"Жігіттердің" жетістігіне ата-анасындай қуанамыз": Гүлсара Әбдірайымовамен сыр-сұқбат

0
1 636

"Көптеген жастар проблемаларын, қиындықтарын айтып хат жазады"...


Қазақтың қайсар жазушысы Бауыржан Момышұлы «Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Біз сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат “жемісі” ешқашан да болмайды» деген екен. Әр ғажайыптың артында әйел қолтаңбасы жатыр.

Менің бүгінгі кейіпкерім –танымал продюсер Ерғали Әбдірайымовтың жары, көпбалалы ана, үлгілі келін және оқырманның сүйіктісі Гүлсара Әбдірайымова.


Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Гүлсара ханым! Сұқбат беруге келіскеніңізге рақмет! Негізі көп жұлдыздың әйелдері көрінбеуге тырысып, сұқбаттан қашып жатады. Бірақ өзіңіз ашық, сабырлы, халыққа жақынсыз. Осы тұста жарыңыздың көзқарасы қалай, қарсылық танытпай ма?


Гүлсара Әбдірайымова: Жоқ, желіге немесе осындай сұқбаттарға шығуыма отағасы қарсылық білдірмейді. Әрі мені көбіне отбасы, бала тәрбиесіне қатысты бағдарламаларға шақырады. Бізге тәжірибелі жұп, көпбалалы ата-ана ретінде қарап, жастарға ақыл-кеңес сұрап жатады. Ол - мен үшін үлкен мәртебе! Жастарға айтар дұрыс кеңесіміз болса неге бөліспеске? Өйткені қазіргі қоғамдағы жастарға қарап, жүрегіміз ауыратын кездер болады. Егер олар біздің сөзімізден өзіне қандай да бір ой түйсе жақсы!

Желіде де осы тақырыптарды жиі жазатынымды, оқырмандарым біледі. Отбасылық құндылықтар, тәжірибелерім мен түрлі өзекті мәселелерге өз пікірімді білдіріп жүремін. Одан кейін өзімнің cүйікті жұмысым - тамақтардың мәзірін жиі саламын. Жалпы әйел затына керекті дүниелер ғой. Ешқашан өзім ұялатын, қызаратын посттар салмаймын. Ондай жағымсыз дүниелерді жариялау біздің әйел деген атымызға сын болады. Қазір бізде мән-мағынасы жоқ парақшалар өте көп, ақпаратқа тосқауыл болмағандықтан керексіз дүниелер толып жатыр. Дегенмен пайдалы дүниені де табуға болады. Өзім де керекті, ой салатын парақшаларға жазылғанмын. Менің оқырмандарымның басым бөлігі – жас келіншектер. Оларға ізгі дүниені дәріптеп, қазақ әйелінің образын жасағым келеді.

Менің мақсатым – жас оқырмандарыма ой салу. Ал қалай нәтиже шығаратыны әркімнің өз еркінде.


Қарашаш Есенбай: Пайдалы жазбаларыңызды оқыған оқырманның да сізге жазатын хаттары көп шығар?!


Гүлсара Әбдірайымова: Желіге тіркеліп, жүйелі жүргізе бастағаныма 2-3 жылдың көлемі болды. Соңғы кезде көптеген жастар проблемаларын, қиындықтарын айтып хат жазады. Алғашында «Психолог емеспін ғой» деп күліп қарап, жауап бермейтінмін. Оның үстіне қазір мотиватор, психолог дегендер көп қой. Бірақ оқырман өзіне ұнайтынын таңдап алады. Соңғы кезде келетін хаттар тіпті көп болғандықтан, жауап беремін, ешқандай хатты жауапсыз қалдырмайтын болдым. Олар да психологтың консультациясына барғандай жағдайын айтып, кеңес сұрайды. Мен оларға том-том кітаптан оқығанымды емес, өмірден көргенім мен түйгеніме қарай кеңес айтамын. Оны қабылдау, не қабылдамау оқырманның өзіне байланысты дүние.

Сол хаттардан менің түсінгенім, қазіргі көп қыздардан отбасын құруға дайын емес екен. Оларға отанасының тәрбиесі берілмейді.



Қарашаш Есенбай: Бір сұқбатыңызда «Он бәленің тоғызы тілден» деген сөз рас, әйелдер ауызға абай болу керек!» деп айтқан екенсіз. Бірақ қазіргі қыздар «Менің де пікіріммен санасуы керек» деген пікірде. Осы тенденция біздегі отбасы құндылығына қалай әсер етеді?


Гүлсара Әбдірайымова: Отау құрғанымызға жиырма жылдан асты, осы уақыт аралығында әрине, жиған терген тәжірибеміз аз емес. «Он пәленің тоғызы тілден» деп сұқбаттан бөлек, парашқамдағы бір постқа да арқау етіп жазғанмын.

Өзім араласатын ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына қарап анализ жасаймын. Кейде «мына жері дұрыс емес сияқты», болмаса «мына тұсы жақсы» қарайсың, сараптайсың. Отбасы – жеке мемлекет. Екі бөлек адам бірге қосылғандықтан олар өзара ғана емес, қайынжұртымен де тіл табысуы керек. Қыз бала дайындықпен барып, қаншалықты өзін сабырлықпен, даналықпен ұстайды, соғұрлым отбасыңның беріктігі болады. Әрине, қазіргі қоғамдағы теңдік мәселесін естен шығармаймыз. Бірақ теңдік деген не? Әйелдердің де ерлермен қатар қоғамда атқарар өз міндеті бар, ол өте жақсы дүние. Бірақ әйелге осы тұста күш керек. Өйткені қоғам алдындағы да, ошақ қасындағы да міндеті жауапкершілікті талап етеді! Мен көп дүниені әйелге байланысты деп есептеймін. Өйткені қашаннан ер азамат түздің көркі, түздің адамы. Ал үйдегі тыныштық, береке, бақ әйелдің қолында. Кейбір отбасыларға қарап «әттең-ай» дейсің. Себебі әйелдер көбінде керек кезде сабырлық таныта алмайды. Мен әйелдердің өзіндік ұстанымы болмауы керек демеймін, оның да таңдауы бар. Отбасылық шаруа, бала тәрбиесі, шешімдер екі жаққа тең.

Осы тұста есіме түсіп отыр, жақында бір статистиканы қарасам, Қазақстан ажырасу бойынша 10 орында тұр екен. Оның себебі - түрлі кикілжіңдер, ер-азамат пен әйелдің түсініспеушілігі. Осы жерде әйелдер сабырлық танытуы керек, күйеуі он сөз айтса, жиырма сөз айтып «шауып» тұратындарды көрдім. Кейде «Жақсы, сіздікі дұрыс!» дей салсаң, бір сөз үлкен даудың алдын алады. Мен осы мақсатта әйелдердің сабырлы болуы керектігін айтқанмын. Өзім әр істе әкелерінің орнын көрсетіп отыруға тырысамын. Ер-азаматтың орны мен күшін сезіндіретін әйелі ғой.


Қарашаш Есенбай: Сіздің әңгімеңізден кейін мен де ойланып отырмын... Ал осындай даналыққа жету жолы қалай болды? Өзіңіз алғашқы келін болған кезеңдерді еске алыңызшы.


Гүлсара Әбдірайымова: Ең алғаш келін болған кезімді еске алар болсам, отағасы екеуміздің жас айырмашылығымыз бар. Мен - бір үйдің ерке қызы, ол - ақыл тоқтатқан азамат. Бізде ешқандай қиындық, сынақ болмады десем өтірік болар?! Сол сынақтардан сүрінбей өтіп, шүкір, көпбалалы отбасы болып отырмыз. Әрі сол тәрбиені балаларға үйретіп жатқан жайымыз бар. Көп жағдайда келіннің түскен жеріңе де байланысты, екінші ата-анаң, туыстарың болады. Аллаға шүкір, мені ата-енем мен туыстары өте жылы қабылдады. Әсіресе, екінші анамның қолдауы көп болды. «Сені қызымдай көремін» деп еркелетіп отыратын, өмірінің соңына дейін бірге тұрдық. Біраз кедергілерден солардың қолдауының арқасында шыққан шығармын?! Өйткені жас келін өзінің отбасындағы алған тәрбиесінен бөлек, сол үйдің де тәрбиесін сіңіреді ғой. Жаңа жолдасым екеуміздің жас айырмамыз бар екенін айттым, ол - менің ұстазым, ақылшым, жол көрсетушім, келіндік міндетімді сүрінбей атқаруыма оның да ықпалы болды. Ол үшін рақмет айтамын! Қазіргі кезде де соның қолдауы мен ақылы көп. Отбасында бәрін ақылдасып, кеңесіп отырамыз.

Жалпы келіннің «бала келін», «ана келін», «дана келін» деген үш кезеңі бар дейді ғой. Даналық деген тәжірибемен, уақытпен келеді деп ойлаймын. Қазір «бала келін, ана келін» деген кезеңнен өтіп даналыққа келе жатқан шығармыз. Десе де алдымдағы жеңгелерден үйренеріміз көп. Әйел үшін өтетін кезеңдер көп қой, қыз ұзатып, келін түсіресің, ақ жаулықты әже боласың. Сол кездерде салиқалы, дана әйел болып отыру үшін қазірден тәжірибемізді ой елегінен өткізуіміз керек.


Қарашаш Есенбай: Кейбір өнер адамдарының жарлары «Әртістермен араласу қиын, өтірігі көп әлем» деп аулақ болуға тырысады екен. Сіз шоу-бизнес өкілдерімен қаншалықты жиі қарым-қатынастасыз?


Гүлсара Әбдірайымова: (Күліп) Жалпы өнер адамдарының арасында ғана емес, қоғамның барлық жерінде екіжүзділік, өтірік бар шығар деп ойлаймын? Барлық адамдар бірдей емес. Өнер адамдарымен той-жиындарда кездесеміз, барлығымен сәлемім түзу. Өзім жақсы көретін, сыйлайтын жұптарым бар. Шығармашылық адамдары ерекше адамдар ғой, өзім үшін үлгі алатын тұлғалар көп. Жиі араласып, қонаққа шақырып тұратын де кез болады. Жалпы «әртістермен араласу қиын» дегенге келіспеймін!

Әрине, кейбір жастарға көңіл толмайтын кездер болады. Өнер адамдары халықтың алдында жүргендіктен, оларды жиі насихаттайтындықтан, өміріндегі жағдайларға жауапкершілікпен қараса деймін. Қазір көпшілігінің жеке өмірі талқыланып кетеді, осыған абай болса дейсің. Өйткені өсіп келе жатқан балалар соларға еліктейді ғой.



Қарашаш Есенбай: Дұрыс айтасыз, бұл ойыңызбен келісемін. Жастар деп жатырмыз ғой, сіздің жарыңызды «Жігіттер» квартетінің продюсері деп танып, сіздерді олардың «ата-аналары» деп сипаттайды. Жігіттердің жары, яғни жас келіндеріңізбен қатынасыңыз қандай, олардың сізбен ақылдасатын, кеңесетін кездері бола ма?


Гүлсара Әбдірайымова: Иә, отағасы «Жігіттердің» продюсері болғандықтан, бізді олардың «қаладағы екінші ата-аналары» деп жатады. Біз үшін бұл - үлкен мәртебе! Отағасының «Жігіттермен» бірге жұмыс істеп келе жатқанына он бес жылдан асты. Бір ерекше атап өтетіні, олармен тек продюсер мен әнші ғана емес, аға-інілік қарым-қатынасқа шыққан. Яғни тек жұмыс бабымен ғана емес, олардың ата-аналары, отбасы болып араласатын үлкен әулетке айналдық. Қазір кейбір отбасының туған бауырлары араласа алмайтын заманда, төрт отбасынан шыққан жігіттің бауыр болып, тығыз араласуы үлкен деңгей, даналық шығар?! Мұны әуелі Алла, сосын отағасының тәрбиесі деп ойлаймын. Отағасының «Үйдегі төрт баласынан бөлек, өнерде төрт баласы бар» деп қалжыңдайміз. «Жігіттер» қалаға арман қуып келген, өнерімізді көрсетсек деген жақсы ниеттері бар жас балалар еді, қазір міне халықтың жүрегінен орын алып отырған жандар. Біздің жігіттер жаман жағынан ешқашан ауызға алынбаған топтардың бірі. Мұны да отағасының жұмысы, жігіттердің ауыз біршілігінің арқасы деп білемін.

Ал олардың жарларымен қарым-қатынасымыз жақсы, келіндік міндеттерін атқарып, отбасының ұйытқысы болып отыр. Ақылдасатын кездер дегенде, келіндеріміз өскен-өнген, көргенді әулеттен шыққан жандар. Әрине, жол көрсететін кезде қашпаймыз. Қайғы мен қуанышта біргеміз, көргенде сәлеміміз түзу, балалары көз алдымызда өсіп келеді. «Жігіттердің» жетістігіне отағасы екеуміз ата-анасындай қуанып отырамыз ғой.


Қарашаш Есенбай: Гүлсара ханым, өзіңіз өнер адамы болуды армандаған ба едіңіз? Желіде танымал болуға да талант керек қой, көпшілік білмейтін қандай өнеріңіз бар?


Гүлсара Әбдірайымова: (Күліп) Жас күнімде болашағымды телеарнамен байланыстырғым келген еді. Бірақ ата-анамның кеңесімен басқа мамандықты игеріп, қызмет еттік. Оған еш өкінбеймін. Дегенмен отағасының арқасында жиі кеңес сұрап, сұқбатқа жиі шақырып жатады. Болашақты кім білген?! Бала арманыма да жететін уақыт болар?! Өмірде күтпеген ғажайып көп қой.


Қарашаш Есенбай: Сізді желі оқырмандарды аспаздығыңызбен таниды. Бұл сіздің хоббиіңіз бе, әлде кәсібіңіз бе?


Гүлсара Әбдірайымова: Мұны хоббиім деп айтсам болады. Кәсібім деп айта алмаймын, арнайы оқу орнын бітіріп, осы салада жүрген жоқпын ғой. Бірақ өзімше ізденіп, тағам мәзірлерін оқырмандарыма ұсынып отырамын. Қазір барлығын ақылы түрде үйрететін заман болып кетті ғой. Ал менің парақшам үйдегі қыз-келіншектерге пайдалы, «видео-шпаргалка». Тек рецептер ғана салып қоймай, әйелдің асханадағы өмірін көрсеткім келеді. Қазір дайын тағамға жүгіретін әйелдер көбейіп кетті, оны мүлде қолдамаймын. Себебі баланы кішкентайынан дұрыс тамақтануға үйрету керек.



Қарашаш Есенбай: Қазір шоу-бизнес өкілдері арасында жеке кәсіп ашу тренд болып жатыр ғой. Өзіңіздің атыңызбен кондитер ашу ойда жоқ па?


Гүлсара Әбдірайымова: Жеке кәсіп ашу керемет дүние ғой. Бірақ оны ашқан оңай болғанымен, әрі қарай дөңгелетіп әкетуге ептілік қажет. Мұндай ой жоқ емес, бұйыртса болашақтың еншісінде. Бұрын бала күтімімен үйде отырып, осы жағына көбірек көңіл бөлдім. Қазір балалар өсіп, сол уақытқа жақындап жатқан секілдімін. Болашақта жоспарым іске асып жатса, сіздермен бөлісемін.


Қарашаш Есенбай: Әрине, күтеміз! Сөз соңында жас отбасыларға өз кеңесіңізді айта кетсеңіз?


Гүлсара Әбдірайымова: Өте жақсы айттыңыз, отбасы құндылығы қазір өзекті мәселелердің бірі. Жаңа айтқанымдай, біздегі ажырасу статистикасы қуанатындай жағдайда емес. Жастар ажырасып, екі үш рет үйленіп жатады. Ажырасу - қасірет қой. Ортадағы баланың болашақта қалыптасуына дақ түсіреді. Бұл кезде ер мен әйелге жеке кеңес берер едім.

Келін әулетке түскен кезде «бақытты боламын деп емес, бақытты етемін, осы әулетте өсіп, өнемін» десе, сол мұратына жетеді деп ойлаймын. Одан кейін ата-ана қыз тәрбиесіне аса көңіл бөлуі керек. Ана қызын тұрмысқа шығуға дайындап, ол жақтағы міндеттерін үйретсе. Қыз - қонақ, ол соны жақсы түсінуі керек.

Одан кейін қазіргі қоғамда ер азамат үшін ажырасу оңай дүние сияқты. Сондықтан көп жауапкершілік алмайтындай. Ер адам әйелі мен балалары Алланың аманаты екенін түсініп, соларға жауапты екенін білсе. Ұлға жауапкершілік артуды кішкентайынан үйретуіміз керек. Жас отбасыларға кешірімді, сабырлы болуды жиірек айтсақ. Үйлену – ертегі әлем емес! Әйел ерін сыйлап, еркек өз орнын білсе үйдің берекесі болады.


Қарашаш Есенбай: Гүлсара ханым, өнегелі әңгімеңізге көп рақмет! Отбасыңыздың берекесі арта берсін!

ERNUR.KZ