«Қазіргі жастарға әдеби тіл өтпейді»: Саят Рахымжан хит әндерінің сырымен бөлісті

0
5 811

«Келешекте біздің стиль сұранысқа ие болмауы мүмкін»


«Қазіргі жастарға әдеби тіл өтпейді»: Саят Рахымжан хит әндерінің сырымен бөлісті

сурет KIPYATCOM сайтынан алынды

Талғамға талас жоқ. Әсіресе музыкаға келгенде біріміз «МұзАРТ» пен Нұрболат Абдуллинді сүйіп тыңдаймыз. Тағы біріміз операны мүлдем естігіміз келмеуі мүмкін. Ал қазіргі жастар Amre, Argonya, Kalifarniya, «AlZaBi», ағайынды Жүгінісовтер сияқты әншілерді тыңдап жүр. Заманауи стильде жаңаша өңдеумен жарыққа шыққан әндер лезде хитке айналып үлгеруде. Мәселен, ақын, композитор ZAKAI (Саят Рахымжан) сөзіне жазылған «Зымыран» сияқты әндер жас буынның талғамынан шықты. «Қолымнан ұсташы» деп әндетеді Саяттың тыңдармандары. Одан басқа да хит әндері көп.


«Кіл хит әндер жазудың сыры неде?» деп сұрағанымызда «Бүгінгі жастарға әдеби тіл өтпейді. Олардың күнделікті қолданыста жүрген сөздері хит болады деп ойлаймын. Орысша айтсам, «Чем проще, тем лучше», - деп жауап берді Саят. Бірақ, бізді «Өз ұлтымыздың жастары әдеби тілімізді керек етпесе, қазақ тілінің жай-күйі не болмақ?» деген сауал да мазалайтыны рас. Осы бір қазіргі жастардың заманауи бағыты мен дәстүрлі өнер, ұлттық мәдениет пен әдебиеттің арасында байланыс болса екен деген тілек қой. Дегенмен, Саяттың мәтіндері қазіргі шығып жүрген жастардың ішіндегі ең естісі деп айтқан болар едім. Менің бүгінгі кейіпкерім – көптеген хит әндердің авторы, ақын, композитор Саят Рахымжан.


– Қазіргі шоу-бизнесте қалыптасқан жастар легінің ішінде атыңыз жиі аталып жүр. Хитмен әншілерге хит әндер жазасыз. Мысалы, сіз сөзін жазған Amre-нің орындауындағы «Жылтыр көйлек», «My dunya» әндері, Мұхамедали Жүгінісовтің орындауындағы «Уайымдама», Мирас Жүгінісов орындауындағы «Зымыран» (Қолымнан ұста),«AlZaBi»-дің«1503» (Жаным) әндері хит. Тек хит әндер жазудың сыры неде?


– Ән жазып, сөз жазып жүргеніме 5 жылдай болып қалды. Айтарлықтай сыр бар деп айта алмаймын. Өйткені, бұл қыруар еңбек пен талпыныс. Мен бұрын «Менің әндерім тыңдалса ғой», «Орындалса, хит болса» деп армандайтынмын. Мектеп қабырғасында жүргенде поэзиялық конкурстарға қатысып жүрдім. Сонда бір байқағаным, барлығы әдеби тілмен жазғысы келеді. Ал мен қарапайым жастардың тілімен жазатынмын. Әндерімнің хит болуының басты себебінің бірі – қазіргі жастардың талғамына сай мәтіндер жазуым деп ойлаймын. Қазіргі жастар әдеби тілді қаламайды. Әдеби тіл деген әркімнің өз қалауына қарай. Бүгінгі жастардың күнделікті қолданыста жүрген кәдімгі сөздері хит болады деп ойлаймын. Орысша айтсам, «Чем проще, тем лучше».


– «Қазіргі жастар әдеби тілді қаламайды» дейсіз. Шындық қой. Бірақ, қазақ тілінің жай-күйі не болмақ? Осы мәселе сізді ойландыра ма?


– Менің ойымша, әр заманда өзгеріс болуы заңдылық. Әр заманның өз стилі болады. Бәлкім, келешекте біздің стиль мүлдем сұранысқа ие болмайтын шығар. Бірақ, қазақ әдебиеті ешқашан өшпейтінін мен жақсы білемін. Өйткені, біздер бармыз.


– Әндердің сөзін жазғанда тек жүрек үнін тыңдайсыз ба? Әлде тапсырыс берушінің ұсынысына қарай жазасыз ба?


– Осы сұрақты маған көп адамдар қояды. Әсіресе, әнге тапсырыс берген кезде. Әнге сөз жазғанда маған дайын ән беріп, оған сөз жазуды тапсырса, тапсырыс берушімен сөйлесемін. Оның қандай тақырыптағы, жанрдағы ән қалайтынын сұрап аламын. Негізі көбісі өз басынан өткен оқиғасы туралы баяндағысы немесе өзінің ғашықтығын білдіргісі келеді. Мен орындаушыны мұқият тыңдап аламын да, «Осы оқиға өз басымнан өтсе, қайтер едім?» деп жүректен өткізіп, дәл сол адамның күйіне енгенде әнге сөз шығады.


– Қазақша да, орысша да әндеріңіз жетерлік. Біздің білуімізше, анаңыз Бота Баман ханым ұлттық өнерді дәріптеуден шаршаған емес. Қазақи нақыштағы лирикалық әндерді шырқайды. Ал ұлы Саят Рахымжан постмодернизмнің өкілі. Бұл парадокс па?


– «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, барлық тілді біліп, жан жақты дамуды құп көремін. Тек қазақша, орысша ғана емес, ағылшынша, түрікше де әндер жазып жүрмін. Иә, менің анам ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты ұстанатын кісі. Мен өзге тілде ән айтсам, дәстүрді ұстанбаймын деген сөз емес. Мейлі мен постмодернизмнің өкілі болайын, бірақ, ұлттық құнарды сіңіріп өскен ұрпақтың бірімін. Әкем Омбы жақтың тумасы. Сондықтан, отбасында қазақи тәрбиемен қатар орысша да тәрбиеленгенбіз. Соған шүкір. Менің Рамазан Амантай деген досым әрі ағам: «Саят, мен сені түсінбеймін, сен қазақша өскен жігітсің бе, орысша өскенсің бе?!» деп әзілдейді. Адам қайсыбір ортаға да бейімделетіндей болуы керек деп есептеймін.


Анам екеуміздің өнердің екі түрлі бағытын ұстануымыз ешқандай да парадокс емес. Әдет-ғұрыпты сақтау да мен секілді жастардың басты мақсаты. Ұлттық құндылықтарымызды ешқашан ұмытуға болмайды.


– Негізгі мамандығыңыз қандай?


– Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» факультетінің 1 курс студентімін. Иә, дәстүрлі әнде оқимын. Бұл ешқандай да анамның қалауы емес. Қазақтың дәстүрін жалғастырамын деп өз қалауыммен осы мамандыққа түскенмін. Орта білімім бар. Колледж бітіргенмін.


– Қызық, өзіңіз Өнер университетінің «Дәстүрлі ән» факультетінде оқисыз. Шығармашылығыңызға үңілсек, нағыз заманауи мәтіндер... Бұл қалай болғаны?


– Менің айналам орысша сөйлейтін болғандықтан әрі Солтүстікте өскендіктен, орыс фольклорына қатты қызығамын. Жалпы, менің шығармашылық ой-өрісімнің қалыптасуына айтарлықтай ықпал етті десем де болады. Сол үшін де И. Бродский мен С.Есениннің жазған бағытында ойланамын. Маған қатты ұнағандықтан, адамдар да соған ұқсас туындыларды тыңдағысы келеді деген ойдамын.


– Қазақ поэзиясынан кімдерді оқисыз?


– Өзім лирик болғандықтан әрі көбіне махабббат туралы әндер жазғандықтан, Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы жаныма жақын. Ал егер заманауи ақындар туралы айтар болсақ, Ақжол Түменбай, Ершат Қайболдиннің өлеңдерін іздеп жүріп оқимын.


– Ән де жазасыз, сөз де жазасыз. Бір сөзбен, әмбебапсыз. Өзіңізге қайсы қырыңыз жақын? Қайсысы ұнайды?


– Егер халыққа әндер де, сөздер де ұнап жатса, неге біреуін ғана таңдау керек. Маған ән де, сөз де жазған ұнайды. Екеуі бірдей.


«Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның» деп Төлеген Айбергенов жырлап кеткен. Дәл қазіргі кезеңде ақын боп ғұмыр кешу оңай ма?


– Мен өзімді толықтай ақын деп санамаймын. Себебі, халық сені ақын деп мойындау керек. Ақындарға қатысты «Ақын деген ішімдікке жақын болады. Ақын деген қызғұмар болады» стереотиптер бар. Бірақ, мен оған сенбеймін. Себебі, өзім олардың қатарына жатпаймын.


– Рейтингте нешінші орынды ұстап тұрсыз?


– Біздің арамызда рейтинг деген нәрсе жоқ. Өйткені, әрбір ақынның, композитордың өзіндік ерекшелігі бар. Қазіргі жастар бірінен-бірі асып бара жатыр.


– Қазір бәсекенің заманы. Бәсекеден қалмас үшін қандай қасиеттер керек?


– Тынбай еңбектену керек. Жұмыс істей берсең, әндер көбейе берсе, әрқашан таудың шыңында тұрасың.


– Шоу бизнесте тағы кімдермен шығармашылық байланысыңыз бар?


– Көптеген әртістермен шығармашылық байланыстамын. Келешекте тыңдайсыздар. Негізі шоу бизнестің адамдары ақын, композиторларға жақсы көзқараста, себебі, оларға ән керек қой (күліп).


– Әншілер сізге ұсыныспен өздері шыға ма?


– Иә, өздері шығады. Мысалы, Әміренің, Мирастың әндері шыққан кезде автор ретінде менің де атым қосып жазылып тұрады. Олар менің аккаунтымды, нөмірімді тауып алып, байланысқа шығады.



– Саят, жастар қазір не тыңдайды?Жастардың талғамы туралы кеңінен айтсаңыз...


– Біз қазір Еуропаға тәуелді болып қалдық қой. Сол жақтың жаңашылдығы бізге де келеді. Жастар соны тыңдайды. Дегенмен, қазақтың лирикалық баяу әндерін де тыңдайтынын білемін.


– Құпия болмаса, бір әніңіз қанша тұрады?


– Бұл сұраққа жауап бермей-ақ қояйын. Өйткені, менің қазір айтатын бағам нарықтағы бағалардың өзгеруіне алып келуі мүмкін.


– Жүрегіңіздің түбіндегі жан сырыңызды еш қысылмай кімге ақтара аласыз?


– Ондай адам бар деп айта алмаймын. Өйткені,әрбір адамның жеке әлемі болуы керек. Ешбір сырымды жан баласына ашып айта алмаймын.


– Біз білмейтін тағы қандай қырыңыз бар?


– Гитара, домбыра, фортепиано, баян, укулеле сияқты аспаптарды ойнаймын. Менің музыкаға деген талпынысымды байқаған әкем 12 жасымда гитара сатып әперді. Гитараны ғаламтордағы видеолардан өз бетімше үйреніп алдым. 9 сынып оқып жүргенімде Берікқан Төкеновтің үйірмесіне қатысып жүргенімде «Шаттық» балалар байқауына қатысу үшін маған Әміре Қашаубаевтың рөлін ойнау керек болды. Сол кезде домбыра үйрену керек болып мектептегі ағайым үйретті. Қалған аспаптарды колледжде үйрендім. Баянды өз қызығушылығыммен меңгердім. Ал фортепианоны үйрену колледжде жазылмаған заң еді.


– Әндеріңіз көбісі махаббат тақырыбында. Осы әндерді жазып жүрген жүректің иесі бар ма екен?


– Иә, әндерімнің көбісі махаббат тақырыбында. 15 жасымнан бастап аталған тақырыпта әндер жаза бастадым. Себебі, алғашқы ғашықтық сезімді сол кезде басымнан кешірдім. Ол бала махаббат қой. Қазір ол қызбен араласпаймыз. Әр адамның өмірінде өтетін кезең менің де басымнан өтті.


– Өзіңізді он жылдан кейін қалай елестетесіз?


– Халық мойындаған атақты ақын, композитор қылып елестетемін.


Ендеше сол арманыңыз ақиқатқа айналсын! Көп рахмет!

Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Өнерден ойып орын алар кезде перде іліп жүрмін»: Белгілі актриса, кәсіпкер Гүлшарат Жұбаевамен сыр-сұхбат


«Ішіп алған, бағынбайтын жолаушы»: Стюардесса Айгүл Елшібаеваға жала жапты