Танымал актер: "Киноға түсу - кәсіби актердің хоббиі ғана"

0
3 104


Танымал актер:

"Киноға түсу - кәсіби актердің хоббиі ғана, ал театр - оның өмірі" дейді кейіпкеріміз. Менің бүгінгі кейіпкерім - театр және кино актері Асылбек Қапаев.


Асылбек аға, алдымен балалық шағыңыз өткен туған өлкеңіз, отбасыңыз туралы әңгіме өрбітсек. Кішкентай кезіңізде қандай бала болдыңыз?


Өзім әке-шешемнің тұңғышы, ата-әжемнің алғашқы немересімін. Мен туғанда бәріміз бірге қара шаңырақтың астында тұратынбыз. Бірде ата-әжем қонаққа қыдырып кетіп қалғанда, ата-анам оларға айтпай, мені алып аудан орталығына көшіп кетеді. Кейін оны білген әжем ренжіп, күні-түні жылаумен болған. Өз қателігін түсінген әкем үйге барып, кешірім сұрауға бата алмаған. Содан бір қыстыгүні әкем ауылға келіп, үйдің есігін ашып: «Мама, өлсе құдайдікі, өлмесе сенікі» деп, киіп жүрген «купайкасына» шақалақ сәбиді орап, даладағы «флягтың» үстіне тастап кеткен екен. Міне, сол күннен бастап ата-әжемнің қолында өстім. Әке тәрбиесі мен ананың мейірімін сол кемпір-шалдан көрдім. Сол кісілерді «мама», «папа» деп атадым. Ал өзімнің туған әке-шешем келсе, үйден қашып кететінмін (күліп).

Кемпір-шалдың қолында өскен әрбір бала қазақы әрі намысшыл болып өсетіндігіне сенімдімін. Себебі олардың әрбір іс-қимылы - үлкен мектеп. Мен де сол мектептен өттім.


Неге үйден қашып кететін едіңіз? Оларға ренішіңіз болды ма?


Жоқ, ол - реніш емес, қорқыныш шығар?! Мен үшін әкем ағам сияқты еді. Бала кезде сотқар болдым, бірнәр бүлдірсем әжем: «Серікбай келеді, жаныңды шығарады» дейтін. Сол себепті, ол кісіні қатал аға ретінде қабылдайтынмын. 11 жасқа толғанымда, әкем өмірден қайтты. Сонда ғана әкем екенін сезіндім. Оған дейін кішкентай баламын ғой, аса ештеңе түсінбейтінмін.


Ал өнер жолына қай кезден бастап құмарттыңыз?


Маған өнер әжем мен әкемнен дарыған. Екеуі де домбырамен ән салатын өнерлі жандар еді. Тіпті, әкем жас кезінде мен секілді актер болғысы келген екен. Бірақ Кеңес Одағы кезінде әртістерді «жын соққан» адамдар ретінде көретін еді ғой. Сондықтан әжем әкемнің өнер жолын таңдауына, оқуына рұқсат бермеген көрінеді. Сол әкемнің бойындағы дарыны маған дарып, балалық шағымнан өнерге жақынмын. Негізі орыс мектебінде оқыдым, сонда бастауыш сыныпта ұстазымыз мамандық туралы шығарма жазғызатын. Мен ол шығармаға үнемі «Актер боламын» деп жазғанда сыныптастарым күлетін. Өйткені, ол заманда актер болу – қол жетпес арман секілді еді. Әртістерді теледидардан ғана көретінбіз. Сонда да мен түрлі байқауларға қатысып, марапаттарға ие болып, тіпті Австрияға дейін барып қайтқанмын. Мектепті тәмамдаған соң, әжеме «Өнер жолын таңдаймын» дегенімде ақ батасын беріп, Алматыға шығарып салды. Сөйтіп Т.Жүргенов атындағы өнер Академиясына тапсырып, сол оқу орнын бітірдім.




Студенттік шағыңыз қалай өтті?


Курста 18 бала оқыдық, 4 қыз, 14 ұл бірге оқып, қазір бірге өнер саласында жұмыс істеп жүрміз. Мысалы, Жанғалбек Төлембаев, Сырым Қашқабаев үшеуміз Нұр-Сұлтанда бір театрда өнер көрсетеміз. Сосын әнші Ақбота Керімбекова, киноактер Төлепберген Байсакаловпен бірге оқыдық. Өткен жылы 20 жылдығымызды тойлап, қызықты сәттерімізді еске алдық.


Студенттік шақ махаббат хикаясынсыз өтпейді ғой, сол кездегі тәтті сезімдерді еске алайықшы?!


Алғашқы махаббатыммен әлі күнге дейін біргеміз, ол кісінің есімі - Ұлжан. Ол да Бурабайдан. Жарым Ұлжан академияға түскенде, мен үшінші курс едім. Екеуміз танысып, бір-бірімізді ұнатып,үшінші курс бітірген жылы үйлендік, ал төртінші курста әке атандым. Мен актер, ол режиссер мамандығын тәмамдады. Қазір «Хабар» арнасында қызмет істейді. Құдайға шүкір, төрт баламыз бар. Тұңғышымыз анасының ізін қуып, Шабыт университеті режиссерлік мамандықта оқып жатыр. Екінші ұлым алты жасынан бастап киноға түсіп жүр. Яғни олар да өнердің ауылынан алыс емес.



Бүгінде Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры әртісісіз. Театр ғажап әлем, ол ғажайыпқа қалай келдіңіз?


Үшінші курсты бітірген соң, Ғ.Мүсірепов атындағы балалалар және жасөспірімдер театрына шақырту алдым. Ол кезде театрдың басшысы Досхан Жолжақсынов ағамыз еді. Сол уақытта Ғ.Мүсірепов театрында алғаш рет «Қыз Жібек» спектаклі сахналанып, маған Төлегеннің рөлін ұсынды. Сөйтіп, бірінші рет Төлегеннің рөлін сомдап шықтым. Кейін бір жылдай сол жерде жұмыс істедім. Театрдың гастрольдік сапарымен Атырауға да барып қайтқанбыз. Оқуды аяқтап, диплом алғаннан кейін, КСРО халық әртісі, профессор Әзірбайжан Мамбетов мені Астанаға шақырды. Шақыртуды естігенде қуана-қуана келістім. Сөйтіп, әйелім мен қызымды алып, Астанаға жол тарттым. Содан бері міне, Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қызмет етіп жүргеніме 20 жыл болды.


Қазір сізді іздеп келетін өз көрермендеріңіз де бар шығар?!


Иә, мен алғаш Астанаға келгенде, 4-5 сыныпта оқитын көрермендерім қазір үлкен азаматтар. Солар әлі күнге дейін менің спектакльдеріме келіп тұрады. Бұл нәрсе мені қуантады. Тіпті, театрға хабарласып: «Бүгін қандай спектакль? Асылбек Қапаев өнер көрсете ме?» деп сұрап жатады екен.Киноның арқасында да, үлкен жастағы көрермендерімнің қатары көбейді.



Сонымен қатар сіз отандық сериалдарда, фильмде бой көрсетіп жүрсіз. Жаныңызға қайсысы жақын және отандық сериалдардың сапасына, дамуына көңіліңіз тола ма?


Әр актер үшін үйі де, күйі де болып кеткен ол – театр. Театрға басын бір сұққан адам, одан шыға алмайды. Ал егер театрдан кетсе, қайтып кіре алмайды. Сондықтан мен үшін театрдың орны ерекше. Ал кино, меніңше, кәсіби актерлер үшін хобби. Бір жағынан ол да табыс көзі. Мысалы, егер мен тек театрда ғана жүре берсем, сіз менен сұхбат алар ма едіңіз? Сол себепті кино мен сериалдың да пайдасы бар...


Сіз сондай-ақ дыбыстаумен айналысады екенсіз...

Иә, алғаш рет мен осыдан 3-4 жыл бұрын «Маугли» мультфильмінде Луи патшаны дыбыстадым. Дыбыстаудағы ең қиын жұмысым да осы Луи патша болды. Одан кейін «Алиса в стране чудес» ертегісінде мысықты, «Арыстан Патшада» жағымсыз кейіпкер Шрамды, «Человек паукта» Құзғынды дыбыстағанмын. Әзірше, есімде қалғаны осылар. Бұл салада ең бастысы – кейіпкердің көзіне қарап, жандүниесін түсіну.


Әңгімеңізге рақмет, шығармашылық табыстар тілеймін!

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ