"Тәуелсіз журналистика жоқ жерде биліктен сыйлық күтетіндер көп болады": Танымал журналистермен сыр-сұқбат

0
4 230

"Жұлдыздарды «Құдай» қылып жіберген өзіміз"


Жазушы, публицист Жарко Петанның айтуынша, «Жарқын болашақ үшін – саясаткер, өткен кезең үшін – тарихшы, ал бүгінгі күн үшін журналист қомқорлық танытуы керек».

Журналист қашанда қоғамның айнасы секілді, өйткені сол арқылы қоғам күйі көрінеді.

Бүгін 28 маусым - «Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні», осыған орай біз әріптестерімізді мерекемен құттықтап, бірнеше сұраққа жауап алдық.


  • Журналистің аты әнші, актриса, не блогер болса ғана шығатын секілді. Ал шынайы, бейтарап ақпарат таратып жүрген кәсіби журналистің еңбегі еленбеуіне не себеп?
  • Қазіргі журналистика рейтинг құлына айналып кеткендей, олар шулы тақырыпты, не шоу-ды айтуға ғана басымдық беріп отыр. Көбі оынң себебін «Аудиторияның сұранысы» дейді. Бұл шынында аудитория талғамының төмендігі ме, әлде журналистикадағы ізденістің жоқтығы ма?
  • Мереке қарсаңында журналистер алғыс хат, төсбелгімен марапатталып жатыр. Осыған қатысты, екі жақты пікір бар: Біріншісі - қуанса, екінші тарап мадаққа «масайраған» журналистерден шынайы ақпарат таратушы шықпайды дейді. Сіздің пікіріңіз қандай?


Айгүл Мукей, танымал тележурналист, продюсер

1. Журналистің есімі әртістерден кейін аталатынына таң қалатын ештеңе жоқ! Өйткені әуел бастан-ақ олардың қызметі солай, ол - өз кейіпкеріне микрафон ұсынушы. Журналист әртіс, саясаткер, дәрігер сынды мамандар туралы ақпарат таратады және олардың жұмысын дәріптейді, яғни өзі қашан да «кадр сыртында», сондықтан таң қалуға болмайды. Бәріне бірдей кадрге шығып, жүргізуші болу мүмкін емес. Бірақ соған қарамастан кадр сыртындағы әрбір журналист маманының еңбегі тоқтамақ емес. Негізі олардың есімін көпшілік біледі, себебі журналист пікірі маңызды. Мысалы, кейбір әріптестерімнің жүзі таныс болмаса да, есімдерін, еңбектерін халық біледі.


2. Бұрын газет пен телевизор ақпарат көзі еді, ал заманауи журналистика көп өзгеріс алып келді. Кез келген адам телефонына оқиғаны түсіріп, оны желіге жариялау арқылы ақпарат тартушы бола алады. Сондықтан бір бағдарлама дайындау, рейтинг туралы айту қиындау. Десе де пайдалы, сананы өсіретін, талдау жасайтын бағдарламалар жеткілікті. Тек ақпарат ағыны қатты кезде жұрттың назарын аудару қиын. Осы себептен де рейтинг түседі. Өкінішке қарай, бұл біздің елдегі ғана емес, әлем телевизиясындағы проблема. Елдің назарын аудару үшін түрлі шоу бағдарламалар жасап жатыр. Телеарна басшылары мен қызметкерлері үшін бұл күрес оңай емес! Дегенмен осының нәтижесінде телеарнада жаңа өзгеріс болады деп сенемін.


3. Иә, осы секілді сындарды мен де естідім, кейбірі «Марапат алған журналистерді біз неге танымаймыз» деп ренжіп жатыр. Мен жоғарыда айтқанымдай күн сайын жаңалық жазып, сұқбат алатын журналистердің, ақпараттық агенттік қызметкерлерінің есімін бәріміз біле бермейміз. Бірақ олар үлкен еңбек атқарып отыр, сондықтан оларды марапаттағаны дұрыс. Өйткені БАҚ өкілдерінің айлығы көп емес, қазір ол айлықпен күн көру де қиын, тек осындай алғыстар шабыт береді деп ойлаймын. Екінші жағынан, ресми БАҚ-та қызмет етпесе де қызметін жалғастырып отырған мамандар бар. Оларды министрлік ескеруі керек.



Ерқанат Көпжасар, 31 арнада Информбюро жаңалықтар қызметі «Неге?» жобасының редактор-жүргізушісі

1. Бұл пікірмен мүлде келіспеймін. Өйткені халық қазір кімнің журналист, блогер, енді кімнің әнші екенін жақсы біледі. Мен керісінше, тәуелсіз-бейтарап журналистердің танымал бола бастағанын баса айтқым келеді. Қазір сәл де болса азаматтық қоғам қалыптаса бастады. Нағыз журналистер елдің алдыңғы шебінде жүр.


2. Рейтингке жұмыс істейтін арналар бар. Кейбір теле-радио арналар көрерменің талғамына жұмыс істеп, соның жетегінде ғана кетіп қалғанын мойындауымыз керек. Көрермен – тұтынушы, соның ғана сұранысын қанағаттандырып отыр. Бірақ сонда да негізгі принциептерін жоғалтпай келе жатқан арналар мен журналистер бар. Рейтингке қарамай жұмыс істейтін мамандар барын айту керек. Мысалы, «informburo.kz» порталы тек журналистік зерттеумен ғана айналысады, сондықтан «журналистік ізденіс жоқ» деп айтуға болмайды.


3. Журналистер марапаттала берсін, оларды құттықтаймын! Ал оны мінеп, сынап жатқан азаматтардың принциптері төмендеу шығар?! Өздері біреуден сыйлық алса, «сатылып» кететін азаматтар болып тұр ғой...

Негізі бұл ұсақ-түйек әңгіме, мен оған араласқым келмейді! Берген адам берсін, алған адам алсын, адамдар әртүрлі болады ғой. Мәселен, полиция департаменті жыл сайын құттықтау жібереді, бірақ одан оларға сын айтпай қалған жоқпыз ғой?!


Мадина Балғабаева, «КТК» арнасы жаңалықтар жүргізушісі

1. Әр адам кімді тыңдап, кімді оқитынын өзі таңдайды. Блогер, әлде инстаграм жұлдызы, не нағыз маманды тыңдауға ешкімді мәжбүрлей алмайсың. Дегенмен шынайы, ресми ақпарат алғысы келетін адам кешкі қорытынды жаңалықтарды күтеді. Өйткені әлеуметтік желідегі ақпараттарды телеарнадағы жаңалықтармен салыстыруға келмейді. Мысалы кейбір сайттар жариялаған материалдарын уақыт өтпей өшіріп тастай салады, оны зеттеп жатқан ешкім жоқ. Ал телеарнада олай ете алмайсың, сондықтан да үлкен жауапкершілікпен қарайсың. Өзім қызмет ететін жаңалықтар саласындағы әрбір маман өмірін жұмысына арнайды деп айта аламын. Журналистканың ішінде жаңалықтардағыдай қайнап жататын орта жоқ шығар?! Уақыт келе адамдар сенімді журналистерді тыңдап, соларды бағалайды деп ойлаймын.


2. Жоқ, «ізденіс жоқ» деуге болмайды. Негізінен бұл әлеуметтік желінің қатты дамып кеткендігінің әсері. Қазір бәрі инстаграм қолданады. Бұрын бір жұлдыз туралы білгісі келсе арнайы журнал сатып алушы еді, қазір инстаграм арқылы олар қолданатын тіс пастасына дейін біліп отыр. Қоғам соған құмартып алған, заманның ағымы солай шығар?!

Бірақ байқасаңыз, соңғы уақыттарда халық талғамы өсіп келеді. Олар саналы, пайдалы хабарларға шөлдеп қалғанын байқауға болады. Ол шөлді қандыруға қазіргі журналистиканың ахуалы да жетеді деп ойлаймын. Бірақ қазіргідей заманда ондай ізденіске уақыттарын зая кетіргісі келмейтіндер көп. Өйткені жеңіл дүние жасап-ақ аттарын шығарып, атақ алып жатқандар бар.


3. Жоқ, әрбір журналистің алғыс алатындай еңбегі бар. Мен оны сынауға қарсымын және осы жерде барша әріптестерімді құттықтаймын! Жаңалық тарату үшін қаншама қиындық көріп, тіпті қауіпті аймақтарға басын тігеді. Ол үшін ешкім алғыс айтпайды.



Руслан Меделбек, Азаттықтың Прагадағы тілшісі

1. Алғашқы сұраққа қатысты мен елдегі қазақ журналистикасы жайында айтқым келеді. Өйткені орыс тілді ақпарат таратушыларда тәуелсіз, бейтарап журналистикаға бет бұрыс бар. Ал қазақ тілді журналистикада көрерменге не ұсынсаң соны көріп жатыр. Әншіні көрсетсеңіз әншіні, актрисаны шығарсаңыз соны, не блогерді... Өйткені басқа таңдау жоқ!


2. Телеарнада саяси тақырып қызу талқыланбаса, елде болып жатқан жағдай ашық көрсетілмесе кәсіби журналистика туралы сөз қозғау да артық. Мемлекет ақпарат құралдарын уысында ұстап отырған кезде, жалған ақпарат пен сары басылымдар көп оқылады. Журналистер «Анау өйтіп кетіпті, мынау бүйтіп кетіпті» деген ақпаратты жазбаймыз» деп келісімге келіп, тек салмақты дүние жазуға көшсе аудиотория да соны оқиды. Сондықтан тұтынушы сұранысы емес, ұсыныс маңызды. Ал біздегі «ұсынушы» өсек аяң, жалған ақпарат таратып отыр.

Екіншіден, қазақ журналистикасында эмоция басым. Журналистік пікір айтуды, фейк ақпараттарды тексеруді мүлде қойған. Оларға жиырма мың оқылым ғана маңызды, ал ол материалда жұртты шатастыратын жалған ақпарат жүрсе де бәрібір. Журналистикада жүргендердің өзі фейктерді ажырата алмай жүргенде, оқырманның талғамы туралы айта да алмайсың. Көбін әлем де болып жатқан дүние қызықтырмайды. Мағлұматты орыс тіліндегі ақпараттан алады, ол жерде де «фейк» көп, ал ағылшын тілінде білуге білімі жетпей жатады. Арнаның эфирлерінде қаншама фейктер кетіп жатыр, әрбіріне фактчек жасауға болады. Бұл жерде мәселені шешу үшін жан жақтан жұмыс естеу керек. Ең бірінші - сөз бостандығын беріп, журналистика факультетіндегі білімді көтеру керек.


3. Өз басым сыйлық алуға, марапат алуға қарсымын. Бұл дицкуссияға қосылған да жоқпын, алғандарды даттамаймын да. Өйткені Қазақстанда, әсіресе сайттар мен басылымдардан журналистика көріп тұрған жоқпын, сондықтан оларды сөгу де артық! Журналистикада тәуелсіздік болғанда, олар өздері де түсінер еді... Ал тәуелсіз журналистика жоқ жерде биліктен сыйлық күтетіндер көп болады. Сонымен қатар, үлкен үлкен сыйлықтарды Үкімет емес, тәуелсіз қоғам, не жұмыстарын бақылап отыратын ұйымдар тағайындауы керек. Ал бізде ең үлкен сыйлықтарды мемлекет береді. Одан кейін журналист олар туралы қалай мәселе көтеріп жаза алады, соны түсінбеймін?



Әсел Ергешқызы, танымал радиожурналист, продюсер

1. Менің ойымша, журналистер өз саласын, бағытынқарым-қабілетіне қарай жаңылмай таңдай алатын болса, сол тақырыптың айналасында жұлдыз боп жарқырауына, танылуына мүмкіндік көп. Оған көзім жеткен. Кемшін тұсымыз осы - салалық журналистика тұралап тұр. Сондықтан техниканың тілін меңгерген пысықтау журналистер әлеуметтік желіде белсенді боп, әр жерден бір көрініп, сөзін өткізуге тырысады. Бұл - қақ-соқпен ісі жоқ, өзін жарнамалай алмайтын кәсіби мамандарды көлеңкелей беретін әдіс. Қалай дегенмен де, елдің алдында атын жасап, абыройын көтеріп алғандардың жұлдызы жанып тұр қазір.


2. Керемет ізденіп жүреміз десек, өтірік болатын шығар... Мойындау керек, қазір БАҚ көрермен мен оқырманды, тыңдарманды тәрбиелеу үшін емес, соларға ұнау үшін, талғамына сай болу үшін жұмыс істейтін болған. Рейтинг беру - талап! Бәрінің еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Бұған да қарамай, ұлттық идеалогияны ұмытпай, елдің мұңын айтып, жоғын жоқтап отырып-ақ, көрерменін байлап алғандардыңеңбегін де ескеру керек. Жәй ғана мысал, "Астана" арнасындағы "Айтарым бар" әлеуметтік жобасы. Өзім осы жобада жұмыс істеймін. Біз рейтинг қандай болады деп емес, нені экранға алып шыққан жөн, нені насихаттасақ ұлт ретінде ұтамыз дегенге бас қатырамыз.


3. 14 жылдың ішінде ешқандай марапат алып, медаль тақпадым. Шынымды айтсам, әріптестер әлеуметтік желіге марапатын салып, алғыс айтып жатқанда ғана, мереке екені еске түседі. Қуанып отырған әріптестерімдіқұттықтап қоюды ұмытпаймын. Өзім ешқашан марапат үшін жұмыс істемегендіктен, пікір білдіру қиын болып тұр...



Қайырбек Баймырза, «Atameken business» телеарнасы жаңалықтар жүргізушісі

1. Бұған – журналистердің өздері кінәлі. Сөзім ауыр болмасын, әрине, әріптестерім, кешірсін, бірақ, расымен солай. Жұлдыздарды «Құдай» қылып жіберген өзіміз. Сол әнші-блогерсіз құдды бір бағдарлама шықпайтындай дәрежедеміз. Екі елі «көкке» жетпей жүрген сол тұлғаларды қатыстырмай әзірленген материалды «ешкім көрмейді, не оқымайды» деген арам пікір қалыптасқан. Соның салдарынан бұқараның базынасын билікке жеткізіп жүрген тілшілер тасада қалып жатады. Меніңше, әркім өз ісімен айналысу керек! Одан бөлек, қазіргі заманда кей әріптестерім өздеріне жарнама жасай алмайды, тура мағынасында. Бәрімізге аян, халыққа ақпараттар смартфондар арқылы қолжетімді. Айтпағым: ғаламтор деген ерекше күш бар, дәстүрлі медиа «әлемжелімен» арпалысып, «күресіп», жарысып келетіні жасырын емес. Осыған авторлар ерекше мән берсе деймін. Тілші жұртқа жақын мәселе қозғап, тартымды тақырып қойып, жеке аккаунтына жариялап отырса, бұл да - «маркетинг». Келісесіз ғой?! Сөйтіп, өзінің аудиториясы қалыптасады. Тіпті, халыққа бір табан жақын бола түсер еді.


2. Рас, тым майдаланып кетті. Ізденіс те жоқ. Менің ойымша, терең журналистік зерттеу жетіспейді. Жеңіл тақырыптармен рейтинг қуалап, журналистің қарым-қабілеті ютубтағы көрсетілім санымен бағаланатын заман туды. Тіпті, Тоқаев телевизиялық хабарлардың сапасын арттыру қажеттігін нықтады. «Бұл ақпарат өнімдері қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет»,- деді. Президенттің өзі мойындағанда, менің пікірім артық болар.


3. Меніңше, керісінше, алдағы уақытта да алған жүлдесіне лайық болып, қатарынан қалмауға тырысады. Әріптестерім үшін қашанда қуаныштымын. Арасында мен білетін, танитын, араласып «дос» болып кеткен журналистер де бар. Осы тұста, «марапаттар неге тек журналистер, жүргізуші-редакторларға беріледі» деген сұрақ мазалайды мені?! БАҚ қызметкерлерінің күні неліктен тілшілермен ғана шектелуі тиіс? 1 минуттық материалдың артында үлкен шығармашылық ұжымның еңбегі жатқанын әріптестерім жақсы біледі. Бірақ «көлеңкеде» қалып қоятын мықты мамандардың қызметі үнемі еленбей жатады. Соған қатты қынжыламын. Орысша айтқанда, «мне просто обидно за них». Зілдей камерасын ұстап, жүгіріп кадр жинайтын телеоператорлар, уақыт қысып, эфир тақалғанда материалдың ажарын ашатын видеоинженерлер, тұтас бағдарламаны сәндейтін теледизайнерлер де ақпарат майдангерлері ғой?! Олардың да, ең құрығанда, кәсіби мереке қарсаңында өзара жорға жүгіртіп, бақ сынасып, араларынан Қазақстанның «Үздік операторын», «Үздік теледизайнерін» неге анықтамасқа? Бүкіл республика танысын, білсін, ештеңе етпес! Аталған мамандардың жетім баладай шеттетіліп жүргенін 10 жылдық тәжірибемнен көріп жүрмін. Қысқасы, «мықты» деген тележурналистің материалына оператор, режиссер, монтажер, дизайнердің тері төгілмесе, құны көк тиын болар еді.


Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ