"Сен секске итермелеп жатырсың" дейді": Журналист жаныстық сауаттылықтың керегін түсінбейтін адамдарға ренжиді

0
3 551

"Талай мықты журналистер «Бұл тақырыпқа мен бара алмайтын едім. Жарайсың, енді мынаны айт!» деп кеңес беріп жатады"


Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Ол бала кезінен актриса болуды армандап, ару қала Алматыға келді. Бірақ қазақы ұяңдық оның емтиханға баруына кедергі жасады. Ал журналистика факультетіне баруға дайындығы болмады, сондықтан "бастысы сауатты һәм дұрыс сөйлеуім керек" деген мақсаты филология саласына бұрып алып кетті. Оның әдемі үні мен сыңғыр күлкісі бар тыңдарманды өзіне баурап, есімін қалыптастыруға әсер етті.

Менің бүгінгі кейіпкерім – танымал радиожурналист, «Болашақ» өнер мектебінің негізін қалаушы, соңғы уақыттаға ең танымал «Жабық тақырып» ютуб жобасының авторы - Әсел Ергешқызы.


Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Әсел! Сұқбатқа уақыт тапқаныңыз үшін көп рақмет. Өткен жылы «Ниет» бағдарламасының шеф редакторы болып жүр едіңіз, бірақ көп өтпей ол жерден кеткеніңізді естідік. Бар жоғы үш айдай қызмет етуіңізге не себеп болды?


Әсел Ергеш: Телеарнаның ішкі әлемімен жақын танысу негізгі мақсатым болған еді. «Ниетке» дейін де теле бағдарламаларға сценарий жазып жүргеніммен,жауапкершілікпен алған үлкен тележобам осы болды. Қалай болғанда да эфирде жүріп үйренген адамға кадр сыртында қалу аздап қиындау екен, мойындаймын (күліп). Ол жұмыстан кетуіме жақсы қызметке ұсыныс түсуі себеп болды. Ұсыныс радио саласынан түскесін, ойланбадым, кетуге шешім қабылдадым. Халық мені радио арқылы таныды, он бір жыл бойы қатардағы редактор болсам, енді жауапты қызметте басқа қырымнан көрінемін, ойда жүрген жоспарларымды іске асыруға мүмкіндік туады деп келісім берген едім. Бірақ сол кезде балаларым жиі ауырып, қараша мен желтоқсанда солардың жанында болуыма тура келді.Отбасыма көбірек көңіл аударуым керектігін түсіндім. Қандай қызмет ұсынса да бәрі Алланың бізге жасап берген қызметінің жанында түк емес қой?!

Одан кейін де бірнеше ұсыныс болды, бірақ бас тартып жатырмын. Себебі әлі балаларым кішкентай. Олар өскесін де қызмет жасап үлгеремін.


Қарашаш Есенбай: Сізді көпшілік радио арқылы таниды, жұмыстан өз еркіңізбен кетуіңізге не себеп болды? Ол жақта соңғы уақытта басшылар жиі ауысып кетті әрі олардың келіп-кетуімен бірге команда да өзгерістер болып жататынын естіп қаламыз. Осы жайттың әсері бар ма?


Әсел Ергеш: Ең бірінші, өз еркіммен штаттан кеткенім 2015 жылы еді. Сәуір айында тойым болады, ал мен наурызда өтініш жазып, жұмыстан кеттім. Сол кезде бәрі таң қалған әрі ұзақ уақыт қызмет еткен жеріңнен кеткенде әрі қарай өмір жоқ секілді «трагедия» болады ғой. Ал менде ондай болған жоқ!

Ол кезде директор болып отырған Махат Садық аға таң қалғанымен, «Өсемін десең, әлі жассың, өз шаруаңды жаса! Радиоға кез келген уақытта келе аласың!» деп қолдау білдірді. Кейін балалы болып,үйде отырған кезімде Мәди Манатбек аға қайта шақырды. Ол кісінің қызметіне енді кірісіп жатқан уақыты, менен бір музыкалық жобаны эфирге алып шығуымды ұсынды. Сосын тек эфир уақытында барып, жұмыс істеп жүрдім. Кейін келісім-шартымның уақыты біткен соң, жеке жұмыстарыма көбірек көңіл бөлуді жөн көрдім. Негізі бір жерде қызмет етуде өзіңді көрсету үшін он жыл жақсы уақыт, сол уақыт аралығында тыңдармандарым қалыптасты, жақсы көріп іздейтін жандар бар. Сондай әдемі кезде кетіп, телеарнада жұмысымды жалғастырғым келді.

Әйтпесе, біреуменсөзге келіп, не бастықтардың ауысуы себеп болған жоқ. Мен Жүрсін аға радионы басқарған жылдары, он тоғыз жасымда келгенмін Қазақ радиосына. Содан бері қанша бастық ауысты, бірақ ешбірі менің жұмысыма сын айтып, не басқадай түсініспеушілік болған жоқ. Қазір бастықтардың жиі ауысып жатқаны рас,өзім үшін ыстық жер болғасын төркінім секілді алаңдап отырамын (күліп).


Қарашаш Есенбай: Қазір қайта радиодаға жұмысқа бару, жаңа айтқаныңыздай, басқа қырыңыздан көріну жоспарыңызда бар ма?


Әсел Ергеш: Жоспарымда жоқ, дегенмен шақырса қарсы болмаймын. Өйткені радио менің шығармашылық алаңым екенін түсінемін. Онда қызмет ету маған кедергі келтірмейді, дегенмен әлі балаларым кішкентай болғандықтан, таңнан кешке дейін жұмыс істеуге уақыт тапшы.



Қарашаш Есенбай: Әсел, бір кездері ән жаздырып, одан кейін концерт жүргізіп жүргеніңізді білемін. Осы қырыңызды кейін дамытпай қойған секілдісіз?


Әсел Ергеш: Мүмкін... Мен көбіне әнші-сазгер Роза Әлқожаның концерттерін жүргіздім. Еліміздің әр өңірінде және Республика сарайында өткен, жалпы алғанда алпысқа жуық концертін жүргізіппін. Кейін Заттыбек Көпбосынұлының концертін жүргіздім. Көбіне әншілердің концерттерін жүргізгеніммен, мемлекеттік деңгейдегі мәдени шараларды жүргізбеппін. Мүмкін мен өзімді осы салада "сатпаған" шығармын?! Оның үстіне, біздің телеарна мен концерт режиссерлерінің ойы бойынша, жүргізуші арық және бойы ұзын болуы керек. Осы жайт, одан кейін мені тек радиожурналист деп қабылдауы - концерттерге жүргізуші болуыма мүмкіндік бермеген болар?!

Байқайсыз ба, біздің қоғамда радио екінші сатыда тұрады. Мысалы, дамыған елдерде концерт пен түрлі шараларды радиожүргізушілер жүргізеді. Өйткені сахнада дауыс, дикция маңызды. Ол радиожүргізушіде бар. Ал бізде мұндай үрдіс әлі қалыптаспаған. Біздің көрермен үшін БАҚ-тың басында тұрған - телеарна.


Қарашаш Есенбай: Радиожурналистің дауысы жақсы болады деп жатырсыз ғой, бірақ қазіргі кезде радио, телеарна не концертте болсын «Ң»-ға тілі келмейтін, дауысы дұрыс қойылмағандар жүр. Оларға мұны айтсаң, «Мен қалай бармын, өзімді солай қабылдаймын» деп ақталады. Ал журналистиканың өз ережелері қайда қалды?


Әсел Ергеш: Иә, «Ң»-ы жоқ журналисті, дымы жоқ журналист деуге болады. Қазақтың тоғыз-ақ төл әрпі бар, қалай соны айта алмайды?

Одан кейін, бізде жүргізушінің әдемі түрі, мінсіз мүсіні болуы керек деген ой бірінші тұрады, ал оның интеллекті маңызды емес. Сіз байқасаңыз, жекелеген радиоларда «Ә» деген әріпті айта алмайтындар толып жүр. Олар жас буынға кәдімгідей үлгі екен. Оны өзімнің «Болашақ» өнер мектебіме келетін оқушылардан байқадым. Мысалы, «Сәлем» дегенді, «Салем» дейді. Бұлай сөйлеу қате екендігінайтсаң, «Мына кісілер солай сөйлейді ғой» деп аттарын атап береді. Әсіресе, жастаркоммерциялық радиолардың стилін сіңіріп алған.Бұл - үлкен қателік. Біз қашан түрден бұрын, сауаттылыққа қарайды екенбіз?

Мысалы, «BBC», «Europanews» арналарын қоссаңыз, кіл үлкен кісілер жүргізіп отырады, олардың сөзін тыңдап отырып, қандай киім кигенін де байқамайсыз. Ал біздегі экран әдемі көйлек киіп, боянған қыздардың шеруі секілді. Сөзін тыңдамай түріне қарап отырасың. Тіпті, телеарнада «Жүргізуші күнде әртүрлі макияж бен түрлі киім киіп шығуы керек. Бағдарламаны әйелдер «Жүргізуші бүгін не киеді?» деп көруі керек» деген талап бар екен. Бұл - үлкен қателік!


Қарашаш Есенбай: Өзіңіз он жылдай радиода қызмет еттіңіз, қазіргі радиожурналистерге кәсіби баға бере аласыз деп есептеймін. Меніңше, қазір радиоларды қоссаң, ізденіс жоқ екенін бірден байқауға болады. Мысалы, коммерциялық радиодан екі журналистің бір-бірін қағытпа сөзбен ғана түйреп отырғанын байқаймыз, ал Қазақ радиоларында сауатты мәтін болғанымен, жалықтыратын дауыс көп секілді?


Әсел Ергеш: Сіздің пікіріңізбен келісемін. Мен «Орда ФМ» радиосынан Майра Төлепберген мен Жасұлан Жүрсінұлынбаяғыдан тыңдаймын. Жасұланның сауаттылығы, қазақы үні һәм сол үнін заманауи стильге икемедей алатыны,Майраның дауыс ырғағы, еркіндігі ұнайды, шекарадан шықпайды. Ал «Жұлдыз ФМ» секілді жекелеген радиолардың (журналистерінің атын да білмеймін) мақсаты арзан күлкі, бос әңгімемен тыңдарманды ұстап отыру ғана секілді. Оларға «Сауатты сөйле, дұрыс ән қой!» деген талап қойылмайтындай. Не айтсаң да, тыңдарманды ұстап отыр дейді-ау.

Ал «Қазақ радиосы» мен «Шалқарда» сауатты контент маңызды. Дауыс ырғағына қатысты айтып отырған пікіріңізбен келісемін, ол жерде жастар ғана емес, аға, орта буын да жұмыс істейді. Қалыптасқан мектеп бар. Бұрын диктор деген штат болған. Диктордың міндеті - арнайы қойылған дауыспен мәтін оқу,мәнерлеп сөйлеу. Осының бәрі"Қазақ радиосы" мен "Шалқардағы" әріптестерімнің құлағына сіңіп қалған деп ойлаймын. Әрине, бәрінің емес. Жастарға жағымды үні бар журналистер де жетеді. Қазір тыңдарман шынайылықты қалайды. Олардың бір нүктені басу арқылы қалаған радиосын тыңдауға мүмкіндігі бар.


Қарашаш Есенбай. Жаңа сіз айтқан арзан күлкі мен мағынасыз әңгіме қоғамды құлдыратады ғой?


Әсел Ергеш: Байқасаңыз, қазіргі БАҚ қоғамды сауаттандыру үшін емес, олардың сұранысын қанағаттандыру үшін жұмыс істеп жатыр. Тыңдарман, көрерменнені қалайды, соны жасайды. Бұл - бірінші кезекте қоғамның емес, БАҚ-тың құлдырауына алып келеді.


Қарашаш Есенбай: «Болашақ» өнер мектебі туралы айтайықшы, журналист, әнші, жалпы танымал болуға ұмтылатындар көп. Қазір жастармен жиі кездесіп жүріп байқағаным, механика саласында оқитын жігіт тойда асаба, медицинада оқитын жігіт тойда ән айтады. Танымал болуы мен ақша табудың осы жолын жөн көретіндер қорқынышты емес пе?


Әсел Ергеш: Әр кезеңнің сұраныстағы мамандығы болатын сияқты. Мысалы, біз мектепте жүргенде экономист пен заңгер көбейіп кетті ғой.

Ал қазір ақпарат жеткілікті, интернеташық заман. Біздің жастардың санасында бірінші «танымал болуым керек» деген мүдде тұрады. Бәлкім, іштегі талантты ояту үшін де осындай бір амбицияның болуы керек те шығар?! Мен оған қарсы емеспін! «Танымал боламын» деген бала танымал әнші, не танымал ғалым да болуы мүмкін. Қазіргі балалар неге әнші болуға құмартады, өйткені БАҚ соларды көбірекнасихаттап отыр. Бізге ғалым не басқа мамандық иелері туралы материал рейтинг алып келмейді. Телеарналар неге өнертапқыштарға арнап бағдарлама ашпайды, өйткені «Екі жұлдыз» сияқты рейтинг бермейді. Рейтинтің "құлымыз".


Қарашаш Есенбай: Танымал болу деп жатырмыз ғой, сөзіңіздің басында «Ниет» бағдарламасында жүрген кезде кадр сыртында қалу әсер етті деп жатырсыз. Жалпы өзіңіздің экранға шығу туралы ойыңыз болмады ма?


Әсел Ергеш: Негізі болды, мен бірнеше рет кастингке барған адаммын. «Qazaqstan» арнасы жылда кастингке шақырады. Сосын «Бәрі күшті, эфирді алып шығуың, дауысың, түрің керемет. Тек кішкене арықтасаң ғой» деп шығарып салады. Жылда солай айтады (күліп). Бірақ мен табиғатымнан сондай арық қыз емеспін :))


Қарашаш Есенбай. Ал «Жабық тақырыптан» соң сізді телеарнаға қызметке шақырғандар болмады ма?

Әсел Ергеш: Телеарнаға жиі шақырады. Бірақ жүргізушілікке емес, пікір айту үшін шақырады. Жыныстық сауатқа арналған бағдарламалар, тіпті,ұшаққа билетіңізді алып береміз, сіз келетін күнге сьемка қояйық деп өтініш білдіреді. Бірақ бәріне баруға мүмкіндік бола бермейді.



Қарашаш Есенбай: Жолдасыңыз павлодарлық екенін айттыңыз. Оның орыс тілді болуы «Жабық тақырыпта» ашық әңгіме айта алуыңызға әсер еткен болар? Егер оңтүстікке келін болсаңыз, осы тақырыпта жоба жасай алмауыңыз мүмкін ба еді?


Әсел Ергеш: Мүмкін... Дегенмен менің күйеуім ол бағдарламаға менің жұмысым деп қарайды. «Ол жерде ерсі қылық жасап, бұрыс нәрсені жарнамалап жатқан жоқсың. Кәсіби мамандардың кеңесін бересің»деп түсіністік танытып, қолдайды. Аналарыма да солай, кәсіби мамандар кеңес береді, мен тек сұрақ қойып отырамын деп түсіндірдім. Олар да «Өзіңе зияны тимесе, жасап көр» деп қолдау білдірді.


Қарашаш Есенбай: Осы уақыт аралығында «Жабық тақырыптың» он шақты саны шықты, Жалпы бір жүйеге салу ойдабар ма?


Әсел Ергеш: Бастапқыда жоспарым бойынша аптасына бір рет, не айына екі рет шығарамын дегенмін. Бірақ қаржылық жағынан ыңғайы болмай қалатын кездер болады. Көбі пікірге «Мұның бәрін ақша үшін жасап жатыр. Ақша алмаса, бұл тақырыпты айтпайды ғой» деп жазып жатады. Шіркін, солар ойлағандай болса ғой деймін.

Өйткені жобаны ешкім қаржыландырмайды, жарнама берушілерге де бармадым. Бұл тақырыпқа біздің журналистердің баруы екіталай еді. Сондықтан мен үшін тың, таза аудитория болғандықтан, осы жобаны қолға алдым. Екіншіден, зерттеген кезде көптеген проблемасы бар екенін білдім. Сондықтан көрерменге пайдалы контент ұсынғым келді әрі ол үшін біраз қаржы салдым. Қазір де талқылайтын тақырып көп, шығарғым-ақ келеді. Бірақ қаржы мәселесі қолбайлау. Бұл - журналистік зерттеу, әйтпесе хайп үшін, ақша үшін, қарғыс есту үшін жасалған дүние емес.


Қарашаш Есенбай: «Қарғыс» демекші, түрлі пікірлер жазылып жатыр. Тіпті, «Әсел Ергеш жыныстық қатынас туралы үйрететін дәрежеге жетіп қалып па?» деп жазыпты. Осыны өзіңізден сұрайыншы?


Әсел Ергеш: Иә, негізі солай жазған сайтты сотқа беруге болады. Менің басқа сайтқа берген сұқбатымның өңін айналдырып, авторсыз жариялаған. Олар осы тақырыпты адамдар оқитынын біледі, сосын мен арқылы рейтинг жасағылары келеді. Мықты болса атымен айтып, өзіме жазбай ма?

Талай мықты журналистер «Бұл тақырыпқа мен бара алмайтын едім. Жарайсың, енді мынаны айт!» деп кеңес беріп жатады. Әріден соң, ол менің жеке арнама жасап жатқан жобам ғой! Қазіргі қыздар гинекологқа бармайды, ер адамдар өз денсаулығын күтпейді. Біз журналист ретінде аудитория мен мамандар арасын байланыстыратын алтын көпір болуымыз керек.


Қарашаш Есенбай: Қазір «Жыныстық сауаттылықты дамыту» бойынша әлеуметтік жобаны іске асырып жатырмыз. Сонда келетін жас қыздардың хатынан, мезгілсіз жүктілік, аборт жасатудың көп екенін аңғардым. Бірақ сол қыздар аборт жасатып, адам өлтіргеніне емес, қыздық пердесінен айырылғанына көбірек алаңдайды екен. Бұл ненің салдары?


Әсел Ергеш: Қорқынышты! Жыныстық сауат жасөспірімдерге ғана емес, бізге, ересектерге де керек. Бірдеңені түсіндіру үшін оны өзіміз білуіміз керек қой. Бүгін «Жабық тақырып» жобасында «Қыздық перденің маңызы" туралы хабар шығады.


Біз ұл-қыздарымызға жыныстық тәрбие бермейінше, сауатын арттырмайынша, оны дұрыс түсіндірмейінше, бұл тенденцияның болғаны болған! Мен сақтанудың жолын айтсам, адамдар «Сен секске итермелеп жатырсың» дейді. Мен айтпасам да, жасы 14-15-ке кеп, гармондары ойнап тұрған бала, бәрібір жыныстық қарым-қатынасқа барады. Ал мен жыныстық жолдар арқылы жұғатын инфекциялар мен аурудан сақтанудың жолын мамандардан естісін деймін. Мысалы, Түркістан облысында он екі жасқа толмай жүкті болған қыздар бар екен. «Ұяттың атасы» сол жерде емес пе?! Неге олар ерте жүкті болып жатыр, әрине жыныстық сауаттылықты айтпаудан, жасырудан. Ұятты мен де білемін,бірақ бұл - қоғамға керек дүние. Біздің қоғам мұндай жобаларды қабылдамаса да, керектігін түсінуі керек.


Қарашаш Есенбай: Пайдалы дүниені саралай алатын көрерменіңіз көбейсін! Рақмет!

Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ