​Түрік әнімен хит болған жігіт: « Мені Қарақалпақстаннан дегендер оттай бермесін!»

0
10 383

"...Концерттен кейін Марат ағаның заңгерлері «Неге рұқсатсыз айтасың?» деп хабарласып тұр. Қайта халықаралық үлкен концертте өзінің әні айтылғанына қуанбай ма?"


​Түрік әнімен хит болған жігіт: « Мені Қарақалпақстаннан дегендер оттай бермесін!»

Ескерту: Редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады

Ол айтқан әнді тойшыл қазақтың бәрі біледі. Білуді былай қойғанда, қосылып бірге айтады. Бірақ осы бір хит шыққанға дейін ол он бестен аса ән жазып, онға жуық бейнебаян түсірді. Десе де олар бір «Жүрек алдамайдының» рейтингін бермеді...

Журналист Қарашаш Есенбайдың бүгінгі кейіпкері - жас әнші, хитмен Нұрсұлтан Нұрбердиев.


Қарашаш Есенбай: «Жүрек алдамайды» деген әнге дейін қоржыныңызда 15 шақты отандық авторлардың әні болды. Бірақ олар емес, түріктердің әні хит болғанын өзіңіз қалай қабылдадыңыз, біз қалай түсінейік..?


Нұрсұлтан Нұрбердиев: Халыққа керегі сол болған шығар?! Қазір қазақта онсыз да проблема толып жатыр, бұ кезде оларға ыңырсыған әндердің керегі жоқ деп ойлаймын. Керісінше, осындай көңілді әндермен шыққан дұрыс. Осыған дейін өзіміздің композиторлардың көңілді әндерін орындағанмын. Неге хит болмағанының себебін білмедім. Бәлкім түріктердің аккордтары тәтті ме, әлде маған берген Алланың бағы шығар...


Қарашаш Есенбай: Мүмкін біздің сазгерлер хит шығара алмайтын шығар? Өзіңіз де бір бағдарламада «Қазақ сазгерлері бірыңғай дүние жазады» деп айтып едіңіз.


Нұрсұлтан Нұрбердиев: Қазақ сазгерлеріне өкпем бар деп айта алмаймын. Дегенмен осы кезге дейін хит жазып жүрген талай композиторларға барғанмын. Мысалы өткенде бір бағдарламада Марат Омаров ағамыз «Маған келмейсің бе?» деді ғой, ол жерде Марат ағамызбен бірге тағы бірнеше компазиторлар отырды. Мен оларға барған күннің өзінде, маған ешқандай хит бермейтін, керісінше қалтам ғана қағылар еді. Иә, олар өз дәуірінде жазған шығар, ал қазір халыққа басқа нәрсе керек!


Қарашаш Есенбай: Бағдарламадан кейін Марат Омаровқа бардыңыз ба?


Нұрсұлтан Нұрбердиев: Бармадым! Бірақ сол жерде басқа компазиторлар да отырды, олар маған бір хит жазуға уәде берді. Мен түріктің әнін 15 мың долларға сатып алдым, егер олар да хит жазса мен сондай көлемде ақша төлеймін деп келіскенбіз. Ал хит болмаса, ренжімеңіздер дедім. Екі күннен кейін хабарлассам, "сіз Алматыдасыз, Астанаға келіңіз, бірге жазайық" дейді. Мен бір ән үшін Астанаға бармаймын ғой?! Одан кейін бірден ақша сұрады, «Біз алдымен 1000 доллар жібермей жазбаймыз» деп тұр... Мен «Өздеріңіз екі сөйлеп тұрсыздар» дедім. Кейін бағдарламаның араласуымен тағы екі күн өткесін бір ән жіберіпті, бірақ ол маған ұнаған жоқ! Менің музыкалық продюсерім де ол әнді айтпайсың деді!

Ал Марат Омаровтың өзіне барған жоқпын. Әрине, оның әндеріне сын айтудан аулақпын, бірақ ешқандай ән алмаймын. Өйткені жақында ғана Медеуде өткен гала-концертте сол кісінің әнін айттым. Негізі оны маған ұйымдастырушылар ұсынып, сол әнді айтасың деді. Ал концерттен кейін Марат ағаның заңгерлері «Неге рұқсатсыз айтасың?» деп хабарласып тұр. Қайта халықаралық үлкен концертте өзінің әні айтылғанына қуанбай ма?


Қарашаш Есенбай: Осындай жағдайлардан кейін тек шетелдіктердің әнін аласыз ба, әлде отандық сазгерлермен де жұмыс істейсіз бе? Жалпы, бізден кімдерді жоғары бағалайсыз?


Нұрсұлтан Нұрбердиев: Отандық сазгерлермен де жұмыс істеудемін. Бірақ түріктермен көбірек жұмыс атқарып жатырмыз. Қазақ сазгерлерінен Бауыржан Есебаевты ғана бағалаймын. Басқа ешкімді бағаламаймын!


Қарашаш Есенбай: Жақында менің сіздің біраз әндеріңіздің авторы, сазгер Ерғали Көшербаевтан сұқбат алдым. Ол кісі сізді және бірнеше әншіні «Қарақалпақтан келіп солардың әнін тойға шығарды» деп айыптады. Өзіңізден сұрайыншы, қай жердің тумасысыз?


Нұрсұлтан Нұрбердиев: Мен Жамбыл облысының, Тараз қаласындағы Аса деген ауданнан шықтым, сол жерде тудым. Анам Ақтөбенікі, өзім кіші жүз, Табынмын. Ата-тегім батыс аймақтан. Неге Қарақалпақстан дегенін түсінбедім. Бірақ сол мені атаған композиторға көп оттай бермесін деп айтыңыз! Тура осылай жазыңызшы... Мен алдыма келген адамға куәлігімнің артындағы туған жерімді ұялмай көрсете аламын.


Қарашаш Есенбай: Жақсы, продюсеріңіз әкеңіз екен, әрі өнерге келуге де сол кісі түрткі болған деседі. Продюсер әкең болса, мүмкіндік көп пе? Қазір көбі осы тенденцияға келе жатқандай.


Нұрсұлтан Нұрбердиев: Түрткі болды дегенде бала кезімнен бастап ән айтамын. Ата-анаңның қолдауынсыз ешқайда бара алмайсың! Мен бұған дейін бірнеше продюсермен жұмыс істедім, ешкім мен қалағандай іс атқармады. Қазір сіздерге олардың аттарын атағым келмейді, себебі мен үшін ештеңе жасаған жоқ қой? Бір ән, тіпті бір фотосессия жасаған продюсер болмады.


Қарашаш Есенбай:Тағы бір сізге бағытталған сынды айтайын. Жоғарыда атаған сазгер сіз туралы «Әндеріне мән бермейді. Оны өзіне де талай рет айттым, тіл саласындағы мамандықты бітіріп еді, бірақ халқымыздың бұрынғы өмірінен бейхабар. Ол Әмірені, Жұматай Жақыпбаевты танымайтынына кепілдік беремін! Ол біздің ақын-жырауларымызды танымаса өнер адамы бола ала ма?» дейді. Негізі өзіңіз кәсіби журналист екеніңізді білемін. Жоғарыдағы сынды қалай қабылдайсыз? Қазақ әдебиетін, фольклорын қаншалықты білесіз?

Нұрсұлтан Нұрбердиев: Мен бірінші кезекте әннің сөзіне мән беремін! Мысалы «Жүрек алдамайды» деген әннің:

«Қайдада теңің мен ғана,

Сүйген жарым сен ғана!

Сенен басқа ешкім жоқ

Жүрегіме кел, қара!» деген жерде қандай қателік көріп тұрсыз? Мен өте сауатты ақындармен жұмыс істеймін. Мысалы Еркебұлан Кенехан, Бауыржан Есебаев, Дулат Құйқас сынды хит жазатын тұлғалар. Сонымен қатар, мен қазақ әдебиетін өз деңгейімде білемін деп айта аламын. Біреудің алдына барып, өзімді дәлелдеп жатуым керек емес шығар?! Негізі сын адамға дұрыс әсер етеді. Ол арқылы өзімді дамытып, шабыттандырамын.


Қарашаш Есенбай: Көпшілік «Нұрсұлтан хайп қуып жүр» дейді, осы пікір қаншалықты рас? Жарнамаға қаншалықты жұмыс істейсіз?


Нұрсұлтан Нұрбердиев: Мен жарнамаға жұмыс істемеймін! Егер олай болатын болса, жаңа жоғарыда айтқан уәде беріп, эфирден кейін басқаша сөйлегендерді жазуыма болар еді ғой. Болмаса хит жазғанына 15 мың доллар беремін деп шулатуға да болады. Бірақ маған ол керек емес! Ол кісілердің жасын, дәрежесін сыйлаймын.


Қарашаш Есенбай: Хайп демекші, Қалаулымның «жұлдызын» хайп үшін пайдаландыңыз ба?


Нұрсұлтан Нұрбердиев: Жоқ (күліп) Камиламен арамызда ештеңе болған жоқ. Біз жақсы доспыз, жақсы дос болғанбыз... Мен оған: «Өзіңде бой да, түр де, өнер де, бәрі бар. Әр қазақ қызығатындай қызсың, «Қалаулымға» барып не істейсің?» дедім. Ол сосын «Қалаулымнан» кетті. Мен «Қайта жолама, егер қайта барсаң араласпаймыз» дегенмін. Бірақ ол қайта барды, сосын мүлде сөйлеспеймін.


Қарашаш Есенбай: Қызық, жай дос жігіттің мұндай талап қоюы қаншалықты орынды екен..?


Нұрсұлтан Нұрбердиев: Менің көзқарасымда «Қалаулымға» баратындар отырып қалған, жігіт қарамайтын қыздар. Камила ондай болса «Бар, саған тұрмысқа шығу керек»деп айтар едім. Ол бағдарлама мені 3-4 рет ән айтуға шақырған, рейтингі жақсы болса да бармадым.


Қарашаш Есенбай: Неліктен өзіңіз туралы ақпараттарды көп жасырасыз, мысалы «...» жаста екеніңізді мен білемін. Бірде «Жасымды айтуыма тиым салған» депсіз. Кім тиым салады және неліктен?


Нұрсұлтан Нұрбердиев: (Күліп) Жасымды сіз қайдан білесіз? Нақты сіз де жазбай-ақ қойыңыз.. Мен негізі барлық журналистерге бірден айтамын, жасымды сұрамаңыздар, айтпаңыздар деп. Өзің туралы бәрін айта берсең қызық емес шығар? Мысалы үйленбегенімді айтып қойдым, оны білесіздер ғой.


Қарашаш Есенбай: Үйленгесін жасыңызды айтасыз ба? Жалпы ол күн жақын ба?


Нұрсұлтан Нұрбердиев: (Күліп) Қазір кездесіп жүрген адамым жоқ. Дегенмен келесі жылы отбасын құрсам деген ойым бар... Уақыт көрсетеді.


Қарашаш Есенбай: Жақсы, сол күнге жеткізсін! Сұқбатыңыз үшін рақмет!

ERNUR.KZ