«Кенжеміздің кіндігін өзі кесті» : Кенжебек Жанәбіловтің жарымен сыр-сұхбат

0
2 482

«Сурдопедагогқа айлап кезекте тұрдық»


«Кенжеміздің кіндігін өзі кесті» : Кенжебек Жанәбіловтің жарымен сыр-сұхбат

«Жұлдыздың жары» бағдарламасында «МузАрт» тобының әншісі, эстрада жұлдызы Кенжебек Жанәбіловтің жары Жәмила Төлегенқызы қонақта болды. Ол Жұлдыз Абдукаримоваға берген сұхбатында жарымен қалай танысқаны, Кенжебектің ең ұзақ іссапары, тұңғышының жағдайынан кейін қандай шешім қабылдағаны туралы әңгімеледі.


– Былайғы жұрт Жәмиләні сұсты, қатал көрінеді деп айтып жатады. Жалпы, мінезіңіз қандай?

– Алланың берген жаратылысы сол енді. Біздің отбасымызда әжемізден келе жатқан салқындық бар. Әкеміздің бір көзқарасынан «Ойбай, не бүлдірдік?» деп қорқып кетеміз. Сол бізге де берілген болуы керек. Кенжебек «Түрің суық болғаныңмен жұмсақ адам екеніңді бірден байқадым» деп айтады.


– «Музартқа» келген соң Кенжебектің жұлдызы бірден жанды. Оның артынан жүгірген қыздар өте көп болды. Алайда, сізді жұбыңыздың қасынан көрмеппіз. Студент кезден қол ұстасып жүрдіңіздер ме?

– Кенжебек «Музартқа» кіргелі қасында бірге жүрдім. Ол кезде қыз-жігіт боп жүрдік. Мен магистратурада оқитынмын. Екі жылдай ол мені өз өміріне бейімдеді. «Осылай сапарға кетіп қаламын», «20-30 күндеп үйде болмаймын», «Мені кешкі 19.00-де емес, күнтізбеге қарап күтіп отырасың» деп үйреткен.


– Қызғандыңыз ба?

– Мен қызғандым деп айта алмаймын. Өзім отбасымда еркелеп, бүткіл назарды аудартып өскен қызбын. Әжем де бар тәттісін маған тығып беретін. Менен қалса өзгелерге үлестіретін. Сол назарды, сол махаббатты кейін мен Кенжебектен іздедім.


– Бере алды ма?

– Бере алды. Бірақ, уақыт келе түсінді.


– Ал Кенжебек сізді қалай еркелетеді?

– Ол неше түрлі сөздер айтады. Телефонға «Жұбайым» деп жазып қойған. Менде «Муж» деп жазылып тұр.


– Екеуіңізді көргенде сіз көлік айдайтынсыз. Кенжебекті көлікпен тасып жүретін едіңіз...

– Магистратурада оқып жүрген кезімде ғой. Ол кезде ауылдан жаңа келген бала. Енді орналасып жатқан кез. Көлік жүргізуді 17 жасымнан бастап үйрендім. Сабаққа өзім барып келетінмін. Кенжебекті де анда-мұнда таситынмын. Қолы босаса бірге жүретінбіз. Тауға шығатынбыз.


– Таныстықтарыңыз қай кезде басталды?

– Ол кезде тойдың уақыты. Менің ағам аяқ астынан бір айдың ішінде апыр-топыр үйленді. Біздің шаңырақта қатарынан 4 той болды. Төртеуінде де «Музарт» қатысты. Сәкен мен Мейрамбек ағаларым ағамның жан достары. Мен олардың көз алдында өстім. Сондықтан, біздің үйдің қайсыбір қызықшылығынан «Музарт» тобы қалыс қалған емес. Сол кезде Кенжебек те келген екен. Мені көрген екен. 2006 жылы ағамның тойында таныстық.

– 14 жылдық отбасылық өмірден не түйдіңіз?

– Түйгенім, бір-біріңді түсініп, қабылдау. Қазір жасымыз 40-қа кеп қалды ғой. Балаларымыз өзімізбен бірдей боп қалды.


– Кенжебектің ең ұзақ гастрольдік сапар қанша уақытқа созылған?

– Тұңғышымызды дүниеге әкеліп, перзентханадан шығатын кезде Кенжебек гатсрольде болып, келе алмағаны есімде қалып қойыпты. Гастролден бала туылып, қырқынан шыққаннан кейін келді. Ол кезде көлікпен аралаған соң ба, көп уақыты жолға кететін. Қазіргідей ұшақпен ұшып барып келу жоқ қой. Егер тым ұзаққа кетсе, мені де өзімен алып кететін.


– Көп отырыстарға барғанда кенжеңіз сізге емес, Кенжебек ағаға көп жабысады. Үйде әкесі көп қарайды-ау?

– Кенже баламды босанғаннан бір айдан кейін карантин басталып кетті. Кенжебек пандемия басталған соң бір жылдай үйде отырып қалды да, баланы қайтіп бағып-қаққанымды көзімен көріп, енді түсініп жүр. 40 күн бойы түнімен өзі қарап шықты. Күндіз мен, түнде ол қарайды. Кіндігін өзі кесті. Содан ба, екеуі сұмдық жақын. «Ешқайда апармай-ақ қояйықшы! Барған жерде саған жабысады да, мен ұялып қалам» деп айтамын кейде. «Жоқ, жүре берсін, үйренеді, ашылады» деп еш жерден қалдырмай, бірге алып шығады.


– Кенжебек көбіне көңілді жүреді? Үйде қандай?

– Үйде ашуланады. Қатты ашуланған кезде дәрет алып, отырып су ішеді. Өзін-өзі сөйтіп сабырға шақырады.


– Кенжебектің ең есте қалған қымбат сыйлығы бар ма?

– Жақын арада Toyota Camry 75 көлігін сыйлады.


– Ал шетелге шығып, саяхаттап, романтикаға берілетін кездер болып тұратын шығар?

– Иә, шетелге шығып тұрамыз. Бірақ, балаларды тастамаймыз. Олар да көрсін, үйренсін деп алып жүреміз. Оларды тастап екеуміз ғана бара алмаймыз. Біздің бала-шағамыз 3-4 жасынан шетелге шығып әбден үйренген. Жазғы демалыста міндетті түрде шетелге баратынбыз. Екі жыл бұрын Еуропаны көлікпен аралап қайттық. Өзіміздің де, балалардың да ойы өзгерді. Көкейге көп нәрсе түйіп қайттық.


– Не түйдіңіздер?

– Балаларға жақсы білім беру керек. «Біз жақсы білім беріп жатырмыз» деп ойлап жүргенбіз. Сөйтсек, біз қалып бара жатыр екенбіз. Келген соң білімге күш салдық. Қыздарымыз арасында ән айтып, киноға түсетіні бар. Елге келген соң: «Бізге көп оқу керек, Еуропадағыдай өмір сүргіміз келеді» - деп балалар да өздерін қамшылай түсті. Сол жақта оқимыз деп қазірден талпынып жүр.


–Балалар несіне қызықты?

– Ол жақтың еркіндігіне, мәдениетіне қызықты. Халқы жақсы киінеді, өздеріне көп көңіл бөледі. Шетелде әйел адамдар асүйде қалып кетпейді. Олар соны түсінді. Келе сала ағылшындарын күшейтті. Содан бері осы уақытқа дейін бес күн демалмай ағылшын оқып шықты. Өзім де рухани өскенді, жан-жақты болғанды, көп көргенді жақсы көремін.

– Кенжебектің ел білмейтін қасиеті бар ма?

– Кенжебекке өнер қанмен берілген. Өзі де «мен оқып, нота үйренген жоқпын, Құдай берген талант» деп айтады. Барлық аспапта ойнай алады.


– Біздің қоғамдағы өрескел іс-әрекеттер неден болып жатыр деп ойлайсыз?

– Бәріне топырақ шашпаймын. Өзімнің жеке ойым, қазақ десе өзімізге тиеді. Біз ақшаны дүниеге, зәулім үйге, қымбат көлікке саламыз. Бірақ, балалардың біліміне салмаймыз. Зәулім үйде тұрып, қымбат көлік айдаған балада ой болмайды. Ол бала өспейді деп ойлаймын. Айналамнан осы құбылысты көп көремін. Өмірде кездесетін жәйт қой.


– Балаларымызға көп көңіл бөлеміз деп жатырсыз ғой. Олардан нені талап етесіздер?

– «Ащы болса да шындықты айтыңдар» деп айтамыз. Сосын еркіндікке тәрбиелейміз. Осыған дейін өзім қатал отбасынан шыққаннан кейін бе, балдарды қатал ұстайтынмын. Қазіргі балаларды тәрбиелеу үшін өзіңе де білім керек. Әйтпесе өзіңе шауып, ақыл айтып тұрады.

Кенжебек қыз балаға қатты қатал. Басқа үйге қондырмайды. Қыздарды көп нәрседен тыяды.


– Әлеуметтік желіден үлкен ұлдарыңыздың денсаулығы туралы білдік. Туылғаннан сондай боп туылды ма?

– Соны қанша зерттеп өзіміз де біле алмадық. Қанша шетел араладық. Ол ақыл-есі түзу, тек құлағының естуі сәл төмен болды. Құлағы дұрыс естімеген соң сөйлеуінде мүкістік болатыны түсінікті. Ахмет қазір 13 жаста. Алматы қаласындағы №165 мектеп-гимназиясында оқиды. Сабақ үлгерімі жақсы. 6 жасында шетелден мамандар алдыртып операция жасаттық. Қазіргі жағдайы, Аллаға шүкір, жақсы. Ахметімізге ем іздеп, шырылдап жүргенде Қазақстанда есту аппараттары мен мамандар жетіспейтінін байқадық. Ота жасатып, аппарат қойған соң ең қиыны балаға тілді үйрету болды. Әр әріпті айту үшін 10-15 күндей жұмыс істейсің. Бізге білікті дефектолог маман табу қиын болды. Сурдопедагогқа айлап кезекте тұрдық. Кейіннен Кенжебек екеуміз ақылдаса келе сондай құлағының есту кемістігі бар балаларға арналған мектеп ашайық деп шештік. Мектебіміз 3 жылдай жұмыс істеп тұрды. «Ел назы» деген қор ашып, жағдайы төмен отбасы балалары тегін оқитындай етіп жасадық. Қазір карантинге байланысты жабық тұр. Баламды тасып жүргенде кейбір ата-ананың мұғалімге төлейтін ақшасы тұрмақ жолға әрең тауып келгенін талай көрдім. Баласы аурушаң, оқытқысы келеді, бірақ, ата-анада жағдай жоқ. Біздің мектебімізде 100-150-дей оқушы болды. Оқу ақысы тегін, тек жолын төлеп әкелсе болды. Есту қабілеті нашар балаларға арналған мектепті Түркістаннан да ашпақпыз. Ахмет қазір футболға қатты қызығып жүр. Қыздармен бірге отырып, ағылшын, орыс тілдерін үйреніп жүр. Англияға, Португалияға барамын деп армандайды.


– Ахмет сияқты балалар ерекше болып келеді. Оның бойынан ерекшелік байқайсыз ба?

– Ерекшелігі өте көп. Сенің қабағыңнан ішкі ойыңды түсініп қояды. Ойлау қабілеті мен жады өте мықты. Алғыр, ойы ұшқыр. Барлық жағы жақсы дамыған, тек құлағы нашар.


– Өзіңіз қандай келін болдыңыз?

– Маған сәлем салу сәл қиындау болды. Менің өскен жерімде келіндер аталарымен бет сүйісіп амандаса береді. Келін боп түскенде былай сәлем саласың деп үйретті. Мен «иә» деймін де, тура сәлем салатын кезде ұмытып қалдым. «Қалай еді?» деп абысыныма жүгіріп бардым. Ол кісі «былай» деп көрсете салды. Бірақ, мен оның көрсеткенін артынша ұмытып қалдым. Сәлем салуды солайша әркімнен сұрап үйрендім. Қазір барлық жерде саламын. Қаланың қызы далаға келін болғанда оңай болмасы анық. Менің ата-енем болған жоқ. Қайынаға, қайынәпкелерім маған ешқандай талап қоймады. Ауылға барғанда сәлемімді салып, қолымнан келгенше дұрыс келін болуға тырысамын.



ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Тұрмысқа тұтылып, түтіліп, жұтылып кетпеңіз!» : Қарақат Әбілдина әйелдерді ДЕМАЛУҒА шақырды


«Киркоров болса итеріп жіберер еді» : Тыңдарманы Қуандық Рахымның құшағына кіріп кетті