«...Өзімді құрбандыққа шалдым» - Әлімжан Кеңес, көпке ұнаған «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» әнінің орындаушысы

0
10 420

«Өнердегі аға-әпкелерімнен қолдау күттім, көпшілігі мойнын бұрып та қараған жоқ»


«...Өзімді құрбандыққа шалдым» - Әлімжан Кеңес, көпке ұнаған «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» әнінің орындаушысы

Мына бейдауа дүниені бір сәт әдемі әуенге алмастыра тұрасыз ба? Иә, иә.

«Жанымның жыртып ақ шүберегін,

Дертіңе дауа тапшы демедің.

Өтірік күліп өмір сүрем деп,

Өкініп тұрып жақсы көремін.


Көрінген едің шуақтай маған,

Шөлдесең жаным бұлаққа айналам.

Күйбеңім қанша қан жылатса да,

Сүйгенін бірақ жылатпайды адам», - деген шумақтан басталатын әдемі әуен туралы айтып тұрмыз. Осы күні бұл ән хитке айналды..

Жүректерге жеткен саз. Сол жүрек түбіндегі талай шерді ағытқан мағыналы мәтін.


Бір ғана ән оның өнердегі паспортына айналды. Бір ғана саз қай жиын, қайсыбір той, небір концерттерде жасымыз да, кәріміз де жалықпай шырқайтын ғажап әнге жетеледі. Біз «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» деп әндетіп жүрген Әлімжан Кеңесті әңгімеге тарттық.


– Әлімжан, сіз эстрадаға қалай келдіңіз? Былтыр «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» деген ән хит болды. Орындаушысы сіз екенін кейіннен білдік.

– 2012-2015 жылдар аралығында Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде опера мамандығын бітірдім. Яғни, вокалистпін. 2015-2019 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы консерваторияны арт-менеджмент, яғни, концерт ұйымдастырушысы мамандығы бойынша аяқтадым. Екі дипломым бар. 2017 жылдан бастап әндер жазып бастадым.


– Өнердегі әпкеңіз Қарақат Әбілдина «Нағыз ән, ол - халықтың жүрегіне бірден жетіп, ел болып, жасы да, кәрісі де бірге шырқайтын ән» депті. «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» деген хит әніңізді талай той-жиындарда, концерттерде жас та, кәрі де шырқап жүргенін көрдік. Бұл әнге қолыңыз қалай жетіп еді?

– Әр әннің бағын ашаты әуелі Алла болса, екінші халық қой. Халыққа жеткізе білу керек. «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» әнін жазған ақтөбелік ақын Жандос Қаржаубаев, сөзін жазған қызылордалық Ақжол Түменбай. «Осы әнге қалай қол жеткіздің?» деп сұрағандарға Құдайдан тілеп алған әнім деп айтамын. Алладан мағыналы, жақсы әндердің жолығуын көп тіледім.


– Құпия болмаса, хит әніңіз қаншаға түсті?

– Бұдан бөлек 14 әнім бар. «Панорама» атты студияның иесі Есен деген жігіт әрлеуін жасаған болатын. Қателеспесем, 300 мың теңгеге жазылған ән. Бейнебаян, бейнеүзік, сахналық костюмге тағы да қаржы жұмсадым.


– Қай жерге барсаңыз да, осы әніңізді сұрайтын шығар? Өзіңіз жалықпадыңыз ба?

– Осы ән шыққаннан бір жыл өткеннен кейін өзім де ұяла бастадым. Басқа ән шығару керек еді деген сияқты. Өзімнің алдымдағы эстраданың жілігін шағып, майын ішкен азаматтарға «Қай жерге барсам да осы әнімді сұрайды, айта беруге де ұялады екенсің» деп ақыл-кеңес сұрадым. Ол кісілер «Сұрағаны дұрыс. Демек, сол әнің арқылы сені танып тұр. Қанша сұраса да жалықпай айта бер!» деді.


– Көбіне лирикалық бағыттағы әндер айтасыз. Бұл сіздің табиғатыңыз ба?

– Иә, рас. Бала кезден Қызылорда қаласында өтетін «Бозторғай», «Туған жер» атты байқауларға лирикалық әндермен қатысатынмын. Өйткені, мағыналы лирикалық әндерді жақсы көремін. Көңілді ән берілсе де, лирика жүрегіме жақын боп, соны айтқым кеп тұрады.


– Бірде «Эстрада әлеміне кіре сала небір жақсы, жаман жайттарға куә болдым . Бірақ олай болмаса да қызық емес екен» деп жазыпсыз. Өнер әлемінде жүріп осы күнге дейін көрген қиындықтарыңызға тоқталыңызшы...

– Сахнаға жетіп, атымызды танытып, бет-бейнемізді таныстыру үшін өзімді құрбандыққа шалған кездер болды. Басымызды кірге де, кір емеске де сұғуға тура келді. Эстрадада жүрген аға-әпкелерімізден қолдау күттім. Кейбірінен көмек те сұрадым. «Жерлесім ғой» деп Қызылордадан, Аралдан шыққан өнерпаздардан да қолдау сұрадым. Алайда, маған көмектесіп, қолдау көрсеткен Өмірқұл Айниязов ағамыз ғана. Басқалары басын бұрып та қараған жоқ.


– Әлімжан, өнерге қадам басқанда көп ағаларымнан қолдау күттім, тек Өмірқұл ағамыз ғана қолдау көрсетті дейсіз. Қалай қолдау көрсетті? Оның үйінде жатып ән жаздыңыз ба? Әлде қаржылай көмек көрсетті ме?

– Өмірқұл ағам маған материалдық жағынан не студиясына апарып ән жаздыртқан жоқ. Ол мені жігерлендірді. Сөзімен қолдау көрсеткені маған жеткілікті болды. Үйінде емін-еркін жүрдім. Сол кісінің үйіне барып қонып, ақыл сұрайтынбыз. Өзінің білген-білмегендерін айтатын. Сондай-ақ, бизнесте жүрген кей ағаларым қаржылай қолдады. Өзімнің ауылымнан шыққан Абай деген ағам біздің ауылға мешіт салған. Қазір Батыс өңірінде тұрады. Сол кісінің де көп шарапаты тиді.

Абай атамыз «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен сенімің екі жақтап» дейді ғой. Эстрадада жүрген, мен көмек күткен аға-әпкелерді кінәламамаймын. Өйткені, әркімнің өз шаруасы, жұмысы бар. Жалпы, біреу саған көмектесуге міндетті емес. Бірақ, қолдау күтеді екенсің. Қазір ара-тұра солардың көмектеспегені де дұрыс болған деп ойланамын. Себебі, одан менің тауым шағылып, өнерден кетіп қалған жоқпын. Қайта шыңдала түстім.


– «Жақсы көрсең жаныңды жаралайды,

Махаббат деп жүрміз-ау, ол махаббат

Жасқа да, көз жасқа да қарамайды», - деп әндететініңіз бар. Өз адамыңызды таптыңыз ба?

– Оны айтпаймын. Құпия.


– Әнді жанды дауыста шырқайсыз ба?

– Әнді жанды дауыста гитарамен айтқанды жақсы көремін. Өйткені, жанды дауыста жеткізе аламын. Минусовкада ырғақ болады, оған бағынуың керек. Ал гитарамен айтқанда қай нотасын қалай келтіретініңді өзің білесің.


– Шығармашылығыңызда не жаңалық бар?

– Жаңа әндер жазылып жатыр. Жақында Қытайдағы қандастарымыз шығарған «Қарагөзім» және «Сезім сиқыры» деген ән шықты. Қазір 1999-2000 жылғы композиторлардың толқынымен жұмыс істеп жүрмін.


– Қанша бейнебаян түсірдіңіз?

– Менде бір ғана бейнебаян бар. Алла бұйыртса, алдағы уақытта тағы түсіреміз.


– Сізге әлі де танымалдылық керек сияқты? Халық әніңізді білгенмен, өзіңізді тани бермейтін сияқты. Әлде қателестім бе?

– Әрине, әлі көп еңбектенуім керек. Дұрыс айтасыз, халық әлі де әнімді білгенмен, түрімді білмейді. Түрімді тану үшін қиын ешнәрсе жоқ. Өзімнің ютуб арнамда барлық мәліметтер тұр.


– Қайырымдылық іс-шараларына ат салысып тұратыныңызды инстаграмнан білдік. Сондай бір видеода «Өзімнің де аурушаң қарындасым болғандықтан шығар» депсіз. Қарындасыңызға қаншалықты қамқорлық көрсетіп жүрсіз?

– Ондайды айтқанды ұнатпаймын. Қайырымдылық іс-шараларына аса белсенді қатысамын деп те айта алмаймын. Қолымнан келгенше жасаймын. Үлкен ағамның бірінші қызы сал ауруымен ауырады. Сол қарындасым туралы айтқан болатынмын.


– Журналистермен доссыз ба?

– Доспын деп айта алмаймын. Етене араласатын журналист достарым жоқ.

– Эстрадаға келгенге дейінгі өміріңізден сыр шертсеңіз... Әншінің бәрі аспаннан салбырап түспейді. Белгілі бір белеске шығу үшін қаншама жолдарды басып өтеді. Сізді өнерге әкелген жолдар қандай еді?

– Иә, ешкім аспаннан салбырап түспейді. Шыны керек, ән жаздыртуға ақша табу үшін асаба болуыма тура келді. Көптеген асабалардың сөздерін жазып, өзім де жаттап, көптеген той, құдалықтарды жүргіздім. Одан тапқан қаржыны әнге салдым. Ақшаны телефонның коробкасына, костюмімнің қалтасына жинап, үстіме киім алмай жүрген кездер болды. Қазір менің қоржынымда 14 ән бар. Қателеспесем, 14 әннің 8-і асаба боп жүрген уақыттарымда жазылған әндер.


Өкінетін сәттер бола ма?

– Өкінетін «әттеген-ай» деген уақыттар болды. Дегенмен, әр нәрсенің қайыры бар дейді ғой. «Мен неге танылмадым?», «Барғым келмеген жерлерге неге бардым екен?», «Неге өзімді құрбан қылдым» деген кездер болды. Бірақ, Алла тағала шебер ғой, әр нәрсенің қайырын келтіріп қояды. Жалпы менің эстрадаға келгеніме 3 жылдай уақыт болды. Эстрадада жүріп өзіме жанашыр болатын, араласатын жақсы дос, аға, бауыр тапқан жоқпын. Көбінесе араласатын достарым өнерге қатысы жоқ жігіттер. Онда да көп емес. Орталарына көп барамын деп айта алмаймын.

Қолдан келгенше халықтың ызасына, наласына қалып қойғым келмейді. Жаман жағымнан көрінгім келмейді. Бір кездері жаман жағымнан көрінген кездер де болды. Оны халқым өзі біледі.


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Қанша тапсаң да үйге кіріп кетеді»: Нұрлан Қоянбаев, белгілі продюсер, актер


«Қазақстанда ең қымбат әншілер – Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәлі» - танымал асаба