Робот Келін: "Блогер болу үшін адамдардың сөзін елемеу керек!"

0
3 488

Қазір әлеуметтік желіде келін өмірін көрсететін парақша көп. Солардың арасынан Ақтолқын Серікбайдың виртуалды өмірі ерекше көзге түседі. Инстаәлем оны «робот келін» деп таниды. Өзінің айтуынша, бұл атты оған халық қойған.


Робот Келін:

Сәлем, Ақтолқын! Сұқбат беруге келіскеніңізге рақмет. Қазір көбі уатсапты бір көрейінші деп кіреміз де бір сағаттың қалай өткенін білмей қаламыз дейді. Инстаграмнан көргеніміздей, сіз бәріне үлгеріп жүресіз? Уақытыңызды қалай басқарасыз?


Сіздерге де рақмет. Негізі осы блогерлікті бастап жатқан кезде өз атыммен тіркелген едім. Бірақ күнделікті келіндік өмірімді көрсетіп жүрген кезде барлығы «Қалай сен шаршамайсың, қалай үлгересің?» «Бір тынбайсың. Саған қарап шаршап кетеміз» деген хаттар келетін. Өз оқырмандарым «Сен нағыз роботсың. Робот келінсің» деп ат қойып берген болатын. Қазір аяғым ауырлағанына байланысты ұйқы қысады. «Керемет бәріне үлгерем. Роботпын» деп айта алмаймын. Қимылым баяулап қалды. Бірақ бұл уақытша. Негізі үлгерем деген адам барлығына үлгере алады немесе ертесіне жасауға болады (күліп).


Сізді сторизден салған сәлеміңіз арқылы көпшілік біледі. Бұл туралы оқырмандарыңыз не дейді? Ерсі көрмей ме?


Иә, сәлем салғаным мені ерекшелеп тұрады. Реакция қалай болар екен деп сәлем салмасам, оқырмандар «Келінжан-ау, сәлем салмадың ғой» деген хаттар келе бастайды. Негізі мені үлкен адамдар көреді ғой. Күнделікті «Көп жаса!», «Ұл тап!», «Бақытты бол!» деп тілектерін жаудырып жатқан кезде, кұнделікті сол тілектен құр қалмас үшін сәлем саламын. Өзіме ұнайды. Кей жастар түсінбей жатады. Барлығына бірдей ұнау мүмкін емес. Бірақ көпшілігінің көңілінен шығады.


Ел алдына шығу десе қазақтың келіндері қайын жұрт пен жолдасының алдынан өтеді. Сізде де солай болған шығар?


Ата-енем, жолдасым қарсы болса, блогерлікті бастамас едім. Басынан қарсы болса, бірден қоя қоямын. Басынан қолдау білдіріп, декретте отырған кезде ұнаған тірігіңді жасай бер деді. Бірақ туған-туыс, таныстар «ой, блогер болып кетіпті ғой» деген сияқты әңгімелер болды. Сол кезде отбасым «Өзіне ұнайтын тірлігі, өзінің кәсібі, жасай берсін», - деп менің сөзімді сөйлеп, күшті қолдау білдірді.



Негізгі мамандығыңыз қандай? Алматыда оқығаныңызды білемін.


Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің түлегімін. Магистратураны Қызылордадағы Қорқыт атындағы мемлекеттік университетте бітірдім. Тіл білімі маманымын.


Сізді көпшілік қызылорлалық келін ретінде таниды. Бала кездегі арманыңыз бөлек болған шығар? Кішкентай Ақерке нені армандаушы еді?


Кішкентай Ақтолқынның арманы – өнер жолына түсу. Әнші болғым келетін. Мектептің де, университеттің де сахнасын бермей, ән айтып жүрдім. Қазір өз асханамның әншісімін (күліп).


Адам түнде өз-өзімен бетпе-бет қалғанда түрлі ойларға ерік береді. Сіз не нәрсені жиі ойлайсыз?


Қазір көп ойлайтыным – балаларымның болашағы. Олардың есейген кезін елестетемін. Қандай мамандық алады, не жұмыс істейді деп ойлап кетемін. Әрқайсының мінезін саралаймын. Он, жиырма жылдан кейінгі өмірімнің қандай болатынын жиі ойлаймын.


Өз ойыңыздағы биігіңізге шыға алдыңыз ба? Ол биіктіті қалай өлшейсіз?


Ойымдағы биігіме әлі шыққан жоқпын. Өзіме қатты сыни көзқараспен қараймын. Көбіне өзіме көңілім толмайды. Миымдағы үлкен-үлкен жоспарлар әлі іске асқан жоқ. Менен де кереме блогерлер бар, солардың бағындырған белестерін бағындырғым келеді. Сырттан адамдар мені мақтаған кезде өте қатты ұялам, өйткені әрдайым өзіме көңілім толмай тұрады.


Енді блогерлікке қайта оралайықшы. Қазір келін өмірін көрсететін парақшалар баршылық. Мұндағы контент көбіне үй тірлігінен аспай жатады. Мұндай парақшалардың көпшілікке берер пайдасы бар ма? Мысалы, қандай пайдасы бар дер едіңіз?


Келіндік өмірді көрсететін блогерлердің жұмысы екі есе ауыр деп ойлаймын, өйткені ата-енемен бірге тұрып, жолдасының да жағдайын жасап, балаларға қарап, үйдің тірлігімен қоса блогерлікті алып жүрген келіндердің еңбегі өте зор. Әр блогердің өз ерекшелігі болады. Әр парақшаның пайдалы тұсы бар. Мен де қарапайым, барлық келін жасай алатын тірлікті, үй жинап жатқанымды көрсетемін. Сонда тым болмаса жұмысын істеуге ерініп жатқан бір келіншектің шабытып ашып, үй жинауға мотивация беріп жіберемін. Сондай хаттар келіп жатқан кезде блогымның пайдалы екенін біліп, қуанып қаламын.


Біреуге ашуланғанда соған арнап тұспалдап пост жазатын кезіңіз болды ма? Мысалы, қандай?


Ондай кездер болады, бірақ көп емес. Бір туыс сіңілімнің әрекеті ұнамай қалды. Кішкене қателік жасады. Сол жағдайды пайдаланып, «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген бағытты ұстап алдым да, барлық сіңіліме деп әпкелік ақылымды айтқан болатынмын. Кейде оқырмандарымның бір сөзі маған қатты әсер етіп, пост жазуыма итермелеуі мүмкін.




Әлеуметтік желі арқылы пайда табатыныңыз рас. Сіз негізгі табысты қалай табасыз? Гив, жарнама, өніміңізді сату?


Инстаграмды қосымша табыс көзім деп айтсам болады. Мемлекеттік жұмыс істеп, декретте жүрмін. Басты табыс көзім сол жұмысымнан. Қазір демалысымда жай отырмай, желі арқылы пайда тауып отырғаным рас. Енді барлық блогерлер секілді ГИВ-тан, жарнамадан, авторлық курстарымды сатқан болатынмын.


Құпия болмаса айына шамамен қанша табасыз?


Негізі өзімнің қанша табатынымды ашып айтпаймын. Қаншалықты еңбек етемін, соншалықты ақша табуыма болады. Бір мұғалімнің кейде бір айлығын, кейде екі айлығын табуым мүмкін.


Аудиториясы бір блогерлер арасында бәсеке қатты, тіпті көреалмаушылық та, екіжүзділік те бар дегенді жиі естиміз. Осы рас па?


Аудиториясы бір блогерлер арасында бәсекелестік болу – заңдылық. Барлық жерде бар деп ойлаймын. Бәсекелестік болмаса да, блогерлер дамымай бір орында тоқтап қалады. Бәсеке болған бір жағынан жақсы. Ал енді көреалмаушылық, екіжүзділік те кездесіп жатады, бірақ ондай интригалардан өзімді алшақ ұстаймын. Ұнай бермейді, одан да үндемей қалғаным жақсырақ. Халыққа жайып, бір-біріне хайп ұстау соңғы кезде өте көп болып кетті. Оған ондай нәрсе мүлде ұнамайды, конфликт дегеннен аулақ жүретін адаммын.


Желі арқылы түрлі ойын ойнатып, алаяқтық деп күдікке ілініп жатқан әріптестеріңізбар. Олардың мұндай әрекеті табысқа құнығу ма әлде олар да шынымен ұйымдастырушыларға алданып қала ма?


Түрлі ойын ойнатып, алаяқтық жасап, ұтқан ұтысын салмай жүрген блогерлерді тура ұстап алмасам да, маған «Осындай блогер ұтқан ұтысымды салған жоқ. Өтірік болғаны ма?» деген сияқты хаттар келіп жатады. Мұндай хаттар келгенде жағамды ұстаймын, өйткені халықты алдаудың соңы жақсылыққа әкелмейді. Халық – Құдайдың бір аты. Алдап өз репутациясын бұзып отыр. Әр блогердің өзінің ұятына, санасына, абройына берсін деймін. Кейбір блогерлер расымен де ұйымдастырушыларға алданып, солардың қатесінен халыққа жаман атты болып қалатындар бар. Екеуі екі түрлі ситуация. Бір қазанда қайнап жатқаннан кейін ол блогерлерді де көріп жүрміз.


Сіз қандай өнімдерді жарнамаламайсыз?


Ақша салсаң, екі-үш еселеп шығарып аласың деген белгісіз ұйымдар, онлайн ойындар, бәс тігетін ойындарға мүлде жарнама жасамаймын. Өзім күдіктеніп тұрған, сенімсіз желілік компаниялардың, пирамидалардың жарнамасын шығармаймын.


Күдікті өнімді жарнамалап жатқан әріптесіңізді көрсеңіз, не істейсіз?


Айтып кеткенімдей, негатив, конфликт дегеннен алыс жүремін. Кейде біліп тұрасың, күдікті нәрсені, ақша тігіп ойнайтын ойындарды жарнамалап жатқанын көрген кезде әркімнің өз ұяты білсін деймін. Қазір адамдардың көзі ашық, ненің дұрыс, ненің бұрысекенін біледі. Парақшамда да мұндай әңгіме айтпаймын, ол блогерлермен де керемет араласамын дей алмаймын. Жақсы араласын қыздарым ондай өнімдерге жарнама жасамайды. Мұндай кезде өзімді бейтарап ұстаймын.


Өткен айдан бері Қазақстанда кибербуллинг тақырыбы өршіп тұр. Жұмысыңыз желіде, мұндайға куә болған не басыңыздан өткен сәт болды ма?


Қазіргі кезде кибербуллинг деген өршіп тұр. Бұл блогерлердің қорқынышты түсі деп айтар едім. 2019 жылы блогерлікті енді бастап келе жатқан кезде бір жағдай болған. Парақшамды бұзып, өзіме шабуыл жасай бастады. Түрлі дөрекі хаттар жазды. Мұндай адамдар міндетті түрде заң жүзінде жазалауын керек деп ойлаймын, өйткені қаншама парақша, қаншама еңбек осылай көкке ұшты. Өзім сол кезде әйтеуір қайтарып алдым.


Блогер болу көпшілік ойлағандай оңай емес. Осы салаға қызығатындарға не айтасыз?


Қандай еңбектің де оңайы жоқ. Блогер болу үшін күні-түні ізденіп, шыдамдылық таныту керек. Адамдардың сөзін елемеу қажет. Шаршамай, ерінбей еңбектену керек.


Ақтолқын, сіз де шаршамай, елдің «робот келіні» атанып жүре беріңіз! Сұқбатыңызға рақмет!