«Өмір инстаграмдағыдай емес»: «Мотор келін» Қарлығаш Сұлтанша отбасылық сынақты қалай жеңгенін айтты

0
5 013

«Сырт көзге бәрі әдемі болып көрінеді»


«Өмір инстаграмдағыдай емес»: «Мотор келін» Қарлығаш Сұлтанша отбасылық сынақты қалай жеңгенін айтты

Әнші ғана емес, ұстаз, ментор, блогер, кәсіпкер, киноактриса, «Мотор келін», мотиватор, психолог-коуч және қаржыгер, онлайнда табыс табу бойынша эксперт. Ең бастысы, 6 баланың анасы, аяулы жар. Бір бойында осынша қабілетті көріп, оның бәрін аша білген әнші Қарлығаш Сұлтанша сегіз қырлы, бір сырлы деген теңеу аздық ететіндей. Ән айтып та, бала бағып та, ата-енеге жағып та, баласы үшін отқа да түсетін, қазағы үшін топқа да түсетін бүгінгінің батыр қызы деп айтсақ артық етпейді. Қарлығаш ханыммен әңгімелесіп отырып нәзік болмысты мықты әйелді, жан жақты әншіні, қылықты жар, мейірімді ананы таныдым.

Осыдан екі жыл бұрын көпбалалы отбасы үшін ауыр жыл болғаны елге әлеуметтік желі арқылы мәлім. Басына түскен сынаққа мойымай, елге көңілді боп көріну әншіге оңай соқпаған. Кенже баласының емі үшін отбасынан жырақта, Түркияда тоғыз ай тұрып келген өнер иесі бүгінде барлық сынақты еңсерген, осы сәтпен бақытты өмір сүріп жатқан жайы бар.


– Қарлығаш, сіз өзін-өзі жасаған әншісіз. Әнші ғана емес, ұстаз, ментор, блогер, кәсіпкер, киноактриса, «Мотор келін»... Бұл тізімді тағы немен жалғастыруға болады?

– Бұл тізімді мотиватор, психолог-коуч және диплом бойынша қаржыгер. Сонымен қатар көпбалалы ана. Ең бастысы, аяулы жар.


– Квартирант Қарлығаш, декреттегі Қарлығаш пен қазақ эстрадасындағы Қуаныш-Қарлығаш жұбының жарқын жұлдызы, көпбалалы ананың арасындағы жолға бұрылып қарар болсаңыз, не көресіз?

– Өмірімнің қайсыбір кезеңдерін алып қарасақ та адами жағынан менде ешқандай өзгеріс жоқ. Сол Қарлығаш әлі сол күйіндегі Қарлығаш. Өткен жолдарға бұрылып қарар болсам, есейген, ес жиған, өскен, өсу керек Қарлығашты көремін. Бұл өсу тоқтап қалмайды, Алла қаласа. Даму тоқтаған жерде адамның өзі де тоқтайды деп есептеймін.


– Жалпы адамның жанды жерін тырнап, тұз сепкен дұрыс емес. Бірақ, өнер адамы болған соң ұдайы елдің алдында жүресіздер. Сәйкесінше барлық қуанышыңыз да, қайғыңыз да көпшіліктің көз алдында өтіп жатыр. Үшінші ұлыңыз Мұсаның ауыр сырқатпен ауырып, одан қалай жазылғанын парақшаңыздан көрген жан көзіне жас алмай, толқымай отыра алмайды. Бұл ауру неден болды деп ойлайсыз? Ұлыңыздың қазіргі жағдайы қандай?

– Бұл аурудың неден болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Бұл Аллаһтан маған келген сынақ. Әр келген сынақ, ол – мүмкіндік деп ұдайы айтып жүремін. Алла тағала өзінің алдына келтіру үшін, сенің бір орында тоқтап қалмауың үшін, саған өзін таныта түсу үшін, бойыңдағы қабілетіңді ашу үшін ерік-жігер беретін әр келген сынақты мүмкіндік деп қабылдаймын. Сансыз шүкір, әуелі Алла, одан кейін көпшіліктің бата, дұға, тілеуінің арқасында балам көз алдымда күліп ойнап жүр.



– «Өмір инстаграмдағыдай емес. Мінсіз болып көрінгім келмейді. Бәрінен өтіп келе жатырмыз. Әр сәттің өз тәттілігі бар». Бұл өз сөзіңіз. Сіздер жүріп өткен жол оңай болмаса да бала үшін бәріне тырыстыңыздар. Сізді өзгерткен кіп-кішкентай жүректің соғысы. Сізді сынақ сындырғысы келсе де, сынбадыңыз. Бірақ оңай болмады... Сағы сынуға сәл қалып жүргендерге мотивация болсын, бәрін қалай еңсердіңіз?

– Иә, кішкентай жүректің соғысы 181 градусқа өзгертіп жіберді десем болады. Аллаһ сынақпен қатар одан шығатын жолын да көрсетіп отыр. Жаратушыға шын тапсырып, тәуекел еткен кезде өзі ғана шешімін бере алатын болған соң 100 пайыз Аллаға тапсырдым да, әрбір секундымды бағалай бастадым. Уақыттың құндылығын түсіндім. Өткен-кеткенді ойламауға, осы сәтпен өмір сүруге және алда келетін нәрсені де болжамауға өзімді дайындадым. Осы сәтпен өмір сүру арқылы осы сынақтан өттік.


– Сырт көзге сіздің өміріңізде бәрі әдемі көрінеді. Бұл да болса сіздің мықтылығыңыз деп білемін. Жоғарыда біраз сыналғаныңызды айтып жатырмыз. Анаңыз бірер жыл бұрын дүниеден озыпты. Сіздің халықтың алдында жүргеніңізді армандап, ол күнді көре алмай кетіпті. Неге ертерек әрекет жасамадым екен деген өкініш болмай ма?

– Сахнаға ең алғаш шыққанымда мен үшін үлкееен сахнаның жылтыраған едені, мың түрлі шнурлар, үлкеен экран…алдыңда толған камера... Бәрі-бәрі мен үшін қол жетпейтіндей көрінетін. Екі бетім дуылдап, қызарып, екі алақаным терлеп, қобалжып шығатынмын. Ал қазіргі кезді айтамын да, үйреніп қалған Қарекең үшін, бұл сахна кішкентааай ғана, сол жылтыраған еденге қайта-қайта шыққысы келіп тұратын, сахнаны көрсе арқасы қозып кететін, өз үйіндей емін-еркін. Айтпағым, адамға не нәрсе қол жетімсіз көрінгенде ол таудааай болып көрінеді, қолмен ұстап, дәмін татқан нәрсе сен үшін «оңай» жеткендей сезімде боласың. Сіз үшін үлкееен болып тұрған арманыңызға қадам жасаудан қорықпаңыз. Сіздің басыңызға келген арман, идея, ол Алладан. Бұл менің анамның үлкен арманы болатын. «Қызым сені үлкен сахнадан көргім келеді» дейтін. Әттең…Орындалған бір арман. Алла қуат берсе ,ин ша Аллах мұнымен тоқтамаймыз.


– Мықты болуды кімнен үйренгенсіз?

– Адам мықты боламын деп болмайды. Өмірдің өзі мықты болу үшін тәрбиелеп келе жатқан сияқты. Өмір деген – ең үлкен ұстаз, уақыт – ең қатаң жазалаушы. Өмір мен уақыт мені барынша мықты етіп келе жатыр. Өмір сабағын мектептегідей 5-ке оқуға барынша тырысып келе жатырмын. Бірақ, соның өзінде өзімді мықтымын деп айта алмаймын. Мықты болғым да келмейді. Мықтымын деп өмірмен тайталасқым келмейді. Өмірмен жарыссаң, өмір сені жеңеді деген сөз бар.



– Сыртқы сұлулығыңызға сөз жоқ. Ішкі сұлулығыңызға да басымды идім. Сіздің жазбаларыңыз жүректі тербеп жібереді. Соңғы кездері психологияға бет бұрып жүрсіз. Өзіңізді өзіңіз қаншалықты тани алдыңыз?

– Рахмет, Алла разы болсын! Жазбаларымның бәрін өзім жазамын. Бәрі де менің ішімнен шығады. Сондықтан да халықтың жүрегінен орын алып жатыр. Біреуге жаздыртсаң бәрібір де өзіңдей жеткізе алмайды. Осы жазбаларым арқылы халықтың жүрегінен орын алдым. Тұрмысқа шығып таңдау семья мен білім арасында қалғанда, жанұямды таңдап, оқудан шығып қалдым. Бірақ ол маған тоқтау сала алмады. Менің отбасымда ешкім оқыған емес. Сауда-саттықпен кеткен жандар. Ақшаны пәчкімен ұстайтындар болды. Бұған қарап мен де саудагер болып кетпедім. Менің таңдауым білім жолы болды. Шығармашылық. Шоу бизнес. Әйтсе де, өмірде бәрі бизнес екенін көбісінің есінен шығып кетеді. Өйткені оларға түрлі атау берілгендіктен. Бірақ жолы мен бейнетінде айырмашылық болады. Көп адамдар барлық жауапкершілікті өзінен алып тастау үшін мына «Тұқымым кінәлі, ата-анам кінәлі, айналам ондай емес» деген 3 сөзді міндетті түрде айтады. Біздің таңдауымыз бен қалауымыз өзімізге байланысты. Мысалы: пышақпен адам өлтіріп зиян шегуге, нан кесіп пайдасын көруге болады. Сол сияқты мен білім жолын таңдадым. Менің қазіргі күйіме тек өзім ғана жауаптымын. Өкіметтен алған 3 диплом+4 сертификатым болса да, білім алуды тоқтатпай келемін. 2021 жылы Мәскеу психоанализ институтының психология-педагогика мамандығының магистранты атандым. Мұнымен тоқтағаным жоқ, әлде де біліміме инвестиция салып келемін. Қазіргі уақыт жылдам, тез құбылуда. Барлық нәрсенің моделі сәт санап өзгеруде. Мен өз біліміме қоса жаңа заманауи білімдерімді жетілдірдім. «Болашағыңның өзгеруін қаласаң, сол өзгерісті тап қазір жаса» дегендей. Қандай істі алсақ та бәрі адамның санасымен тікелей қатысты. Осыдан екі жыл бұрын, жанұямызға келген сынақ менің осы салаға келуіме себеп болды. ⠀

Сынақ арқылы отбасының құлдырап кетпей, бірігіп, сыннан сынбай өтуімізге, оның артықшылығын көре алуымыздың өзі үлкен психология. Сөйтіп, мені осы саланы терең зерттеуіме әкелді. Әр сәтті жарқын да мәнді қабылдай алуыма өздеріңіз куәсіздер. Сол сәттен-ақ менен кеңестер сұрап, рахметін жаудырып жатты. Дәл осылай кеңесіммен бөлісіп жүргеніме 2,5 жылдай уақыт өтіпті.

Одан бөлек қандай істі бастау үшін де бізге психологияның көмегі маңызды. Бизнес бастау, тәуекелге бару, қорқынышпен жұмыс, шешім шығара білу, ақшамен қатынас, отбасы құндылығы, бала тәрбиесі...
Психологияға келгелі бері өзімді 90 пайыз таныдым десем болады. Әлде де ашылмаған қырларым ашылуда. Өзімді барынша ашықпын, ешкімге өкпе-ренішім жоқ деп ойлаушы едім, психологияға келгелі өзімді жөндедім, таныдым. Өзімді тани бастағанда айналам мені жақынырақ тани бастады. Өйткені, жұрттың сөзі, айналам қалай ойлар екен дегенді мүлдем алып тастадым. Солай істеген сайын өзіме жеңіл бола бастағанын түсіндім.


– «Мотор келін» атты эксклюзив кітабыңыз туралы айтып беріңізші...

– Кітабым титтей нәрсеге сынып, түймедейді түйедей ететін, болмашыны бақандай проблема етіп жататын қыз-келіншектерге арналған мотивациялық кітап болмақшы. Көп адамдар әншілердің алдында сушиі мен пиццасы, бүткіл жағдайы жасалған, жүрген жері той-думан, қалтасы толған ақша деп ойлайды. Бұл өмірде барлық адам бірдей. Әркім өзіне сай сыбағасын алады. Әркімнің өзіне сай сынағы, қиыншылығы бар дегенді, жалпы бұл сіздің ғана емес, сахнада жылтырап жүрген жандардың да басынан өтеді дегенді айтқым келді. Өзімнің соның бәрінен қалай өткенімді баяндадым. Көп әншілер өмірбаяны туралы ешкімге сыр ашқысы келмей, бәрін әдемі қылып көрсеткісі келеді. Ал мен шынайы болмысымды көрсетемін. Әр әйелдің бойында өзіне тән ерекшелігі, мықтылығы бар.Менің жүріп өткен өмір жолымнан олар да өзін таныса екен, шығатын жолды білсе екен деген ниетпен жазылып жатқан психологиялық кітап.


– Кәсіпкерліктен көп пайда табасыздар ма, әншіліктен бе, инстаграмнан ба?

– Әншіліктен жақсы табыс табасың, бірақ, оны қайта бейнебаян түсіру, фотосессия, сахналық костюмге жаратып, қайта өзіне саласың. Әншіліктен үлкен ақша түскенімен үлкен шығындар жасайсың. Шығынсыз инстаграмнан және әншіліктен жақсы табамын, Аллаға шүкір.


– Сіздердің жұптың әндерінің басым көпшілігі – тойда шырқалатын, билететін, көбіне ұқсас келетін әндер. Бұл сәйкестік пе? Әлде той бизнесінің трендінен түспеудің амалы ма?

– Біз әнші болып шыға бастаған кезде тойға шығамыз деген ой мүлдем болмады. Біз мынау тойдың әні, мынау сахнаның әні деп бөлмейміз. Әндерімізді ел тыңдап, хитке айнала бастағанда тойға шақырту алдық. Бәрі де аяқ астынан болып кетті. Біздің лирикалық әндеріміз де өте көп. Тойда шырқалмаған соң естілмей жатады. Қазақ халқы көбінде тойдағыны ғана көреді ғой. Сахнада жүретінлирикалық әндер көбіне қалыс қалып жатады. Әсілі, той қуалаймыз деген ойдан аулақпыз және біз тойдың әншісі емеспіз. Халық шақырған соң барамыз. Білесіздер, ағаларыңыз қаншама әншінің әнін жазып жүр. Қазақ эстрадасындағы әндердің 90 пайызының композиторы әрі әрлеушісі. Тойдың әні ме, концерттің әні ме деген мәселе жоқ. Қуаныш өзі қаншама адамға ұстаздық етіп жүргеннен соң да оған ән шығару да, орындау да қиынға соқпайды.


– Қайрат Нұртаспен дуэт айтқаныңызды бірі білсе, бірі білмейді. Қашан және қандай әнді бірге шырқап едіңіздер? Ол дуэтнеге жалғасын таппады?

– Иә, Қайрат Нұртаспен «Күзгі қайың» әнін дуэтте айттық. Ол кезде менің екінші қызыма аяғым ауыр болатын. Жолдасым Қайраттың әндерін жазып, әрлеп жүрген кез. Әнді бірге дуэт айтайық деп ұсыныс түскеннен кейін бірге айттық. Дуэт хит бола бастады. Бірақ, ол кезде Қайрат келіншегін көрсетпей жүргендіктен «Қарлығаш Қайраттың келіншегі екен, әйелін сахнаға алып шығыпты» деген сияқты қауесет тарай бастады. Содан кейін жолдасым бұл дуэтті, жалпы ән айтуымды тоқтатып тастады. Бес баланы туған соң барып ақырындап шыға бастадым (күліп).


– Қуаныштың әншілерге көп қызметі өтті. Оның әрқайсысы бір-бір дастан. Мысалы Мақсат-Мақсаттың шығуы, Ернар Айдарға ұстаздық етуі, оның одан кетуі... Сол әріптестеріңіз қиын сәтте қол ұшын созды ма?

– Мақсат-Мақсатпен араласпай кеткенімізге біраз уақыт болды. Олар өнерден алыстап кетті. Қазір еш хабарым жоқ. Ернар Айдар мен Қуаныш екеуінің арасындағы мәселеге мен араласқан емеспін. Қазір аралары жақсы. Алла мені ешкімге мұқтаж еткен жоқ. Сансыз шүкір. Өмірде «маған біреу беру керек, қол ұшын созу керек» деген сияқты ойлаймыз ғой. Алайда, бұл өмірде ешкім ешкімге ештеңе міндетті емес. Әркімнің өз қалауымен, білгенімен жасаған абзалырақ.


– Ашық әңгімеңізге рахмет! Мотор келіннің мотивациясы, ару әншінің әні таусылмасын!


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Қазақстанда шын мықтыны бағаламайды»: «Голос.Дети» жеңімпазы Сағын Өмірбайұлымен сұхбат


«Шеттен шықтыңыздар!»: Мөлдір Әуелбекова теріс пікір жазған оқырманын сотқа бергенін айтты