"Сахнаға тыныштандыратын дәрі ішіп шығатынмын": Цирк әртісімен сыр-сұқбат

0
1 361

Халықаралық деңгейде өткен додалардың жеңімпазы, цирк әртісі Камила Күркембаева.


- Камила, осынау тылсам өнерге деген махаббатыңыз қай жастан бастап ашылды? Акробатиканы үйренудің өзіне үлкен жүрек керек. Сіздің өнердің бұл түрімен айналысқаныңызға қанша жыл болды?

- Менің өнерге деген махаббатым бала кезімнен басталды. Мен Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты Сүмбе деген ауылдық округте туылдым. Балалық шағым сонда өтті. Кішкентайымнан спорттың барлық түріне қызығып өстім. Десек те ауылдық жерде әр түрлі үйірмелерге баратын мүмкіндік болмады. Кейін өсе келе ата-анам Нарынқолға қоныс аударды. Сол кезден бастап анам мені ешкімнен кем қылмай, түрлі үйірмелерге апара бастады.

Аз ғана жыл биге қатыстым, гимнастикамен айналыстым. Үйірмелерде орыс қыздар болатын. Солардың жаттығу жасағанына қатты қызығып, солар сияқты болуға ұмтылушы едім.Бірақ олар сияқты жаттығуға жиі баруға мүмкіндік болмады. Ата-анам қаражат жағынан қиналып қалмасын деп, кейде үйірмеге бармай қалатын едім. Жалпы гимнастика - қымбат спорт түрі, костюмдары да қолжетімсіз болатын. Жаттығуға киіп баратын киімімнің бірі болса, біріне ата-анамның ақшасы жетпей қалған кездер болды. Одан бөлек біздің үйірменің жаттықтырушылары орыс ұлтынан болды. Олар менің артық салмағыма қарап, жаттығуға қажетті кей құралдарымның жеткіліксіздігіне қарап маған көп көңіл бөлмейтін еді. Өзім де гимнастикаға бірде барып, бірде сабақты жіберіп алушы едім. Артық салмағым болса да, намысқа тырысып айналыстым.

Бірақ, бала күннен көңілімде бір қанағатсыздық бар, ол менің спорт шебері атағын дер кезінде ала алмауым еді. Одан бөлек мектеп қабырғасында жүрген кезімде тек спортқа емес, өнерге де жақын болдым. Музыка үйірмесіне қатыстым, хорда ән айттым, қобыз сыныбына бардым. Мектеп бітірген соң Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына театр және кино әртісі мамандығына оқуға тапсырғым келді. Алайда мен орыс мектебінде оқығандықтан, қазақ тіліне шорқақ болып, мені оқуға қабылдамады. Одан кейін эстрада және цирк колледжіне, "Актриса" мамандығына құжат тапсырдым. Ол жақта да менің бойымның қысқалығына қарап, оқуға қабылдамай, қуыршақ бөліміне ауыстырмақ болды.

Менің бойым 1.50, қуыршақпен бірдеймін. Сосын әкеме намыстанып, «папа, мен қуыршақтан көрінбей тұрамын, ол мамандықта оқымаймын» дедім. Сөйтіп намысқа тырысып, цирк әртісі мамандығына құжат тапсырдым. Сол жерден бірдеңе шығаратыныма сенімді болдым. Үзбей спортпен айналыстым, салмағымды ретке келтірдім. Оқуда озат болдым, әуеде тұрып талай трюктар жасап, оқытушыларды өзіме тәнті еттім, солай қызыл дипломға бітірдім. Одан тоқтап қалмай, Спорт және Туризм академиясына оқуға түстім. Қазір бала кезімде арман болған, бірақ толығымен айналысуға мүмкіндігім болмаған гимнастикамен күнде шүғылданамын.


- Ал акробатикаға қызығушылығыңызды оятқан кім?

- Спортқа, акробатикаға деген махаббатымды оятқан адам – менің анам. Анам мәнерлеп сырғанау спортын ерекше жақсы көреді. Менің де ерекше ықыласым ауған еді. Бірақ мәнерлеп сырғанау спорты біздің отбасы үшін қолжетімсіз болды. Оған қатысуға менде мүмкіндік болмады. Бұл спорт түрі менің анамның орындалмаған арманы болып қалды...


- Биіктікте өнер көрсету оңай емес. Қорқынышыңызды қалай жеңесіз?

- Ең бірінші өнер көрсеткен кезде бойымды неше түрлі қорқыныш билейтін еді. Циркте жүріп түрлі Халықаралық деңгейдегі фестивальдерге қатысамын. Бір фестивальге алпыстан аса мемлекеттен қатысушылар келеді. Сайысқа түскен кезде тек көрсететін нөміріме емес, денсаулығыма да алаңдап кетемін. Бастапқы кезде сахнаға шығар алдында тыныштандыратын дәрі ішіп, кейде ауа жетпей қалып, дірілдеп, дұға мен сүрелер оқып шығатын едім. Кейде аренада қалай өнер көрсеткенімді сезбей қалушы едім. Қазір бойым үйреністі, түрлі фестивальдерде бақ сынадым. Бәсекелестеріммен бір толқында, бір сахнада тұрып өнер көрсетіп үйреніп қалдым. Уақыт өте келе тәжірибе бар, өзіме деген сенімділік те қалыптасты.


- Цирк маманы талай машақатты бастан кешіреді ғой. Сіздің де жаттығудан жаңылысқан кезіңіз болды ма? Жаттығу барысында, өнер көрсетер кезде өзіңізді қалай дайындайсыз? Күніне жаттығуға қанша уақыт жұмсайсыз?

- Мен циркпен өмір сүремін. Осы жерде жүріп өмірлік жарымды кездестірдім. Жолдасыммен бірге түрлі іс-сапарларға шығамыз. Кейде баламды да жұмысыма алып келемін. Мен өнеріме де отбасыма да ерекше көңіл бөліп жүрген мықты маман, бақытты әйел, анамын. Жұмысымда шығармашылық еркіндік бар, өзіме уақыт арнай аламын. Жалпы цирк - үлкен тәуекел. Орысша айтсам, риск. Сондықтан әр қадамды мың ойланып барып басамыз. Бірақ мен Аллаға тәуекел етуді үйреніп алғанмын. Міндетті түрде дұғам мен сүремді оқып жүремін.

Жалпы жаттығуды үзбей жасасаң, дене бұлшық еттері де бір қалыпқа үйреніп алады. Әр образды шығару үшін бір емес бірнеше уақыт жаттығу керек. Егер жаттығуда актерлік шеберлігіңді шыңдай отырып, образыңды шығара алсаң, адамның бұлшық еті соны есте сақтап қалады да, жаңылысуыңа жол бермейді. Сондықтан, жаттығуда қателікпен жұмыс істеп, әр қимылыңа ерекше мән беруің керек. Біз күнде тыныс алу жолдарына жаттығу жасаймыз, таңда және кешке жасайтын міндеттелген жаттығуларымыз да бар. Егер күнделікті жаттығу жасамасаң өзіңнің бабыңнан кетіп қаласың. Сахнада сасқалақтау, жаңылысу болуы мүмкін.


- Қай трюк сізге жақын?

- Жолдасыммен бірге жасаған трюк менің жаныма жақын әрі оңай. Біздің отасқанымызға он үш жыл болды. Оған жүз пайыз сенемін.


- Акробатика денсаулыққа зиян келтіре ме?

- Әрине, зиян келтіреді. Кәсіби гимнаст, кәсіби акробатта да жарақат бар. Мысалы, менің жолдасымның омыртқасында жарақат бар. Протрузия болған соң басқа дене мүшелеріне де әсер етеді. Менің жолдасым күніне жүз елу келіге дейін көтереді. Ол әрине омыртқаға күш. Ал менің аяқ бұлшық етім, нерв жүйелерім суық тисе сыр береді.

Егер акробатикамен пішініңді қалыпта ұстау үшін хобби ретінде айналыссаң, жақсы күтінсең, денсаулығыңа кері әсерін бермеуі мүмкін. Әуесқой акробаттар өзіне артық күш салмауға тырысады ғой. Керісінше, күн сайынғы жаттығулар ағзаға серпіліс, энергия береді.


- Біздің елде цирк акробаттарына қаншалықты көңіл бөлінуде? Осыншама еңбек, маңдай тер ақталып жатыр ма?

- Шынын айтсам, осы уақытқа дейін біздің елде цирк әртістеріне көп көңіл бөлінген жоқ. Соңғы жылдары ғана назар аудара бастады. Өйткені, цирк әртістері халықаралық деңгейдегі фестивальдерге қатысып, елдің атынан шығып, намысын қорғап жүр. Біз өзімізді көрсетіп, түрлі додаларда жүлдемен оралып, өнерімізді дәлелдетіп жүрміз. Елдің атын шығарған соң, басшылық көңіл бөле бастады. Жалпы, цирк өнері халықаралық деңгейде қалыптасқан өнер.


- Кез келген акробаттың ерекшелігі, трюк жасаудағы құпиясы болады. Сіздің акробатикадағы ерекшелігіңіз неде?

- Біздің ерекшелігіміз неде? Біздегі барлық әртістердің бойы 1.70. 1.70. бола тұра, 150-180 келі көтеріп, түрлі трюктар жасайды. Баспалдақпен жүреді, мыңдаған биіктікте жіптің үстінде тұрады. Ол оңай емес. бірақ бұл - біздің ерекшелігіміз.


- Жоспарыңыз қандай?

- Қазақ циркін дүние жүзіне танымал еткім келеді. Жалпы цирк өнерінің үздіксіз дамығанын қалаймын. Себебі, бұл өнердің көзге көріне бермейтін қиындығы мен машақаты көп. Қазіргі таңда, біздің жастарымыз зиянды әдеттерге әуес, көпшілігі дерлік артық салмақпен күресіп жүр. Ал цирк пен спорт денсаулықтың кепілі.

Сұқбаттасуға уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Cұқбаттасқан: Қарашаш Есенбай,

ERNUR.KZ.