"Президенттің өзіне айтқым келеді": Асхат Садырбаймен эксклюзивті сұқбат

0
1 744

"Арысқа сурет үшін келген жұлдыздар болғанын жасыра алмаймыз", - Асхат Садырбай


Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.


«Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін», - деп өсиет айтады Бауыржан Момышұлы. Елім, жерім дейтін азаматтар арамызда жетерлік, десе де олардың ерлігі елге күн туғанда сыналатын болар?!


Соңғы айлардағы елде болған жағдайлар кезінде азаматтарымыз бар екенін біліп, марқайып та қалдық емес пе? Мысалы, Арыстың басында күн туғанда әр қаладан барған еріктілер қолынан келгенше көмегін аямады.


Менің бүгінгі кейіпкерім де - қоғамдық-әлеуметтік проблемаларды қозғап, шешудің жолдарын іздеп жүретін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, танымал тележурналист Асхат Садырбай.


Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Асхат аға! Әңгімені сіздің жұмысыңыздан бастасақ, бір рет желіге ресми жұмыс істемейтініңізді жазып едіңіз. «Ұлттық арнадан» кеткеніңізді айттыңыз, ал қазір қандай жобаларға ұсыныстар болып жатыр, нендей жаңалықтарыңыз бар?


Асхат Садырбай: Қайырлы күн, мен ұлттық арнада ресми түрде емес, тек "Түнгі студия" жобасының бас продюсері болып жұмыс істегенмін. Ол жоба осы жылдың мамыр айында аяқталды. Одан кейін жазғы демалыс басталып, барлық телеарналар демалысқа кетті. Жаңа маусымда «Алматы» телеарнасында "Не істейміз?" деп аталатын өзімнің авторлық жобам шығып жатыр. Зиялы қауым өкілдерімен қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын және пікірлерін білетін, ой алмасатын салиқалы сұқбат. Сол бағдарлама эфирге шығып жатыр. Бұл енді телевизия саласындағы жаңалығым, ал басқа да жаңалықтарыма тоқтала кететін болсам, біз сайлаудың алдында Қазақстандағы танымал жастар мен әртүрлі саланың өкілдері «Team Qazaqstan» деген атпен жиналғанбыз. Яғни жастардың басы сайлаудың алдында қосылған. Сол кезде біз сайлауға ат салыстық, кейін «Team Qazaqstan»-ның атынан, мүшесі ретінде мен Арыс қаласындағы жағдайға байланысты еріктілерді жинап үлкен іс атқардық. Оған - бәрі куә! Үлкен жұмыс болды, өйткені сондай қиын жағдайда тез жұмылып, үлкен қаражат жинау оңай емес. Сондықтан да бар күшімізді салып, үлесімді қосқым келді. Сол өңірдің жастары және Алматы, Шымкенттен келген жастар ерікті болды. Ол жағдай кезінде көп дүниенің әлі де жолға қойылмағанын байқадым. Енді қазір осы бағытта әріқарай да жастардың мәселесін көтеретін, шешуге ат салысатын, жастардың басын қосатын бір ұйым құрсақ деген ойда жүрмін. Өйткені, Президенттің жанынан Ұлттық Кеңес құрылған болатын, соның мүшесімін. Сол жерде жүріп бірінші жастардың мәселесін көтеруім керек және өзекті тақырыптарды талқылауым керек деп білемін.


Қарашаш Есенбай: Соңғы кезде сізді халық экраннан көрмесе де, қоғамдық шаралардың ортасынан жиі көріп жүр. Осы орайда сан түрлі пікірлерде айтылып жатыр ғой, бірі «Нұротаншыл» десе, кейбірі оппозицияға кетті деп жүр. Жалпы өз аузыңыздан естиікші, қандай пікірдесіз?


Асхат Сабырбай: Енді неғұрлым сені көп адам көрген сайын, білген сайын пікірдің де, сынның да көп болуы заңдылық. Мен оған дұрыс қараймын. Бірақ, ең бастысы бірінші кезекте еңбегіміз адал болса болды ғой. Мен өзім ешқандай да партияның мүшесі және ешқандай да оппозиция өкілі емеспін! Мен ешқандай тарапқа кеткен жоқпын, қарапайым халықтың өкілімін. Мамандығым - журналист. Ол - халық пен билік арасындағы алтын көпір, яғни шынайы ақпаратты объективті түрде жеткізу, халықтың мұқтажын жоғарыға айту. Сондықтан өзімнің азамат ретіндегі - парызым және маман ретіндегі - міндетім деп білемін. Ешқандай тарапта емеспін, өзімнің жеке пікірім бар! Ал, пікірім - тәуелсіз!




Қарашаш Есенбай: Арыстағы жағдайда өзіңіз сол күні ұшып барып, халықтың жанында болдыңыз. Тіпті өзіңіз базарға барып, әр тиынның есебін көрсеттіңіз. Ел басына туған осы жағдай сізге нені үйретті?


Асхат Садырбай: Бұл жағдай маған не үйретті? Ең бастысы жұмылуды, ұйымшылдықты үйретті. Яғни, бірге жұмылудың мүмкін екенін көрсетті, ал жұмылғаннан кейін бізде күштің болатын көрсетті. Шын мәнінде егер адам қаласа, көп нәрсеге қол жеткізуге болатынын дәлелдеді.

Арыстағы жағдай сынақ болды, көп нәрсені үйретті. Өйткені сондай аласапыран уақыт болды. Мысалы, мына жақта қанша адамға көмек керек, ал екінші жақтан қанша адам көмек қолын созып жатты. Ал соны үйлестіру жағынан көп қателіктер болып, ақсап жатты. Оны көзбен көру, сол жердегі жағдайды сезіну басқа, әрі көп нәрсені көкірегіңе түйесің. Мен маман ретінде де, адам ретінде де көп нәрсені көрдім, түйдім және болашақта осы олқылықтардың орнын толтыру үшін еңбектенетін боламыз. Құдай ондай күнді қайта тудырмасын, дегенмен сондай қиыншылық болса қалай қимылдау керек, қандай шешімдер қабылдау керегін үйрендім. Сабырсыздық танытқандар да, салғырттық танытқандар да болды. Мен оның бәрін әлеуметтік желіде халыққа айтып отырдым.

Мысалы, көп ақшаны көріп, өзінің пайдасына асырғысы келгендер болды, Арысқа қатысы жоқ болса да дәрі-дәрмек үшін дегендей сылтаулар айтқандарды көрдік. Бірақ бізге жиналған ақшаның бір тиынына тимей, тек Арыстықтардың пайдасына жараттық. Өйткені, ол арыстықтарға деп жиналған ақша еді. Олардың қатарында кішкентайлар мен науқас адамдар да болды, оларға киім-кешектен бөлеу, моральдық көмек қажет болды. Осының бәрін көзбен көру арқылы, орталарында жүру арқылы көп ой түйдім.



Қарашаш Есенбай: Сол уақытта көп жұлдыздар Арысқа ат басын бұрды, бірақ мойындау керек кейбірінің көкейінде «Мені көрсін, білсін» деген пенделік ойдың болғанын да аңқарып қалдық. Соңғы кезде әріптестеріңіздің, жалпы өнер адамдарының инста үшін «еңбек етуін» қалай бағалайсыз?


Асхат Садырбай: Шыны керек, бізбен қатар біршама өнер жұлдыздары, басқа саланың адамдары Арыс үшін ат салысуға, көмектесуге барды. Кейбіреуін көріп қалдым, кейбіреуін естіп те жаттым. Дегенмен менде дәл сол кезде инстаграммды бақылап отыратын мүмкіндік болған жоқ. Ондай ниетпен барған адамдардың болғанын жоққа шығара алмайтын шығармыз!? Өйткені тек қана бір күнге келіп, әдемі болып суретке түсіп, артынан көбісі жоқ болып кетті. Мен де сол жағын түсінбей қалдым, бір қол болса да ол жерде маңызды ғой, «асарлатамыз» деп ойладық. Ең болмағанда біздің посттарымызды репосттап, ақпаратымызды ауқымдырақ аудиторияға тарата ма деп те күттік. Бірақ көбі жазған өтініш хаттарымызды жауапсыз қалдырды, олардың ішінде танымал әнші-жұлдыздар да бар! Бірақ бар ісін жиып, көмекке ұмтылғандары да бар. Мысалы Жазира мен Жанболат келіп заттарды өз қолдарымен таратып, ат салысты, Тұрсынбек Қабатовтың театры ақша аударып, әр уақыт жағдайды сұрап, қолдауын білдіріп отырды. «Кешью» тобы, Айнұр Асқарқызы, Бейбіт Кушкалиев, Айдар Тұрғанбек сынды азаматтар, тағы басқаларын қазір есіме түсіре алмай отырмын, бірақ баршылық. Болмашы ғана көрінгенімен ол кезде осындай қолдаудың өзі адамға жігер береді екен. Сурет үшін келген жұлдыздар болғанын жасыра алмаймыз. Инстагарм үшін әрекеттену - жай ғана сол аудиторияның өзіне деген махаббатын болмаса, сол аудиторияның лайкын арттыратын шығар. Бірақ оның бәрі тура сол лайктар сияқты уақытша. Сондықтан өзім бәрінен де адамдықты биік қоямын.


Қарашаш Есенбай: Арыстағы жағдай кезінде біздегі волонтерлік ұйымдардың дұрыс дамымағаны, жолға қойылмағаны көрінді. Осыны жүйеге алып келу үшін, жастардың басын бір арнаға тоғыстыру үшін нендей іс керек деп ойлайсыз?


Асхат Садырбай: Волонтерлерді көбінесе шақырып, бірақ оларды массовка ретінде жай сапа үшін емес, сан үшін қолданған көріністерді осы уақытқа дейін көп көрдік. Тек қана барып кел, шауып келге жұмсап оларға ешқандай мотивация, стимул бермей жинап алып, шығарып салатын, сондай бір түсініксіз жәйттарды көзіміз көп шалды. Осы уақытқа дейін әртүрлі ұйымдарды көрдік.

Асылында «волонтер» дегеніміз кім? Ол - белсенді, ерікті. Бізде оның рөлінің маңызды, мәртебесі биік, азаматтық қоғамды құратын, дамытатын белгілі бір тұлға екенін түсіндіре алмады. Біз - осыны түсіндіруіміз, насихаттауымыз керек. Президентіміз Қасым- Жомарт Тоқаев келер жылды «волонтерлер жылы» деп жариялап отыр ғой. Сондықтан келер жылы осы нәрсені өзіміз үшін насихаттауымыз, айтуымыз керек сияқты. Өйткені біздің елде волонтерлер қозғалысы дамуы керек.


Қарашаш Есенбай: Волентер десе, көпшілікке тіпті маған да іс-шараларда адам санын көбейту үшін «қинап жиберілетін» студенттер елестеп кетеді. Шын мәнінде біздің еріктілер қандай болу керек?


Асхат Садырбай: «Qazaqstan Team» жастардың сондай бір ұйымын, болмаса волонтерлік қозғалысын құрғымыз келеді. Жастардың басын біріктіріп, жинауды көздеп отырмыз. Белгілі бір іс-шараларда бой көрсетіп, одан кейін жоқ болып кететін топ емес, өзекті мәселелерді көтеретін, жинайтын жастарды құрағым келеді. Өзім Ұлттық Кеңес мүшесі ретінде ол мәселерді президентке жіткізіп, алдына қойсам, шешілуін жеке қадағаласақ дейміз. Өйткені біз көбінде мәселені айтамыз да кетіп қаламыз, ал «ол қалай шешіледі, шешілу жолдары қалай жүзеге асады, қашан жүзеге асады» деген сұрақ жоқ! Ренжиміз, өкпелейміз, кінәлаймыз, бірақ осы нәрсеге келгенде тиянақтылық танытпаймыз. Менің ойымша, біз белсенділік танытуымыз керек. Өзімізге қажетті мәселелерді өзіміз шешуге ат салысуымыз керек.




Қарашаш Есенбай: Сіз құрып жатқан «Qazaqstan Team» осы сарындағы жоба ма? Нендей қызмет атқару жоспарда бар?


Асхат Садырбай: Иә, бұл ұйымның маңызы да сонда болмақ, яғни жастардың арасында кездесетін өзекті мәселердің бірін айтуымыз керек, бақылауымыз керек. Бізде талантты, өнерлі жастар бар, бірақ оларға қандай мүмкіндіктер бере аламыз? Осындай проблемаларды шешу үшін қызмет ететін боламыз.


Қарашаш Есенбай: Сайлаудан кейін және елдегі түрлі жағдайлардан кейін осындай ұйым, партия болайық деп бас көтеріп жүргендер көп. Бұл жобаның олардан айырмасы қандай және мақсаты қандай?


Асхат Садырбай: Енді басқа ұйым партиялар жайлы хабарым көп емес, олардың мақсаттары мен жоспарлары қандай екенін білмеймін. Біздің мақсат, біздің жоспар өзіміздің еліміздің өркендеуіне кішкентай болса да үлес қосу. Талантты, сауатты жастарды қолдау және жастар үшін жастардың мәселесін көтеретін бірден бір ұйым болу.


Қарашаш Есенбай: Ендеше, іске сәт! Жастардың арасында жалындағандар көбейсін!


Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет