Қазақ ЖІГІТТЕРІНЕ қыздардың қандай киімі ҰНАМАЙДЫ?

0
3 010

Сіз жайлы теріс пікірдің қалыптаспағанын қаласаңыз, ер-азаматтардың махаббаты мен мақтауына лайық болғыңыз келсе, бұл киімдерден бас тартыңыз.


Қазақ ЖІГІТТЕРІНЕ қыздардың қандай киімі ҰНАМАЙДЫ?

иллюстрациялық фото: pics.ru

Сәнді, стильді киіну бір бөлек, сымбатты да сүйкімді болу бір басқа. Әсіресе, ер-азаматтардың көзімен қарағанда. Оның ішінде қазақ жігіттерінің жөні тіптен бөлек.

Соңғы уақыттағы сәннің бағыт-бағдары бұрынғыдан көп өзгерді. Ілгеріректе талдырмаш қыз-келіншектің тал мүсінін айшықтап тұратын тар киімдер сәнде болды. Ал қазір керісінше, қай киімнің болмасын кеңіне қарай ұмтылудамыз. Сол сияқты, бір кездері тек қара жұмысшылар киетін киім бүгін подиумдардың төрін бермеуде. Осы сияқты қарама-қайшылықтар сән әлемінде толып жатыр. Таңдап-талғап, керегін алып, артығын ысырып тастамаса, жаза басу әп сәтте. Нәтижесінде өз әкеңіздің, аға-ініңіздің, қала берді көзіне тек сұлу да сүйкімді болып көрінуге тиіс ер-азаматыңызға ұнамсыз кейіпке еніп шыға келесіз. Мұны қаламайсыз ба? Ендеше, қазақы менталитетті бойына сіңірген ер-азамат өз қызының, қарындасының, жарының үстінен қандай киімді көруді қаламайды, соны біліп алыңыз.


Комбинезон


Етек-жеңі жалғасқан комбинезонның сән биігінде тұрақтап тұрғанына бірнеше жыл. Алайда, күнделікті киюге арналғандары ер-азаматтардың көңіліне жаға бермейді екен. Оған себеп – комбинезон киген қыздың қара жұмысшы, құрылысшы не әлі кәмелеттік жасқа толмаған кішкене бала секілді көрінетіндігінде сыңайлы. Әсіресе, джинсыдан тігілгендер осындай бейне үстейді. Ал, классикалық, көйлекке ұқсас, кешкі салтанатқа арналып тігілген үлгілердің жөні бір бөлек.


Тым тар немесе тым кең шалбар

Осы уақытқа дейін қыз-келіншектер шалбардың түр-түрін киіп көрдік. Тыртиған тарын да, көлбеңдеген кеңін де, тік балақты дейсіз бе – бірін қалдырған жоқпыз. Бірақ, соның көпшілігі ер-азаматтардың іштей болса да ренішін тудырыпты. Атап айтсақ, алладин, ауғандық, бойфренд аталған тым кең түрлері және тырысқан денебітімді шалбарлар. Сондай-ақ, шалбар сыртынан торлы, ойықты белдемше киюді де жігіттер түсіне де, қабылдай да алмайтын көрінеді.


Аяқкиімдер арасынан...

Дәл қазіргі сәнді аяқкиімдер арасында үлкен көлемділер көп. Спорттық үлгідегі кроссовка болсын, баулы бәтіңке болсын, туфлидің тақасы болсын – бәрінің көлемі ұлғайып барады. Оған уггиді қосыңыз. Ал, жігіттер қауымы нәзік қыз-келіншектің аяғына мұндай қолапайсыздықты лайық санамайтын сыңайлы. Ол ғана емес, «гладиатор» аталған ұзын баулы сандалдарды да жаратпайтын болып шықты. Мұндай аяқкиім киген қыздың аяғы қысқа, табаны жап-жалпақ болып көрінеді екен.

Тақалы туфлиге қатысты ер-азаматтардың көзқарасы оң. Алайда, мұнда да шектен шықпағанын қалайды екен. Тым биік өкше киген қыз-келіншекке бір жағынан жаны ашып, екінші жағынан өзіне-өзі зиян тигізіп жатқанын ойлап зығырданы қайнайтын көрінеді. Сондай-ақ, қазір қалыптыдан тыс, түрлі пішіндегі тақалар тренд болып тұр. Алайда, олардың не тартымдылығы барын түсіну ерлерге қиынға түсуде. Кейде дизайнерлердің де ойға қонымсыз дүниелерді шығарып артық кететіні бар.


Пішімсіз киімдер

Оверсайз киіммен, сөз жоқ, сәнді де стильді боласыз. Алайда, сымбатты көрінуіңіз екіталай. Негізінде, айналаңыздағы ер-азаматтардың көңілін суытқыңыз келмесе, сізге төмен баға бергенін қаламасаңыз, қатты жабысқан киім мен өте кең киімдерді кимей-ақ қойған абзал. Еркін пішімді қапшық тәріздес көйлектер туралы да осыны айтуға болады. Ең дұрысы – дене сымбатыңызды көрсетіп тұратын, алайда мата мен дененің арасында аздаған «ауа» қалатын киімдерді кию. Яғни, «алтын ортаны» ұстану.


Түрлі-түсті колготки

Қанық бояулы түрлі-түсті колготки киген қыздар ер-азаматтардың көзіне тым батыл, еркетотай, арсың-гүрсің, ұшқалақ болып көрінеді. Сонымен қатар, мультфильм кейіпкерлері бейнесі басылған кеудеше киген қыздарды да тура солай қабылдайды. Олардан алыстау жүруге тырысады. Сондықтан, мұндай колготки кисеңіз, жігіттер қауымынан қошемет сөз күтпей-ақ қойыңыз.


Ерлер үлгісі

Дизайнерлер ерлердің киім үлгілерін қыз-келіншектердің көз құртына айналдырып, соларды киюге шақыруда. Бір жағынан, ер-азамат қауымының мұндай үлгіде киінген қыздарды үлесіне таласқандай көретіні тағы бар. Сондықтан, мүмкіндігінше тік пішімді, үлкен иықты костюмдер мен тік балақты шалбарларды киюге құмар болмаған дұрыс-ау. Қатты костюм-шалбар кигіңіз келсе, аздап ойыла пішімделген түрлерін қарап көріңіз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Иіссу таңдауда ШАШТЫҢ ТҮСІН де ескеру КЕРЕК пе?


Спорттық киім

Спорттық киім киюге тура келетін кездер де бар. Мәселен, дене шынықтырумен шұғылданғанда немесе азық-түлік алуға барғанда қимыл-қозғалыс еркіндігі керек. Алайда, оны көп киюге әдеттенбеңіз. Әсіресе, ер-азаматпен қатар жүргенде. Оның көзіне өзі секілді спортшы болып түсуді емес, нәзік әйел бейнесін бұзбауды көздеңіз. Спорт-шик және спорт-классиканы таңдасаңыз, жаңылмайсыз.


Ішкиім стилі

Иә, тек жатын бөлмеде болуы керек киім үлгісі қазір көшеге шығып кетті. Пижамалық стиль, ішкиім стилі деп ат қойған. Атына заты сай. Кей кешкі көйлектерді ұйықтарда киетін киіммен шатастырып алу оңай. Әсіресе, әйелдердің сән туралы айрықша түсінігін ұға бермейтін ер-азаматтар үшін. Осыдан кейін ол азаматтың көйлек иесі туралы қандай ой қалыптастыратыны айтпаса да түсінікті.


Теңбіл таңба

Қабылан терісінің теңбіл таңбасы басылған киім-кешектер қыз-келіншектерге қаншалықты ұнаса, ерлер қауымына соншалықты ұнамсыз. Дұрыс үйлестіре алмаса, мұндай киім киген нәзік жандылар жайлы «жеңілтек қыз, дөрекі әйел» деген ой қалыптастырады екен.

Егер сізге ерлердің ойы бәрібір болса, кие беріңіз, ерік өзіңізде. Ал, өзіңіз жайлы теріс пікірдің қалыптаспағанын қаласаңыз, ер-азаматтардың махаббаты мен мақтауына лайық болғыңыз келсе, бас тартыңыз. Немесе осындай киімдерді мейлінше азырақ киюге тырысыңыз.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ