"СУПЕРКЕЛІНШЕК": Еріншек адам блогер бола алмайды

0
3 171

Ол қалайша әлеуметтік желіде танымал, "жұлдыз" болды? Осынша жетістікке қалай қол жеткізді?


фото: әлеуметтік желіден

ЕСКЕРТУ: Сұхбатты көшіріп басу редакцияның рұқсатымен ғана іске асады

Танымал болып елге пайдаңды тигізу арқылы табыс табу - қазіргі қоғамның бір көрінісі. Желі арқылы өз кеңесін елдің пайдасына жарата алса, блогердің еткен еңбегі мен төккен терінің ақталғаны. Түрлі салаларды насихаттап, зерттеп, көпшілікпен бөлісу оңай дүние емес.

Қазақ қыз-келіншектерінің асхана әлемінде ерекше тағамдар мен тәттілерді дайындауға мүмкіндік беріп жүрген "Суперкеліншек" атымен таныс Құрайлай Орынбасаровамен әңгімелескен болатынбыз. 24 жастағы келіншектің блогерлікпен айналысып жүргеніне 5 жылдан астам уақыт болған. Бүгінде, инстаграм парақшасы арқылы 100 МЫҢ оқырманына өз кеңестерін беріп жүрген аяулы жар. Ал, YouTube арнасында Құралайдың тәттілерін асыға күтетін 96 МЫҢнан аса көрермені бар. Блогер болу мақсаты бар, алайда, жолы болмай жүргендерге өзінің кеңестерін ұсынады.


- Қайырлы күн Құралай ханым! "Құралай" дегенде көпшілік кім екеніңізді танымауы мүмкін. Мен де сіздің жазбаларыңызды оқып жүрсем де, шын есіміңізден бейхабар екенмін. «Супер келіншек» атауымен елге танылдыңыз. Дәл осылай атау кімнің идеясы?

- Иә, менің шын есімім Құралай. Өз есіміммен ешкім танымайды. Барлық жерде тіпті, көшеде жүрсем де "Суперкеліншекпін". Бұл есімді маған жолдасым ұсынды. Шамамен 5 жыл бұрын "осылай атау қояйық, елдің есінде жақсы сақталады" деген ұсынысын қабыл алып, солай атаған болатынмын. Бастапқыда ыңғайсызданып қатты ұялатын едім, кейіннен үйренісіп кеттім.

- Сіздің ойыңызша, блогерлердің тез танылуына, оңай көтерілуіне сіздікі секілді ерекше атаулар көмектесе ме?

- Негізінен, көмегі бар. Ерекше атау елдің құлағында бірден қалып қояды. Ел өзгеше, ерекше нәрселерге көп қызығады ғой. Алайда, қандай атау болса да өзіңде ынта болмаса, сол жолда еңбектенбесең барлығы бекер.

- Блогерлікке қалай келгендігіңіз көпті қызықтырады. Жас Құралай мен Қазіргі "Супер келіншектің" арасындағы жүрген жолыңызбен қысқаша бөлісіңізші.

- Әлеуметтік желідегі каналымды ашу басында ойда жоқ еді. Ол кезде «вконтакте» желісіне жасағанымды жәй ғана салып қойып жүрдім. Бір күні "осы торттың өрнегі қалай жасалады?" деп сұрады. Жолдасыма видеоға түсіруін өтініп, арнайы құралдарсыз қарапайым пышақпен көрсетіп, бейнежазба салған болатынмын. Қоспаларын да салмағанмын. Содан оны YouTube арнасына салып сұраған қызға жібердік. Дәл сол салынған видеомыз үлкен дауға қалды. Астындағы пікірлерді көрсеңіз. «Қазақтар жасаса осылай болады», «Не рецепті жоқ, не басқасы жоқ» деген пікірлер өте көп болды. Оны салғандағы негізгі мақсатымыз, бір ғана келіншектің сұрауы болатын. Қараған аудиторияның ол жағынан хабары болған жоқ қой. Міне, дәл осы жерден басталды. Халыққа қазақша рецептердің керек екендігін, сұранысқа ие екенін байқап жолдасымның көмегімен бірнеше тәттілердің жасалу барысын салдым. Арада бір жылдай кідіріс болды. Отбасылық мәселелерге байланысты. Содан Алматыға көшіп келдік. Көшіп келуім осы блогерлікті дамытсам деген ой болды. Әсем Алматыда өзімнің жеке арнамды ашып, қазақша мәзірлермен бөлісіп отырдым. Жазылып жатқандарды көріп, одан сайын шабыттана түскенім бар.

- Блогер болу сізде мақсат болды ма әлде біртін келе өмір осыған алып келді ме?

- Менде мақсат болды. Өзіме сендім. Болашағымды осы жақтан көрдім. Сондықтан да менде басын бастап, қалғанын жарты жолда қалдыру деген болған жоқ. Мен инстаграм желісіне соңғы жазбамда көрсетіп кеткендей басында менде ешқандай құрал болған жоқ. Қарапайым пышақпен торт тегістеп, миксердің екі түрлі қозғалтқышы деген сияқты. Мұның барлығы кедергілер. Мен мұндай мәселелерге аса мән берген жоқпын. Бір затым жоқ екен деп кейінге шегерсем мен осы күнге жетпес те едім, мүмкін. Жасағысы келсе жоқтан бар жасауға болады. Ал, жасауға ынтасы болмаса өзіне шектеулері де көбейеді. Болмаған жағдайда таныстардан сұрастырып жасайтынмын.

- Қазіргі кезде өзіңіз білесіз, екінің бірі блогер болуға тырысады, талпынады. Дегенмен де, ойлаған ойы мен алға қойған мақсаты аяқсыз қалып жататындары да бар. Оларға не айтар едіңіз? Қандай кеңестер ұсынасыз?

- Ал, дәл осылай блогерлікпен айналысам деушілерге айтар кеңесім - ең бірінші, өзіңе сену. Сенімсіздік жоқ жерде нәтиже де болмайды. Өзіңе өзің талап қоя білу керек. Және сол талапты табандылықпен орындау керек. Табанды болу деген өз дегеніне қалайда жететін жандар. Міне, осындайлар кез келген жерде нәтиже көрсете алады. Еңбектену керек, ізденіс керек. Қазір бәсекелестік көп, сондықтан да бәсекеге қабілетті болатындай жүрек болуы керек. Ел жасамаған, басқалардан өзгешелеу жасағанда, сені іздейтіндер де көп болды. Еріншек адам блогер бола алмайды. Жұрттың пікірінен ұялып, ел не ойлайды, жұрт не пікір айтады деп ойланып тұрудың қажеті жоқ. Кім болса да мінсіз бола алмайтынын түсіну керек. Барлық жақсылық бірден келмейтінін де ұғыну керек. Менде барлығы мінсіз болуы керек деп оңтайлы сәтін күтіп жүргенде, бәрінен кеш қалғанын байқамай қалады.

- Инстаграмыңыздағы парақшаңызда «НЕГЕ МАЗАҚҚА ҚАЛДЫМ» деген жазба қалдырыпсыз...

- Бұл туралы жоғарыда қысқаша айтып өткен болатынмын. Қуаттылығы 150 ваттық миксер онында насадкасы түгел емес екі түрлі насадка қолданып жүрдім. Тортты түзулеуге арнайы қалақша орнына ет турайтын пышық қолданып жүрдім, пластик ыдыстардың орынына нан салатын ыдыс қолдандым. Мен оған еш намыстанбай, менде ыдыс жоқ демей видео түсіруге құмар болдым! Бірақ видеоның астына көрермендер "Сен не, білмейсің бе? Арнайы шпатель деген болады", "Неге легенге торт жасайсың?" және т.б. сыни пікірлер қалдырды. Бірақ берілмедім, не бар, сонымен түсіре бердім!
Адамдар қанша мазақ етсе де мен жалғастыра бердім, нәтижесінде барлығына қол жеткіздім! Себебі өзіме сендім, мақсатым да айқын болды! Кейін осы бірнеше ай бұрын бұрыннан мені қарап бақылап жүретін оқырманым "Есіңізде ме, бастаған кезде сізде тіпті ыдыстарыңыз дұрыс болмап еді, жоқ еді ғой. Қазір тіпті, ыдыс сататын дүкен ашып жатырсыз!" деп құттықтап жазып еді! Аллаға сансыз шүкірлер осы күніме, сабақ болған, үйренген өткен күніме де шүкір!

- Біз сіздің ең алғашқы бастамаңызбен қазіргі тәттілеріңізді салыстыра отырып, көптің назарына ұсынамыз. Мұндағы мақсат - кез-келген нәрсе бірден болмайтындығының дәлелі болсын дейміз.



- Құралай ханым сізге үкен рахмет! Арманыңыз асқақ, мақсаттарыңыз айқын болсын. Алдағы күндеріңізге сәттіліктер тілейміз.

- Сіздерге де рахмет.

Сұхбаттасқан: Г.Әмірәлі

ERNUR.KZ