"Психологиялық бедеулікті жеңдім": Белгілі коуч өз оқиғасымен бөлісті

0
6 080

​Менің бүгінгі кейіпкерім – отбасылық кәсіби психолог, халықаралық дәрежеде куәландырылған практик-психолог, тренер Мөлдір Болатқызы.


Қарашаш Есенбай: Мөлдір ханым, бізге сұқбат беруге келіскеніңіз үшін рақмет! Мен де психология әлемін жақсы көремін, жиі оқимын. Сол кезде мен оқып жүрген ұстаздардың барлығының тағдырынан байқағаным, осы салаға келуі көбінде өз басындағы крезистің әсерінен болады екен. Ол бір жағынан табиғи нәрсе шығар, дегенмен өзіңізді бұл салаға не алып келген еді?


Мөлдір Болатқызы: Қайырлы күн, мен де сіздерге сұқбат беріп отырғаныма қуаныштымын! Дұрыс айтасыз, психология саласына келуге әркімде әртүрлі себеп болады. Менің негізгі мамандығым - педагог-психолог. Ал, пратикалық психологияға келуім өзіммен жұмыс істеуді бастаған шағымда болды.
Шамамен 2012 жылдар еді, тұрмыс құрғаныма 5 жылдай уақыт болған, бірақ бала көтере алмай жүргенмін. Сол кезде маған медициналық тұрғыда бәрі дұрыс, тек психологиялық бедеулік болуы мүмкін деген диогноз қойды. Сосын Нұр-сұлтан қаласындағы отбасы институтына барып, мамандардың консультацияларын, қымбат тұратын терапияларды қабылдадым. Сол кезде осы саланы өзім оқысам қалай болады деген ой келді. Сонымен практикалық психологияны меңгере бастадым. Бір жылдан кейін жүз адамға арналған консультациялар тапсырма ретінде беріле бастады, соларды орындап жүріп адамдарға кеңес беруді үйрендім. Кейін ауыл-аймақтағы адамдарға, мұғалімдер мен мектеп директорларына арналған семинарлар өткізе бастадым.
Ал 2013 жылы қызды болып, декретке шықтым. Психология арқылы өзімнің проблемамды шешкеннен кейін, өзгелерге де пайдасы тисін деген мақсатпен осы салаға түбегейлі бет бұрдым.

Қарашаш Есенбай: Кәсіби түрде психолог болып, адамдарға көмегіңізді тигізіп жүргеніңізге бірнеше жыл болыпты. Осы уақыт аралығында қазақ тілді аудиторияның психологияға деген көзқарасы қаншалықты өзгергенін байқадыңыз?

Мөлдір Болатқызы: Кәсіби практикалық психологияға келгеннен бұрын педагог-психолог болып жүрдім. Негізгі жұмысым балалармен жұмыс істеу болғанымен, өзім ата-аналарымен де көбірек жұмыс істеуге тырысатынмын. Себебі баладағы қандай да бір проблеманың түбірі соларда деп ұғатынмын. Алғаш педагог-психолог болып жұмыс істеген 2008 жылдары ата-аналарға «Cізбен сөйлескім келеді» деп жағдайды айта бастағанда «Неге менің балам психологқа бару керек?» немесе «Мені неге шақырасыз?» дейтін. Ол кезде психологқа тек психикасында ауытқуы барлар ғана жүгінеді деп ойлайтын.
Ал, қазір айырмашылық өте көп. Әрбір адам психолог тек қалыпты адамдармен жұмыс істейтінін, оның психиатрдан айырмашылығы бар екенін түсінді. Әрі психологпен жұмыс істеудің маңызы қандай боларын біледі. Мен осы салаға келген он екі жыл ішіндегі айырмашылықтың айқын аңғарамын. Сонымен бірге қазақ тілді аудитория да көбейіп жатыр. Бұрын кәсіби ақпарттар мен кітаптар орыс тілінде еді, біз көбіне орыс менталитетіне сай ілімдерді оқып, ізденетінбіз. Ал қазір біздің ана тіліміздегі ақпараттар көбейе бастады, сонымен қатар ұлттық сана, ұлттық код бойынша жұмыс істеуіміз керек екенін түсіндік. Негізі біздің әрбір ақын-жазушымыз психолог болғанына, кез келген кітаптан психологияның жұрнағын таба алатыныма көзім жетеді.



Қарашаш Есенбай: Адамдар көбіне қандай проблемамен жүгінеді? Содан кейін мынадай проблеманы байқадым, қазақтар психологқа бір рет барады, сол кезде барлық түйіні шешілуі керек деп есептейді. Консультацияға қайта жазылатындар сирек. Психолог ретінде айтыңызшы, адамға неше уақыт үзбей психолог кеңесіне жүгінген кезде нәтиже болады?

Мөлдір Болатқызы: Иә, психологты бақсы-балгер сияқты ойлап келетіндер бар. Проблемасының барлығын психологқа итеріп, өзі жауапкершілік алғысы келмейтін адамдар болады. Консултацияға бір рет келген адамнан нәтиже шығару қиын. Өзімнің тәжірибем бойынша айтар болсам, бес рет консултацияға келіп, алты-жеті терепиядан өткен адамда нәтиже жақсы болады. Бірақ бір-екі консултациядан кейін де өзіне жауапкершілік алып, берген ақпараттарды өзінше қорытып, шешім жасайтындар да кездеседі. Әсіресе өз проблемасының түбірін таба алмай жүргендер тауып не содан белгі алып жататындар бар. Нәтиже көру үшін, үзбеген дұрыс!

Қарашаш Есенбай: Отбасы проблемасымен жиі айналысасыз, қазір еліміздегі ажырасатындардың статистикасынан шошуға болады. Өз тәжірибеңізге сүйеніп айтыңызшы, ажырасудың басым көпшілігі нендей себептен туындайды?

Мөлдір Болатқызы: Жалпы отбасындағы ең маңызды нәрсе – жауапкершілік. Ажырасудың көпшілігіне жауапкершіліктен қашу, бойдақтықтан бас тартуға дайын еместік, командамен жұмыс істей алмаушылық себеп болады. Бастапқы үш жыл ішінде ажырасып кететіндерден осыны жиі байқаймыз. Сонымен қатар адамды барымен қабылдай алмау, өзінің өзгеруіне дайын еместер, өзгенің мүдделерін бағаламайтындар мен кешіруді білмейтіндердің де некесі жиі бұзылады. Байқасаңыз, мұның бәрі отбасында бірелетін тәрбие ғой. Көпшілік соны дұрыс меңгермейді.
Ал бірнеше жылдан кейін ажырасатындар да идеализацияның бұзулы, иерархияға төзбеу себеп. Сондай-ақ, біздің елімізде зорлық-зомбылық салдарынан ажырасатындар өте көп елімізде. Мысалы, менің соңғы екі клиентімнің тағдырында да осы жайттар орын алған екен.

Қарашаш Есенбай: Ал осы ажырасу салдары отбасындағы балаға қалай әсер етеді. Менің байқағаным, ажырасқан отбасындағы балалардың психологиясында әлсіздік болатын сияқты. Ал ұрыс пен қырғын көп болса да бүтін отбасының баласы білініп тұрады. Әрине, бұл енді менің адами көзқарасым. Ал, сіз маман ретінде балада қандай қиындық болатынына тоқталып кетіңізші?

Мөлдір Болатқызы: Дұрыс аңғарғансыз, ажырасқан отбасында ең бірінші ауыр жарақат алатын – бала. Ересек адамдардың тіл табыса алмауы, өз проблемаларын шеше алмауы оларға әсер етеді. Бала әке мен шеше бірге тұруы керек деп ойлайды ғой, сондықтан психологиялық қысым көреді.
Көбінде мұндай балалар қорғанышы барын сезіне алмайды, осының әсерінен тағы да иерархия бұзылады. Әкесі жоқ балаларда күдікшілдік, кірпияздық, көңілге көп алатын дегендей мінездер көбірек кездеседі.
Тағы бір айтарлығы, бала ажырасу орын алған кезде бір адамды сол жағдайға кіналайды. Кім эмоцияға қатты беріліп, жәбірленуші болып көрінсе, бала автоматты түрде екіншісіне сатқын ретінде қарап, іштей агрессия пайда болуы мүмкін. Дегенмен психологиялық жарақат алмаған адамдар да болады, дегенмен олар өте аз кездеседі.


Қарашаш Есенбай: Өзіңіз балалармен де жеке кездесулер өткізесіз. Жазбаларыңызда баланы ұрмау керектігін жиі жазасыз. Бірақ бәріміз сондай «қорқыту мен үркітуден» тұратын тәрбиені көріп өстік қой, мойындау керек! Кейде үлкендер «ұрмасаң түсінбейді» дейтін балалар болады, оларға маман ретінде қалай жол табуды ұсынар едіңіз?

Мөлдір Болатқызы: Ата-ананың бір біріне деген қарым-қатынасы бала тәрбиесінде рөл ойнайды. Яғни олар отбасында өздерін қалай ұстаса, бала да солай болуға тырысады. Өйткені олар сөзді емес, іс-қимылды қайталайды. Бала әке-шешесін көшіреді!
Баланы ұру - оны «Әлемдегі ең жаман адам мен, мені ұруға болады» деген ойға жетелейді. Мысалы, сізді біреу ұрып тастаса қандай күйде боласыз? Бала да солай! Баланың сөз түсінбеуінің себебі оның психикалық дамуында болуы мүмкін. Көбінде мейірімге «аш» бала солай жасайды. Ондай балаларды зерттеп, көріп қана алдағы шаралары туралы айта аламыз.
Маман ретінде айтарым, баланы құшақтап, оған көңіл бөлетін болсаңыз олар агрессияға бармайды. Сондықтан барынша назар аударып, мейірім мен махаббатқа толтыру керек.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіздің ата-анаңыздан алған тәрбиеңіз қазіргі түсініктеріңізбен қаншалықты сәйкес келеді? Олардың әдістерін өз балаларыңызға қаншалықты қолданасыз?

Мөлдір Болатқызы: Ата-ана әрбір адамға модел болғандықтан, бала тәрбиесіндегі әдістерін бейсаналы түрде қолданамыз. Маған өзіме ұнайтыны – балаға уақыт беру. Қателік жасағанда ойланып келуге жіберуі, не бұрышқа тұрғызып жазалуы өзіңмен-өзіңді қалдырудың бір түрі. Ол жайт сені қателігіңді түсінуге, кешірім сұрауға итермелейді. Өзім жеке өмірімде балаларыма осыны пайдалануға тырысамын. Сосын әкем мен шешем жас кезіндегі қателіктері мен қызықтарын айта отырып бізбен сабақтастық орнататын. Мен де балаларыма өз қателіктерімді ашық айтып қайталамауға шақырсам, жетістіктерімді айта отырып жігерлендіремін!

Қарашаш Есенбай: Қыз-келіншектерге алғашқылардың бірі болып тренинг-марафон өткізгендердің бірісіз. Осының қалай басталғанын және қазір қалай жалғасын тауып жатқандығына тоқталыңызшы?

Мөлдір Болатқызы: Ең бірінші ауыл-аймақтағы балабақша тәрбиешілері, мектеп педагогтары мен психологтары арасында семинар өткізуді бастадым. Қазіргі таңда барлық адамдармен, әсіресе аналармен, оның ішінде аурушаң баласы бар аналармен байланыс орнатып, жұмыс істеуге тырысамын. Өйткені, үйде отырған әйелдің дағдарысқа ұшырауы заңдылық. Сондықтан ізденуге, білім алуға құштар болып, болашаққа ұмтылғандарын қалаймын. Осы мақсатта «Өз-өзіме психолог», «Өмірге «иә» деп айт!» атты және бала тәрбиесіне пайдалы «Балажан» марафонын тұрақты өткіземін. Осы кезге дейін әр қайсысына жүздеген аналар қатысты. Оларға кәсіби псхолог ретінде 21 күн бойы пайдалы ақпараттар мен қоса мотивация беріп отырамын. Үшеуі де өзімнің кәсіби түрде қалыптастырған, адамдарға бағдар беретін, авторлық жобам. Сонымен қатар отбасылық қарым-қатынасты орнатуға, ажырасуды азайтуға бағытталған «Ошағымды сөндірмеймін» деген ауқымды жобаны жасап жүрмін, жалғасын табады деп үміттенемін. Ол жерде отбасы проблемасын ашық анықтауға мүмкіндік береді.
Қазір қоғамдағы әйелдер уақытты дұрыс басқара алмауынан, материалдық құндылықтарға басымдық бергендіктен әлі де рухани азыққа шөлдеп жүр. Сол үшін оларға интенсивті білім алу керек деп ойлаймын. Мен ақпаратты қысқа-нұсқа бере отырып, адам жанына керектіліредің қаймағын іріктедім. Сондықтан баршаға нәтижелі марафон деп айтар едім.

Қарашаш Есенбай: Тренинг, марафон деп жатырмыз ғой, қазір осылардан көп дүние жоқ! Қалай ойлайсыз, онлайн тренингтер өткізу қоғамға қаншалықты пайдалы?

Мөлдір Болатқызы: Иә, онлайн тренингтер қазіргі заманда сұранысқа ие. Көбіміз уақытты дұрыс басқара алмағандықтан, білім алуға, кітап оқуға мүмкіндік таппаймыз. Ал онлайн-вебинарлар ұтымды дүние. Бірақ ондағы білімдерді кәсіби мамандардан алғандары дұрыс деп ойлаймын. Өзім басында тек офлайн тренинг өткізетін едім, кейін басқа облыстардан да сұраныс болған соң онлайн өткізуді де қолға алдым.

Қарашаш Есенбай: Мөлдір ханым, сұқбат бергеніңіз үшін рақмет!