"Тойда жүретін әншілердің аспаннан түсе алмай отырғанын көріп, жаның ашиды": Талантты әнші өнердің сапасын түсіргендерді сынады

0
3 998

Лара: "Шығармашылық концерттер тек жанды дауыста өтетін болса деймін. Сол кезде барлығының «маскасы» шешіледі".


Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Әлем классиканың ханшайым – Лара Фабиан, оған тамсанатындардың шегі жоқ. Әдемі дауыс, сұлу келбет, табиғи талант - осының бәрін әншінің бітімін біріктіре түсетіндей.

Қазақстанның да өз Ларасы бар. Ол да талантты, ол да ғажайып дауыстың иесі. Бірақ оны отандастардан гөрі, шетелдіктер жақсырақ таниды. Менің бүгінгі кейіпкерім - Испания, Түркия сынды мемлекеттерде өткен өнер фестивальдердің бел ортасында жүретін, дарынды әнші Лара Қазақстан.


Қарашаш Есенбай: Сәлем Лара! Лара – бұл лақап ат, шын есіміңізді көбі білмейді. Осыдан кейін шығар, сізді қазақ емес дейтіндер де бар екен. Онымен қоса жақында ғана әніңіздің тұсаукесерін Қырғыстанда өткізіп келдіңіз. Мұның астарында қандай да бір сыр бар ма?


Лара: (Күліп) Жоқ, мұның астарында ешқандай сыр жоқ. Негізі жаңа әнімнің тұсауын Түркияда кескім келген, бірақ дайын болмай қалды. Сосын орайы Қырғызстанға түсіп тұр екен. Ол жақта Ош қаласының туған күнінде және «Түркі елдерінің мәдени астанасы» болуының аясында үлкен концерт өтті. Соның аясында Қазақстаннан келген менің жаңа әннің тұсауын кесу бұйырды. Жалпы шетелде әнімнің тұсаукесерін өткізу арманым еді. Әрі бұл әннің авторы да сол елдің танымал композиторы - Шыңғыс Әлиев. Ол әнді орындауыма Мира Келімбетова ханым себепкер болған.

Ал есіміме келер болсақ, бұрыннан атақты Лара Фабианның әндерін сүйіп тыңдаймын. Өзімді онымен салыстырған жоқпын, бірақ басқа адамдар ұқсата бастады. Оның «Je t'aime», «Adagio» әндерін орындағанымды ұнатып тойларға жиі шақыратын, сол кезде асабалар «Қазақстанның Лара Фабианы» деп хабарлайды. Кейін Сиви Махмуди ханымның продюсерлігіне келгенімде ол: «Тез жатталатын Лара есімі дұрыс» деп осы лақап атты таңдап берді. Қазір Лара Қазақстан деп шығып жүрмін, осы есіммен елімді де әлемге танытсам деген ниетім бар. Бірақ бұл қазақ емеспін дегенді білдірмейді! Мен Оңтүстіктің таза қазақи тәрбиесінде өскен, қоңыраттың қызымын.


Қарашаш Есенбай: Сіздің репертуарыңыздан кез келген жанрдағы әндерді табуға болады. Бұл да болса сіздің даусыңыздың мүмкіндігінің дәлелі шығар?! Десе де солай бола тұра халықтың құлағына сіңіп кеткен ән жоқ секілді. Сіздің атыңызды таныса да, әндіеріңіз ауызға түсе қоймайды. Бұған не себеп деп ойлайсыз?


Лара: Иә, оныңыз рас. Өзімнің жаным лирикаға жақын. Бірақ әлі халықты тербететін әнімді таппаған секілдімін, сосын жарнаманың жоқтығы да әніміздің таралуына кедергі болады. Ешқандай әніме бейнебаян түсірмедім. Шетелде көптеген концерттерде ән айтып, телеарналарына шығып жүрсем де, еліміздегі үлкен жобаларға қатыса алмадым.



Қарашаш Есенбай: Сөзіңіз аузыңызда, жаңа қырғыз композиторының әнін алғаныңызды айтып қалдыңыз. Осы орайда аға буын «Жас әншілер қырғыз бен қарақалпақтың әнін алып келіп, қазақтың дала гормониясын былғады» деп жиі айтып жүр. Өзіңіз кәсіби музыкантсыз, сізді ондай ой мазаламай ма?


Лара: Иә, осы тақырыпта алдыңғы жылы Елбасының үлкен мерекелік іс-шаршасында Димаш Құдайбергеновпен кездескенімізде сөйлескен едік. Ол да "дәстүрлі колорит жоғалып бара жатыр" дегенді айтты. Біз негізінен шетелді дәстүрлі колоритімізбен ғана жаулап ала аламыз. Басқа эстрадалық, не милизм сияқты әлемде болып жатқан тенциялармен баурай алмаймыз. Мойындау керек, кейде сол дәстүрлі колоритімізді ұмыт қалдырамыз. Бірақ менің репертуарымда қазақи нақыштағы әндер бар, шетелде көбінде сондай туындыларымды айтуға тырысамын. Оны бізге вокалдан алғаш дәріс алып жүрген кезімізден бойымызға сіңірді ғой.


Қарашаш Есенбай: 14 жасыңызда Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық колледжге оқуға келдіңіз. Оған байқаудағы өнеріңізді бағалағандар тегін жолдама берген екен, кейін академиялық білімді атақты өнер ортасынан алдыңыз. Негізі соңғы кезде ол оқу орындарына түсуге таныс, не ақша керек деп жиі айтып жүр. Ауылдан келген қызға да ондай кедергілер кездескен болар?


Лара: Шынымды айтсам, оқуда айтарлықтай кедергілер болған жоқ. Чайковский атындағы колледжді қызыл дипломмен бітірдім. Белсенді студент болдым, концерттерге, байқауларға колледждің атынан жиі жіберетін. Осы жолда маған көп көмегін тигізген – Тахир Сұлтанов. Сол кездері Жүргенов академиясы мен үшін қол жетпес арман болып көрінді, "ақша керек, ол жерде оқи алмаймын" деген ойлар менде де болды. Бірақ талант болса түсуге болатынына Тахир ағам сендірді. Ол кісі менің сахнаға шығуыма көмектесіп, өзінің қарындасындай қолдау көрсетіп жүретін. Анам «Колледжді бітірген соң, ауылға келіп мұғалім боласың» дегенде, өнерді, сахнаны қимай жүрдім. Шынымда айтсам, Өнер академиясына грантқа түскендердің тізімінен өзімді көргенде сенбегенмін. Тіпті қателік болар деп күманданғанмын, бірақ шүкір арманым орындалды.


Қарашаш Есенбай: Сол студент кезіңізде Сиви Махмуди ханымға келдіңіз. Топтың кастингіне келген сізді жеке әнші етіп шығаруға не себеп болды деп ойлайсыз?


Лара: Иә, басында топқа қабылдандым. Бірақ олармен мүлдем ән айтпадым. Кастингте мені қабылдады, ал екі күн өткеннен кейін топтағы қыздарды таратып, мені жалғыз шығарғысы келетінін айтты. Ол шешімге өзім де таң қалып, тіпті қыздардың алдында кінәлі сезіндім. Себебі менің ондай ойым болмады. Ал, Сиви ханымның неге ондай шешім қабылдағанын білмеймін. Бәлкім мені жеке әнші ретінде көрген шығар?! Топтың әншілеріне қарағанда жеке әнші жасау қиын, ол кісі мүмкіндігіме сенген болар.


Қарашаш Есенбай: Сиви ханымның көптеген жобалары болды, әлі де бар. Бірақ солардың бәрі дерлік орта топта қалып, мега жұлдызға айнала алмауына не себеп деп ойлайсыз?


Лара: Шыны керек, ол жағын қатты ойланбаппын. Енді қалай айтсам болады екен... Менің ол кісіден үйренгенім көп! Өзімнің болашағыма деген сенім пайда болды. Ол кісінің қасында үлкен ортаны көріп, біршама әншілермен таныстым. Ең бастысы -жұмыс істеуді үйрендім. Сол үшін де мен ештеңе айта алмаймын!


Қарашаш Есенбай: Ол кісімен жұмыс істеген кезде репертуарыңызға неше ән қостыңыз?


Лара: «Кел, жаным» деп аталатын бір әнімді ол кісіге бармай тұрып, тойға шыққан ақшамды жинап жаздырғанмын. Бірақ өңдеуге ақшам жетпей жүрген, сол кезде Сиви Махмудиге бардым. Ол кісі сөзін жаздырып, өңдеуін жасап берді. Сосын бір плагиат ән жаздық. Болды, бар-жоғы 2 ән ғана жаздырғанбыз.



Қарашаш Есенбай: Қазір продюсеріңіз жоқ, ол кісімен неліктен келісімді үздіңіз? Жеке кетуіңізді Сиви ханым қалай қабылдады?


Лара: Негізінде әрбір өнер адамы бостандықты қалайды. Продюсермен жұмыстың жақсы тұстары көп, бірақ өзіңді тұтқында отырған құс сияқты сезінесің. Менің шешімімді жақсы қабылдады, екіжақты келісімге келдік. Қазір отбасымен жақсы араласып тұрамын.

Ал жұмысты тоқтауыма себеп болған дүние өзім ізденіп, өз таңдауымды жасағым келді. Әрине басқа да себептер бар, бірақ ол құпия болып қала берсін. Бастысы, қазір жақсы қарым-қатынастамыз. Ұстаздың разылығын алу маңызды ғой, ол кісі маған үлкен сахнаны көрсетіп, телевизиялық жобаларға шығарды. Оның өзі маған үлкен қолдау болды ғой.


Қарашаш Есенбай: Қазір Қайрат Нұртастың вокал мектебінде сабақ береді екенсіз, оған қалай келдіңіз?


Лара: Ия, оған келуіме Ақерке Тәжібаева дейтін әпкем себепкер болды. Ақерке әпкемен таныстығымыз да қызық. Ол кісі мені бір тойда көрген екен, кейін өзі тұрмысқа шығатын кезде хабарласып, мені тойына шақырды. Ол кісіні кәсіби музыкант ретінде қатты сыйлаймын, колледжде оқып жүрген кезімде шығармашылығымен танысып, құрмет тұтатынмын. Мені тойына шақырғанда қатты қуандым. Содан бері қолдауы мен көмегін көрсетіп келеді, менің репертуарыма өзінің пікірін айтып, әндерді таңдауыма көмектеседі. Кезінде Сиви ханымға да баруыма сол кісі себепкер болған. Осы сұқбатта Ақерке әпкеме алғысымды айта кеткім келеді.

Кейін Заңғар Нұртасқа вокалдан сабақ беру керек болды, сонда тағы да Ақерке әпке маған ұсыныс айтты. Мен ол кезде Заңғарды танымаймын, «жарайды» деп келісімді бердім. Заңғардың вокалымен біршама уақыт жұмыс істеп, қазір айтып жүрген әндерін жаздық. Кейіннен Қайрат Нұртастың директоры Мира Келімбетова ханым «Қайраттың вокал мектебі ашылады, сен сабақ берсеңші» деген ұсыныс білдірді. Осылай қазір бір жылдың көлемі болды, мектебінде сабақ беріп жүрмін.


Қарашаш Есенбай: Әншілерде көбі өз карьерасын қалыптастырып болған соң ұстаздыққа келеді. Қазір ұстаз болып жүруіңіз, шығармашылығыңыздың дамуына кедергі келтірмей ме?


Лара: Жоқ, бәрін ескере отырып, аптасына екі рет сабақ өтетін болып шешкінмін. Өзгелерге сабақ беру - маған да сабақ. Әнші үнемі формада жүру керек, ал формада жүру үшін әрқашан өзін жаттықтыруы тиіс.


Қарашаш Есенбай: Қазір жас әншілер атақты әншілермен дует айту - сән. Мысалы, Қайраттың да бірнеше әншілермен дуэт жазғанын білеміз, айтқысы келетіндер де жетерлік. Сіз ол кісімен дуэт жазу тұралы ойланбадыңыз ба?


Лара: Шыны керек, мен айтуға ұяламын (күліп). Мүмкіндікті жібермей ән жаздырып алатын көп әншілерді білемін, бірақ өзім ыңғайсызданады екенмін. Білмеймін, алдағы уақытта көре жатармыз. Қайраттың еліміздегі нөмірі бірінші әнші екенін бәрі мойындайды ғой, халықтың жүрегін жаулаған талантты, еңбекқор әнші. Әрине, бұйыртып жатса бірге ән айтармыз...



Қарашаш Есенбай: Заңғар Нұртасқа сабақ беріпсіз, оның дауысын сынға алғандар көп. Сіз ұстазы ретінде оған қандай баға берер едіңіз?


Лара: Заңғарда потенциал бар. "Қайрат Нұртас басында қалай ән айтқанын білесің ба?",- деп ағасымен салыстыратынмын. Онда табиғи қою дауыс бар, тек үйрену керек. Егер вокалмен жұмыс істесе, жақсы әнші шығады.


Қарашаш Есенбай: Лара, сіз туралы желіден іздеген кезде "У неё голос, как у Димаш Кудайберген" деген видеоларға көзім түсті, ол бекер емес шығар?! Қазір Димаш Құдайберген әлемді таңқалдырып жатыр, сіздің дауысыңыздың мүмкіндігі оған жетеді деп ойлайсыз ба?


Лара: Димаш - эксклюзив әнші. Елімізге ғана емес, әлемге жаңалық алып келген әнші. Бұрын ер адамдардың дауысында ондай болмаған. Мен өзімді жігіттің даусымен салыстырғым келмейді. Ол жеке әнші, мен жеке болып қалыптасуды қалаймын.


Қарашаш Есенбай: Жақсы, Димаштың дауысы 4-5 октавадан тұрады дейді. Сіздің дауысыңыздың күшін қалай бағалайды?


Лара: Мен оны құпия сақтағым келеді.




Қарашаш Есенбай: Жақсы, енді алдағы репертуарыңызға тоқталсақ, қандай әндер жаздыру ойда бар?


Лара: Қаншама уақыт бойы өзімді сындыра алмай келдім, барынша халыққакерек әндерді айтуға тырыстым. Десе де жеңіл, сапасыз әнге жолай бермеймін. Қазір оқымаған әншілер шығып, хитке айналып жатыр. Әрине еңбектерін бағалаймыз, бірақ оларды көріп бізде солай жасауымыз керек пе екен деп ойланасың.


Қарашаш Есенбай: Қалай ойлайсыз, шығармашылық адамы халықтың сұранысына жұмыс істеу керек пе, әлде өзінің жан-дүниесінің рахаты үшін бе?


Лара: Шығармашылық адамы жан-дүниесі үшін де жұмыс істеуі керек. Байқайсыз ба кезінде «Заман» тобының «Өмір өзен» және Жанар Дұғалованың орындауындағы әндерін халық тыңдады. Демек халық кәсіби әншілерді тыңдайды. Ал, қазіргі хиттардың кәсібилігін айтуға да ұят!


Қарашаш Есенбай: Кәсіби музыкант ретінде мына әндерді айту ұят деп айта аласыз ба?


Лара: Менің плей-листімде мүлде басқа әндер. Ал сапасыз әндерді атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын.


Қарашаш Есенбай: Жарайды мен сұрап көрейін, қазір «Шаршама», «Достарым менің золотой», «Опмай-опмай» дегендер тойда хит. Кәсіби музыкант ретінде оларға қандай баға бересіз?


Лара: Тойда билеп жүрміз ғой, бірақ іздеп тыңдамаймын. Білесіз бе, ең қызығы сол әншілер хит, әрі біздің көзімізше көкіректерін керіп отырады. Аспаннан түсе алмай отырғанын көріп, «Құдайым-ай, кішкене өнердің дәмін сезбей жатып, неге мұншалықты аспанға көтеріліп кетті екен» деп ойланасың...


Қарашаш Есенбай: Бірақ оларға сұраныс жоғары, неліктен?


Лара: Оның жалғыз себебі - кәсіби әншілерде халыққа «өтетін» ән жоқ! Олар отырды да әнге плагиат жасай салды. Бір жағынан олардың тапқырлығын да мойындау керек. Әншілік қабілеттеріне тоқталатын болсақ, дауысына мән беріп тыңдамаймын. Меніңше, олар той үшін ғана жүргендер.


Қарашаш Есенбай: Сіз тойдың және шоу-бизнестің әні деп бөлісіз бе?


Лара: Иә, мен әндерімді бөлемін. Менің де репертуарымда тойдың әндері бар, бірақ оларды да музыканың заңдылықтарын, мәдениетін сақтап жаздырғанмын.


Қарашаш Есенбай: Кейбірі тойда айтып жүрген әндерін, концертте де айтып жүр. Оларға қалай тоқтау жасау керек деп ойлайсыз?


Лара: Шығармашылық концерттер тек жанды дауыста өтетін болса деймін. Сол кезде барлығының «маскасы» шешіледі. Халықтан ақша алып жатыр ғой, сол ақшасына вокалға барсын. Терлеп-тепшіп ән айтсын, сонда әділеттілік болады. Өздері де халыққа бетін ашып қарайтын еді.


Қарашаш Есенбай: Өзіңіз тойға таңдап шығасыз ба?


Лара: Әрбір әншінің еңбегі бағалануы керек. Мен тойға үлкен дайындықпен барамын, өйткені халықтың алдына шығасың ғой.Той деген маған «Шаршама, тек шаршама» деп фонограмманы айтып кететін жер емес, үлкен жауапкершілік болып көрінеді. Себебі -тыңдарманың отырады.



Қарашаш Есенбай: Тойда жүргеннен кейін жас қыздарға көз түспейді емес, түседі. Сондай көздерден өзіңізді қалай сақтайсыз?


Лара: Ондай оқиға көп бола қойған жоқ. Меніңше, қызға байланысты. Кейде айтылып қалатын ондай сөздерге дер кезінде мінезімізді көрсетіп жауап бере аламын. Әрі үлкендерге "ағалап", қарындас екенімді көрсетіп тұрамын.


Қарашаш Есенбай: Үлкен қалаға 14 жасыңызда келдіңіз. Содан бері өнердің жолындасыз. Түрлі жағдайды көрген шығарсыз, сондайда өзіңіз айтқандай таныстың жоқтығынан «әттең-ай» деген кездер болды ма?


Лара: Иә, үлкен сахнаны көре бастаған кезімде көп нәрсеге көзім жетті. Кеудемізден итеретін жандар өте көп. Көптеген жобаларға қатысқым келген. Бірі бейнебаянымның жоқтығын себеп қылды, енді біреулері жақсы араласып өнерімді бағалай тұра, продюсермен жұмыс жасауды тоқтатқаннан кейін менсінбей қарайтын болды. Ол - ащы шындық. Мысалы, Сиви Махмудимен жұмыс жасағанда ортам көбейді. Жақын достарым да басқаша әңгіме айта бастады. Ал, кеткен кезде олар да жоғалып кетті.


Қарашаш Есенбай: Енді өзіңіздің жеке өміріңізде қандай жаңалықтар бар?


Лара: Жеке өмірім тыныш. Тұрмыс құру тұралы жігітім пайда болғанда ойланатын шығармын (күліп). Әзірге жүрегімді жаулаған адам жоқ, сондықтан шығармашылық қана жаңалықтармен шектеліп тұрмыз.


Қарашаш Есенбай: Барлық жағынан да жақсы жаңалықтарыңызбен тыңдармандарыңызды қуанта беріңіз! Сұқбатыңызға рақмет!


Авторы: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ