Қайрат Кемалов: "Облыстық театрлардан пайда жоқ" деген жансақ пікір

0
2 559

Қайрат Кемалов — Қарағанды облысы, Сәкен Сейфуллин атындағы театр актері.


Қайрат Кемалов:

Қарашаш Есенбай: Алдымен туған өлкеңіз, балалық шағыңыз туралы әңгіме өрбітсек.


Қайрат Кемалов: Менің туып өскен жерім - Қарағанды облысы, Жаңаарқа елді-мекеніндегі, Ақтүбек ауылы. Біздің ауыл таза ұлттық колоритті сақтаған ауыл еді. Тарихи оқиғаларды тілге тиек етіп, тебірене әңгіме айтып отыратын даланың дана қариялары көп болды. Бала кезімде кішкентай кекілді бала болатынмын. Мектепте домбыра шертіп, ән айтып жүрдім. Әнші болуды армандаушы едім. Әр адамға балалық шағы ыстық дүние ғой, бүгін де екі күннің бірінде ойлап, жалғыз қалғанда өз ойыммен қалған сонау алыста қалған, енді қайтып келмейтін сағым арасында қол бұлғап қалған балалық шақты жиі-жиі еске алып отырамын. Сол уақыттың картиналарын түгел көз алдымнан өткізіп, сағынышпен еске аламын.


Қарашаш Есенбай: Өнер жолына қызығуышылығыңыз қалай басталған еді?
Қайрат Кемалов: Қалаға келгеннен кейін мектеп-интернаттың балаларын театрларға, музейлерге алып баратын. Сол кезде, бірінші рет Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында үлкен ұлттық-классикалық спектакльдерді көрдім. Мен үшін қиял-ғажайып дүние сонда ашылды. Үлкен сахна, театр, спектакль деген дүние менің ішкі психологиялық әлемімді төңкеріп тастады. Театр өнері осындай болады екен-ау деп «ауыра» бастадым. Мінекей, осыдан кейін актер болу деген дүниені бала – қиялым армандай бастады. Одан кейін, сол театрдан шықпайтынмын, репертуарындағы бүкіл спектакльдерін қайта-қайта көрдім. Кейін мектеп бітіретін кез келді, сонда Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Консерваториясы театр факультетінің профессоры, актерлардың ұстазы Рәбиға Мұқайқызы Қаныбаева апайымыз болашақ ұлттық театрларға әр облыстағы болашағы бар, талантты балаларды қарап жүріп, бағыма орай мені Алматыға шақырып, алып кетті. Содан мен консерваторияның «Театр факультетіне» оқуға түстім.


Қарашаш Есенбай: Алматыны сағынатын шығарсыз, сол студенттік күндер туралы айтсақ...
Қайрат Кемалов: Адам өмірінің бүгінгі күнде ең бір алаңсыз, бақытты, шуақты кезінің бірі ол – студенттік кез ғой. Қиялың самғап тұрған өте ерекше кезең. Міне, сол студенттік өмірімнің бір шуақты кезеңі Алматы сияқты үлкен қала да басталып кетті. Өнер шоғырланған орта, бүкіл қазақтың руханияты жиналған жер. Онда басқа әлем, басқа түсінік қалыптаса бастады. Атын ғана естіп жүретін небір арқалы ақындарымыз бен жазушыларымыздың, композиторлардың соңынан қуып барып сәлем беретінбіз. Қолын бір ұстағанға бақытты едік. Осындай бір бақытты кезеңге тап болдық. Ал енді тікелей өзіміздің актерлік театр өнер саласына келетін болсақ, ол енді басқа әңгіме. Ол уақытта сол театр факультетінің ақсақалы, сол факультетті қолымен құрған қазақтың тұңғыш профессионал режиссері – Асқар Тоқпанов ағамыз сабақ береді. Өзімді алып кеткен кафедра меңгерушісі - Рәбиға Мұқайқызы Қаныбаева және Шолпан Жандарбекова апаларымыз секілді үлкен адамдардың алдын көрдік.


Қарашаш Есенбай: "Алматы — өнердің ордасы" дейді ғой, онда қалу жоспарда болмаған ба еді?

Қайрат Кемалов: Ол уақыттың жағдайы бөлек еді. Ол кезде Республикалық үлкен театр да жаңа ғана бітірген баланың қалуы тым сирек кездесетін. Десе де мені Мұхтар Әуезов атындағы драма театрға қалдырды, сонда 1 жылдай еңбек еттім. Жанұя жағдайына байланысты елге қарай, Қарағандыға қайтуыма тура келді. Екіншіден, облыс орталығына келгеніме өкінбеймін. Маңдайдан тер, мұрыннан қан ағыза жұмыс істеймін деген жас актер облыс орталығында істеуі керек деп ойлаймын.
Қарашаш Есенбай: Еліміздегі облыстық театрлардың сапасы қай деңгейде? Мысалы, "Облыстық театрлардан пайда жоқ", "актерлары ізденбейді" деген пікірлерді жиі естігенмін. Өзіңіз өкілі ретінде не айтар едіңіз?⠀
Қайрат Кемалов: Шыны керек, Кеңес үкіметінің тұсынан бастап облыстық театрлар дың әрқайсысы өз қазанында қайнап келді. Облыстық театрларда небір еңбек етіп жатқан деңгейі биік актерларымыздың өзі әрі кетсе сол жердің деңгейінде ғана танымал болды. Олар бертінге дейін республикалық деңгейде ешқандай көріне алмады
"Облыстық театрлардан пайда жоқ", "актерлары ізденбейді" деген сондай бір пікірлер де көрініс беріп қалып жүрді. Олай емес, ол бір жақты өте сыни-пікір деп есептеймін. Неге облыстық театрлардан пайда жоқ? Мысалы бүкіл Қазақстанның халқы тек қана Нұрсұлтан мен Алматы да тұрмайды ғой?! Кең байтақ Қазақстанның жерінде, осы мемлекетті құрап отырған қоғам – халық тұрмай ма? Қай театр болмасын, қандай ұжым болмасын оның бәрі бірдей емес.

Қарашаш Есенбай:Қазір кино мен сариалға кәсіби актерді емес, түрі таныс адамдарды шығара береді. Бұл актерлардың қателігі ме, әлде продюсер мен режиссер кінәсі ме?

Қайрат Кемалов: Менің ойымша әрбір салада, тек жалғыз өнер де емес, әр саланың мектебінен өткен, сол саланың ғылым-теориясын игерген маман жұмыс істеу керек. Ал табиғи дарын, бір рөльге өзінің сырт бейнесі мен оның ішкі жан-дүниесі, төрт құбыласы сай келіп тұрған жағдай да бір киноға алып қалатын жағдайлар алып қалады. Бірақ өте сирек кездесетін дүние болуы керек. Табиғат дарындарды туғызады. Ал енді сол табиғат берген дарын, іште буырқанған сезім, осы үлкен тебіреніс арқалы адамдар болады. Енді осылар арнайы іштегі сонша табиғат берген байлықты халыққа ұтымды жеткізіп беру үшін соның мектебінен өтіп оның білімін алу керек. Өнердің әліппесін білмейтін адаммен режиссердің өзі жұмыс істей алмайды ғой?!



Қарашаш Есенбай: Өзіңіз түскен кинолар жайында тоқталып кетсеңіз.⠀

Қайрат Кемалов: 40-жылдай театр актері болып қана жұмыс істедім. Осы уақытқа дейін менің ең бірінші, алғашқы үлкен түскен кином — «Қазақ хандығы: Алмас қылыш, Алтын тақ» 20 сериалды туындысы. Онда басты кейіпкер, Қазақ мемлекетінің алғашқы ірге тасын қалаған Керей-Жәнібек болса, сол Керей ханның образын сомдадым. Кинодағы алғашқы рөлім осы. Оған дейін ешқандай киноға шақырылғаным жоқ, шақырылмағаннан кейін, өзім де барып «мені алыңдаршы» демедім. Мені кино әлеміне алып шыққан, қазақтың дарынды кино режиссері - Рустем Абдірашев.
Айта кететіні, кино да, театр да – актерлік өнер. Бірақ ішкі тебіреністі беру екі түрлі.

Қарашаш Есенбай: Отбасыңыз туралы


Қайрат Кемалов: Жолдасым — Бижамал Кемалова, екеуміз әріптеспіз. Ол да Сәкен Сейфуллин театрында актриса болып қызмет етеді. Бір ұл, қызымыз бар.