Kosmuse: “Жапырағым” әнін оқырмандарыммен бірге жаздым"

0
1 733

Менің бүгінгі кейіпкерім - сахнадағы жаңа есім, ретро әндерге жаңаша леп беріп жүрген Kosmuse.


 Kosmuse: “Жапырағым” әнін оқырмандарыммен бірге жаздым

Сәлеметсіз бе, Нұрдәулет! Kosmuse лақап атыңызға тоқталайықшы? Мағынасына тоқталыңызшы?

Кішкентай кезімнен мені отбасым “Кос” деп еркелететін еді. Қалай шыққаны белгісіз, жай ғана еркелету арқылы шығып кеткен ат. Өсе келе барлық таныстарым да солай атай бастады. Музыкалық мансабымды бастарда өзіме лақап ат ойлап табу керек болды. Кос деген есім бекерге кіші кезімнен бері артымнан келе жатқан жоқ шығар деп осы атты қолдандым. Сонымен Kos-қа сәл ерекшелетіп ағылшынның Muse, Music сөздерін қосып “Kosmuse” шығардым. Оқылуы “Космюз”. Мені танитындардың жартысынан көбі Космюзды қате оқиды.

Ескі әндерге ерекше леп беріп жүрсіз? Бұл идея қашан, қалай пайда болды?

Танымал әндерге кавер түсіруден басталды. Ағылшынша, орысшаны да көргенмін бұған дейін. Солай кезек өзіміздің қазақша ескі әндерге де келіп осы бағытты ұнатып ұзақтау тұрақтадым.

Халық қалай қабылдап жатыр?

Халықтың барлығы үшін жауап беру қиын екен, бірақ маған тыңдармандардың ішінде жазып қолдауларын білдіріп, не сезінгенін айтып тұратындар бар. Олардың жақсы пікірлері келесі туындыларды шығаруға демеу береді.

Сіздің аудиторияңыз қандай жас аралықтарын қамтиды? Зерттеп көрдіңіз бе?

Ия, әлеуметтік желілердің статистикасын зерттеп қарап жүремін. Уақыт өте менімен бірге қартайып жатыр екен. Ең көбі студенттерден бастап 35 жастағылар арасы.

Авторлық әндеріңіздің сөзін сеніп кімге тапсырасыз?

Осыған дейінгі авторлық әндерімнің барлығының сөзі мен әнін өзім жазғанмын. Бірақ қазір бір әнмен жұмыс істеудеміз. Менде әні мен сөзін өзім жазбаған алғашқы ән болғалы тұр. Әннің авторы өзімнің саунд продюсерім Шымкенттік Сафи-Фазыл деген жігіт. Бастапқыда өзі орындап жүрген ән еді, ал маған қатты ұнайтын. Енді қазір соны маған тарту етті. Бұйыртса осы маусым айында жарық көреді.


Сізде ерекше стиль мен көпшілік алдында сұраныс қалыптасып келе жатыр. Арнайы продюсеріңіз бар ма?

Арнайы продюсер жоқ. Алдағы уақытта керек болуы мүмкін. Саунд продюсерлерім бар. Маған әнін тарту еткен Сафи деген жігіт пен Тохтар деген жігіт. Олар гитарада шығарған әндердің стилін анықтап, керекті аспаптарды қосып сапалы етіп жазып береді.

Kosmuse қазақ тілді тыңдармандар аудиториясына қандай өзгешелік алып келді?

Менікі жай іштегі, ойдағы шабытпен келген өнерді сыртқа шығару. Егер бұл қазақ тілді аудиторияға ұнаса көңілінен шықса, пайдаға тисе, қазақ тілінің өркендеуіне кішкене болса да үлес қоса алса өте қуанышты болар едім.

“Жапырағымның” тарихына тоқталыңызшы?

Жапырағым — менің авторлық әндерімнің ішіндегі ең танымалы. Әннің шығу тарихы мен үшін ерекше. 2020 жылы күзде инстаграмда сториста оқырмандарымнан сұраған едім “менің ән шығарғым келіп отыр, соған тақырып айтсаңыздар” деп. Неше-түрлі тақырыптар келді. Солардың ішінде “Жапырағым” дегенге көзім түсті. Басында күлкілі болған мен үшін. Тоғжан деген бір қыз жазған еді. Тура күз мезгілі болатын, шабыт келіп сол жерде бірден шығара кеттім. Осы себепті мен “Жапырағым” әнін оқырмандарыммен бірге жаздым деп айтып жүремін.

Әнге, өнерге алып келген қандай фактор?

Әке-шешемнің айтуы бойынша тілім шыққалы бері әй айтқан екенмін. Өсе келе мектепте оқып жүргенде іс-шараларда көп айтқызатын. Бірақ сол мектепте музыканы тастап кеттім, музыка меніңкі емес деп жүрдім біраз уақыт. Кейін гитара үйреніп бастадым, колледжге түстім. Колледжде әнші керек болып біреулер мені ән айтатыны бар осы жігіттің деп айтып қойды. Мен ән айтпай ақ қойсам екен деп жүретінмін. Ұнайтын бір ән бар еді гитарада. Мейлі деп келісіп сол әнді бір іс-шарада айтып бердім. Musicola-ның “Сен мұңыңды бер маған” деген әні еді. Әнді айтып болған соң көрерменнің ықыласы маған өте жылы болды, қатты әсер етті. Содан бері музыкаға деген құлшынысым өсе берді-өсе берді.

Өнерде болатын әділетсіздікке сенесіз бе? Өз көзіңізбен көрдіңіз бе?

Әркімнің өзінің ерекше жолы, стилі бар. Қазіргі қоғамда әнші сұранысқа ие болғысы келсе тек ән айтып жүру жеткіліксіз. Керек уақытта керек жерден табыла білсе әділетсіздік жоқ.

Kosmuse кіммен үзеңгілес? Кіммен атыңыз қатар аталады?

Кез келген танымал артистпен атым қатар аталса қуанамын. Көп әншілерді қарап жүремін. Соңғы кезде бізде Dosekesh, Kilemger деген талантты әншілерді байқадым, ұнады.

Негізгі мамандығыңыз?

Негізгі мамандығым - аудармашы, енді мұғалімнің дипломын алмақшымын.

Жоспарыңыз?

Жоспарым авторлық әндерімді жиірек және көбірек шығару, көп жеке кештер беру.

Он жылдан кейінгі Нұрдәулет? Не күтеміз?

Он жылдан кейін Нұрдәулет аманшылық болса халқына пайдасы тиген болса екен деймін.

Сұхбатыңызға рахмет!


Сұқбаттасқан Қарашаш Есенбай