«Сыңсуымыз ел аузында жүр» : Ұзату тойында хит болған жас әншімен сыр-сұхбат

0
4 866

«Кей адамдарға 99% талант береді, алайда 1% да еңбектенуге ерініп, өнердің шыңына шыға алмай жүргендер бар».


«Сыңсуымыз ел аузында жүр» : Ұзату тойында хит болған жас әншімен сыр-сұхбат

Осыдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде ұзату тойында қос құрбысы әнмен алып шыққан Айбала есімді қыз хит болды. Үш қыздың қазақи қоңыр үніне таңырқап, таңдай қаққандар көп. Үшеуінің үзіліп тұрған нәзік те сыңғыр үні, жарасымды достығы, жанының мөлдіреген тазалығы, иіліп тұрған сыпайылығы көрген жанды баурап алады. Кейіннен бұл үш қыздың "Үш арыс" триосын құрып, өнер көрсетіп жүргенін білдік. Бірақ, өнерлі үш бегім жайында білгенімізден білмегеніміз көп екен.


"Үш арыс едік бөлінбейтін
Асыл өнерді өмір дейтін
Аяулы бүгін айналдық біздер келінге",
- деп шырқаған үш қыз да бір-бір әулеттің келіні. Басынан ақ жаулығын тастамаған қазақтың аяулы қыздарына деген халықтың ықыласы ерекше. Біз үш арудың бірі Арайлым Асылханқызын әңгімеге тарттық.


– Ғаламтор, әлеуметтік желіден сіз туралы ізденгенде, нағыз қазақ қызы деген атқа лайық екеніңізге күмән келтірмедік. Атына заты сай Арайлым атты қазақ қызын тәрбиелеген орта қандай? Туған жер, білім алған ұя, алдын көрген ұстаздарыңыз жайлы айтсаңыз...

– Қайырлы күн! Шынайы ілтипат, лебізіңізге алғыс! Өзімді қысқаша таныстырып кететін болсам, Арайлым Асылханқызы Өмірбекова. Туып өскен жерім Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты құт қонған мекен Нұртуған шайырдың туып, өскен, жыр жазған Аманөткел деген ауыл. Сол ауылдың №73 орта мектебінің түлегімін. Менің өнер жолын таңдап, қалыптасуыма сол мектеп қабырғасындағы Ажар, Мәрзия, Салтанат атты апайларымның үлесі мол.


– Шыны керек, сізді және қос құрбыңыз Айбала Өсиетқызы мен Айдана Қаржаубайқызын, үшеуіңіз құрған «Үш арыс» триосы жайлы Айбаланың ұзату тойындағы видеолар интернетке жүктелгеннен кейін білдік. Ал парақшаларыңызға кіріп қарағанда бұрыннан өнер ортасында жүргендіктеріңізді байқадық. Оған дейін неге көрінбегенсіздер?

– Әрбір өнер адамының өзіндік жұлдызы жанып, айы оңынан туатын сәті болады. Біреуге ерте, біреуге кеш. Біз осыдан 7 жыл бұрын әрқайсымыз ауылдың 9 сыныбын бітірген соң Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжіне қабылданып, бір топқа түстік. Сіз айтып отырған «Үш арыс» сол кезде танысып, табысты. Содан бері 8-ші жыл. 4 жыл колледжде оқысақ, 4 жыл университетте оқып, биыл бітіргелі жатырмыз. Құдай берген дарынның арқасында өнерде де, өмірде де жұп жазбай келеміз. Үшеуміз халыққа адал достығымыз бен қарым-қатынасымыздың арқасында танылып жатырмыз. Оған дейін де үлкенді-кішілі жетістіктеріміз болды. Соңғы кездері әндеріміз кең ауқымда таралып кетті. Бұл бағымыз жанатын жұлдызды кезеңнің алғашқы секундтары деп ойлаймын.


– Неге «Үш арыс»? Қыздарға лайық ат табылмады ма?

– Бұл тақырыпқа қатысты халықтың пікірі екіге жарылып жүр. Бірі қолдап, қолпаштаса, екіншілері бұр ер азаматқа қаратып айтылады, мағынасы басқа деген сияқты пікірлер айтылуда. «Үш арыс» деп өзімізге өзіміз қойып алған жоқпыз. Оқу орнында, жатақханада да бірге тұрып, бірге жүрдік. Қайсыбіріміздің туысымыздың үйіне бірге барамыз. Бір-бірімізден ажырамай жүрген соң айналамыздағы достарымыз «Үш арыс» деп атап кетті. Содан осы атпен танылып кеттік.


– Жас таланттарға өнерде көтерілу қиын ба?

– Біздің елімізде, шыны керек, өнерлі адамдар өте көп. Бірақ, әрине, оның бәрінің бірдей бағы жана бермейді. Бақ та, талант та Алла Тағаладан. Біреуге бұйыртады, біреуге бұйыртпайды. Ұстаздарымыз «1% талант, 99% еңбек» деп айтудан жалыққан емес. Кей адамдарға керісінше 99 % талант беріп, 1 % да еңбектенбей, өнердің шыңына шыға алмай жүргендер бар. 1 % талантпен күндіз-түні еңбектеніп, еңбектің арқасында үлкен нәтижеге жетіп жатқан адамдар бар. Сондықтан өнерде көтерілу адамның талпынысы мен еткен еңбегіне тікелей байланысты деп ойлаймын.


– Жан жарыңызбен қалай жұп құрдыңыздар?

– Жолдасым – Хасенхан. Жерлеспіз. Арал ауданы, Ақбасты дейтін елдімекеннің тумасы болады. Оның үстіне бір мамандықта, бір топта, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Елмұра Жаңаберген атты бір ұстаздың шәкіртіміз. Ол кісі біздің өнердегі анамыз. Біз қанша жерден жерлес болсақ та, бір жыр мектебінің өнерін дәріптеп жүрсек те, бір-бірімізді Нұр-Сұлтан қаласында танып, білдік. Бір конкурсқа бірге қатысып қалдық. Кейіннен бір мамандыққа бірге түсіп, солай танысып кеттік. Бір жыл группалас, екінші жыл қыз бен жігіт, үшінші жыл отау құрып, шаңырақ көтердік.

– Әншіліктен бөлек тоқымашылық және тігіншілік, қолөнер қабілетіңіз де бар екен. Бұл хобби ме, кәсіп пе?

– Біржарым жылдық карантин көп адамның өзі білмейтін қырларын ашты деп ойлаймын. Сол сияқты менің де тоқымашылық өнерім карантинде ашылды. Оған дейін тігіншілікке қызығып жүретінмін. Бірақ, тоқымашылық қолымнан келеді деп ойлаған жоқпын. Карантинде үйде отырып, сабақ та онлайн, барған жерімде де алып бара жатқан жұмыс жоқ. Бір нәрсемен айналысқым кеп қызығушылық пайда болды. Ең алғаш сумка тоқи бастадым. Өте жақсы шықты. Карантинде сумка тоқып сатып біраз бизнес жасадым десем болады. Бұны кәсіп деп айта алмаймын, хобби деуге келеді. Одан демаламын, жаным, тәнім тынышталады. Осылайша өзіме демалыс жарияладым. Болашақта кәсіпке айналдыру да ойда бар.


– Ұзату тойыңызда бұрынғының ізімен айтқан сыңсуыңыз көптің көңілінен шықты. Арасында мақтаған да, сынағандар да болды. Осы әннің тарихына тоқталсаңыз...

– Ұзатуымда айтқан сыңсуымның өзіндік шығу тарихы бар. Ата-анамыздың батасын алып, тойға дайындық басталып кеткеннен кейін біз астанада сабақта болдық. Күнде таңертең өзімнен өзім осы сыңсудың толғағы басталды. Бірақ, шықпайды. Сөйтіп 15 күндей үлкен толғаныспен сөзін жазып бітірдім. Мәтіні 10 шақты беттей болды. Одан соң оған әуенін шығардым. Тойда айту үшін қысқартуға тура келді. Қанша уақыт шығарған соң оны қиып, қысқарту қиынға соқты да өнердегі ақын ағамыз «Аралдың табанынан су кеткенмен, халқымның жүрегінен жыр кеткен жоқ» деп жырлаған Бекұзақ Тәңірбергенов ағамыздың ұлы Ұлықбек Тәңірбергенов ағамызға «осы сыңсуымның мән-мағынасын бұзбай, қысқартып жазып беріңізші!» деп өтініш айтқан болатынмын. Ол кісі қысқартып жазып берді. Тойда сол нұсқасы айтылды. Сыңсуымды әлеуметтік желіге салмай жүргенмін. Себебі, менің сыңсуым туралы да екі жақты пікір болды. «Сонша жылап не көрінді?» деп айтқандар да болды. «Қыз – жат жұрттық» ұғымын қанша сіңіріп өссек те, ұядан ұшар сәтте соның бәрін сезінеді екенсің. Содан соң көзден жас мөлтілдейді екен. Сол үшін де желіге салмаған едім. Халыққа танылып жатқан соң біраз адамдар «Сіздің сыңсуыңыз көрінбейді ғой, салыңызшы» деген соң салғанмын.


– Жалпы, үшеуіңіздің де ұзатуда айтқан сыңсу әні желіде хит болып кетті. Әсіресе, Айбаланыкі. Сосын қызды ортаға алып шыққан туындының әні де, сөзі де сондай үйлесімді. Екі жағында қос құрбы алып шығу үрдісі кімнің идеясы?

– Осыдан бір жарым жыл бұрын мен ұзатылған кезде Айдана мен Айбала Қарақат апайымыздың әніне арнайы сөз жаздырып, тойдың шымылдығын мені кіргізіп ашқан болатынмын. Ол видеомыз да әлеуметтік желіде жақсы тарады. Одан соң Айдананы да ұзатуында Айбала екеуміз солай әнмен алып кірдік. Одан соң Айбаланың ұзатуында елін, жерін қатыстырып сөз жаздырып, дайындалып шықтық. Өнер адамы болған соң өнермен тарту жасағанды жақсы көреміз. Сондай сыйлықты ерекше бағалаймыз. Содан не керек, үшеуміздің де ұзатуымыз хит болды. Менің тойымда бастау алып, содан үшеуміз бір-бірімізге қарымызды өтедік десек болатын шығар.



– Қыз дәуренде «Үш арыс» болып сәнін келтіріп өнер айдынында бірге жүздіңіздер. Қазір бір-бір әулеттің келінісіздер. Қазақ түсінігінде келін ең әуелі қазан-ошағына ие болуы керек деп айтылады. Алдағы күндері тонның ішкі бауындай араласа алмай қалмаймыз ба деген қорқыныш болмай ма? Қазір сіздердің емі-еркін араласуларыңызға қандай да бір тосқауыл бар ма?

– Үшеумізге де Алла тағаланың берген ең үлкен сыйларының бірі жолдастарымыздың да өнер саласынан болуы. Оның үстіне группаласпыз. Айбала екеуміздің жолдасымыз бір группада оқитын, өнер жолында жүрген жігіттер. Айдананың да жолдасы алматылық болғанымен, өнерде жақын араласатын жан. Сондықтан үшеуміз қыз күнімізде қалай араластық, қазір де одан да жақын араласпасақ, ешқандай кедергі жоқ. Оның үстіне қазір үшеуміз де Нұр-Сұлтан қаласында оқудамыз. Жиі кездесіп, көрісіп тұрамыз. Үшеуміз де келін болған соң әңгімеміз жарасып, одан сайын жақын боп кеттік деп ауыз толтырып айта аламын. Яғни, емін-еркін араласуымызға ешқандай да тосқауыл жоқ.


– Сізде дауыс та, рең де, харизма да бәрі бар. Тек қолдау жетіспейтін сияқты?..

– Менде ең алдымен жұбайым, ата-анам, ата-енем, жақындарым тарапынан жылы лебіз, қолдау бар. Сондықтан, шығар биігім әлі алда деп ойлаймын. Алдағы уақытта өзімнің өнер жолындағы ізімді қалдырамын деген сенімдемін.


– Қандай елге келін болдыңыз? Қандай келінсіз? Қазіргі тыныс-тіршілігіңіз туралы сыр шертсеңіз...

– Осы жағынан да ұттым десем болады. Менің келін боп түскен Ақбасты ауылым өзімнің Арал ауданына қарасты төркіндес ауылдарым. Ата-анамыз да тез тіл табысып, араласып, мен де ол жаққа тез сіңісіп кеттім. Жаман келін емеспін. Мен ата-енеммен көп тұрған жоқпын. Сабақ онлайн болғанына орай біз бір жылдай Арал ауданында тұрдық. Оффлайнға ауысқан соң астанаға кетіп қалдық. Қазіргі тыныс-тіршілігіміз сол оқуымызды жалғастырудамыз.


– Өнер жолын таңдағаныңызға өкінетін сәттер бола ма?

– Өнер жолын таңдағаныма өкінген сәттерім болған емес. Бірақ, өнермен ғана шектеліп қалғым келмейді. Өнермен қатар басқа салада да өзімді дамытқым келеді.


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,

WWW.ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


"Ұятсыз". Қайрат Нұртас көлікке желкелеп мінгізген бейтаныс қыз кім? (видео)


«Сенде ғана бала бар ма?» : Жаңа туған нәрестесін көрсеткен блогер сынның астында қалды