Руслан Мамытов: "Отбасым бар екенін айтқым келмеді..."

0
3 712

Руслан Мамытов - әнші, композитор. Көптеген хит әндердің авторы.


Руслан Мамытов:

Оның әндерінде патриоттық рух пен мөлдір махаббат қатар еседі. Талай ғашық егіліп жатып, «Сен жылама» таң атырғанын да көргенбіз. Менің бүгінгі кейіпкерім жалынды жастары мен қадірлі қарттары бар қазақтың жасағанын тілейтін, үздік патриоттық әндердің авторы - Руслан Мамытов.

Қарашаш Есенбай: Руслан Мамытов десе, ел «Жаса, қазағым», «Сен жылама» секілді хиттеріңізді еске алады. Соңғы кезде өзіңізді жаңа әндеріңіз шығып жатқанымен хиттердің қатарынан ести бермейміз. Бұл шығармашылықтағы тоқырау ма, әлде жұмыстың қарқындылығын бұрынғыдан азайттыңыз ба?

Руслан Мамытов: Ешқандай тоқырау емес, әлі де ән жазу үстіндемін. Бірақ «хит жазайын, хиттердің қатарына кірейін» деп сөзіне мән бермейтін жеңіл дүниемен хит болғым келмейді. «Бізден әдемі ән қалса екен» деп армандайтын азаматтардың бірімін. Бізден кейінгі буын, өнерімізді сүйетін адамдар жақсы әндерімізбен еске алса екен деп армандаймын. Хит деген - дүние бір адам менің әнімді ұнатып, одан өзіне нәр алып жатуы.

Жұмысымның да қарқыны бәсеңдеген емес, жаңа әндер жазып, кейбірін өзіміз де сахнада шырқаудамыз. Енді барлығы Алланың қалауымен болатын дүние ғой. «Әннің де естісі бар, есері бар», - деп Абай атамыз айтқандай, есті ән жазсам оның хит болуы үшін емес, қай ортада шырқасамда жоғары баға алатындай болғанын қалаймын. Ондай әндерді жазып та жатырмын. Жақында «Аға, сендей болғым келеді» деген ағаларыма арнап ән жаздым, одан кейін Қайрат Нұртас орындап жүрген «Ауыртпа Алла анамды» деген әнім бар..

Қарашаш Есенбай: Қазір әншілердің көбі «Қазақтың тойы бітпесін» деген ұранмен той-томалақтың айналасында жүреді. Өзіңіз де тойға шығып тұрасыз ғой, осы тойға көп шығу - сахна мәдениеті мен сапасының дамуын бәсеңдетпей ме?

Руслан Мамытов: Иә, Аллаға шүкір «Той - құдайдың қазынасы» деген қазақтың біреуі менмін. Бірақ тойға барған әншінің әндері әсерсіз, халыққа өтімсіз болады немесе сахна мәдениетін сақтай алмайды дегенге өзім қарсымын. Тойдың орны бөлек, сахнаның орны бөлек, бірақ тойдағы адамдар да залға барып концерт көреді, залдағы адам да тойға барады. Сондықтан оны бөліп жарудың керегі жоқ. Тойдың әні де сахнада, сахнаның әндері тойда шырқалып жүр ғой. Бұл жерде халық өзіне керегін алады деп ойлаймын. Бұл жағдайдың әншіге ешқандай әсері жоқ. «Мен тойда ғана жүремін» деген әнші болмайды, Алла талант бергеннің бәрі өнер жолын қуғанда үлкен белесті бағындырсам деп армандайды. Халықты тойдағы, залдағы деп бөлуге болмайды! Бастысы әнің жақсы болуы керек. Ол мәдениетті бәсеңдетпейді, керісінше екі жақтағы халық бағасын беріп жатса, нұр үстіне нұр ғой.

Қарашаш Есенбай: Руслан, осыдан бірнеше жыл бұрын берген сұқбатыңызда тек қазақи, дәстүрлі әдемі әндерді айтатын әншілерді ғана жаңалық деп есептейтініңізді айтыпсыз. Қазір біздің эстрада да түрлі бағыттар бар ғой, бәсеке де күшті. Бірақ қазақи әншілер «Тасада қалып қоямыз» деп көп ренжиді. Сіздің ойыңызша, олардың тасада қалуына немесе тыңдармандарының азаюына не себеп?

Руслан Мамытов: Тасада қалып қою дегенді түсінбеймін мен. Ол ән дәстүрлі, не эстрадалық болсын тыңдарманға ұнаса іздеп, тауып тыңдайды. Ал біреулер «тарс-тұрс, пах-пух» деген әндер айтып жатыр екен деп қазақилығымызды ұмытуға тағы болмайды. Себебі өнер деген - біздің ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылығымыздың бірі. Сол себепті қазақи әнді түрлендіріп айтуға да болады. Өзім «тасада қалдым» деп ренжитін әншілердің қатарынынан емеспін. Олай ренжитіндерді түсінбеймін. Қазір әр түрлі бағытта әндер шығып жатыр, әр қайсысының өз тыңдарманы бар. Бірақ беті-басын бояп, сырға тағып, шалбарының ауы түсіп, сахнаға қалай болса солай шығатындарға қарным ашады. Басқаларға кінә артудан аулақпын. Қазақи әндер қазақ деген ел тұрғанда ешқашан өлмейді деп ойлаймын. Олардың тыңдармандары азайды дегенге де сенбеймін! Жүрегі қазақ деп соғатын жан, өз ұрпағын ұлтжанды етіп тәрбиелегісі келетін адам «тарс-тұрс» еткен музыканы тыңдайды деп ойламаймын. Тойларда болмаса, сондай әндерді іздеп тыңдайтын аға буынды көрмедім. Стилдер өзгеріп, шетелге еліктеген түрлі дүниелердің барлығы біреуді қайталау ғой. Ал енді қазақтың жүрегінен шыққан ән, қазақтың жүрегіне жетеді.

Қарашаш Есенбай: Сізді әншілік өнеріңізден бөлек, сазгер екеніңізді білеміз. Шығармашылыңызда қандай жаңалықтар бар? Қандай әншілермен жұмыс істеп жатсыз?

Руслан Мамытов: Маған сондай қасиет берген, Аллаға шүкір. «Жаса қазағым», «Бал бақытты бағалайық, жаным», «Біз қазақпыз», «Қандастарым ай», Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов және Тоқтар Серіков ағаларым бірге орындап жүрген «Мәңгілік ел», Заттыбек ағамыздың орындауындағы «Мен сені аялаймын», Қайрат Нұртас орындап жүрген «Ауыртпа Алла анамды» секілді дүниелер мен сазгер болмасам шықпас еді ғой деп ойлаймын. Қазір көптеген әншілермен жұмыс істеп жатырмын, бірақ әншіні іздеп барып ән беретін сазгер емеспін. Іле-шала тойда, концертте кездескенде ән сұрап жатса, ешкімнің көңілін қалдырмаймын. Шығармашылықта жаңалықтар көп болып жатыр. Жарты жылдан асты ән студиясын ашқан болатынмын. Мақсат Алтыбаев деген аранжировка жасайтын ағам екеуміз сол жерде жұмыс істеп жатырмыз. Соңғы шыққан әндерімнің барлығы өзімнің студиямда жазылды. Сонымен қатар, қазір Жалғас Мәлік, Әлішер Серіков деген екі шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Жақында сол бауырларыммен бірге жазған әнім жарыққа шығады.

Қарашаш Есенбай: Соңғы кезде «Қазақ композиторлары бір-бірінен ән ұрлайды» дегенді құлағымыз жиі шалып қалатын болды. Сіздің де әніңізді еншілеп алғандар бар ма?

Руслан Мамытов: Ешкімнен ән ұрламаған, ешкімге ән ұрлатпаған сазгермін! Әлі жазпыз ғой, біздің әніміз көп таныла да қойған жоқ. Іле-шала бірең-сараң әндеріміз шығып жатыр. Бірақ өзім ән ұрлатудан аулақпын, өйткені ән шыққан кезде авторлық құқығымды заңдастырып отырамын.

Негізі мен ән ұрлайды дегенге сенбеймін! Өйткені композитордың әндері бір әке-шешеден туған бала сияқты бір-біріне ұқсап тұрады. Оны қалай біреу еншілеп алады? Ән ұрлаған бала ұрлағанмен тең дейді ғой қазақ, сондықтан біреудің әнін еншілей алмайсың деп ойлаймын!

Қарашаш Есенбай: Жоғарыдағы екі қабілетке жас келіннің бетін ашатын өнеріңізді де қосып қоюға болады. Осы тұста ойыңызды білейікші, қазір түрліше бет ашатын асабалар көбейіп кетті. Мысалы домбырасыз эстрадалық әнмен немесе бір емес бірнеше жігіт бірігіп бет ашып жүр. Ұлттық құндылыққа бейжай қарамайтын өнер иесі ретінде осыған көзқарасыңыз қалай?

Руслан Мамытов: Мен 12 жылдан бері той басқарамын. Сол тапқан табысқа ән жазып, бейнебаян түсіріп жүрген әншімін. Менде продюсер, демеуші деген жоқ! Баяғы бір сұқбатымда «Менің спонсорым – Алла, продюсерім - қазақтың тойы» деген едім. Сол тойдан тапқан қаржыға шамам келгенше тірлік жасап жүрген қазақтың бірімін.

Ал енді беташарды эстрадамен, екі-үш адам болып ашуға, аккардионмен ашуға мен қарсымын! Беташар деген - жас келінге келген жерін керемет етіп таныстыратын қазақтың дәстүрі. Ол қазақтың қара домбырасымен ашылатын дүние ғой. Енді анау эстрадаға салып «дкс-дкс» етіп ашып жүргендер, әйтеуір бір табыс табудың көзі деп қараған шығар?! Негізі беташарды нағыз серілер, домбыраның құлағында ойнайтын, дауысы сол бет ашуға сәйкес келетін адам ашқаны жөн. Кейде дауысы келмесе де, домбыраны сабалап қойып бет ашып жататын кісілер болады. Оларға қарным ашып қарайтынын жасырмаймын, беташардың сәнін құртады. Мықты бет ашатын қазақтың жігіттері де бар, соларды шақыруға болады ғой.

Қарашаш Есенбай: Бір сұқбатыңызда «Шынымды айтсам, мен ғашық болмай жүре алмаймын...» деп айтқан екенсіз. Бұл сіздің тым көп ғашық болатыныңызды білдіре ме, әлде біреуге ғана мәңгі үздігетініңізді білдіре ме?

Руслан Мамытов: Енді... «Ғашық болмай жүре алмаймын» деппін ғой. Абай атамыз «махаббатсыз дүние бос»,- деп айтқан ғой. Көп әндерім ғашықтықтан туған. Бірақ оны әрі қарай жаман ойға алып кетуге болмайды, сұлулыққа сұқтанбайтын жігіт жоқ қой. Сол себепті қазағымның әдемі қыздарына арнап жазған әндерім көп, бірақ қазір жарыма арнап жақсы әндер жазып жүрмін.

Қарашаш Есенбай: Әңгімені осы тақырыпқа бұрған екенбіз, қорытындылай кетейік. Сіздің отбасы құрғаныңызды естідік. Құпия болмаса, өмірлік жарыңызбен қалай танысқандарыңызды, ол кісінің сізді баураған қасиеттері туралы айтып берсеңіз?

Руслан Мамытов: Бұрын соңды еш жерде айтпаған едім, сізге де бұрын берген сұқбатымда «Үйленбегенмін» деген едім. Өйткені мен өзімнің отбасыма, балаларыма ешкімді араластырғым келмеді, айтқым да келмеді. Менің «Өнерімді ғана білсінші» деген ниеттен тіс жармаған болатынмын. Аллаға шүкір, жарым бар. Енді сұлу болмаса, ақылды болмаса, ажарлы болмаса ешкім үйленбейді ғой. Аллаға шүкір, көңілімнен шыққан Зарина есімді жарым бар. Одан дүние келген екі ұлым, бір қызым бар. Біз студент кезімізде танысып, отау құрғанбыз. Содан бері бір шаңырақ астындамыз.

Қарашаш Есенбай: Руслан, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рақмет!

Автор: @karashash_esenbay

Фото: @ruslan.mamytov

ERNUR.KZ