"Жақында бір жаңалықпен бөлісемін": Танымал Жұлдыз Әдбікәрімовамен сыр-сұқбат

0
7 636

"Бұл қазақ елінің намысын қорғайтын жоба болмақ"дейді хитмен Қайрат Нұртастың жары.


Қарашаш Есенбай: Қайырлы кеш, Жұлдыз ханым! Алғашқы сұрағымызды жақында жарық көретін кітабыңыздан бастасақ. Бұл кітапты жазу идеясы қайдан келді? Ол кітап сіздің имиджіңіз үшін бе, әлде оқырман сұранысына жаздыңыз ба?


Жұлдыз Әдбікәрімова: Алдымен ERNUR.KZ сайты оқырмандарына сәлем.

Иә, жақында менің кітабым жарық көреді. Бұл кітаппен үлкен команда біраз уақыттан беріп жұмыс істеуде, әлі де жұмыс істеп жатыр. Кітап жазу идеясын елімізге белгілі тележүргізуші, журналист Ләйлә Сұлтанқызы айтқан болатын. Сол кісінің бастамасымен осы кітапты жазуды қолға алдым. Бұл үшжақты жұмыс болды десем болады. Өйткені, оқиға – менікі, идея – Ләйлә ханымдыкі, ал шығарылуы мен сатылым процесін "Меломан" кітап желісі жүргізеді.

«Кітап сіздің имиджіңіз әлде оқырманыңыз үшін бе?» дегенге келер болсақ, меніңше екеуі де қарастырылған. Себебі өздеріңіз білесіздер менің инстаграм парақшама менің өмірім, отбасым, бала кездегі оқиғаларым туралы сұрақтар жиі келеді. Осылардың бәрін біріктіре келе, қателескен тұстарымды ескере отырып қазақи бала тәрбиесіне қатысты дүние жазылды, қазір баспада жатыр.


Қарашаш Есенбай: Бізде кітап шығаратын авторлар пайда таппайды, керісінше шығын болады дейді ғой. Кітап шығару барысында, мұнан басқа қандай олқылықтар байқап жатырсыз?


Жұлдыз Әдбікәрімова: Шыны керек, пайдасы мен шығыны деген дүниелермен бетпе-бет келген жоқпыз. Дәлірек айтқанда пайдасын әлі білмейміз, өйткені кітап оқырманға жол тартып, тұсауы кесілмеді. Кітап жазу барысында маған қатты ұнағаны бала кездегі әрекеттеріме ересек Жұлдыздың көзімен қарау болды.

Одан кейін шығын мәселесіне келер болсақ, «Шығын шықпай, кіріс кірмейді». Әр істің қызығы мен шыжығы болады ғой, менің кітабымның мақсаты - оқырманға эмоция сыйлау.



Қарашаш Есенбай: Алдағы уақытта тағы қандай тақырыпта кітап жазу ойыңызда бар?


Жұлдыз Әдбікәрімова: Меніңше бір кітапты жазып шығаруды бір баланы дүниеге әкелумен теңестірсе болады. Жас босанған қыз-келіншектер енді босанбайтындай сезім өткереді ғой, бірақ ол сол босану процесінен қалатын әсер, кейін ұмыт болады. Бұл теңеуімді бірі түсінер, бірі түсінбес.

Сол сияқты мен де кітап жазып жүрген кезімде, енді жазбайтындай сезімде болғанымды жасырмаймын. Бірақ бәріне уақыт керек. Бәлкім, келесі кітап жазуға құлшынысым оянар?! Десе де, мен өзімді жазушымын деп санамаймын, әдебиет әлемінің өкілімін деп те айтпаймын. Бұл жерде оқиға менің шимайым болғанымен, оны түзеген редакторлар, яғни үлкен команда бар. Сондықтан мұны аяқтадым, енді екіншісін жазамын деген ой жоқ. Тіпті келесі кітап жазылмауы да мүмкін. Бірақ оның орнына оқырманды қуантатын, оқырманға қызығырақ болатын өзге дүниелер ұсынуымыз бек мүмкін.


Қарашаш Есенбай: Әлеуметтік желідегі бір жазбаңызда оқырмандарға "Өмірде не істемегеніңіз үшін өкінесіз?" деп сауал қойыпсыз. Осы сұрақты өзіңізге қойып көрсек?


Жұлдыз Әдбікәрімова: Дәл мына істі істемегеніме өкінемін деп айта алмаймын. Тек «әттеген-ай» дейтін сәттер болады... Мысалы, кейбір істі жасағанда, бұдан да керемет етуіме болар еді ғой деген кездер болады. Бұл заманда түсінгенім - бір нәрсені жетік меңгеріп білдім, толдым деген қате ұғым. Адамда бір емес, бірнеше мамандықты игере алатындай қабілет бар. Мысалы, үш емес, алты тілді меңгеруге, бірнеше кәсіп ашуға мүмкіндік бар. Өзіңнің айналаңа ғана емес, бейтаныс адамдарға да жақсылық жасауға мүмкіндік бар. Жалпы Алла берген нығметтерді біз өзіміздің көкжиегімізде ғана шектеп тастаймыз. Әрі қарай мүмкін емес дейміз, бірақ ол тек санамызда сызылған шекара. Сондықтан, өзімді одан сайын жоғары дамытуға мол мүмкіндік болды, әлі де бар деп ойлаймын. Бірақ кейде еріншектік, назар аудармау деген сияқты дүниелер басып кететін шығар!? Менің өкінішім сол!

Аллаға шүкір,отбасымыз аман, бауырымыз бүтін. Одан асып, мен мына нәрсеге өкінемін деу күнә шығар!? Шүкір, қанағат!


Қарашаш Есенбай: Телебағдарламалардың жүргізушісі ретінде де аракідік көріп қаламыз. Өзіңізге ондай ұсыныстар жиі түсетін болар, сол кезде неге жіті мән бересіз? Ұсынысты қандай критерийлерге қарап қабылдайсыз?


Жұлдыз Әдбікәрімова: Иә, телебағдарламаларға ұсыныс түсіп жатады. Негізі бұған дейін көп сараладық. Менің шамымды жаққан, қазақы құндылықтардан алыстатпаған, болмысыма сай келген, өңімді аша білген бағдарлама «Қазақстан» Ұлттық теларнасындағы "Шаңырақ" бағдарламасы дер едім. Одан кейін жүргізген бағдарламаларыма ешқандай жаман пікір айтқым келмейді. Десе де менің жүргізуші Жұлдыз болып қалыптасуыма әсер еткен, көрерменмен етене араластырған жоба – «Шаңырақ». Бағдарлама тікелей эфирде болғандықтан, көрерменмен тікелей байланыста болдық. Олардың сол сәттегі қуанышын, қайғысын да бірге бөлістік.

Ал қалған бағдарламалар өз ұсынысымен, орнымен келіп жатыр. Бағдарлама жүргізушісі болуға келіскен кезде алдын-ала түсірілетін бағдарламалары, бекітілген тақырыбы мен жазылған сценарийі және айтылар ойымен толықтай танысып, келісім беру керек.

Себебі соңғы кезде байқағаным, бағдарлама шығаратын ұжым жүргізушінің қолына бір сценарий, ал қонақтар мен кейіпкерлерге және продюсерлерге арнап арнайы сценарий жазылады екен. Сондықтан бағдарламаға кім келіп, кім кетіп жатқанын да білмейміз. Себебі бір күнде 3-4 бағдарлама түсірілуі мүмкін. Онда шынайы кейіпкерлер келуі, болмаса актерлар келуі де мүмкін.Оның бәрі менің атақ-абыройыма, ар-намысыма нұқсан келтіріп жатады. Сондықтан алдағы ұсыныстардың барлығын алдымен көрермен сұранысына, оларға беретін бағдарламаның құндылығы мен пайдасына қараймын. Одан кейін ғана гонарарын қарастыратын боламын.



Қарашаш Есенбай: Өзіңіз туралы айтылатын түрлі сын-пікірлерді қалай қабылдайсыз?


Жұлдыз Әдбікәрімова: Өзім туралы сын пікірдің жаманы бар, жақсыса бар, келісетін және келіспейтінім бар. Мысалы, кеше ғана тамақ әзірлеп жүргенімді сториске салған болатынмын. Сонда дайындап жүрген табағыма қатысты "Сіз әлі пластмас табақ ұстайсыз ба?, "Я в шоке", деген секілді пікірлер жазылыпты.

Мен де ет пен сүйектен жаралған адаммын. Содан кейін әзіл-қалжың аралас "Табақтың тағдырын бірге шешейік, ағайын" деп пост жаздым (Күліп). Негізі ол табақтың өз тарихы бар еді. Алғаш келін болып түскен кезде беташарда табақ жетпей, үйдің астындағы дүкеннен асығыс ала салғанбыз.Содан бері қанша жыл өтсе де, маған адал қызмет атқарып келе жатыр. «Берекелі табақ», сондықтан оны қалай тастаймын? Желідегі оқырмандарыма да осылай жаздым, сонда олар «Табағыңды таста» деп пікір жазған адамға «жабылды».

Кейде солай тактикаға жүгіну керек болады, ал кейде өкпелеп, ренжіп жауап беремін. Алайда, дұрыс сын болса, сол сәтте түзетуге тырысамын.


Қарашаш Есенбай: Шығармашылық бағытта қандай жоспарларыңыз бар?


Жұлдыз Әдбікәрімова: Жақында бір жаңалықпен бөлісемін, тек оны жоба басталмай айтуға болмайды екен. Тек айтқым келетіні, ол кезде бүкіл қазақ елінің, Қазақстанның қолдауы керек болады. Себебі, "бұл қазақ елінің намысын қорғайтын жоба болмақ" деп шет-жағасын шығарып қояйын. Қазір дайындық үстіндеміз.

Шығармашылықтағы жоспарға кітабымызды жатқызуға болады. Өзім де тағатсыздана күтіп жүрмін.


Қарашаш Есенбай: Ендеше сол күнді біз де тағатсыздана күтеміз! Жұлдыз ханым, сұқбатқа уақыт бөлгеніңізге рақмет!