«"Ішіне жын кірген" деп қорыққан» : Луиш Фигуды таңдай қақтырған битбоксшымен сұхбат

0
4 421

«Ауызбен дыбыс шығару не өнер?» деп кәдімгідей жаңалық болды.


«

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ битбокс» дейді Жалғас Сүлейменов атты битбоксшы. Иә, жас өнерпазмен көпшілігіміз келіспеуіміз кәдік. Бәлкім, осынау өнер түріне деген алғаусыз махаббаты оны осы сөзді айтуға итермелеген шығар. Ал, тіпті, кейбіріңіз «Бұл не өзі?» деп таңырқап та отырған боларсыз.


Битбоксинг. Иә, осындай да өнер түрі бар. Арасында спорт элементтері де кездесіп қалуы кәдік. Яғни, ритмикалық суреттердің (бит) және дыбыс аппараттарының, ауыз мүшелерінің көмегімен түрлі әуендерді шығару өнері.


Көбінесе битбоксинг хип-хоп композицияларын аккомпаненттеуде пайдаланылады. Хип-хоп мәдениетіндегі бесінші элемент.


Осынау музыка жанрында аузынан алты түрлі дыбыс шығарып, әлемді таңдай қақтырған Жалғас Сүлейменовтің өнеріне алғашында отбасы оң бағасын бермеген. Әкесі «Әдепсіз қылығыңды доғар!» деп талап қойған екен. Анасы «Мынаған ықылық тиіп қалған ба, не мынау?!» деп ұрсыпты. Ал әпкесі інісі шығарған түсініксіз дыбыстардан қорқып, «ішіне жын кірген» деп қорқыпты.

Битбоксшы Жалғастың айтуынша, оның өнеріне туған-туысының 99 пайызы қарсы болыпты. Адамның мүмкіндігі шексіз екенін 6 түрлі аспаптың дыбысын ауызбен келтіріп, ақылға сыймайтын тірлік жасаған осы Жалғастан көруге болады. Бәлкім, Жалғасқа тылсым күштер көмек берген болар. Бір мезетте аузынан алты түрлі дыбыс шығарған видеосын көрген атақты футбол жұлдызы Луиш Фигу өзінің инстапарақшасына салыпты. Сол видеосы әлеуметтік желіде 300 мыңнан аса қаралым жинағанмен, халық арасында музыканың бұл жанрын толық қабылдады деп айту қиын. Елімізде битбокс жанрын белгілі бір дәрежеге жеткізем деп жүрген жаспен әңгімелескен едік.




– Битбокс ерте кездерден бастап кең түрде қолданылған екен. Ал біздің елімізде битбокс қай кезден бастау алады?

– Бізде битбокс жанры 2010 жылдан бастау алды.


– Бұл өнеріңізді қанша жасыңызда байқадыңыз?

– 11-12 жыл бұрын 6-шы сыныпта басталды. 12 жасымда жазғы лагерьге барған кезде бір өзге ұлттың жігіті битбокс жасайтын. Ол аса күшті жасамаса да, бәрімізге ерекше жаңалық болды. Қыздардың бәрі сол жігітке ғашық болып қалды. Сосын менде «неге қазақтар жасай алмайды?» деген намыс пайда болды. Аталған өнерге қызығушылығым содан басталды.


– Әлемдік білікті битбоксерлер «ең бастысы, ниет, табандылық және еңбекқорлық. Есту мен ырғақты дамытуға болады. Осы қасиеттерден басқа, бір бағытта тоқтамай, көптеген музыканы тыңдау өте маңызды. Оқу барысында тәжірибелі битбоксшылардан кеңес сұраудан қорықпаңыз, олар әрқашан көмектеседі» деген пікір айтыпты. Келісесіз бе?

– Қызығушылық һәм құштарлық қажет. Бір жанрды ғана зерттемей, жан жақты ойлау керек. Адамның істегенін адам істейді. Сосын қолдау көрсететін адамдар болса, тіпті жақсы.


– Алғашында айналаңыздың қабылдауы қиын болған шығар?

– Ол кезде қабылдау қазіргідей болған жоқ. Тик-ток, инстаграм сияқты әлеуметтік желілер болмады. Интернеттің өзі елімізде енді дамып жатқан кез еді. «Ауызбен дыбыс шығару не өнер?» деп кәдімгідей жаңалық болды. Әкем мен анамнан бастап «Мынаның ішіне жын кіріп кетті», «Ықылық тиіп қалды ма, не болды?» үй-ішім түгелдей қарсы болды. Теңел деген ағам ғана «Жарайсың, істей бер, ешкімді тыңдама!» деп қолдап жүрді. Әуелі Алла, сосын музыкаға құштарлық, ағамның қолдауының арқасында осы күнге жеттім.


– Битбокс деген күрделі музыкалық жанр, спортқа да жақын десек қателеспейміз. Бір битбокс шығару үшін қанша уақыт дайындаласыз?

– Битбокс өнері аздап спортқа жақын десек те, ең алдымен тыныс алу, ерін, тілді іштен дыбыстар шығару, басқа да дене мүшелерін қосып жұмыс істету деп айтқан болар едім. Ұдайы жаңашылдық қосып отыруың керексің. Елді сонымен таңқалдыра аласың.

Жалпы, бір битбоксты үйрену үшін әр дыбыстың қиындығына байланысты. Біреуін бір апта, екіншісін бір ай үйренесің. Шығарамын деп соңына дейін талпынсаң, шығаруға болады. Кейбіреуін 1-2 күнде үйренесің.


– Негізгі мамандығыңыз қандай?

– Негізі менің мамандығым – драма актері. Республикалық эстрада және цирк колледжін тәмамдағанмын. Хаджиев деген марқұм ұстазымыз бар еді. Сол кісінің қолынан бітіргенмін. Бірақ, актерлік бойынша жұмыс істеп жатқан жоқпын. Битбокс бос уақыттағы хоббиім.


– «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ битбокс» деген сөзіңмен көпшілік келісе қояр ма екен?

– Әрине, бұл әзіл ретінде айтылған.


– Сіздің орындауыңыздағы битбокстарда көбіне қандай биттер қолданылады?

– Қазіргі қолданыста көп дыбыстар бар ғой. Инватбас, липрол, бочка, снейр, кик, хайхеп биттерін қолданамыз. Дегенмен жаңа дыбыстарды шығаруға тырысып жатырмыз. Алдағы уақытта жақсы жаңалықтармен бөлісеміз.


– Қазірде немен айналысып жүрсіз?

– Жеке компанияда жұмыс істеп жүрмін. Битбоксты қалдырмаймын. «Voxacapella» деген тобымыз бар. Соны дамыта түссек дейміз.


– Димаш Құдайбергеновтің концертіне қатысқан екенсіз. Тағы басқа қандай үлкен сахналарда өнер көрсеттіңіздер?

– 2017 жылы «Бастау» деген тақырыппен өткен Димаштың концертіне қатыстық. Одан соң Мәскеуде «Новая волнаның» жартылай финалына өттік. Түркия мемлекетінің 6 қаласында концерт қойдық. Қырғызстан, Украина, т.б. шетелдерге үлкен концерттер бергенбіз. Отандық әншілерден Сәкен Майғазиев, Әлішер Каримов, т.б. көп әртістердің жеке концертінде бірге өнер көрсеткенбіз.


– Болашаққа қандай жоспарлар бар?

– «Voxacapella» тобымен қайта оралып, бұдан да биік белестерді бағындырамыз деген ой бар. Арман, жоспар өте көп. Құдай қаласа, іске асырамыз деген ойдамыз.


–Тек қана битбокспен күн көруге бола ма?

– Тек қана битбокспен күн көру біздің мемлекетте әзірге мүмкін емес деп ойлаймын. Себебі қазақи менталитетке алыстау жанр. Ақырындап аяқ алып келеді. Бұйыртқаны болады ғой.


– Ең көп қаралым жинаған битбоксыңыз қайсы?

– Луиш Фигу деген Барселонаның, сосын Реал Мадридтің экс-капитаны болған футболист, 2001 жылғы «Алтын доп» иегері менің видеомды өзінің инстапарақшасына салған еді. Игорь Киселев деген әлемге әйгілі қақпашы лайк басып, сосын басқа көптеген адамдар тани бастады. Ол видео шамамен 300 мыңдай қаралым жинады.


– Қазақстанда бұл салада бәсеке бар ма?

– Әрине, бәсеке бар. Жастардың қызығушылығы өте жоғары. Халық арасында кеңінен таралмаса да, шетелге шығып, жеңімпаз атанған бір бозбаламыз бар. Біз оны мақтан тұтамыз. Әлемдік платформада батлдар ұйымдастырылып жатыр. Осы өнерге қызығатын балдармен араласып тұрамыз.

Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Еркектер деп айтуға аузым бармайды» : Меруерт Түсіпбаева трагедияға қатысты пікірін білдірді


«Несиеге той жасаған қаншалықты дұрыс?» : Отандық шоу бизнес өкілдері пікір білдірді