"Ол өзі емес, қазақ өнері үшін өмір сүрді": Жұлдыздардың Кеңес Дүйсекеев пен Берік Исмайлов туралы естелігі

0
3 338

Меруерт Түсіпбаева: "Маған ақша керек емес, домбыра керек деген еді"


Еліміздегі індеттің белең алуы қабырғаны қайыстырады. Әсіресе ол жақындарымыз бен жақындай құрмет тұтатын ел алдындағы ағаларға да ауыз салды. Осы аптада қазақ елі бірнеше алыптай азаматтарынан айырылып қалды. Қалың елге көңіл айту ретінде ол кісілер туралы жылы естеліктер жариялауды жөн көрдік.


Үш күн бұрын ғана белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев 74 жасында өмірден өтті. Ендігі жерде оның әндері ғана көңілге медеу. Осы кезге дейін әдемі саздарымен қатар, мәдениет саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Кеңес Дүйсекеев туралы естелік сұрап, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваға хабарласқан едік.


Роза Рымбаева: «Мен Кеңес ағамен 1976 жылы «Гүлдер» ансамбльіне әнші болып келгенімде таныстым. Ағамыздың «Сәлем саған, Туған ел», «Домбыра туралы баллада», «Еркеледің сен» деген үш әнін орындадым. Бұл үш ән де жарыққа шыққан кезде-ақ халыққа кең таралып кетті. Әлі күнге халықтың жадында деп айтуға болады, сонымен қатар қазіргі жас орындаушылар да бұл әндерді өз репертуарларына қосып жүр.

Кеңес аға менің марқұм күйеуім Тасқынмен жақсы дос болған, мен де өмірінің соңына дейін достық қарым-қатынаста болдым. Менің ән кештерімде үнемі алдыңғы қатарда отыратын, өнерімді жақсы көріп, құрметтейтін. Ол кісі әлі де талай әсем әндер жазатын еді... Өкінішке қарай, аяқ астынан өмірден өтіп кетті.... Оның өзін және әндерін ешқашан ұмытпаймын. Оның әндері менің репертуарымда мәңгілік қалады».



Тағы бір орны толмас қаза, осы коронавирус елімізге қауіп төндірген алғашқы күндері-ақ маска тегін маска тігіп, дәрігерлерге деген ықыласын әнмен жеткізген патриот, жанашыр азамат Берік Исмайловтың өмірден өтуі. Ол кісі қазақ сән әлемінде қайталанбас тұлға, өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген дизайнер. Көзінің тірісінде жұлдыздардың образын жандандырып, телебағдарламаларға киім жағынан қолдау білдіріп жүретін еді. Ол кісі туралы әлеуметтік желіде түрлі естеліктер де жазылып жатыр. Біз ол кісінің жақын досына айналған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Түсіпбаеваға хабарластық.


Меруерт Түсіпбаева: «Берік Исмайловпен осыдан он сегіз жылдай бұрын таныстым. Алматыдағы Әуезов пен Ғабдуллин көшелерінің қиылысында авторлық салоны болатын, бір күні Алланың қалауымен сол жерге бардым. Ол кезде өзімнің Бұқар Жырау көшесіндегі үйім несиеге алынған кезі, сонда концерт пен тойларға жиі шақыратын болғандықтан киім іздеп жүрген кезім ғой...

Солай көшеде келе жатқанда кездейсоқ ательесіне кіріп, мата таңдамақ болдым. Ол жердегі сатушы қыз мені танып, ол кісіні шақырды. Сонда таныстық, ол кісі жақында қырық жасқа толатынын айтып, мерейтойға шақырды, маған көйлек тігіп беретін болып келістік. Ол шамамен 2001-2002 жылдар ғой, мерейтойына барып, ән айттым. Ол кезде қазіргідей танымал емес еді, өнер адамдарынан менің ғана болғаным есімде. Сол тойда отбасымен жақын таныстым, сонда оның қандай адам екенін түсіндім.

Берік Исмайлов бүгінгі күнге дейін өзі үшін емес, өзгелер үшін - отбасы мен туған-туыстары, немерелері, киім іздеп жүгіріп келетін жұлдыздар, сосын қазақ сән өнері үшін өмір сүрді.



Есімде қалған ыстық оқиғаның бірі – соңғы туған күнінде бірге болғанымыз екен. Ол кісі менің домбырамен ән айтатынымды ерекше жақсы көретін. Бірге отыра қалсақ, «Мира, домбырамен ән айтшы» дейтін еді.

Мен бірақ домбырамен «қатырып» ән айтатын дәстүрлі әнші емеспін ғой, тек арасында «әу» деп қоятыным бар-тын. Сол үйіне барған кезімде домбырасын беріп, ән айтуымды сұрады. Мен: «Ой, ағай! Сіздің мына домбыраңыз нашар, күйі кетіп қалған» десем, «Меруерт, мен түсінбеймін ғой, айта берші?!» - деді. Әсіресе «Ақ шашты көрдім апау самайыңнан» деген әнді ерекше ұнататын, анасын қатты жақсы көруші еді. Сол күні ақшалай сыйлық берсем, «Маған ақша керек емес, домбыра керек» деп еді...

Мен мінездімін ғой, кейде айлап сөйлеспей қалатынбыз. Сонда «Мира, менімен араласқысы келетін адам көп қой. Бірақ сенің әке-шешем ауырып жатқан кездегі көмегіңді ұмытпаймын» дейтін. Менің де анам оны қатты жақсы көретін, ол қайтыс болған кезде ауруханада жатқандықтан естірте алмадық. Тек емделіп шыққан соң ғана жеңгем айтты...»