «негативке көңіл бөлме» деп кеңес берді. Мен де теріс пікірге ренжи беретін адам емеспін, «Түнгі студияға» келгенде бірден өзімнің үйімдегідей сезіндім. Қайратпен де тез дос болып кеттік.




Қарашаш Есенбай: «Алматыда өмірім өзгеріп кетті» дедіңіз, ал Нұр-сұлтанға келгесін жаңа өзгерістер болды ма?


Диана Қырықбай: Бұл жерде бәрі жаңаланды, Елорда мені өте жақсы қабылдады. Бірақ өзім Астананы онша ұната бермейтінмін, содан ауырып та қалдым. Дәрігеріме дейін «Диана, қаланы жақсы көр, қабыл ал! Сонда барлығы жақсы болады!» деп айтатын. Тек 4-5 айдан кейін ғана Астананы жаңбыр, қарымен қабылдап, жақсы көре бастадым. Мұнда тіпті ұялы телефонсыз келгенмін, телефоннан бастап бәрі жаңаланды және жаңа мүмкіндіктер берді.


Қарашаш Есенбай: Жазда Лондонда бір ай өмір сүріп келгеніңізді білемін, дегенмен шетелге көшкіңіз келмейді екен. Ал бізде керісінше, кеткісі келетін жастап көп қой, оныңсебебі неде деп ойлайсыз?


Диана Қырықбай: Иә, менің де көшіп кеткен достарым көп. Олар америкалықтар еркін, кез келген жерде жұмыс істеп, көп ақша таба алады деп ойлайды, ал барған соң әбден қиналады. Мысалы, менің құрбым отбасымен көшіп кетті. Өзі тілді жақсы біледі әрі режиссер, бірақ ұзақ уақыт жұмыс таппады. Ол жақтың салығы, үйінің төлемі бар, соған қиналып жүр. Ал қайтайын десе бет жоқ, ұялады! Маған да Лондондағы таныстарым, «қалғың келсе жұмысқа кіргізейік» деді. Сондағысы қонақ үйдің қызметкері боласың... «Айналайын, Қазақстанда кез келген жерде құрметтейді, таниды. Басқа елге барып үшінші сорттағы адам болғым келмейді» дедім. Жастардың сонша қызығып жатқаны, онда жағдай жақсы деп ойлауы меніңше қате түсінік. Керісінше, шетелде оыған соң елімізге оралып, өзге жастардың білімін артырғандары дұрыс емес пе?!




Қарашаш Есенбай: Бір сұқбатыңызда жігіттерге қатаң тәртіп қоямын депсіз. Шынында солай ма?


Диана Қырықбай: Ия, сол үшін жігітім жоқ (күліп). Өзіме кез келген жігітті жақындата бермеймін, әрине «араласпаймын» деп айтпаймын, күштерінің шамасын білгесін өздері кетіп қалады. Меніңше, жігіт деген күртешеңді киюге көмектесіп, ауыр сөмкеңді көтеріп жіберуі керек. Мұның бәрі кішкентай кезден үйрететін қарапайым дүниелер ғой. Мен «Көлігі бар жігіт керек еді» демеймін, ондайлар толып жатыр, алайда қарапайым қағидаларды жасайтындар аз. Өзімнің мінезім қаталдау,ал егер жігіт мықты болса, бірден өзгеріп кетемін (күліп).


Қарашаш Есенбай: Өзіңіз шымкенттіксіз, бізде жиырмандан кейін «жасың келді» деген туыстардың «сигналы» ойнап тұрады ғой. Үйде, не туыстардың ортасында сондай түртпектеулерді байқамайсыз ба?


Диана Қырықбай: Жоқ, ондай білінбейді. Бірде мынадай қызық болған, үйде бәріміз шай ішіп отырғанбыз, ағам бір кісіні «үйленді, келіншегі 25 жасар, отырып қалған екен» деп әңгіме айтып жатыр. Әкем мені нұсқап "жай-жай" десе, ағам "Диана бізде өзгеше, жолы басқа" дейді, демек олардың көздеріне өзгеше көрінетін болып тұрмын ғой (күліп). Әкем «Менің қызыма тиіспеңдер, оның ақылы бар, өзінің өміріне өзі жауап бере алады» дейді. Сосын шығар, олай түртпектемейді.


Қарашаш Есенбай: Диана, өз бақытыңызды тауып, махаббатқа толы ғұмыр кешіңіз. Әңгімеңізге рақмет!


Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ