Қазнетті шулатқан биші: "Өнеріме туыстарым да сынай қарады"

0
5 070

"Сын айтатындардың көбі қазақ тілді оқырмандар"


Қазнетті шулатқан биші:

Би тылсым, көркем әлем. Оны тек жаны мен тәні назіктер ғана ұғынатындай?! Десе де біздің қоғамда би өнерінің өкілдеріне сынай қарайтындар да жетерлік.

Менің бүгінгі кейіпкерім – кәсіби биші, би өнерінің бірнеше бағытын меңгерген, «Lady dance» өкілі, Қазнеттегі танымал билердің авторы Сандуғаш Абдуали.


Қарашаш Есенбай: Сандуғаш, билеген видеоларыңызға сын көзбен қарағандар көп шығар. Ондай пікірлерді қалай қабылдайсыз?


Сандуғаш Абдуали: Әрине, сынағандар өте көп болды. Ата-анам мен ағаларым, туыстарым да бірден қабылдай алған жоқ. Осы видеоларды алғаш инстаграм желісіне жариялай бастағанда сыртымнан сынап, мені даттаған да болар?!

Өзіме де «Бұл дұрыс емес! Мұндай видеоларды неге жүктейсің, ондай би неге билейсің?» деп айтқан еді. Басқа адамдар да көп айтты, ұнатпады, қабылдай алмады, сынады. Арасында бидің өнер екенін түсінетіндер де табылады. Ал сын айтатындар көбіне қазақ тілді ортаның өкілдері. Өзім де қазақ тілді қызбын, бірақ би әлеміндегі таныстарым орыс тілді адамдар. Олар бұл видеоларды дұрыс қабылдайды, тіпті жақсы көреді, ұнатады.


Қарашаш Есенбай: Би өнеріне қызығушылығыңыз қашан басталды және қандай мектептен өттіңіз?


Сандуғаш Абдуали: Би өнеріне деген қызығушылығым мектеп қабырғасынан басталды деуге болады. Бірінші сыныпта менің биге деген бейімімді бір апай байқап, өзінің жобасына шақырды. Содан бастап мен би өнерін өзіме серік еттім. Бірақ, оның алдында да анам биге деген қызығушылығымды байқаған еді. Бірінші сыныптан бастап көптеген ансамбльдерде билеп, түрлі жобаларға, концерттерге қатыстым. Ең үлкен жобаларымның бірі – EXPO 2017 шарасы. Француз хореографы Жан Марктің жобасында биледім. Ансамбль құрамында жүріп көптеген концерттерде өнер көрсеттік, өзім де жеке билер биледім. Қазір көбіне әуесқой биші болып жүрмін. Кәсіп ретінде айналысамын және өзімнің билерімді желіге жариялап отырамын.



Қарашаш Есенбай: Қазақ би өнерінің дамуын қалай бағалайсыз?


Сандуғаш Абдуали: Қазіргі би өнері бірте-бірте дамып келе жатыр. Шынымды айтсам, бұған дейін үлкен кісілердің көзқарасы жақсы емес еді. Мысалы, менің ата-анам да биші болуыма қарсы болды. Бірақ, би әлемінде де түрлі бағыттар бар. Осы күні бидің заманауи бағыттары қарқынды түрде дамып жатыр. Менің де бағытым сол, сондықтын да би өнерінің бұл түрінің дамып жатқанына қуанамын.

Қазақша билерді топпен билейтінде бірін бірі қайталау көп, жаңашылдық пен ерекшелік аз. Күнделікті тойға шығып, би өнеріне күнделікті табыс көзі ретінде қарайды. Ал, негізі, өзім қазақ билерін өте қатты құрметтеймін және өзімнің көптеген идеяларым бар. Авторлық қазақ биін ойлап тапқым келеді. Қазақ биінің заманауи үлгісін қалыптастырып, әлемге танытуды да қолға алсақ деймін.


Қарашаш Есенбай: Қазақ қыздарының осындай бағыттағы би билеуі неге дау тудыра береді деп ойлайсыз?


Сандуғаш Абдуали: Менталитетке байланысты. Ата-анамыздың тәрбиесі мен түсіні. Қазіргі жастардың өзгеруін «ұлттық менталитетімізге жат» деп сынап, қабылдай алмайды. Бүгінгі күннің жастарыөз жан-дүниесі нені қалайды, соны жасайды. Көбісі бір-біріне ұқсамайды, өйткені әрбірінің өзіндік қолтаңбасы мен идеясы, таланты, ерекшеліктері бар. Ал сол дүниелерді біздің аға буын қабылдай алмай жатыр. Мұндай бағыттағы билердің төңірегіндегі даудың туу себебі осында. Жастар өз иделарын жүзеге асырғысы келсе, оларды сынайтындар дайын тұрады. Сондықтан әрі қарай талпыну да қиын. Әрине, мұндай сын мен даулы пікірді кейбірі қабылдайды, кейбірі қабылдамайды. Мысалы, маған да осындай сөздер кері әсерін тигізіп, билегім келмей, шабыт жоғалтқан кездерім болды. Мені түсініп, биімді ұнатып, қолдау білдірген достарымның арқасында сынға сынбай, бәрін қайта қолға алдым.




Қарашаш Есенбай: Шетелдік жобаларға бару жоспарыңызда бар ма?


Сандуғаш Абдуали: Қазір мүмкіндік өте көп, әртүрлі конкурстар, жобалар, мастер класстар болып жатады. Шетелдік жобаларға бару жоспарда бар. Шетелдік мықты бишілерден сабақ алғым келеді. Америкалық хореограф Янис Маршлдан дәріс алдым. Оның жұмыстары мен шеберлігін қатты құрметтеймін. Ол Бритни Сприс, Мадонна және тағы басқа жұлдыздардың қоюшы-хореографы және бишісі болған.

Басқа да кумираларым бар, олармен бір жобада жұмыс істегім келеді. Әрине, сәті түссе...


Қарашаш Есенбай: Өзіңіздің алдағы жоспарыңыз қандай?


Сандуғаш Абдуали: Өзімді дамытып, би әлемінде жеке қолтаңбамды қалыптастырғым келеді. Өзімнің жеке кәсібімді ашсам деймін. Сонымен бірге, жаңа айтқандай, авторлық би құрастырғым келеді. Маған «сіз сияқты билегіміз келеді, бізге де үйретіңізші» деп хат жазатын қыз-жігіттер көп. Олар маған шабыт беріп, бойыма жаңа күш бітірді. Жақында би студиямды ашамын. Алғашқы қадамдарын бастап, іске кірісіп кеттім. Келемін деушілерге есігіміз ашық.



Қарашаш Есенбай: Туған жеріңіз, отбасыңыз жайында да айта отырсаңыз?


Сандуғаш Абдуали: Арқалық қаласында дүниеге келгенмін. Екі бауырым бар, екеуі де өнерге жақын. Бір інім Өнер академиясының режиссер мамандығында оқып жатыр. Екіншісі ән айтатын еді, бірақ, мемлекеттік қызметті таңдады. Анам – тарих пәнінің мұғалімі.


Қарашаш Есенбай: Қай кезде жиі билейсіз, оған да шабыт іздейтін кездер бола ма?


Сандуғаш Абдуали: Негізі билегім келсе, кез келген жерде, кез келген уақытта музыка қосып, билей беремін. Көбінде биші құрбыммен бірге студияға барамын. Дегенмен билеу үшін де шабыт, жақсы көңіл-күй керек.


Қарашаш Есенбай: Шабытыңыз сарқылмасын деп тілеймін. Сұқбатыңызға рақмет!


Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Инстаграм парақшасынан

ERNUR.KZ