ТУФЛИДІҢ ӨКШЕСІ жасыңызға сай болмаса, ҚАУІПТІ

0
2 204

Бірінші орында сұлулық емес, денсаулық тұруға тиіс.


ТУФЛИДІҢ ӨКШЕСІ жасыңызға сай болмаса, ҚАУІПТІ

Аяқкиімнің өкшесі біреулер үшін аса маңызды болмауы мүмкін. Бірақ, олар аз. Өкше аяқкиімнің, сонымен қатар, аяқтың да көрінісіне, ол аз десеңіз, жалпы образға айтарлықтай ықпал ететінін көпшілік біледі. Содан да болар, бүгінде түрлі пішін мен сан алуан түсті ерекше тақалар сәнді болып тұр. Әйткенмен, тақаның көрінісі – сән көшімен ілесіп кететін уақытша құбылыс. Ал, оның биіктігі – мәңгілік әңгіме.


Қыз-келіншектердің басым көпшілігі тым биік тақаларға әуес. Алайда, оның денсаулыққа зияны туралы талай айтылды. Сіздіңше ең дұрыс тақа биіктігі қанша см?


Осы уақытқа дейін күнделікті киюге арналған аяқкиім тақасының биіктігі 2-4 см аралығында болуға тиіс деп айтылып келді. Иә, бұл биіктік қауіпсіз. Алайда, барлық адамдар үшін бірдей емес. Себебі, физионимия әртүрлі, бой әртүрлі. Сондықтан, дәл қазір әркім өзі үшін идеалды өкше биіктігін анықтауда мына формулаға сүйенгені дұрыс:

(бой ұзындығы : аяқ ұзындығы – 1,61) × 10 = ?

Міне, осылайша есептеу арқылы дәл өз бойыңызға лайық өкше биіктігін біліп алып, келесі аяқкиім аларда ескерсеңіз, бұл өзіңіз үшін жасаған бір жақсылығыңыз болмақ.


Айта кетейік, бұл формула – ересектер үшін. Ал енді әрқайсымыздың үйімізде биік тақалы туфлиге қызығып, «тоқылдақ топылай әпер» деп жүрген кішкентай ханшайымдар бар. Оларды қайтеміз? Әңгіме балабақша не бастауыш сынып жасындағы қыз бала емес, жасөспірім жайында болса, мәселе тіптен қиын. Шындығында, «менікіне қызығып жүр», «құрбылары да киіп жүр екен», «алып бермесем жылайды» деген желеулермен кішкентайынан бастап қалыпты шамадан биік етіп кигізіп жататын ата-аналар бар. Олардыкі білместік пе? Мүмкін. Егер әр жасқа сай тақа биіктігінің қандай болуы керегін және нормадан тыс биіктіктің бала денсаулығына қандай зияны барын білсе, олай жасамас, бәлкім?


Бір жағынан, нормадан биік тақа өсіп-жетіліп, дамып келе жатқан тірек-қимыл жүйесіне артық күш түсіреді. Сіңір мен бұлшықеттер үнемі ширығып тұрады. Нәтижесінде омыртқа қисайып, бала арқасын тік ұстай алмайтын болады. Бұл ішкі органдарға да кері әсер етпей қоймайды.

Тағы бір зияны – аяқ саусақтарына да артық күш түсіп, деформацияға тез ұшырайы, тырнақ қисық өседі және табан сүйектері де қисаймай тұрмайды.


Екінші жағынан алып қарасақ, тіптен тақасы жоқ, тегіс табанды аяқкиімді де кигізген жөн емес. Ол да ыңғайсыз әрі қауіпті. Бұл жағдайда да омыртқаға түсуге тиіс салмақ дәрежесі өзгеріп, ол дұрыс дамымайды. Одан бөлек, жүру барысында табан сүйектері қатты жерге тікелей тиіп, амортизациялану болмайтыны тағы бар. Салдарынан сүйектердің жарылу мүмкіндігі жоғарылайды.

Осыған қарап түйетініміз – аяқкиімнің өкшесі сән үшін ғана керек бөлшек емес және оның болуы міндетті. Мәселе – биіктігінің қандай болуында.


7-8 жас – 5-10 мм аралығында

9-10 жас – 20 мм аспауға тиіс

11-16 жас – ұл балалар үшін: 30 мм-ден аспайтын, қыз балалар үшін: 30-40 мм аралығында


Сонымен қатар, өкшенің жалпақтығы да маңызды. Қалыпты тақаның жалпақтығы аяқкиім табанының 3/1 бөлігіне тең болуға тиіс. Осындай жалпақтықта ғана ол өкше мен табанның артқы бөлігі сүйектеріне дұрыс тірек бола алады.

«Сұлулық құрбандықты талап етеді» деген қағиданы естен шығарыңыз. Дәл қазір бүкіл әлем үшін, оның ішінде сіз үшін де деннің саулығы бірінші орында тұруға тиіс.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


ЖҰМЫРТҚАның ҚАБЫҒЫ 10 ЖЫЛҒА жасартады


МӘДЕНИЕТТІ адамдар МҰНДАЙ жерге иіссу сеуіп бармайды