«Менің кетуімді екі орынбасарымның ұсталуымен байланыстырады» : Серік Сәпиев, олимпиада чемпионы

0
3 262

«Әкемнің ауыр сырқатына байланысты декреттік демалысқа шықтым»


«Менің кетуімді екі орынбасарымның ұсталуымен байланыстырады» : Серік Сәпиев, олимпиада чемпионы

Таяуда танымал боксшы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы қызметінен кетті. Қазақстанның бокс бойынша еңбек сіңірген спорт шеберінің лауазымынан босауы көпшілік үшін оқыс жаңалық болды.


Олимпиада чемпионы қайда бармақ? Неліктен ол өткен жылы декреттік демалыс алды? Оның орынбасарларын не үшін ұстады? Осы және өзге сауалдардың жауабы боксшымен болған сұхбатта.



– Сіздің спорт комитетінен кетуіңіз тосын жаңалық болды. Бәріміздің білгіміз келетіні, неге кетуге шешім қабылдадыңыз?

– Менің бұл ойым бұрыннан пісіп, жетілді. Мен салмақты шешім қабылдадым. Өмірде әрбір нәрсенің басы және соңы болады. Үш жылға жуық комитет төрағасы болып жұмыс істеп, мемлекеттік қызметтің барлық қызығын түсініп, спорт комитетінің төрағасы болып жұмыс істей жүріп, үлкен тәжірибе жинақтап, мемлекеттік қызметтен біраз уақыт кетуге шешім қабылдадым. Кейін оралуым да мүмкін. Бұл мүмкіндікті жоққа шығармаймын, бірақ қазіргі уақытта кетуге шешім қабылдадым. Спортта қалуды жоспарлап отырмын. Елге пайдам тисе деймін.


Яғни, сіз жай ғана келіп, өтініш жазып, министрге «Мен кетемін!» деп айттыңыз ба?

– Мен министрдің алдында бұл мәселені алдын айтқанмын. Менің мәлімдемем таңқаларлық емес еді. Адам кеткісі келсе, оны неге ұстау керек?


– Ал мемлекеттік қызметте не қиын?

– Жалпы комитеттегі жұмыс әр түрлі бағытта болды. Бізге заң шығарумен айналысуға, іс-шаралар, жобалар ұйымдастыруға, спорттың дамуымен, инфрақұрылымымен және елдегі спорттың барлық мәселелерімен айналысуға тура келді. Әрине, біз өңірдегі спорттың дамуын жергілікті атқарушы органдар атқаратынын түсінеміз, бірақ спорт саясаты, спортты дамыту стратегиясы, әрине, министрліктің еншісінде. Федерациялар, олимпиадалық спорт түрлері, олимпиадалық емес спорт түрлері және спортқа қатысты көптеген мәселелермен айналыстық.


– Ал, комитетте қарамағыңызда қанша адам істеді?

– Менің қол астымда 50-ден астам адам болды.


– Сонда сіздердің міндеттеріңіз қандай еді?

– Біздің міндеттімізге курьерлік, мақсатты бағдарламалар, кешенді жоспар, спортты дамыту стратегиясы кірді.


– Үш жыл ішінде «мынаны тындырдым» деп айта алатын не бар?

– Біз дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша заң қабылдадық, онда біз сабақтан тыс, оқу орындарының мұғалімдеріне қосымша ақы төлеуді, балалар, жасөспірімдер спорт мектептерінде, спорт колледждерінде дене шынықтыру мұғалімдерінің жалақысын арттыруды қарастырдық, допингке қарсы ережеге қатысты түзетулер қабылдадық. Енді допинг қолданғаны үшін біз спортшылар алған марапаттарды, ақшалай сыйлықтарды мемлекетке қайтарамыз.


– Ал бұған дейін спортшы допингке әуес болған, оның марапаттары мен сыйлықтары спортшыдан алынбаған ғой сонда?

– Иә, себебі арнайы заң болмады.


– Қазіргі жаңа заң қатал екен...

– Мұндай заң, мұндай нормалар әлемнің көптеген елдерінде бар. Себебі біздің спортта допингке нөлдік төзімділік бар және егер спортшы допингке құмар болса, алған марапаттарын мемлекетке қайтаруы керек. Сондықтан мұндай нормалар қабылданды. Допинг спортшы үшін жақсы нәрсе емес. Әсіресе жас спортшылар үшін. Себебі бізде көбінесе жас спортшылар білместіктен допинг қабылдайды, бәлкім, біліп те қабылдайтын шығар.


– Серік, өткен жылы екі орынбасарыңыз ұсталды. Екеуінің де үстінен қылмыстық іс қозғалды. Көптеген адамдар сіздің өткен жылы Спорт комитетінің басшылығынан кетуіңізді күтті. Қазіргі кетуіңізді де сол орынбасарларыңызбен байланыстыруым мүмкін. Сіздің сол оқиға жайлы пікір білдіргеніңізді көрмеппін.

– Мен екі орынбасардың ұсталуына түсініктеме бергенмін. Бірақ, егжей-тегжейлі емес. Осы сәтті пайдаланып бәрін ашық айтқым келеді. Екі орынбасардың лауазымы бірдей. Менің бір орынбасарым маған дейін комитетте біраз уақыт жұмыс істеп, кеткен. Сосын екінші орынбасарым тағайындалды. Сонда бір лауазымда екі адам жұмыс істеді. Және бәрі екі бөлек орынбасар деп ойлайды. Даудың барлығы барлығы құрылысқа байланысты. Өткен жылы олар ұсталды. Мен комитетке 2019 жылы келдім. Біраз уақыттан кейін жыл соңы болды. Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласындағы мектеп-интернатта түсініксіз жағдаяттар болып жатқанын түсіндім.


– Мектеп салынып жатқан жоқ па?

– Иә, құрылыста кідірістер болды. Банк кепілдігімен байланысты процедуралық сәттер, осы нысанды салған мекеменің ауысуы. Жалпы, бұл жағдайды түсінбегендіктен, онда сыбайлас жемқорлық компоненттері бар деп күдіктендім. 2019 жылдың соңында мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Алик Шпекбаевқа жеке хат жаздым, онда осы нысанның құрылысында қандай да бір сыбайлас жемқорлық бұзушылықтар бар деп күдіктенетінімді айттым. Мен ол кісіден осы іске араласып, тексеруін сұрадым. Біраз уақыттан кейін екі орынбасар ұсталды. Біреуі жұмыстан шығып кетсе де құрықталды.


– Ал бұған министр қалай қарады?

– Ол кісі өзімен ақылдаспағаным үшін маған ескерту берді. Мен оған сыбайлас жемқорлыққа күдігім бар екенін айттым.


– Ал декреттік демалысқа не себепті шықтыңыз?

– Отбасымда қиын жағдай болды. Әкем қатты ауырды. Осыған байланысты кетуге шешім қабылдадым. Менің декреттік демалысымды немен байланыстырмады десеңізші!.. Әкем көптеген жылдар бойы қатты ауырды. Соңғы уақытта ол салмағын жоғалтты.


– Қатерлі ісік пе?

– Иә, оның ісігі болды. Шахтада табан аудармай 35 жыл ауыр жұмыс істеп, ақырында сондай ауыр науқаспен қайтыс болды. Өмірінің соңғы айларында әкемнің қасында болып, оған қарағым келді. Көп уақытымды Қарағандыда ата-анамның қасында өткіздім. Біз әкемізді өткен жылдың қараша айында жерледік. Осыған байланысты мен декреттік демалысқа 4 ай шығуға мәжбүр болдым. Әкемді қайтпас сапарға шығарып салған соң жұмысыма қайта оралдым. Сол демалысқа кеткенімді көп адамдар екі орынбасарымның ұсталуымен байланыстырды. Ал мен әлеуметтік желіде белсенді емеспін. Барлығын тәптіштеп түсіндірмеген соң сондай ұйғарым жасаған сияқты.


– Сіздің төрт қызыңыз бар. Қандай әкесіз? Қаталсыз ба?

– Қаталмын деп ойламаймын. Бірақ, керек жерінде даусымды көтеріп, ескертемін.


– Серік, сіз қалай күн көресіз?

– Өз айлығыма күн көремін.


– Мемлекеттік қызметкерлерде анау айтқан жоғары жалақы жоқ екенін жақсы білеміз. Төрт құлыншағыңыз, әйеліңіз бен анаңыз бар дегендей...

– Әйелімнің жеке шаруалары бар. Олимиададан соң маған біршама қаржы берілді. Сол кезден бастап біздің отбасымыздың әлеуметтік жағдайы жақсарып, өміріміз жақсы жаққа өзгерді. Сонда әйелім кәсіп бастауға шешім қабылдап, жылжымайтын мүлік сатып алдық. Яғни, дәстүрлі қазақша кәсіп, ғимаратты жалға береміз.

– Ал олимпиада чемпионы ретінде қандай ақшалай сыйлық алған едіңіз?

– Олимпиада ойындарында бірінші орын алғаным үшін 250 мың доллар берді. Бұл олимпиада чемпиондарына мемлекеттен берілетін қаржы. Қарағанды облыстық әкімдігінен «Джип Тойота» көлігін сыйға алдым. Қазақстан Бокс Федерациясынан 100 мың доллар сыйақы берілді. Қарағанды Бокс федерациясынан да автокөлік алдым. Ал демеушілерден пәтерге қол жеткіздім. Оның бәрін шашпай, төкпей кәдеге жараттық.


– Ендігі қызметіңіз қайда болуы мүмкін?

– Мен енді ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінде жұмыс істейтін боламын.


Динара Сәтжанның Ютуб арнасындағы «100 сұхбат» бағдарламасынан,

аударған Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


"Сен менің ғұмырымның жалғасысың!.." : Асанәлі Әшімов тойда ұлына ән арнады


«30-дан кейін ие бола алмай қаласыңдар» : Дариға Бадықова жаңалығымен бөлісті