Құралай Ханым: " Даттайтындардың да мені оқитынына 100 пайыз сенімдімін!"

0
11 208

Оның арманы - қазақ әйелдерінің түсінігі мен тұрмысын өзгерту. Сол үшін бар білгені мен оқығанын оқырманымен ашық бөліседі. Жақында ғана "Бақытты әйел" бағдарламасын жүргізе бастаған бақытты әйел, психолог-коуч, алты баланың анасы Құралай Ханыммен тілдескен болатынбыз. Оның құпиялары мен кеңесін қаз-қалпында сіздер үшін арнайы жариялап отырмыз.


Құралай Ханым:

Оның арманы - қазақ әйелдерінің түсінігі мен тұрмысын өзгерту. Сол үшін бар білгені мен оқығанын оқырманымен ашық бөліседі. Жақында ғана "Бақытты әйел" бағдарламасын жүргізе бастаған бақытты әйел, психолог-коуч, алты баланың анасы Құралай Ханыммен тілдескен болатынбыз. Оның құпиялары мен кеңесін қаз-қалпында сіздер үшін арнайы жариялап отырмыз.

Қарашаш Есенбай: Құралай ханым, сәлеметсіз бе? Сізді телевизия әлеміндегі дебютіңізбен құттықтаймын! «Бақытты әйел» бағдарламасының бір тізгіні өзіңізде, алдымен осы бағдарламаға қалай келгеніңізді айтып берсеңіз?

Құралай Ханым: Рақмет, жаным! Телевизияға келуді көп армандадым, себебі инстаграм желісіне жазып, семинарда айтып жүрген дүниелерімді шет ауылдағы қарапайым қазақ әйелдеріне айтқым келді. Өйткені психология барлық әйелге керек, шетелде бұл дүние бұрын дамып кеткен. Қазір заманымыз өзгеріп жатыр, бұрындары апаларымыз материалдық тұрғыдан шаршаса, біз қазір моральді шаршап жүрген адамдармыз. Психологияны қазақ әйелдеріне алғашқы болып жеткізгім келді. 20 жыл ауылда тұрып, өткен жазда Астанаға көшіп келгесін, саналы түрде армандап, ешқандай тамыр-таныссыз осындай дүниеге жеттім.

Қарашаш Есенбай: Сынап, мін тағатындар бұрынғыдан да көбейгені түсінікті. Өзіңізге айтылып жатқан сынға қалай қарайсыз?

Құралай Ханым: Айтылып жатқан сын көздердің мінін құптаймын! Мүмкін дұрыс та шығар, өйткені журналистер мен мықты психологтар көп, олардың да осы дүниелерді айтқысы келетін шығар?!

Енді "сын түзелмей, мін түзелмейді" дегендей, айтқандарына келісемін. Ақырындап түзеліп келе жатырмын, дикциядан сабақ алып, өзге де сабақтарды үйренуге тырысып жатырмын. «Сіздікі дұрыс емес, үйдегі тұрмыстық әңгімені айтудың қажеті жоқ!» деп айтатын кісілердің өздері үйінде тығылып мені оқитынына 100% пайыз сенімдімін. Бұл менің ойымнан шығарып алған дүние емес, ғасырлар бойы айтылып жүрген әңгіме. Тек бізге енді келіп жатыр, оны мен қазақы менталитетке сай ұштастырып айтып жүрмін. Мен айтпағанда кім айтады?! Мысалы ене мен келін тақырыбын 20 жыл енемен тұрған мен айта аламын ба, 5 жыл университет оқыған қыз айта ала ма? Мысалы шетелде спорт бағдарламасын спортшы, медициналық хабар болса, ішкі асханасын білетін дәрігерге жүргізеді. Сол сияқты әр саланы білікті адамы айтуы керек! Алға қойған мақсатым айқын, жүз адамның ішінен бір адам болса да құптап, өз өміріне ұштастырса, мен арманыма жеттім деп есептеймін!

Қарашаш Есенбай: Құралай ханым, Астанаға өткен жылы ғана көшіп келдіңіз, қоныс құтты болсын! Инстаграм парақшаңызда мұны екі жыл бұрын армандағаныңызды жазған болатынсыз. Арманның орындалуы үшін қалай дұрыс армандау керек? Оқырмандармен құпияңызды бөлісіңізші...

Құралай Ханым: Білесіз бе, жадымыз (подсознание) біздің көп сөздерімізді түсінбейді. Мысалы семинар өткізіп тұрған кезде, маған келіп тұрған ақпараттарды айтып үлгермей қаламын. Тілдің ұшына келген ақпарат пен ойымдағы сөзді бірге жеткізе алмаймын. Сосын үйге келгесін "Туу, ананы айтпаппын ғой, мынаны айтпаппын ғой...» деп өкініп жатамын. Сондықтан біздің жадымыз сөзімізді жақсы түсінбейтін сияқты деп ойлаймын. Мысалы «Мен семіз болғым келмейді!» деп айтсаң, жадың «Семіз» деген сөзді жаттап қалады. Ал психологияда «Мен сымбаттымын!» деп армандаған дұрыс деп айтады.

Осы орайда, бір оқиға айтып берейін. Бір бойжеткен Алланың жолында жүріп, Жаратқанға деген сенімін жоғалтудан қорқып үнемі «Менің саған сенімім өшпесін! Сенімім жоғалмайтындай, тоқтамай құлшылық етуімді қабыл ет!» деп тілейді екен. Бір күні ол қатты ауырып, жатырын алып тастауға тура келеді. Нәтижесінде етеккірі келмесе, намазы үзілмейді, көрдіңіз бе...?

Сосын біздің жадымыз пойыз сияқты... Пойыз келіп тоқтай бастағанда кішкентай кірпіштер қойып қояды. Ал өте қатты жылдамдықпен келген пойызға кішкентай кірпіш емес, танк қойсаңыз да жұлып түседі. Арман да сол сияқты, бүгін «Астанадан үш бөлмелі пәтер мен инженер жігіт керек!» дедің, енді ертеңгі күні пойызың жүріп бастаған кезде сен: «Жоқ, маған Астана емес, Алматыдан үш бөлмелі емес, бес бөлмелі пәтер керек! Инженер емес, аспаз жігіт керек!». - дейсің. Сенің жүріп бара жатқан пойызың арманың өзгергендіктен тоқтап, бағытын өзгертуі керек болады. Сосын бір күні жүріп арманыңды тағы өзгертесің, ал адам өзіне керекті өзі білмесе, Құдай қайдан біледі?! «Арманым неге орындалмайды?» деп көп сұрайды. Оларға айтарым, арманыңды нақтылап, анықтап ал! Сосын армандардың орындалуы үшін адамның рухани жағы да таза болуы керек. Адам өзін таза ұстаған сайын, жол ашыла береді. Біз Құдайға ұнауымыз керек! Мысалы, өзім ұстаз болдым, сол кезде жақсы оқитын баланы жақсы көресің, соларға кішкене көбірек айтасың. Бәрібір жақсы оқитын бала басқасынан артық болып тұрады. Сол сияқты адам да Құдайдың алдында басқаша болып, оны қуантып тұруы керек. Құдайды қуантқан сайын, ол сені қуанта береді. Сол сияқты арманның орындалуы, өзіңнің жеңілдігіңе байланысты.

Қарашаш Есенбай: Сол «жеңіл» дегеннен шығады... Бір жазбаңызда қыздарға жеңіл өмір сүру керек дегенді айтасыз. Бірақ ол біздің менталитетімізге қаншалықты сай келеді?

Құралай Ханым: Скарлет О’хараның киносында «Об этом я подумаю завтра...» деген сөз бар. Ал біз бүкіл қиындығымызды, несиемізді, баламызды, күйеуімізді үздіксіз ойлай береміз. Әйелдер нәзік жанды ғой, сондықтан бұндай міндеттерді күйеуге артуымыз керек. Мысалы қасымызда күйеуіміз келе жатса да сөмкені өзіміз көтереміз, үйдегі лампаны өзіміз ауыстыра саламыз. Еркелей білмейміз, өзіміздің айтқанымызға оларды сендіріп, оларға шабыт бере алмаймыз. «Әйел махаббат бергенде, күйеу ақша береді» дейді, әйелдердің күйеуім ақша бермейді, жұмыс істемейді дегеніне олардың махаббаттарының «кранигі» жабылып қалғаны себеп. Ал махаббат біткенде, күйеудің де ақша беретін «кранигі» жабылады. Содан әйел өз махаббат «кранигін» жауып, өзі ақша таба бастайды. Ал бұл екеуі - екі бөлек. Құдай о баста еркекке ақша мен мал табуды, ал әйелге үйге жылу беріп, тамағын дайындап отыруды міндеттеді. Құдай бізді солай жаратқан, біз ақша табу үшін энергиямызды жұмсап жүрсек біздің чакраларымыз жабылып қалады. Сол себептен үлкен жастағы әйелдерде көбінде зоб, жатыр маңының аурулары пайда болады. Әйелдік энергия жоқ кезде, әйелдік органдар зардап шегеді. Әйел әдемі көйлек кигенде, құрбыларымен әңгіме айтқанда, тамақ пісіргенде, өзіне ұнайтын іспен айнылысқан кезде энергия алады. Ал шайтан бізді қатты азғырғандықтан үйде отырып тамақ істегіміз келмейді. Оның үстіне барлығы жасалып тұрғандықтан шайтан: «Жасама, далаға шық» деп құлағымызға сыбырлап тұрады екен. Ал діңгегі бар әйел оған бағынбай, үйінде дұғасын оқып отырса, береке келе береді. Соны біз түсінбейміз. Далаға шығып еркектің жұмысын істегіміз келіп тұрады. Екеуі орындарын ауыстырғасын береке кетіп, бала зардап шегеді. Нәтижесінде қырықтан асқасын сүмелек күйеу мен мықты әйел шығады.

Қарашаш Есенбай: Жоғарыда сіз айтқан әңгіме қазақ әйелдерінің басым бөлігінде бар. Көбінің күйеуі ішкілікке, не жалқаулыққа салынып кетеді. Сосын өздері отбасы мен баласы үшін ақша табуға кіріседі. Қателік қай жерден болды? Еліміздің әр өңірінде семинар өткіздіңіз ғой, әйелдерден нені байқадыңыз?

Құралай Ханым: Біз соғыс кезінде тәрбиеленген әжелеріміздің менталитетін әлі қоя алмай жүрміз. Мысалы соғыс кезінде бір ауылда бір еркек болды, сонда біздің аналарымыз белді бекем буып, үйдегі балаларға ие болып, іске кірісіп кетті. Ол кісілер өздерін «Ешкімге сенбе, өзің еңбек ет!» деп тәрбиелеген, бізді де солай «Оқы, Жұмысыңды істе! Еркекке сенбе!» деп үйретеді. Әжелерімізде еркек өліп қалуы мүмкін деген қорқыныш жүректерінде қалып қойған. «Родовая Карма» дегеннен оқыған едім, сондай қорқыныштар аналарымыздан бізге психологиялық түрде кіріп кетеді екен. Бізді аналарымыз "Өзің оқы, өзің жұмыс істе, балаларыңды өзің бақ!" деп үйретіп қойған, өйткені әжелеріміз оларды солай тәрбиеледі. Шетелдік психологтардан оқып, біз еркектерді құртып бара жатқанымызды қазір түсініп жатырмын. Кезінде соғыста құрыса, қазір теріс жолға түсіп құрып жатыр. Ішіндегі мықты дегендері екінші әйелге кетіп қалады, себебі өз әйелі мықты, өзіне сенімді. Ал еркекке әлсіздер керек! Кез келген әйел жаңадан үйленген кездегі сезімді, сол уақытта жігіт жары үшін бәрін істеп тұрады ғой, сол күйді мәңгі бақи ұстап қалуы керек. Біз содан айырылып қаламыз. Бірінші бал айында ер азамат бәрін істейді, ол басқа адамдарға да көрініп тұрады. Сол күйді қыздар білместікпен жоғалтып алады. Өйткені бізде қыздарды келіндікке дайындайтын оқу жоқ. Мысалы ұшқыш болу үшін 4 жыл оқып, тәжірибе жүргізіп одан кейін ғана ұшаққа отырғызады. Ал оқытпай біреуді отырғыза салсаңыз, апат болады. Сол сияқты келіндерге отбасы деген үлкен кеме, оны сақтандыра алмайсың, ол кеменің өмірі саған байланысты дегенді түсіндірмей оқу-тоқусыз рөлге отырғызып жібереді. Біреулер әйтеуір намысқа тырысып, жан-жағына қарап үйренеді, енді бірі ол кемені тастап кетуге мәжбүр болады. Отбасы құрғандардың 80% пайызы ажырасып кететіні осы себептен.

Қарашаш Есенбай: Біздің әйелдер еркектің алдындағы міндетін білмейтін болып тұр ғой. Олардың көпшілігінде "Күйеуге тию керек пе, тиді, бала туу керек пе, туды" деген түсінік қатып қалған сияқты..?

Құралай Ханым: Сол ғой менің айтып отырғаным, қыздар күйеуге тию керек деп тиіп алады, сосын елден қалмай бала туайын дейді. Оқтың ортасында өмір сүріп жүре береді. Ажырасып кетейін десе елден ұялады. Негізі адам өзінің формуласын білуі керек! Мысалы бағдаршамның қызыл түсінде жүгіруге болмайтынын білесің, жасыл жанғанын күтсең жеңіл өтіп кетесің. Менің жеңіл өмір сүріңдер дейтінім осы ғой. Ер мен әйел өзінің міндетін білген сайын өмір жеңіл болады. Жүретін жері мен тоқтайтын жерін білуі керек, бұл Құранда да айтылған. Көптеген батыс ілімдерін оқып, оның бәрі Құранда айтылғанын түсіндім. Тек оны көбіміз түсіне алмайтын сияқтымыз.

Қарашаш Есенбай: «Келіндер мектебі» деп қалдыңыз, сондай мектепті өзіңіз ашқыңыз келмей ме?

Құралай Ханым: «Келіндер мектебі» дейсіз бе, білмеймін кейін қартайған кезде болмаса (күліп)?! Бірақ қазір «Келін» деген кітап жазып жатырмын. Оқуға жеңіл болсын деп, үлкен әпкесі сіңілісіне айтып жатқан ақыл сияқты жазудамын. Өйткені біздегі көп психологиялық кітаптардың тілі қиын. Қазір қоныс аударғасын аздап қиындап кетті, бірақ баспаға дайындап жатырмын. Сол кітапты «Кел – Інге» деп әдейі бөліп жаздым, ол сөздің өзі «кел, інге кір!» деген сияқты, яғни қазақтардың «қораға кір» дегені ғой (Күліп). Қазақта келін түскен кезден сәлем салдырып жатады, ал інге кіргенде де солай иіліп кіресің. Бұл кітапты тарау-тарауға бөліп мықты психологтардың айтқанын, қазақтың менталитетімен байланыстырып жазып жатырмын. Бұл кітап бір мектеп сияқты, әйелдің үзіліп бара жатқан үмітін жалғаса деп отырмын. Мен де қатты қиналдым, қиындықты оқу арқылы жеңдім. Ол жерде өзім келін болған кезде маған көмектескен, мені тоқтатқан ойлар мен алға жетелеген дүниелерді айтамын. Келіндіктен 20 жылдық тәжірибем бар, сондықтан ақыл айта аламын. Өзім де бір психологтың кітабын оқымай тұрып, автордың өміріне қарайтын әдетім бар.

Қарашаш Есенбай: Сіз әйелдерге "жұмыс істемеңдер, энергияларыңды жоғалтпаңдар" деп жиі айтасыз. Бірақ сіз өзіңіз еңбекқор адамсыз, сабақ бердіңіз, дүкен, балабақша аштыңыз. Бұны қалай түсінуге болады?

Құралай Ханым: Мен негізі жоғары оқу орнында жұмыс істеп жүргенде аптасына үш рет баратынмын. Толық мөлшерде ешқашан жұмыс істеген емеспін, әрі декретке көп кететінмін. Егіздерімді босанған соң үйде ұзақ отырдым. Оның алдында ерте жұмысқа шығып кететінмін, себебі IT технология білесіздер, тез дамиды. Ал егіздерімді босанған кезде үш жыл үйде отырамын дедім. Сол үйде отырған кезде шаршап, күйеуіме дүкен ашып берші дедім. Ол кірпіштен дүкен салып берді. Негізі менің күйеуім өмірбақи жұмыс істеді (күліп). Өткен күзде еңбек демалысына шығып, демалып жүргенде өзі «Мен 23 жылда енді демалысқа шығыппын!» деп күліп жатыр, оны мен демалдырмағанмын ғой (күліп). Теміржолда істейді, бұрындары талай жыл жолсерік болды, кейін вокзалға ауысты. Енді шыны керек, ер адамдар істейтін қара жұмыстың бәрін істеді.

Мен сол кезде күні-түні жұмыс істеп, өзгелер сияқты бала көтермей, бір ұл бір қызбен жүруіме де болар еді. Бірақ мен көп көңілімді отбасыма бөлдім, ұл туғым келді. Ал күйеуімді демалдырмаппын, қайта оның демалысқа шығуын күтіп үй саламыз, дүкен немесе балабақша саламыз, болмаса үйді жөндейміз деп жоспарлайтынбыз. Бір құрбым үйге келгенінде «Біреуің бала ту, біреуің үй сал" деп сендерді біреу қарғап кетті ме?" деп күлгені бар. Себебі ол әр жылы ол келген сайын құрылыс болып жатады, ал мен біресе аяғым ауыр, болмаса бала емізіп отырамын ғой (күліп). Мен негізі толықтай жұмысқа берілген емеспін. Әйел адам жұмысқа барғанда ешек сияқты қара жұмысқа кіріп кетпей ауырдың үстімен, жеңілдің астымен, әдемі көйлегін киіп алып жүру керек.

Кейін түрлі кітаптарды оқып өзім бір кәсіп ашқым келді. Ол кезде менің бес балам болған соң "Жұмысқа бармаймын!" дедім. Ауылда тұрсақ та, осы жерден бір нәрсе істеп жүрейін деп шештім. Сосын ауылда дүкен аштық, ойыншық сататын жер, стоматология деген сияқты ашылып кете берді. Күйеуім өзінің жұмысына кетеді, ал мен сол жұмыстармен айналысамын. Оның өзі менен көп пысықтықты талап еткен жоқ. Мен таңертең тұрғым келсе тұрамын, балаларыма пирог пісіргім келсе пісіремін, ал күйеуім жұмыстан келетін кезде ешқайда шықпаймын, мантысын істеп, банясын жағып күтіп отырамын. Міне, әйелдің жұмысы сондай болуы керек. Күйеуіме бүкіл жауапкершілікті артып, еркелеп жүре бердім. Еркек адам әйелді қорғағанды жақсы көреді, ол қазір де мен сыртқа шықсам «Өзім алып барып тастайын» деп қарайлап жүреді. Мен қыздарыма да «Папаңа айт, папаң істейді» деп үйреттім. Бәріміз соған кішкентай қыз сияқты болдық. Ол өзінің қорғаныш екенін біледі, өзінсіз біздің «өліп» қалатынымызды ойлайды. Ал қолынан бәрі келетін өзі сияқты әйелді көп еркек тастап кетеді. Сен қырыққа келсең де «Қай жаққа барамын, қалай барамын?» деп отыруың керек. Жігітте күш өте көп, оларды салыстырмай, көтермелеп отыруы керек.

Менің әкем 16 жасымда қайтыс болды. Ол кісі мені қатты еркелететін, екі ұлдан кейін туғасын, бар қалауымды орындайтын. Айырылған кезде өмірім бітіп қалғандай сезілді, кейіннен Талғатты кезіктіргенде ол менің әкем сияқты болды. Мен студентпін, ол жұмыс істейді. Тура папам сияқты қолымнан жетектек жүретін, күйеуге шыққасын да әрі қарай солай жалғасты. Қашан көрсең мен одан бірнәрсе сұрап отыратынмын. Біз әйелдер сұрасақ намысымыз кетіп қалады деп ойлаймыз, керісінше сұрап үйрен. Еркекті сүйе білу керек, оған әйелінің кез келген сөзі күш береді.

Қарашаш Есенбай: Сізге психологияны оқуға не түрткі болды?

Құралай Ханым: Менің ұл туғым келді. Бірінші қызымды босанған соң "Бала тууға болмайды!" дегеннен кейін менде қорқыныш пайда болды, көп ауыра бастадым. Сол кезде мен Луизаны оқыдым. Бойымдағы ауруларымды жеңуге сол көмектесті. Қыздарға сол үшін оқыңдар деп көп айтамын, түсінсін, олардың да армандары орындалсын деймін. Неге мен жеткенге олар жетпеске?! Адам психологиямен көп дүниені жеңуге болады.

Қарашаш Есенбай: Сол кездің өзінде ақша жетпей жүрсе де шетелдік тренердің сабақтарына барған екенсіз. Қазақтың еркектері психология дегенді онша түсіне бермейді ғой, сіз күйеуіңізге қалай түсіндірдіңіз?

Құралай Ханым: Мен алғашында өтірік алдадым (күліп). Жұмыста конференция деген көп болатын, оған жас мамандар деп бізді көп жібереді. Ондай кезде күйеуім сабаққа алып барып тастайды, кейде өзі менімен бірге кіріп жүретін. Ал ол үйде жоқ кезде телефонмен тек «Семинарға барамын» деп айтатынмын, өйткені "Правдинаның семинары" десем, ол шошиды. Біздің әріптестеріміздің көбі шетелге жиі шығатын. Шыны керек, ең бірінші рет Правдинаның семинарына өтірік алдап бардым, жанымдағы қыздарға да айтып қойдым. «Москваға барамыз» деп едім, «Жарайды, барып кел, үлкен қызымызды ала кет!» деді. Мүмкін сол кезде Правдина десем де жіберер ме еді, бірақ сол менталиттет қой біздегі. Кейін Стамбулға, Петербургке бардым, артынан айта бастадым ғой.

Қарашаш Есенбай: Қазір өзіңізден кеңес сұрайтын ер адамдар да көп. Осы орайда, күйеуіңізден тренер шығарғыңыз келмей ме?

Құралай Ханым: Жоқ, ол суретін салғаныма да жыны ұстайды (Күліп).

Қарашаш Есенбай: (Күліп) Сұқбат бергеніңізге рақмет! Отбасыңыз бен жұмысыңызға табыс тілеймін!