Мысалы, көшеде келе жатып өз балаңызға "тәйт" деп айта алмайсыз және қандай да бір біздің елдегідей тыйым салу деген сияқты дүниені сақтықпен жасайсыз.
Ол жерге жылына 75 миллионнан астам адам барады. Демек, күн сайын мыңдаған адам өзінің санасындағы Американы көру арманын орындайды. Қазіргі жастардың көбі осы бір асқақ елді көруді, сонда өмір сүруді, білім алуды және ақша табуды қалайды. Сол бір арманға бізді бала кезде көрген фильмдер жіпсіз тартатындай. Осы арман менің бүгінгі кейіпкерімді де Америкаға құштар еткен.
АҚШ туралы жазбаларымен инстаграм оқырмандарына жақсы таныс @kundelik_usa парақшасының авторы, Нью-Йорк қаласының тұрғыны, үш баланың анасы – Назым Қанқожамен желі арқылы танысып, бірнеше сұрақтарымызға жауап алдық.
Қарашаш Есенбай: Сәлем, Назым! Сізбен және сіздің парақшаңызбен танысқаныма қуаныштымын! Алдымен оқырманға өзіңізді таныстыра кетсек және Америка күнделігін жазу туралы ой қайдан келгенін білсек?
Назым Қанқожамен: Сізбен танысқаныма мен де қуаныштымын! Өзім жайлы айтар болсам, Шымкент қаласында туып-өсіп, сол қалада оқығанмын. Техникалық лицейді және Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетіндегі «Қоршаған ортаны қорғау және тіршілік қауіпсіздігі» деген мамандық бойынша тәмамдадым. Аз уақыт осы салада қызмет жасап, декреттік уақытта жеке кәсіптермен айналыстым. Қазіргі таңда шетелде тұрып жатқандықтан, үш баланың тәрбиесімен айналысып отырған анамын.
Блог жазу туралы идеяны достарым айта бастады. Негізінен оны бастауға түрлі себептер болды, мысалы көбінде АҚШ-қа оқуға, саяхаттауға келген таныстарым өздерін мазалаған сұрақтарын қойып жатады. Сондайда көрген тәжірибеммен бөлісіп, жөн сілтеп жүремін. Сондықтан болар «Осы кеңестеріңді топтастырып блог етіп жаз» дегендер көбейді. АҚШ туралы ақпаратпен бөлісу мұнда келетін адамдардың өмірін жеңілдетеді деген оймен бастап кеттім.
Қарашаш Есенбай: Шетелде тұру туралы ой неден туды?
Назым Қанқожамен: Шетелде тұру - студент кезімнен келе жатқан арманым. Өзімнің осында келіп тіл үйреніп, білім алып, шетелде өмір сүріп тәжірибе жинасам деген ойым болатын. Бірақ студент кезімде ата-анам мені жалғыз жібермегендіктен арман болып қалған еді. Содан тұрмыс құрып, отбасылы болған соң, қайтадан тіл үйренсек, оқу оқысақ деген арманымыз қайта қылаң бере бастады. Сосын өзімізге мақсат қойып, білім алу үшін Америкаға келген жайымыз бар.
Қарашаш Есенбай: Неліктен Америкада өмір сүруді таңдадыңыздар? Ол елдің қандай артықшылықтары сіздерге ұнады?
Назым Қанқожамен: Өйткені, Америка басқа елдерге қарағанда иммигранттар көп шоғырланған мемлекет. Мұнда қай елден, қай ұлттан болмасын, қай діннен болмасын келген адамға «құшақ жаяды». Өздері өте ашық, толерантты ел болып табылатындықтан осы елге таңдауымыз түсті.
Одан бөлек, Америка университеттері де әлемдегі білім беру саласында алда келе жатқанын айта кету керек. Осы мемлекеттің беретін білім тәжірибелерін алсақ деген мақсат болды. Жалпы ауа-райы жағынан да, өмір сүру жағынан да ыңғайлы ел. Америкада қысы бар штатқа немесе төрт мезгілі бар штатқа, ал «тек жаз керек» десеңіз, жылы штаттарға бара аласыз. Аталған себептер бойынша, шетелдің ішінде Америка барлық жағынан өмір сүруге ыңғайлы ел деп айтар едім.
Бұл елдің бізден айырмашылығы – өзгенің саяси ұстанымына, салт-дәстүріне, діні мен сеніміне сыйластықпен қарайтын ел. Басқаларға көңіл-күйлері түспейтіндей комплимент айтатын, үнемі күлімдеп жүретін халқы бар. Толерантты ел ретінде сіз қандай діни сенімде болмаңыз, қандай киім киіп жүрмеңіз, құрметпен қарайды. Яғни, адамның жеке шаруасына араласпайды. Одан кейін, халқы өте кішіпейіл, ашық. Кез келген америкалықпен көшеде кездесіп, сөйлесіп дос болып кетуіңіз мүмкін. Өйткені мұндағы халық біздің ата-бабаларымызда имигрант болып келген деп үйретуге, көрcетуге, көмектесуге дайын тұрады. Үкіметі де, халқы да әділетті. Бәрі заңға бағынады және заң жұмыс істейді. Маған осы артықшылықтары ұнады.
Қарашаш Есенбай: Осы жерде көпшілікке қызық сұрақ деп ойлаймын, виза туралы ақпараттарыңызбен бөліссеңіз? Қандай виза тиімді, қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
Назым Қанқожамен: Көбінде Америка Құрама штаттарына екі түрлі визамен келеді. Туристік және студенттік виза. Қайсысы тиімді дегенге келер болсақ, ол адамның жоспарына байланысты. Егер қысқа мерзім болса туристік виза дұрыс, ол алты ай уақытта қамтиды. Қазақстандықтарға бұл он жылға беріледі, осы уақыт аралығында сіз алты айдан келіп кетіп жүре аласыз. Ал сізде ұзақ мерзімді мақсат болса, Америкада өмір сүріп көру, тіл оқу, білім алу сияқты жағдайларда студенттік виза тиімді.
Қарашаш Есенбай: Ағылшын тілін білмейтін жандар үшін АҚШ-та тұру, жұмыс істеу қаншалықты мүмкін?
Назым Қанқожамен: Әрине, ағылшын тілін білмей келіп жататындар өте көп. Осында келіп басынан білім алып, ағылшын тілін үйреніп, оқуға тапсырып жататындар бар. Бірақ ол үлкен қажыр-қайратты, қаржыны, уақытты талап етеді. Менен көпшілік кеңес сұрағанда, оларға ағылшын тілін мүмкіндігінше елден біліп келген дұрыс деп кеңес айтамын. Өзіміз де басымыздан кештік, келген кезде ағылшын тілі деңгейі төмен болды. Сондықтан бізге ағылшын тілін меңгеру ұзақ уақыт алды. Қазақстанда осы деңгейге жету үшін аз қаржы жұмсауға болар еді, салыстырмалы түрде Америкада ағылшын үйрену қымбатқа түсті. Мұндағы тіл курстары бизнеске, ақша табуға негізделген. Сізге бір ағылшын деңгейін созып, ұзақ мерзім 6 айға дейін оқытады. Бұл қалтаңыздан ай сайын кемінде 500$ не одан да көп ақшаны талап етеді. Ал тілді қажет етпейтін жұмыстарға келсек, ондай жұмыс түрлері бар, бірақ олар әдетте аз төленеді және онда деңгейіңіз өспейді. Тілді білмегендіктен қызмет көрсету саласында ұзақ жылдар бойы жүрген жастар көп. Америкада ағылшын тілінсіз мақсаттарыңызға жетуіңіз қиын. Сондықтан тілді елде үйреніп келген дұрыс деп ойлаймын.
Қарашаш Есенбай: Жастар «өмір сүру сапасы жақсы» деп АҚШ-қа ұмтылады, орташа жалақы мөлшері бізден көп екені айқын. Ал тауарларының бағалары біздің елдегі жағдайға қаншалықты ұқсас?
Назым Қанқожамен: Әрине, соңғы жылдары Америкаға келетін қазақстандықтардың саны артқаны байқалады. Себебі, Наурыз сияқты ортақ мерекелерге жиналғанда өте көп қазақтар бас қосамыз. Көпшілікті мұнда қызықтыратыны төлемақының жоғары екендігі ғой. Сіз кім болсаңыз да еңбегіңіз сағатпен бағаланады. Ең төмені 7-10$ төлейді. Сондықтан осы жайт көпшілікке ұнайтын сияқты.
Тауарларына келер болсақ, азық-түлік бағалары туралы парақшама ақпарат жазып жүргенде көпшілік «Қазақстандағы бағамен шамалас» деп жазып жатыр. Бірақ мұнда азық-түлікке шығын табыстың 5-8%-ын ғана құрайды. Жылдың төрт мезгілінде де баға тұрақты. Тағы айта кететін жайт, тауардың сапасына қарай бағасы қымбаттай береді. Алайда, халықтың айлық табысы жақсы және тауар бағасы сәйкес екенін айту керек. Тіпті көліктерді де қолжетімді бағада аласыз. Таңқалатын тұсы, Америкада себепсіз баға өспейді және барлық қалалардағы бағалар шамалас келеді.
Қарашаш Есенбай: Жолдасыңыз екеуіңіз үш баламен Америкада өмір сүріп жатыр екенсіздер, артықшылықтары мен қиыншылықтарына тоқталсаңыз?
Назым Қанқожамен: Артықшылықтары балаларымыз біз өткен тәжірибені көріп жатыр, бұл алдағы өмірлеріне азық болары сөзсіз. Одан кейін тіл үйренді, келген соң алты айда ағылшын тілінде сөйлеп кетті. Осы жақтың білім беру, тәрбие беру сияқты мүмкіндіктерін алып жатқандығы басты артықшылықтары деп ойлаймын.
Қиыншылықтарына келер болсақ, әрине үш баламен шетелде тұру оңай емес. Ауыратыны бар, ата-әжесін сағыну бар дегендей моральдық қиындықтары болады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Нумеролог танымал хиттар мен сайтқа жорамал жасады
Материалдық қиындықтарға келер болсақ, сіз балалы отбасы болсаңыз бір бөлмелі пәтер берілмейді. Америкада баланың жағдайына баса назар аударады, сіз шетелден келсеңіз де балаңызға жағдай жасауыңыз керек. Мысалы, көшеде келе жатып өз балаңызға "тәйт" деп айта алмайсыз және қандай да бір біздің елдегідей тиым салу деген сияқты дүниені сақтықпен жасайсыз. Ұрысқаныңызды көрген куәгерлер баланың жағдайын қадағалайтын әлеуметтік орталыққа хабар беріп, сізге қиыншылық тудыруы мүмкін.
Баламен келгесін үлкен үй алу керек болады, әр баланың санына қарай үйдегі бөлме саналады. Мысалы екі балаңыз болатын болса ол балаларға артық бөлме алуыңыз керек. Екіден көп болса да оларға бөлек тағы бөлме қарастыру керексіз, яғни олардың жеке кеңістігі болуына жауаптысыз. Үлкен үйді алу - үлкен қаржыны талап етеді. Біздің елдегідей «Бір бөлмеде балалармен тұра қаламыз» деген дүниелер жүрмейді. Мұнда ондай жағдай жасай алмасаң, тексеріс келіп, ата-ана құқығыңызды қарастыруы мүмкін.
Қарашаш Есенбай: Америкалықтар баланың оқуына, тәрбиесіне қаншалықты мән береді? Олардың методикаларынан қандай өзгешеліктер байқадыңыз?
Назым Қанқожамен: Ең бірінші айтатын дүние - америкалықтар балаларын тәрбиелемейді. Тұлға ретінде тең көріп, олармен санасады. Байқағаным, олар тек заңға бағынуды ғана үйретеді. Балалар балабақшадан бастап бірінші өзінің құқықтары мен міндеттерін біледі.
Басты өзгешілік - балалар ойын еркін жеткізеді, пікірін ашық айта алады. Жалпы тәрбие, оқу, білім жағынан толық еркіндік берілген. Тағы бір байқағаным баланың академиялық оқуына қатты талап қоймайды. Мектептің өзі де баланың академиялық жақсы оқуға мән беруіне мүдделі емес. Баланың білім алуын көздейді, дегенмен бірінші орынға баланың шығармашылық дамуын, ойлау қасиеттеріне көңіл бөледі. Мектеп өз біліміңе жауапкершілік алуды үйретеді, баланың бағасын ашық қоймайды. Сондықтан, баға үшін оқитындар жоқ. Тәртібі, үлгерімі сияқты мәліметтерді басқалардың көзінше талқыламайды, әр ата-анаға жеке айтылатын құпия ақпарат боп саналады. Емтихандарда көшіріп болса да нәтиже көрсету деген жоқ, білімді өзің үшін алу керегін оқушыларға ұқтыра алған деп есептеймін.
Америкадағы әрбір ата-ана баласының кітап оқуына көңіл бөледі. 6 айлық балаларымен кітапханаға барып кітап таңдау, қызықтырып оқу, кеш сайын балаларына ертегі оқып беру дәстүрлі орындалатын іс. Олармен бірге түрлі іс-шараларды өткізу, спорттық ойындарға қатысу жанұялар үшін өте маңызды оқиға. Әр демалыс сайын балаларға көңіл бөліп, отбасымен бірге жиі саяхаттайды. Осы қасиеттері бізге ұнады және жақсы үрдістерді жанұямызда дәстүрге айналдырдық.
Қарашаш Есенбай: Американың азаматтығын тиімді ме, әрі ол қалай жүзеге асады?
Назым Қанқожамен: Америка азаматтығын алу өте қиын. Оның түрлі жолдары бар, ең бірінші осында дүниеге келсе азаматтық автоматты түрде беріледі, екіншісі америкалыққа тұрмысқа шығу немесе үйлену, үшіншісі «грин карта» алған жағдайда әрі қарай азаматтыққа ауыстыру. Егер Америкалықпен отбасын құрмасаңыз, сізде бір ғана жол "грин картаның" алу жолдарын қарастыру. Грин картты алу, әрі қарай азаматтыққа қол жеткізу үшін адамдар өзінің он жылға жуық уақытын жұмсайды. Сондықтан алу жолу оңай әрі жылдам болады деп айта алмаймын. Егер, алған жағдайда әрине, ол тиімді. Қателеспесем, америкалықтар үшін 150-ден астам елге визасыз кіруге мүмкіндік бар. Екіншіден, Америка үкіметі сіздің қауіпсіздігіңізді өз мойынына алады. Сіз қандай жағдайда болсаңыз да елшілік сізде алып шығады және құқығыңызды қорғайды. Тағы бір артықшылығы, әртүрлі әлеуметтік бағдарламаларға қатысуға, тегін немесе жеңілдетілген білім алуға болады.
Қарашаш Есенбай: Саяхат қашанда тәжірибе, сабақтарға толы болады ғой. Сіз осы уақытта қандай тәжірибе жинадыңыз? Нені түсіндіңіз?
Назым Қанқожамен: Әрине, шетелде тұру көп тәжірибе береді. Соның ішінде ешкімге арқа сүйемей, ешкімнен көмек күтпей өзің шешім қабылдап, алға басуға үйретеді. Осы қасиет өсуіңе, жетістікке жетуіңе керек. Өйткені, елде ата-анамызға, жақындарымызға арқа сүйеп үйреніп қалғанбыз. Ал мұнда жалғызсың, сондықтан кез келген қадамыңды жоспарлап, кірісің мен шығыныңды үнемдеп, алдыңды есептеп үйренесің. Уақыттың қадірін түсінесің. Шетелдің өмірі адамды пісіреді деп айта аламын.
Қарашаш Есенбай: Қазақ жастарының көбі ол елге жұмыс істеу үшін барып жатады. Ол жақтағы жалақымен елге миллионер болып келуді армандайтын жастар көп. Олардың мақсатқа жетуі қаншалықты шындыққа жанасады?
Назым Қанқожамен: Жұмыс істеу үшін келіп жатқан жастар көп екені рас. Бірақ аз уақыт ішінде миллионер болып кете алмайды. Өйткені, мұнда өмір сүрудің өзі қымбат, пәтер жалдау, күнделікті шығын, барлығы қымбат болғандықтан, келе салып миллионер бола алмайды. Бірақ белгілі бір мақсаттары үшін қаржы жинап кетіп жатқан жастарды жиі көреміз. Сондықтан, ол реалды сомадағы қаржы болса, жинай алатын шығар. Өйткені мұнда еңбек жақсы бағаланады. Шетелге тек мақсатпен келу керек, ал құр романтикаға салынып, арманмен келу бос әурешілік болады.
Қарашаш Есенбай: Құпия болмаса, Америкада өмір бастау үшін қанша қаражатпен жолға шықтыңыз?
Назым Қанқожамен: Америкадағы алғашқы шығынды дұрыс есептеу үшін, таңдаған қалаңыздағы пәтердің бағасын білу керек. Штатқа байланысты бағалар әртүрлі болатынын да ескерген жөн. Мысалы, Нью-Йоркте шығын көп болады, ал ірі қалаларынан басқа жерлерде арзандау. Біз келетін кезде арзандау Дэвис дейтін қаланы таңдадық. Ол жерде бізге автобусқа мінудің қажеті жоқ болды, өйткені волесипедпен жүруге болатын. Сонымен мың долларға пәтер жалдап, бірінші айда бес жүз доллар депозитін төледік. Ал тамаққа орта есеппен 300-400 доллар жұмсадық. Сондай-ақ телефон байланысына кететін шығын айына елу доллар болды.
Ал сіздің баратын қалаңыз қымбаттау болса артық ақша болғаны дұрыс. Нью-Йоркте өмір сүру қымбат дедім ғой, мысалы 2 000 долларға пәтер жалдайтын болсаңыз, екі ай допозитпен - 6000 доллар, тағы пәтер тауып берген адамның қызметіне бір айдың ақысын бересіз. Сонда тек алғашқы айға - 8000 доллар жұмсайсыз. Одан бөлек шығындарды қосқанда, 10000$ жуық қаржы керек болады.
Қарашаш Есенбай: Сіздің ойыңызша, адамдар неге Америкада тұруға ұмтылады?
Назым Қанқожамен: Себебі Америка бізге балалық шақтан кино, мульфильм, жарнама арқылы миымызға сіңген. Біз америкалықтардың киносын көріп өстік, өскен кезде адамдар сол аймақтарға барғысы келеді, өз көздерімен көргісі келеді. Кино арқылы тек бізді ғана емес, бүкіл әлемнің адамдарын тартып отыр. Сосын еркіндік үшін, демократиясына ұмытылады деп ойлаймын.
Қарашаш Есенбай: Өзіңіздің алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз, елге қай кезде оралуды мақсат етесіздер?
Назым Қанқожамен: Мақсаттарымыз өте көп, бастысы - халықаралық деңгейде маман атану, білім жинақтау. Күйеуімнен соң, өзім де осында магистратура оқу ойда бар. Жоспарымыздың тағы бір тұсы, балаларымызға қатысты. Балаларымызды озық әдістерімен тәрбиелеп, сапалы ұрпақ қып өсіру. Қазір тұңғышымыз мектептен тыс, STEM бағдарламасы аясында білім алып жүр. Одан бөлек, біраз жылдан бері таэквандомен айналысып жақсы жетістіктер көрсетуде. Жақында ғана Нью-Йорк штатында өткен жарыста бірінші орын алып, алтын медаль жүлдегері болды. Бұл Американың ұлттық турнирлеріне жолдама берді. Осы сияқты алып елдің мүмкіндіктерін барынша пайдаланғымыз келеді. Бұйырса, білім жиып, 2-3 жылда елге оралу жоспарда тұр.
Қарашаш Есенбай: Болашақта тағы да басқа елдерде өмір сүріп көргіңіз келе ме? Қай елді ерекше атап айтар едіңіз?
Назым Қанқожамен: Мен Скандинавия елдеріне саяхаттағым келеді, оның ішінде Финляндия, Швейцария мемлекеттерінде өмір сүріп көрсем деймін. Ол жақтағы елдің озық тұстарымен танысып, білім беру жүйесі қандай екенін білуге қызығамын әрі әлемдегі үздік деп аталатын мектептер жүйесін ата-ана ретінде көргім келеді.
Қарашаш Есенбай: Құнды ақпараттарыңыз үшін, рахмет! Мақсаттарыңызға жетіңіз!
Автор: karashash_esenbay
Фото: kundelik_usa