Жас әнші Нүркен Амангелді: "Димашты мақтағанда пендешілікке салынамыз..."

0
8 306


Жас әнші Нүркен Амангелді:

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

«Егер өзіңіздің талантыңызды шарықтатқыңыз келсе, оған қызмет етіңіз» - дейді Геннадий Матюшов бір сөзінде. Шынында адамның бір пайыздық талантын мойындату үшін қалған тоқсан тоғызы еңбекпен толуы керек. Оның да бұл кезде әр күні шығармашылыққа қызмет етуменөтуде.

Менің бүгінгі кейіпкерім – жас әнші, сазгер Нүркен Амангелдіұлы.


Қарашаш Есенбай: Сәлем, Нүркен! Әдетті «Таланттар ауылда туып, Парижде өледі» деген сөз бар ғой, яғни шығармашылығын дамытқысы келетіндер өнер ордаларына асығып жатады. Байқағаным, ауылдағы музыка мектебінде ұстаз екенсіз. Жеке шығармашылығыңызды дамыту үшін өнер ордаларына келу жоспарыңызда бар ма?


Нүркен Амангелдіұлы: «Ауыл» дегенге өзім бұл жерді қимаймын. Бұрынғы аудан орталығы ғой, Батыс Қазақстан облысындағы Жалпақтал деген аудан еді. Кейін түрлі себептермен аудан статусынан түсіп қалған. Ал, өнер ордасына бармайсыз ба дегеніңізге келсек, шығармашылығымды нықтап қолға алғаныма бір жылдан енді асып жатыр.

Алдымен мектеп бітіріп мұғалім мамандығына оқуға түстім. Кейін бір жылдан кейін шығармашылықпен ғана айналысқым келетінін түсініп, оқуды тастап Алматыға кеткен едім. Ол жаққа барып, Эстрада және Цирк колледжіне емтихан тапсырдым. Мен бала күнімнен домбыра тартып, ән айтамын. Аспапта ойнайтын адамда негізі «слух» яғни, музыкалық қабілет жақсы болады. Бірақ неге екенін білмеймін, сол сабақтардан маған емтиханда төмен балл қойылыпты. Ол бағаларды көріп грантқа түспейтінімді білдім, ал ақылы оқуға жағдайымыз келмейтін еді. Сосын бір жылдай Алматыда жүрдім. Ол қалаға барғанда менің арман-мақсаттарым көп еді, бірақ тауға шағылып қайтқандай болдым. Дегенмен ол менің енді Алматыға бармаймын деген сөзім емес. Керісінше, ол қалаға жетуге көп қалмағанын сеземін.


Қарашаш Есенбай: Алматыда жүргенде көп сазгер, әншілер оқуға түспесе де сондағы студияларға барып, сол жерден тәрбиеленіп шығады. Өзіңіз сондай ағаларға барып көрдіңіз бе, сазгер ретінде ән ұсындыңыз ба?


Нүркен Амангелдіұлы: Шынымды айтсам, бұған дейін өнерімді шындап қолға алмадым, тіпті бірнәрсе жасауға болатынын да білмедім. Алматыда көп көңіл қалғандықтан, арман мақсаттарым нөлге айналған еді... Ауылға қайтқан кезімде «депутаттың баласы депутат, әншінің баласы әнші болады екен» деген оймен қайттым (күліп). Сондықтан өнерге көпке дейін бет бұрмай жүрдім.

Алматыда жүргенімде студияларға бармадым, «оқуға түсемін» деген мақсатпен барғандықтан, ол ойыма да келмеген екен. Қазір Алматы, Шымкенттегі студиялармен жиі байланыстамын. Ән алмасам да, арасында сөйлесіп тұрамын.



Қарашаш Есенбай: Қандай композиторлармен байланыстасыз, кәсіби мамандар сіздің шығармашылығыңызға қандай баға береді?


Нүркен Амангелдіұлы: Мен көбінде сазгерлермен емес, ақындармен тығыз қарым-қатынастамын. Композиторлердің ішінде тек Жарылқасын Дәулет ағамызға хабарласып, ән сұраған болатынмын. Ол кісіге өзімнің де әндерімді жібердім, тыңдап көрді. «Әдемі тембрің бар екен,әндерің де әдемі екен...» деді, басқа ештеңе айтпады. Бір жағынан көңілге қарайды, екінші жағынан адамгершілікке де салған болар (күліп).

Ал басқа кәсіби мамандардан кеңес сұрамаймын, сұрағым да келмейді. Керісінше, өзіме жанашыр, пайдамды айтатын ағаларыммен кеңесемін. Солармен әндерімді талдап, өңдеуін ақылдасып, бейнебаяндарымды саралап отырамыз. Бірақ «кәсіби мамандарға барамын» деп өтірік айтпай-ақ қояйын.


Қарашаш Есенбай: Өзіңіз сазгер ретінде авторлық қауымдастықтарға тіркелдіңіз бе? Біздің сазгерлер арасында «жиендік» жасау жиі болып жатады. Өзіңіздің әндеріңізді танымалдардың репертуарынан байқап қалған жоқсыз ба?


Нүркен Амангелдіұлы: Мен әндерімді жарыққа шығармай тұрып, заңды жағын қолға алдым. Барлық әндерім заңды тұрғыдан қорғалған. Өзімнің әндерім бір-біріне ұқсайтын шығар, бірақ өзгенікіне ұқсамайтынына сенімдімін. Ал менің әніме ұқсайтындарды байқамаппын!

Жалпы менің басқа әншіге ән беретін сазгер емеспін. Оны үнемі, жасырмай айтып жүремін. Кейде ән сұрайтындар бар, олардан үнсіз құтылуға тырысамын. Себебі бірінші өзімнің шығармашылығымды дамытып, жоғары деңгейге шығарғым келеді.



Қарашаш Есенбай: Көп сазгерлер үшін әндері табыс көзі. Бірақ өздері де ән айтып жүреді ғой. Сіздің ән бермеуіңізге не себеп, әлде өзгелер әнімнің табиғатын аша алмайды деп қорқасыз ба?


Нүркен Амангелдіұлы: Әндерін беретін сазгерлер өздерін сол қырынан дамытқысы келетін шығар?! Мен әншілікпен өзімді биікке шығарғым келеді. Мынаны байқайсыз ба, сазгерлердің басқа әншілер орындаған хиттері көп болғанымен, өзінің репертуарында сол деңгейдегі шығармасы бола бермейді. Мысалы, Жолдасбек Абдихановтың «Жүрегімнің иесі» деген әні бар, халыққа жақсы танылды. Бірақ өзінің орындауындағы ешбір ән сол деңгейге жетпеді! Бұрындары «Самал» деген топтағы жігіттердің де жағдайы солай болған. Яғни әншіге танымалдылық алып келгенімен, авторлары тыс қалып жатады. Осы себептен де өзіме хит жасауға тырысып жүрмін. Одан кейін ғана өзгелерге ән жазармын... Өйткені «Әнімнің табиғатын аша алмай қалады» деген қорқыныш жоқ!


Қарашаш Есенбай: Әндеріңіздің біразын тыңдадым, көбі көңілді әуендер екен. Кейбірінің тіпті сөздері ауырлау болса да, әндері жылдам. Бұл жерден сіздің табиғатыңызды көре аламыз ба?


Нүркен Амангелдіұлы: Барлық әндерімнің сөзі ауыр деп айта алмаймын. Тек бір әнімнің ғана сөзі мұңды, ал әні көңілді болды. Негізі қазір халыққа жеңіл, көңілді тойдың әндері өтімді екенін мойындау керек. Бізде сол талапқа сай келуге тырысып жатырмыз.


Қарашаш Есенбай: Десе де қазір әншілер мен әнге деген талап күшейген секілді. Көбін Димашпен салыстырады, кейде тіпті оны көтеру үшін өзгелердің еңбегін нөлге теңейтіндер де бар. Осы тұста сіздің ойыңыз қандай?


Нүркен Амангелдіұлы: Өте дұрыс айтасыз! Әркімнің өз орны бар. Кейде Димашты мақтағанда пендешілікке салынып кетеміз. Әрине, Димашты бәріміз жақсы көреміз, Америкада домбырамызды алып шығып, аспанын күйге бөлегенде бәріміз дерлік қуандық.

Меніңше, оны сөз еткенде көпшілік өздерінің пендешілігіне салынатын секілді. Яғни өзінің деңгейін жасаған басқа әншілерден Димаш арқылы өш алғысы келетіндей. Өзгелердің еңбегін жоққа шығарып жатады. Ол үлкен қателік! Мысалы, Қайрат Нұртаспен салыстырады. Қайраттың он жылда жасаған еңбегін, жетістігін қазақ эстрадасында кімнің қайталайтынын білмеймін. Ал, Димаштың жетістігі өзінше бір бөлек. Әркімнің өз деңгейі мен қабілеті бар. Қайраттың жасағанын Димаш, ал Димаштың жасағанын Қайрат қайталай алмауы мүмкін. Сол үшін салыстыруға және салыстырған кезде біреуді кемсітуді жаратпаймын.



Қарашаш Есенбай: Өзіңіз қазір шәкірттерге сабақ беріп жүр екенсіз. Байқасаңыз әнші болғысы келетін бала көп. Осыдан трагедия көретіндер бар, оның арасында мен де бармын. Мысалы солардың әншілерге еліктеуіңінің кесірінен олардың интеллектуалдылығы төмендемей ме? Тек даңғаза музыка мода болмай ма?


Нүркен Амангелдіұлы: «Әнші көп», «аузы бардың барлығы әнші» деген сөздер көбейді. Негізі бұл пікірмен келіспеймін, бізде әнші көп емес! Өйткені әндері жарыққа шыққанның бәрі әншілікті кәсіп етіп жүрген жоқ. Көбі бір-екі ән жазғаннан кейін қояды. Оларды әнші деуге бола ма? Ән айту мен әнші болу екі түрлі екенін түсінуіміз керек. Әнші деп өз жолын, тыңдарманын қалыптастырғандарды айтқан жөн шығар?!

Ал, балалардың әншілерге еліктеуіне келер болсақ, олардың дамуына әсер. Дұрыс әншіге еліктесе айып жоқ! Өзім де Еркін Нұржановқа еліктеп өскенмін. Соның әндері, болмысы ұнайды. Бұл сұрақты осылай қалдырайын, артық айтып шу болып кетпесін... (күліп).


Қарашаш Есенбай: Шу дегеннен шығады, өзіңізге хабарласқанда «осындай шудан қорқамын» деп бірнеше тақырыпты мүлде қозғамау керек екенін жазып жіберіпсіз. Керісінше, шоу-бизнестегілер шоу жасауға құмартып тұратын секілді еді, сіздің қорқынышыңыздың себебі неде?


Нүркен Амангелдіұлы Кейде айтпағанды айтты деп күйдіріп жіберетіндеп бар екен. Өзім адал еңбегіммен, жақсы жағыммен танылғым келеді. Сондықтан сақтанып жүремін. «Мынау шықпай жатып не айтып жатыр?» деген сөз естігім келмейді. Шама шарқыма қарай сөйлегім келеді.


Қарашаш Есенбай: (Күліп) Жақсы атыңыздың шыға беруіне тілектеспін. Сұқбатқа келісіп, уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан

ERNUR.KZ