"Ондай сұрақ қоярын білгенде бармас едім" : Талантты әнші "Өз ойым" бағдарламасына ренжулі

0
6 520

"Мен 28 жасымда сүйікті мамандығыма оқуға түстім. Ол кезде отбасым бар және екінші балам он бір айлық еді. Еріккендіктен емес, жүрегімнің қалауы болғандықтан сол оқуға тапсырдым".


Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

«Тау жығылып, тас құлап төбесінен басса да, талант өлмейді» деген сөз бар. Шынында бойға біткен дарынды сірә да ешкім ұрлай алмайды, жыға да алмайды. Бүгінгі біздің кейіпкерміз үшінші мамандыққа келгенде өзін тауып, іштегі талантпен тіл табысқан.

Менің бүгінгі кейіпкерім – отыз жасынан асқанда, екі баласымен Қазақ ұлттық өнер университетінің дипломын алған, Лондонда өткен «Альбион жұлдыздары – 2019» Халықаралық конкурсының 1-орын иегері Гүлзар Ғабдрахман.


Қарашаш Есенбай. Гүлзар, сіздің өнерге келуіңіздің өзі қызықтарға толы екен, бірақ ол әңгімені бастамас бұрын, сіздің есіміңізге тоқталғым келіп отыр. Гүлзар – ерекше, сирек кездесетін есім. Кім қойған еді?


Гүлзар Ғабдрахман: Есімімді әкем қойған, анамның құрсағында жатқанымда, «егер қыз бала дүниеге келсе Гүлзар қоямын» деп айтып жүріпті. Бұл есімді Мұхтар Шахановтың бір шығармасынан оқып, ұнатып қалған екен. Осылайша мен дүниеге келмей жатып, есімім қойылған. Расында, мектепте де, бертінде де мұндай есімді қыздарды өте сирек кездестірдім. Білесіздер мағынасы «бақша» дегенге саяды. Әкем еркелетіп «Гүлзар бағым» дейді (күліп). Менің ойымша, әр адамның жұлдызды шағы болады, ал Гүлзардың жұлдызды кезеңі алда деп білемін.


Қарашаш Есенбай: Білуімше, бірнеше мамандығыңыз бар, өнерге келіп үшінші диоломыңызды алыпсыз. Неліктен олай болды?


Гүлзар Ғабдрахман: Иә, менің бірнеше мамандығым бар (күліп). Ең бірінші Қарағандыдағы политехникалық универтситетке түсіп, онда «Ақпаратты қорғауды ұйымдастыру және оның технологиясы» деген мамандықты оқыдым және он жыл сол салада жұмыс істедім. Десе де шығармашылыққа деген құмарлығым басылмай журналистика мамандығына түстім. Ол салада алдымен «Қазақстан арнасындағы «Таңшолпан» арнасында тәжірибеден өттім. Бірақ көп жүре алмадым, себебі отбасылы адам болған соң кішкентай балам бар еді. Ал таңғы хабарға түнгі сағат 3-те алып кетеді, эфир біткен соң ертеңгі хабардың сюжеттерін дайындап үйге кеш қайтасың. Балама қарауға уақытым тапшы болғандықтан, ол жерден кеттім. Кейін «Хабар24» арнасында үш-төрт ай қызмет еттім, артынан декреттік демалысқа кеттім.


Қарашаш Есенбай: Сол демалысты Шабытқа оқуға түсумен жалғаған болып тұрсыз ғой?


Гүлзар Ғабдрахман: Иә, (күліп) негізі кішкентай кезімде жеті жылдық фортепиано сыныбын бітіргенмін. Бірақ әке-шешем мені музыкант болады деп ойламады, тек хобби ретінде қатыстырған ғой. Анамның айтуынша, бір жарым жасымнан бастап орындыққа тұрып алып, қонақтарға Алла Пугачеваның әндерін айтып береді екенмін. Бұл өнер маған қанмен келген деп ойлаймын, себебі атамыз Игілік Омаров танымал дәстүрлі әнші болған кісі, өз әкем тоғыз ағайынды, оның барлығының да ән айтатын қабілеттері бар. Өкінішке орай, ешбірі кәсіби түрде айналыспайды. Фортепианоға қатысып жүргенде мектептегі мерекелерде әлемдік шығармаларды орындап, арасында өзімнің де туындыларымды жазатынмын. Мектеп қабырғасында оқып жүріп, шамамен 2001-2002 жылдары республикалық «Жас қанат» байқауына қатысып, дипломант атанғанмын...


Қарашаш Есенбай: «Жас қанат» кезінде өте атақты байқаулардың бірі болды. Сол кезде сізбен бірге қатысқан танымал жұлдыздар есіңізде ме?


Гүлзар Ғабдрахман: Сол кезде Зарина Алтынбаевамен бірге қатысқаным есімде қалыпты. Қателеспесем, ол бірінші орын алды, қазір танымал опералық әнші. Мен ол жерде дипломант атандым. Айтпақшы, одан кейін «Super Star» жобасының бірінші маусымына қатыстым. Есімде әділ қазылар алқасында Батырхан Шүкенов отырған болатын. Бірақ мен финалға дейін өтпедім. Оған себеп менің репертуарымның нашарлығы болды деп ойлаймын. Өйткені менің кәсіби ұстазым, бағыт беруші ешкімім болған жоқ. Тек өзімнің қызығушылығыммен қатысып жүрдім.


Қарашаш Есенбай: Сол дәуірдегі, тіпті қазір де жұрт аузына жиі алатын атақты байқауларға қатысыпсыз. Бірақ неге басқа мамандыққа қарай бұрылып кеттіңіз?


Гүлзар Ғабдрахман: Өйткені әке-шешем әнші болуыма қарсы болды. Олар мені музыкалық мектепке әнші болсын деп емес, жай дамыту, үйрету үшін берген еді. Жалпы мені ата-анам барынша жан-жақты етіп тәрбиелеген. Бірақ оқуға тапсыратын кезде анам, «Балам, әншілігіңді былай-ақ алып жүре бер. Ол үшін төрт жыл оқудың қажеті жоқ» деп басқа мамандыққа түсірді. Қазір уақыт сынаған екен ғой деп қараймын, оның үстіне біздің отбасындағы тәрбие қатал-тын. Қазір ғой әншілер өнеріне де, отбасына да үлгеріп жүр. Бірақ ол кездегі әншілерге деген түсінік, көзқарас басқаша болды.




Қарашаш Есенбай: Ал өзіңіз құштар болған салаға неше жасыңызда оқуға тапсырдыңыз?


Гүлзар Ғабдрахман: Мен 28 жасымда сүйікті мамандығыма оқуға түстім. Ол кезде отбасым бар және екінші балам он бір айлық еді. Еріккендіктен емес, жүрегімнің қалауы болғандықтан сол оқуға тапсырдым. «Әншілік менің салам, әнді сүйемін» деген соң, жолдасым түсіністік танытып, қарсы болмады. Міне, осы жылы оқуды үздік бітіріп, дипломымды қолыма алдым. Қазір үйде үш қызыл дипломым бар, оны көрген құрбыларым «Енді бұларды не істейсің?» деп қалжыңдайды. Егер ата-анам бұрын рұқсат бергенде қазір біршама жетістіктерге де жетер ме едім деп ойланамын. Тек уақытты жоғалтып алдым, соған қарным ашады. Бірақ сүйікті ісіңді бастау ешқашан кеш емес екенін түсіндім. «Ой, жоқ менің екі балам бар, отызға келдім, қайдағы әншілік» деп отыруыма да болар еді, бірақ мінезім шығар өзіме «Қолыңнан келеді» деп күш бердім. Себебі талантты ешкімнен тартып алған жоқпын, Алладан берген қабілет қой. Оның да сұрауы болады, сондықтан қабілетімді дұрыс көрсетіп, халқымның ықыласын алып, орнымды тапсам деген мақсатым бар.


Қарашаш Есенбай: Өзіңізді кәсіби воколистпін деп есептейсіз бе және біздің әншілерге қандай баға берер едіңіз?


Гүлзар Ғабдрахман: Иә, мен қасіби вокалиспін. Несін жасырамыз, біздің эстрадамызда «әншімін» дегендер көп, бірақ бәрінің кәсіби білімі бар деп айта алмаймыз. Соған қарамастан хит әндер жазып, халықтың ықыласына бөленіп жүр. Менде де сондай таңдау болды. Оқуға кеткен ақшаға дауыс жазып, бейнебаян түсіріп солар сияқты жүре беруіме болар еді. Бірақ мен ондай жолды таңдағым келмеді, тек кәсіби түрде айналысуды қаладым. Бізде көбі «эстрадалық бағыттамыз» деп айтқанымен, көбі эстрадалық әнші емес, оны мойындауымыз керек! Мысалы, халық әндерін эстрадаға салып жүргендер бар, олардың аттарын атаудың қажеті жоқ. Нағыз эстрадалық әншілер ретінде ұстазым Сенбек Жұмағалиев және Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиеваларды атауға болады. Кейінгі әншілерді эстрада әншісі, поп-жұлдыздары деуге ертерек сияқты. Өйткені біздің шоу-бизнес енді дамып жатыр. Оны көрші Ресеймен салыстырып байқауға болады. Қазір оқуыма байланысты Мәскеуге жиі барып жүрмін, ол - өнердің ордасы. Бір Мәскеудің өзінде қаншама лейблдар бар, оған қоса жүзден астам театр бар екен. Бакалавриатты бітірген соң шетелге түсу ойладым, отбасылық жағдайыма байланысты жақын жерді таңдадым. Қазір Мәскеудің мемлекеттік өнер университетінде магистратуралық білім алып жатырмын.


Қарашаш Есенбай: Бізде Алматыны өнер ордасы деп санаймыз ғой. Отандық өнер ордаларын емес, шетелдікті таңдауға не түрткі болды?


Гүлзар Ғабдрахман: Осы жылы көктемде Лондонда өткен «Альбион жұлдыздары – 2019» Халықаралық конкурсына барып келдім. Онда 26 мемлекеттің қырыққа жуық өнерпаздары қатысты, мен біздің елімізден жалғыз өзім қатыстым. Алдын ала оларға әндерімді, видеоларымды жібергенмін, екі аптадай уақыт өткенде поштаға іріктеуден өткенімді, Лондонға екі ән дайындауымды жазған хат келді. Онда халық әні «Япурай» мен «Любовь похожая на сон» айтып, бірінші орын алып келдім. Еуропа елдері мен Украина, Фелиппин секілді мемлекеттердің мықты әншілері қатысты. Сондай үлкен шарадан жүлдемен оралған соң, мына жер тарлық еткендей болды. Білесіз Мәскеуде мықты компазиторлар да көп қой, ал бізде той әндерін айтатын әншілер, оны жазатын сазгерлер көп. Менің репертуарымда ондай әндер жоқ! Оның үстіне бұл жердің өз заңдылықтары бар, оған бағыну керек немесе басқаша дегендей кетергілер болады, сосын Астанада білікті продюсерлер де жоқ. Менің музыкаға деген талғамым, таңдауым басқаша. Сол үшін де басқа ортаны көргім келді.




Қарашаш Есенбай. Лондонда өткен байқау туралы толығырақ айта кетейішкі, қалай болды? Жаңа өзіңіз «бұл жердің өз заңдылықтары бар» айтып қалдыңыз. Біздегі конкурстарда танысыңның болуы маңызды екені жиі айтылады. Ал ол жақтағы қазылардың біліктілігі қандай екен?


Гүлзар Ғабдрахман: Лондонның ең атақты театры Рудольф Штайнерде өткен гала концертте мен «Япурай» әнін айтып болған соң олар, «Бұл ән не туралы, тарихы қандай?» деп сұраушылар өте көп болды. Ал «Любовь похожая на сон» әнін айтқанымда «Бұл әнге ерекше бояу бергенсің, дауысыңның тазалығы ұнады, музыкалы аспаптың үні секілді, әнді кімнен үйрендің» деген сынды мақтауларын жеткізді. Одан кейін украиндық, бірақ он жылдан астам Лондонда тұратын әнші, композитор Алекса Поль «Казахская Алла Пугачева» деп баға берді. Әрине, оған қатты қуандым, бірақ Алла Пугачеваның дәрежесіне жету үшін маған әлі көп еңбектену керек. Ол байқауда бізге еркіндік берілді, сондықтан мен өз тілімде бір ән айтып шықтым, шыны керек өз тілінде ән айтқандар көп болмады. Керісінше барлығы дерлік әлемдік хиттарды таңдаған.

Енді біздің елімізде өтетін конкурстардан ерекшелігіне тоқталар болсақ, өте көп айырма бар. Біріншіден, төрешелердің біліктілігі өте жоғары. Мысалы, онда атақты топтың продюсері және әр елдің мықты музыканттары шамамен он-он екі маман қазылық етті. Ал бізде вокалды жарыстарда хореографтар, актерлер қазы болып отыра береді. Олардың біліктілігіне шүбә келтірмеймін, дегенмен өз ісінің мамандары отырғаны дұрыс. Әрі бізде бұрмалаудың болатыны рас. Ал Лондонға мен өзім ғана бардым, ешкімді танымаймын, қайдағы «көке» табу (күліп). Жүлде алғанымды білгенде біздегі уақыт айырмашылыған байланысты мұнда түн болды. Сосын жолдасым мен анама қуанып, хабарлама жазып жібердім, ертеңгісін сөйлестік қой. Сонда құттықтаған туыстарға анам, «Өзінің еңбегінің арқасы ғой» деп айтты, сол сөз мағанүлкен демеу болды. Өйткені менің анам қаталдау кісі, мұндай сөзін есту - ғанибет.



Қарашаш Есенбай: Гүлзар ханым, біздегі жағдай дегеннен шығады, жақында жас әншіден сұқбат алғанымда, оқуға түсу үшін ақша сұрағанын айтты. Осы сияқты жайттар сізде де болды ма? Және Мәскеуге түсуге біздегі білім жүйесіндегі шикіліктер себеп болды деп айта аламыз ба?


Гүлзар Ғабдрахман: Шабытқа түскен кезімнен бастап айтар болсам, мен оқуға өзімнен он жастай кіші балалармен бірге түстім. Менімен бірге Рүстем Жүгінісов, Манарбек, Алтынбек, Айдын Жұмабаев деген талантты жігіттер оқыды. Мен оқуға тапсыратын кезде солармен бірдей мүмкіндігім болды және емтиханнан алған баллдарым да жоғары болған. Дегенмен заң бойынша бұрын жоғары білім алған адамдарға грант берілмейді екен. Сондықтан ақылы бөлімге түсуіме тура келді. Арасында ән жаздырып, бейнебаян түсіріп үлгердік, сондай да «Гүлзар, сіздің демеушіңіз кім?» деп сұрағандар бар. Өйткені әр әншінің бір демеушісі болатыны жасырын емес! Менің демеушім – өзім, ал отбасымның қажеттіліктері жолдасымның мойнында. Шабытта оқып жүргенде ондағы ұстаздардың бір нәрсе сұрағанын кездестірмеппін, көрмеппін.

Ал Мәскеу мен біздің оқу ордаларындағы білім жүйесіндегі айырмашылықтарға келсек, онда магистратураға ағылшын тілінен емтихан тапсырмадық. Ал бізде кез келген мамандыққа түсу үшін, ағылшыннан тест тапсыруыңыз керек. Мәскеуде тек мамандыққа қатысты ғана емтихандар болады. Олар да менің тембрыма ерекше деген баға беріп, оны бұзбай әрі қарай дамыту керектігін айтты. Мәскеудің мемлекеттік мәдениет университетінің, мен тапсырған бөлімде Лариса Долина кафедра меңгерушісі екен. Ертең сол оқуға аттанғалы жатырмын, осы жолы ол кісімен кездесетімізді айтқан. Қазір репертуарымды толықтырып, дайындалудамын. Менің ондағы ұстазым - Юрий Валенитович.


Қарашаш Есенбай: Сіздің парақшаңыздан, сөздеріңізден Ресейдің фанаты сияқты көрінесіз. Біздің көптеген дарындарымыз өз шығармашылықтарын сол елде дамытып жатады. Өзіңізде ондай жоспар бар ма?


Гүлзар Ғабдрахман: Шынымды айтсам, тек Ресей сахнасында ғана емес одан да жоғары биіктен көрінгім келеді. Өзімнің талантым мен мүмкіндігімді жіті білемін. Сөзімнің басында айтқанымдай, қашан екенін білмеймін, бірақ бір күні сәті туатынын сеземін. Қазір мен өз бетімше ізденіп, мүмкіндігім арқылы дамып жатырмын. Бұл жолда қомақты ақшаның керек екені рас...


Қарашаш Есенбай: Мына сұрақ еріксіз туындайды, үш университетті бітірдіңіз, қазір төртінші рет білім алып жатырсыз, арасында әндер жаздырасыз. Бірақ ол әндер жаңа өзіңіз айтқандай кез келген құлаққа жаттала қоймайды... Неге сол қаражаттың бәрін, өзгелер сияқты тез жатталатын, той әндерін жаздырып, солар сияқты қалтаның қамын ойламадыңыз?


Гүлзар Ғабдрахман: Өйткені мен мұның бәрі өзіме еселеп қайтатынына сенімім мол. Өзіңе салған қаржы - ең дұрыс таңдау. Адамдар қаражатын әр түрлі мақсатқа құртып жатады, бірақ өзіңнің дамуыңа кеткен қаржыға ешқашан өкінбейсің. Алдағы уақытта тағы да өзге жобаларға қатысу ойымда бар. Менің ойымша, әркім өзінің талантын бағалап, дамытуы тиіс!


Қарашаш Есенбай: Өзіңіз елге қандай жаңалық алып келгіңіз келеді?


Гүлзар Ғабдрахман: Мен жанды дауыста өзімнің сүйемелдеуіммен шығармашылық кеш өткізгім келеді. Музыканттар жақсы біледі, оған да шығармашылық қабілет керек. Егер дауысыңыз болса, микрофон ұстап ән айту аса қиын емес.

Одан кейін біздің аудитоияның да талғамын өсіру керек секілді. Ол үшін композиторлар жақсы әндер жазуы керек, өйткені көбі той әндеріне ғана бұрылып кетті. Маған джаз стилдері ұнайды, соған қарай жұмыс атқарамын. Байқасаңыз біздегі әншілерді бір-бірінен ажыра алмайсыз. Бізге ерекшелік керек, әр болмысты жекелей қараған дұрыс. Мен «Той думан әндерін қосып, ешбірін тыңдағым келмейді.




Қарашаш Есенбай: Қазірр өзіңіз сабақ бересіз, Нұр-cұлтанда жеке мектебіңіз бар екен, осы туралы да айта кетсеңіз?


Гүлзар Ғабдрахман: Бес жылдық тәжірибемнің арқасында 2017 жылы ақпан айында Гүлзар Ғабдрахманның эстрадалық мектебін аштым. Оған дейін басқа жеке мектептерде, студияларда вокалдан сабақ беріп жүретінмін. Бізде тек эстрада бағытында тәлім береміз. Мен әртүрлі елдің эстрадалық бағыттағы дамуын, әндерін зерттедім. Сондықтан балаларға түрлі репертуарлар дайындаймыз. Шүкір, қызығушылар жетерлік.


Қарашаш Есенбай: Қазір әнші болғысы келетін баланың көп екеніне күмәнім жоқ. Қалай ойлайсыз, осы тенденция біздің құлдырауымызға әсер етпей ме? Байқасаңыз, әнші болғысы келетін бала көп...


Гүлзар Ғабдрахман: Рас, ондайдың көбі рас. Бізге көптеген балалар келеді, алдымен олардың өнерді меңгерудегі негізгі мақсаттарын сұраймын. Кәсіби түрде айналысасыз ба, әлде тек өздеріңіз үшін қажет пе дегенді анықтап аламын. Сосын келген кезде тыңдап, әр қайсысының дәрежелерін байқаймын. Әр талантқа демеу керек екенін түсінемін, сол үшін оқушыларыма мұқият боламын. Кейде мүлде ән айта алмайтындар болады, оларды қабылдамаймын. Бізде скрипка, фортепиано сыныптары бар оларға да іріктеу болады. Қандай мамандыққа баулысаңыз да, баланың қабілеті болуы керек деп санаймын. Алдағы уақытта шәкірттерімізбен шетелдік конкурстарға да бару жоспарда бар.


Қарашаш Есенбай: Өзіңіз сабақ алып және сабақ беріп жүрсіз. Осы арада өзіңіздің шығармашылғыңыз тоқтап қалмады ма?


Гүлзар Ғабдрахман: Иә, аздап уақыт жетпей жатады. Оның үстіне Мәскеуге түскесін, мықты мамандардың тәжірибесін, білімін алып қалғым келеді. Бұйыртса, жеке шығармашылыққа да уақыт табамыз.


Қарашаш Есенбай: Сіздің бір рет «Өз ойым» бағдарламасына қонақ болғаныңызды көріп қалдық. Қазір ол тақырып бойынша болып жатқан жайтты естуіңіз бар шығар? Осы туралы сіздің ойыңыз қандай?


Гүлзар Ғабдрахман: Мен қандай шу болып жатқанын сізден естіп отырмын (күліп). Ол бағдарламаға барғаным есімде, журналистер шақырған. «Өз ойыма» шақырғанда ондай тақырып болатынын білмедім, маған «екі баланың анасысыз, жүктілік кезіндегі тәжірибелеріңізбен бөлісесіз» деп айтқан. «Жарайды» деп бардым, нақты ештеңе білмедім, бірақ бағдарламада ерсі сұрақтары болғаны рас. Мысалы, «Үшінші, төртінші балаларыңа кеш болып қалады деп ойламайсың ба?» деген сықылды сұрақтар қойды. Менің ойымша, бұл адамның жеке басына қатысты сұрақтар...

Егер сондай сұрақтар болатынын білсем, бармаушы едім. Бағдарлама өткен соң ғана оның барысын түсірдім. Бірақ қателіктен сабақ аласың. Қазір «қандай тақырып, неге шақырасыз» деп сұрап алатын болдым. Көріп, біліп үйренесің ғой.


Қарашаш Есенбай: Гүлзар ханым, сұқбатқа келгеніңізге рақмет! Ертең Мәскеуге аттанғалы отыр екенсіз, жолыңыз болсын! Жақсы жаңалықтармен қуанта беріңіз!




Авторы: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ