Жас әнші: "Саясатқа өнер адамдарының келуі қуантады"

0
3 160

12 жыл мейрамханада ән айттым, сондықтан мен өзімді «кобактың» дипломын алғанмын деп есептеймін.


Жас әнші:

Ол: «Ғашық болып қалма,

Біреу жақсы көрінгенге,

Өзгертіп алма,

Жүрегің бар сенің менде...» дейді әнмен. Бірақ өзіндегі жүрек кімдікі екенін жасырғысы келеді. Менің бүгінгі кейіпкерім - жас әнші Алмаз Көпжасар.


Қарашаш Есенбай: Қайырлы кеш, Алмаз! Бір бағдарламада «хоббиіңіз не?» деген сұраққа «Ән айту» деп жауап беріпсіз. Сонда ән айтуға хобби деп қарайсыз ба?


Алмаз Көпжасар: (күліп) Ән айту - бала күннен келе жатқан хоббиім. Сол хобби кейін кәсіппен жалғасын тапты ғой. Адам өз бағытында жүрсе өседі, шабыттанады, энергия алады. Ән айту ұнайды, күш береді сондықтан менің бағытым осы шығар деп ойлаймын.


Қарашаш Есенбай: Музыкалық білім алдыңыз ба?


Алмаз Көпжасар: Жоқ, негізі музыкалық кәсіби білім жоқ. Бірақ 12 жыл мейрамханада ән айттым, сондықтан мен өзімді «кобактың» дипломын алғанмын деп есептеймін.


Қарашаш Есенбай: Алмаз, сіздің әндеріңізді танып жатқанмен, өзіңіз туралы көп білмейміз. Жақынырақ танысып алсақ, Тараздан тумасы екеніңізді білеміз, отбасыңыз туралы да айта отырсаңыз.


Алмаз Көпжасар: Иә, Тараздың тумасымын. Әлі де ата-анаммен бірге тұрамын, яғни «бойдақпын» деген сөз ғой (күліп). Отбасының үлкенімін, менен кейін інім мен қарындасым бар. Қарапайым отбасында тәрбилендім.



Қарашаш Есенбай: Сіздің әншілігіңізден бөлек, саз жазатын өнеріңіз бар екен. Оны дамыту, өзгелерге ұсыну ойда бар ма?


Алмаз Көпжасар: Ән жазу ойда бар, қазір бастап та қойдым. Бірақ әлі уақыты келмеген сияқты. Әр нәрсе өз уақытымен, орнымен ғой... Өзім асықпағанды ұнатамын. Одан кейін шабытпен келген, жүректен шыққан дүние ғана тыңдарманын табады ғой.


Қарашаш Есенбай: Қазіргі шоу бизнесте бәсеке көп, өнерпаз да көп. Бұл үрдіс біздің эстрада әлеміне пайдалы ма, әлде тым арзандатып жібере ме?


Алмаз Көпжасар: Жаңа дарындардың, жаңа туындылардың, жаңа хиттердің шаққанына өзім қуанамын. Солардың арасынан бізді шетелге танытатын Димаштай өнерпаздар шығады емес пе? Сол үшін олардың көп болуынан қоырқпау керек, керісінше олардың дарынын қолдау керек!


Қарашаш Есенбай: Тойға жиі шығасыз ба? Бізде талантты адамдар қаражат көзі той деп, соған кірісіп, шынайы, сапалы дүниеден алыстап қалады. Өзіңізде ондай жоқ па? Қазір шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?


Алмаз Көпжасар: Шақырған тойға шығып тұрамыз. Халық бізді іздеп, шақырып жатса өнерімізді бағалағаны деп есептеймін. Оның несі жаман? Керісінше, той көп болсын, бейбіт өмір мәңгі болсын. Өзім жаңалыққа жаны құмар адаммын, барыншы ізденіп тың дүниелер шығаруға тырысамын. Әр түрлі жанрда өзімді көрсеткім келеді, сол үшін еңбектеніп жүрміз. Жаңа әндермен қатар, бейнебаяндар түсіру ойда бар.


Қарашаш Есенбай: Соңғы жаңалықтарды байқасаңыз, танымал әншілер биліктегілерге кеңесші болып барды. Мысалы Мейрамбек Беспаев, Қыдырәлі Болманов... осы кезде көпшіліктің ойы екіге бөлінді. Сіз қандай ойдасыз, өнер адамдарының билікке барғаны қаншалықты дұрыс?


Алмаз Көпжасар: Мейрамбек ағамыз бала күннен сахнада жүрген адам. Мәдениетке мол үлесін қосқан әрі үлкен тәжірибесі бар азамат қой. Жастарға берері, ұсынысы көп деп ойлаймын. Жалпы мені соңғы кезде билікте болып жатқан өзгерістер қуантады.



Қарашаш Есебай: Өзіңіз болашақта билікке барғыңыз келе ме?


Алмаз Көпжасар: Жоқ билікке баратын ойым да, қалауым да жоқ (күліп)! Әр адам өз кәсібін жақсы атқара белсе, өз ісіне жауапты болса сол жеткілікті шығар деп ойлаймын


Қарашаш Есенбай: Бізде мынадай бір үрдіс бар, көп шығармашылық адамдары өздерінің «кемшіліктерін» мысалы ұйқышылдық немесе уәдені орындамағандарын «Біз енді өнер адамы болғасын..., біздің мінезіміз осындай...» деген бетперде киіп ақталып жатады. Осыларға сізді ойыңыз қандай, сізде де сондай жағдайлар бола ма?


Алмаз Көпжасар: (күліп)Жоқ, мен қалай бар солай айтатын адаммын. Шындықты жақсы көремін әрі сөзімде тұруға тырысамын.


Қарашаш Есенбай: Енді жеке өмір туралы айтсақ, кімге «Сүйе берем» дейсіз, ал кімге «Ғашық болып қалма» деп жүрсіз?


Алмаз Көпжасар: Бұл әзірге құпия қалғаны дұрыс сияқты...


Қарашаш Есенбай: Жақсы, шығармашылығыңызға табыстар тілейміз!



Автор: Қарашаш Есенбай

Фото: Жеке мұрағаттан